• Тарих
  • 09 Маусым, 2022

ҚАҺАРМАН ҚЫЗДЫҢ ӘКЕСІ

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан әйел-ұшқыш Хиуаз Доспановаға биыл 100 жыл толып отыр. Немістер қаһарынан қорыққан қаһарман апамыз жайлы талай деректер мен естеліктер айтылып жатыр. Алайда Хиуаздың әкесі Хайыр Доспанов жайлы мәлімет БАҚ беттерінде кемде-кем. Қазақстан Республикасы Президенті архивіндегі құжат қорында Хайыр Доспановтың өз қолымен толтырған жеке іс-қағаздары сақтаулы, бүгінде сол құжаттардың негізінде қаһарман қыздың әкесі жайлы жазуды жөн көрдік. 

Көптеген ақпарат көздерінде ­Хайыр Доспанов балық ша­руашылығымен айналысқан шаруа ретінде көрсетіледі. Алайда 1926–1927 жылдары Қызылорда қаласында заң саласында білім алғаннан кейін, ол партия қызметіне белсене араласқан. ­Хайыр Доспанов қоғам қайраткері деңгейінде еліміздің әр өңірінде түрлі жауапты қызмет атқарған. Бұл сөзімізге ҚР Президентінің архивінде сақталған 141 қордағы 1936 жылғы Қазақ өлкелік комитетінің Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясының қызметкерлерінің жеке іс-қағаздары дәлел бола алады. Сонымен қатар оның фотосуреті де осы қорда сақтаулы. Құжаттарда Х.Доспановтың 1884 жылы Батыс Қазақстан облысы Денгизинск ауданында дүниеге келгені жазылған. Әкесі мен бауыры 1870 жылы ашаршылықтың кесірінен Орал аймағынан Астрахань губерниясына ауып келгені, ол жақта әкесі мен ағасы балық шаруашылығымен айналысқаны айтылған. Жеке іс-қағазда Хайыр 1899–1917 ­жылдары әке жолымен балықшы болып жұмыс істегенін жазған. Ал 1917 жылы ­Батыс Қазақстан облысы Гурьев округі ­Ганюшкин ауылында миллиционер болып жұмысқа кіріп, 1924 жылдары құқық қорғау органдарында қызмет атқарған. Кейін Бөкей губерниясында сот мүшесі, Жетісу губерниясы Алма-Ата қаласында бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары болды. 1931 жылы туған өңіріне оралып, Маңғыстау және Шалқар аудандарында өлкелік бақылау комиссиясының жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссиаратының төрағасы болды.  1936 жылы Хайыр Доспанов оңтүстікке жіберіледі, оны 9 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық соттың мүшесі ретінде қабылданғаны туралы жазылған хаттамадан көруге болады.  Сол жылы 17 қарашада қайта Алматы өңіріне келіп, Кеген аудандық өлкелік бақылау комиссиясы жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссиаратының төрағасы болады. Бұл жөніндегі хаттамадан алынған үзінді де ҚР Президентінің архивінде сақтаулы.

Сондай-ақ құжаттарда ­Хайыр Доспанов 1933 жылы Алматы қаласында Қазақ өлкелік комитетінің Бүкілодақтық Коммунистік ­большевиктер партиясының 6 айлық саяси-партиялық курсында оқығанын жазған.  Кадр бөлімінің жеке парағында ­Хайыр Доспанов орыс, татар тілдерін білетінін көрсеткен. Отбасылы екенін, төрт баланы тәрбиелеп отырғанын жазған. Бұған дейін жұбайы Меруерт екеуінің Белмерген, Марат, Хиуаз, Алма есімді балалары болғаны айтылып жүр. Меруерт те партия мүшесі, мұғалім.  Баспасөзде Х­айыр Доспанов 1952 жылы ­Ганюшкинде қайтыс ­болып, К­расиловка қорымында ­жерленген деген ақпар жарияланған еді. Сондай-ақ ҚР Пре­зи­дентінің архивінің 141 қо­рында Хайыр Доспановқа Бүкіл­­одақтық Ком­му­нис­тік большевиктер партия­сының хатшысы берген мінездемелері де бар.

Хиуаз Доспанова небәрі 19 жасында соғысқа аттанып, 300-ден аса жауынгерлік операция орындаған. Соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлап, төрт мәрте ауыр жарақат алған. Қайсар қыз есін жиысымен ұрыс ­даласына қайта оралып отырған. Кеңес Одағының батыры Марина ­Чечнева Хиуаздың ұшағы нысанаға ылғи да дәл апаратынын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатынын айтқан. Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер «Түнгі мыстандар» деп атап, олардың әуеден бағыттаған соққысын үрейлене күтетінін жазған болатын. Соғыс кезінде алған ауыр жарақатынан кейін,  дәрігерлер Хиуаздың тұла бойын түгел гипстеп тастайды, аяқтарының сүйектерін сындырып, түзу біту үшін қайта салады. Ұшаққа мініп-түсуі қиындағандықтан басшылық полк байланысының бастығы қылады. Офицерлік шені өсіп, гвардия аға-лейтенаты атанады. Соғыстан кейін Алматыға оралып, тұрмысқа шығып, балалы болады. Одан бөлек қоғамдық жұмыстарға белсене араласады: «Абай» операсы  мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға атсалысады.

ҚР Президентінің архивінде Х­иуаз Доспанованың 1951 жылы кадр бөліміне өмірбаяны, фотосуреті, жеке іс-қағазы бар. Мәліметтердің барлығын Доспанова өз қолымен жазған.  Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Халық қаһарманы атағы берілген болатын. 2004 жылы берілген атақ туралы Жарлық та ҚР Президентінің архивінде бар. Қазіргі кезде Атырау қаласында Хиуаз Доспанова атын арқалаған  мұз айдыны халықаралық әуежайы бар. Қалалық орталық саябақта да батыр қызға қола бюст орнатылған. Сондай-ақ Х.Доспанова есімі еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл, мектеп, көшелерге берілді. Батыр қыздың шыққан тегі мен әкесі жайлы тың мәліметтерді тауып, оқырман қауымға жеткізу біздің парызымыз деп санаймыз.

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА,

Президент архивінің қызметкері

3997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы