• Мәдениет
  • 09 Маусым, 2022

250 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА ҚАЙТАЛАНДЫ

Берлиннің концерттік оркестрі елорда төрінде музыкалық ереуіл ұйымдастырды. «Астана кештері» халықаралық фестивалі аясында өткен концертте шетелдік оркестрдің 20 музыканты бірінен соң бірі орындарынан тұрып, музыкалық номерді аяқтамай, көрермен қауымды таңғалдырды. Оркестр атақты композитор Гайднның «Қоштасу» симфониясын орындап, 1772 жылы болған тарихи оқиғаны дәлме-дәл қайталады.

Тарихқа сүйенсек, ұзақ уақыттан бері еңбек демалысына шықпаған оркестр әртістері осылайша патшаға өздерінің наразылығын білдіргісі келген екен. Қазақстанда алғаш рет өнер көрсеткен әлемдік деңгейдегі үздік ­оркестр жоғары шеберлігімен тәнті етті.

Фестиваль аясында екі күн бойы өнер көрсеткен Берлин концерттік оркестрімен бірге Нарек Ахназарян және Вадим Холоденко сынды танымал музыканттар сахнаға шықты.

Елордалық көрермендерге белгілі виолончелист, Армения Республи­касының еңбек сіңірген әртісі Нарек Ахназарян өз өнерін ұсынды. Ол Й.Гайднның Виолончель мен скрипкаға арналған №1 концертін орындады. Нарек ­Ахназарян фестивальдің ерекше атмосферасын атап өтті. «Мен әлемдегі көптеген оркестрлерімен өнер көрсеттім, бірақ Берлин оркестрімен бүгін алғаш рет сахнаға шықтым. Мен үшін «Астана кештері» үлкен жаңалық болды. Фестиваль Қазақстанның өнердегі жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттап, әлемдік мәдениеттер тоғысқан ерекше алаңға айналды», – деп жеткізді музыкант.

Қазақстанда алғаш рет «Астана кештерi» фестивалі аясында әйгілі пианистердің бірі Вадим Холоденко өнер көрсетті. Ол әлемге жылдамдығы және техникалық шеберлігі ерекше музыканттардың бірі ретінде танылған. Пианист әлемнің үздік оркестрлерімен және Теодор ­Курентзис,  Луи Лангре, Пинхас Цукерман,  Юрий Башмет,  Владимир Федосеев, Валерий Гергиев, Кадзуки Ямада сынды белгілі дирижерлермен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Пианистің көптен күткен концерті 3 маусым күні «Астана балет» сахнасында өтті. Бұл ­кеште оның орындауында Моцарттың Фортепиано мен оркестрге арналған №23 концерті шырқалды. «Фестивальге әлемге танымал музыканттар жиналды. Берлин оркестрімен бірлескен концертімізді көрермен жақсы қабылдады. «Астана кештері» фестивалі өркендей берсін, алғысым шексіз», – деді Вадим Холоденко. Екі күн бойы дирижерлік тұғырда белгілі дирижер Фаусто Фунгароли жетекшілік етті.

Еске салсақ, «Астана кештерi» фестивалі аясында 3 концерт өтті. Жоба аясында көрермендер Қазақстанға және барша әлемге танытып жүрген үздік орындаушылардың өнерін тегін тамашалай алды.

 «Астана кештері» – әлемде теңдесі жоқ  фестиваль, себебі бұл жобаның арқасында әлемдік өнердің озық үлгілері кең ауқымды аудиторияға жақын бола түседі.

Алмагүл  ҰЛТАНБЕКОВА

1315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы