• Әдебиет
  • 16 Маусым, 2022

«Дәу әже»

Біз ауылданбыз. Ол өлкеде үлкеннің қадірі жоғары тұрады. Кішілер айтқанын тыңдайды. Құймақұлақтар айтқан әңгімелерін бойларына сіңіреді. Сөйтіп, өмір бақи рухани азық ретінде пайдаланып, қуаттанады. 
Шынымды айтсам, әже деп отырғаным – әкемнің әжесі. Біз шөбересіміз. Ол кісі ғасырға жуық ғұмыр сүрді. Бұрынғының кісілерінің сүйегі асыл ғой, шіркін! Тік жүріп, тік тұратын. Өте намысқой болатын.

Шын есімі – Хадиша. Анау-мынау қиыншылықты елемейтін. Қолынан бәрі келетін. Өзінің ­айтуынша, совхоздың каналын қазып, ауылға су әкеліпті. Өзі 1917 жылы Қазан төңкерісінің қарсаңында туыпты. Бәлкім, одан да әрі болар. Ол уақта қазіргідей туа салып, жеке куәлікті кім дайындап тұр дейсіз?! Әйтеуір ­сонымен не керек, қасиетті Түркістанда бойжетіпті. Әзірет Сұлтан кесенесінің маңайында үйлері ­болыпты. Әкесі Атахан деген кісі ­наубайшы екен. Ал ­анасы Маржан ­болса теміржолда істепті. Сол жерде ­пойыз қағып, қайтыс болғанға ұқсайды. ­Отбасында екі қыз, бір ұлдан өзі ғана аман қалыпты. Патша өкіметінің озбырлығынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі киелі діни, пәлсапалық, т.б. кітаптарды өртемек болғанда, аспанға құс ­болып ұшыпты деген аңыз-әпсанасын ­айтатын. Заманның қиын кездері оны отбасынан айырады. Сөйтіп, бір атадан жалғыз тұяқ қалады. 1921 жылғы аштықтың салқынын жиі еске алатын. Ең нәубетті жылдар оның бойжеткен шағына тап келеді. 1931–1933 жылдардағы ашаршылық зобалаңын аса зор күйзеліспен айтатын. Тіпті шешелердің өз баласын өзі жеп қойған сәттерін байқағанын, одан соң тасбақаның адамды көрсе шыңғырып қашатынын әңгімелейтін. Бірақ мұның бәрі шарасыздықтан, амалсыздықтан жасалған қастық деп ұғындыратын. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстың зары өзінше бір бөлек шежіре.

Қазақтың «үйіңде қария болса, ­жазулы тұрған хатпен тең» дейтіні бекер емес-ті. Сонда сонау ашаршылықты көріп, тұл жетім болғаны, одан біздің атамыздың тоғызыншы әйелі болып 60 жастағы егде адамға тұрмысқа шығуы, одан алты бала табуы, бағып-қағуы нағыз бейнетқорлық екен ғой. Бүгінде шашамызға шаң жұқса, шап ете қаламыз. Заман қай жағына ауған, ә-ә?! Біз әкеміздің әжесі болғандықтан үлкен екенін ескеріп «Дәу әже» деп кеткенбіз. Құдайға шүкір, осы күні үлкен әулетке айналдық. Менің таңғалғаным, бұрынғы кісілер мықтырақ, қайраттырақ келеді деген рас екен. Қанша сырқаттанса да, төсек-тартып ауырып қалған емес. Ақыл-есі бүтін күйінде дүние салды.

Баламыз ғой, өз ата-әжем жастау-тұғын. Олар Шиеліде тұратын. ­Анда-санда соларға барып келсем, «жарығым, өзің келіп үйдің іші жарқырап қалды ғой» дейтін. Әйтпесе, екі қарындасым бар ғой. Десе де, ер баланы ерекше көріп отыратын. Үнемі ер-азаматтың қадірлі екенін, олардың бойында ерекше тылсым ­болатынын, әйел-азаматшалар қадірлеп құрметтеп тұру қажеттігін әрдайым еске ­салушы еді. Мұның себебін кешегі ­отарлау кезеңінде, аштықта, Екінші дүниежүзілік соғыста елдімекенде ер кісілердің бәрі соғысқа аттанып, ел тізгіндейтін ерлердің ел басына күн туғанда етігімен су кешкендігін шежіре етіп еске алатын. Сондай ғажайып адам болатын.

Әлі есімде, менің 14 жасымда дүниеден озды. Соған шейін жалғыз ұл болып өстім. Әрқашан «Олжабайыма бір серік болмады-ау, болса есімін Серікбай қояр едім» деп аңсаумен өтті. Мүмкін, әжемнің тілеуі болар, інім кейіндеу туды. Мың тәубе! Бірақ өзінің жары да бір бала болғанын, кейіннен одан бес ұл, бір қыздың қалғанын мақтанышпен еске алатын. Әкем анда-санда малшы ауылға барып-қайтса, оралғанда оны «Мұрадыла» деп құшақтап сүйіп, құдды кішкентай баладай жақсы көретін. Өйткені оның немерелерінің ішіндегі ең жақын тартатын, өзі тәрбиелеген баласы екен. Кісімен араласу, сынап алатын жерде сынау, шежірені айтқанда таңды таңға ұрып айтатыны да бар еді. Өзі тік мінез болатын. Онысы тағдыр қалыптастырған мінез болар, кім білсін?!

Дәстүр-салт, қазақшылық, ру-шежіре, сый-кәде, ескі әзіл-қалжың бәрі-бәрінің майын тамызатын. Есепке жүйрік-тұғын. Ал егер кейісе, өңменіңнен өткізіп жіберетін. Көшеде бір шақырым жердегі кісіні көретін. Көзі өткір, өзі рухты еді. Дүние ­салардан бір апта бұрын сырқаттанды. Дәуәжемді атамдар Шиеліге әкетейін деп ­дайындалуда. Мен қимай жылап тұрмын. Қарындастарым да қимауда. Бізбен қоштасқандай болып, аман-сау, бұзық болмай, тәртіпті һәм тіл алғыш бала болып өсу керек екенімізді айтып, өсиет қалдырды. Үйімізден шығып бара жатқан сәті, әрең таяққа сүйеніп, үстінде қазақы қамзолы, көйлегі, басында ақжаулығы тағылған Дәуәжемнің осы бір көрінісі мәңгіге көз алдымда қалды. Мұны еш уақытта ұмытпаймын. Ол кісімен бірге тарих жылжып, тағдырдың тағы бір кемесі көшкендей болды. Сағынамыз, іздейміз.Осындай текті халықтың ұрпағы екенімізге марқаямыз. Мұны біз ешқандай ақын-жазушының кітабынан оқымадық. Бұл – біздің балалық шақта естіген естен кетпес шежіре еді. Біз соның бір парасын ғана шерттік...

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

1477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы