• Тұлға
  • 16 Маусым, 2022

ҚАНАТТАСТАР

Студенттік достар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург 
Нұрлан Оразалин мен қаламгер, баспагер Ырым Кененбайдың сыр-сұхбаты

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Әділбектің осы бір ­жаратылысынан біткен пенделіктен алыс, аярлық атаулыға жаны қас ірілік қасиеті оның шығармаларынан да, жеке өмірінен де анық аңғарылушы еді. Ол өзі ұнатқан, құлай берілген адамдарына ерекше ­елгезек болатын. Үндемей жүріп, үйдей ауыр шаруаны иығына салып, қайыспай көтеруге әзір тұратын.

Ұнатпаса, жақтырмаса, алысы түгіл, ағайыны болса да, қозғалмай қоятын. Үндемей, бұрылып кететін. ­Достары, қызмет­тестері, таныстары осы бір қайсарлығы мен қайраты іште тынған кіршіксіз кісілік мінезі үшін оны ­сыйлайтын, құрметтейтін.

Жазушыны оның өмірлік ұстаным­дарынан бөле-жара қарап бағалауға болмайды. Жазушының ішкі жан дүниесі қаншама таза, адал болса, азаматтық дүниетанымы кең, кісілік таразы-талғамы мейлінше әділ болса, оның жазған шығармалары да сол өлшем биігінен көрініп, көңілге көрік ұялатады.

Әділбектің әр жылдарда қаламынан туған «Қарашашым, қарындасым», «Әнім сен едің...», «Жол үстінде», «Аққу әні», «Қош бол, вальс!», т.б. хикаяттары мен әңгімелерін, «Махаббат аралы», «Жұлдызым менің», «Арманшыл қыз», «Аса құрметті икс», «Сен болмасаң, қайтер ем...» тәрізді республика театрларының ­репертуарын байытқан сүбелі драмалық шығармаларын сондай таным, сондай таразы-талғамының жемісі деп бағалауымыз керек...

Әттең!.. Қимас адамыңның мына жерүсті тіршілігінен әлдеқашан кеткені есіңе түскенде, оның ақ қағазбен бетпе-бет отырып, мына күнгей-көлеңкесі қатар жүретін, кісілігі мен кісәпірлігі кез келген жұмыр бас пенденің жүрегіне қатар қоңсыласа қонақтайтын мінезі жайлы, бір сөзбен айтқанда, мына дүние-жалған жайлы жазғандарын қайыра сараптағанда тіл ұшына жиі оралатын осы бір жалғыз ауыз сөз тағы да тереңімді қарс айырып, күрсінтіп отыр.

Дос өмірінің қысқа болғаны-ай!

Әдебиетті сапалық тұрғыдан байытар, тек өзіне ғана тән байсалды баяндау үлгісінің мүмкіндігін молынан таныта түсер қаншама шығармалар жазылмай қалды?! Қазақ театрының тынысын ашып, қанатын кеңейтер нағыз кәсіби үлгідегі драмалық туындылар қатары толығып, көрермен жүрегін жаулайтын көркем пьесалар енді-енді өмірге келе бастағанда Әділбек қаламының сусып түскені, тәні мен жанының үйлесімін айғақтар Уақыт сағатының кілт тоқтағаны жанға батады!..

ЫРЫМ: Иә, еске алсақ... қатары­мызды сиретіп бара жатқандардың саны көбейіп барады. Қазақтың біртуар ұл-қыздары Алма, Үміт, Маханбет, Сейсен, Жолбарыс, Қаржаубай...

Қаржаубайдың еш жерде жариялан­баған, еш жерде басылмаған, ешкім білмейтін бір өлеңін архивімде қастерлеп сақтап жүрмін. Өйткені марқұм өмірінің соңына дейін біздің баспаханадан «Асыл сөз» газетін шығарып кетті. Газетті басуға әр келген сайын сырласып ұзақ отыратынбыз. Сонда алпыстағы мерейтой тұсында кабинетте отырып, қолма-қол жазып еді. Тіпті өткен жылы өзім бас болып шығарған кітабына қосуды да қимаған «Алпысқа әзіл» деген жыр-жолдары мынау еді, тыңдап көрші...

«Алпыстың ауылы алыс деп,

Елу жаста жүргенбіз.

Шарапты құй, ал, іш!» – деп,

Ішпегенге күлгенбіз.

Ойынның түбін түсірдік,

Балалық шақ – бал болып.

Өмірдің мәнін түсіндік,

Алпыста енді шал болып.

Шал болу қайда, жігіттер,

Қартаймай, міне, көңіл тұр.

«Тоқалдан» бір-бір үміткер,

Алда да қызық өмір тұр.

Екінші жастық басталды,

Сақал мен шашы ақ, қудай.

Ысырып тастап жастарды,

Жүреміз қызбен аққудай.

Бел ауырып, балтыр сыздай ма,

Естімей жүрсін қыз-қырқын.

Өмір деген қыздай ма,

Тәп-тәтті ғой бұл шіркін!

Жүректің сырын ашып көп,

Шәмшінің әнін айтамыз.

Дон Жуан әлде ғашық боп,

Таң ата бақтан қайтамыз» .

Мен кейде ойлаймын, біздің қатарластарымыздан өз қабілет-талантын толық көрсете алмай кеткен достар да болды ғой деп. Мәселен солардың бірі – Жолбарыс Әбішев те, екіншісі – ­Маханбет Жәмеков. Екеуі де аударма саласында қызмет істеді. Екеуі де сол саланың жілігін шағып, майын тауысып басшы қызметтеріне дейін жетті. Екеуін де сол сала жұтып қойған секілді. Болмаса Жолбарыс қандай ақын еді, Университетке ол шығармашылық шабытында келген, өткір ойлы жыр шумақтарын төгілтіп тастайтын, тіпті ол кейіннен газет-журналдарда қызмет істегенде мықты журналист, жақсы ақын не жақсы жазушы шығатын ба еді деп те ойлаймын. Университет қабырғасында жүргенде-ақ сол заман талап ететін В.И.Ленин шығармаларын оқуға, оны түсінуге ұмтылды. Оның соңы апарып, Партия тарихы институтында, КазТАГ-та, Парламентте қызмет істеуге жеткізді. Ол қандай қызметте болсын абыроймен атқарып, үнемі қызметте өсу үстінде болды, жақсы ақша тапты. Бәрімізден бұрын Алматыда да, Астанада да мемлекеттік тапсырыспен салынған жақсы үйлерде тұрды, жеткілікті жағдайда өмір сүрді. Алайда күндіз-түнгі сол қисапсыз еңбектер Жолбарыстың шығармашылық қабілетін тұсады, өлеңінен алыстатты, шығармашылық жұмыстан қол үзгізді. Өмірден ерте кетті.

Жолбарыс сияқты білімі ұлан-ғайыр, жан-жақты, қай салада болмасын өзіне қамшы салдырмайтын мен білетін зерек, алғыр Маханбет те өмірден ертерек кетті. Өзі туып-өскен өңірдің тарихын терең білетін, кез келген ғылыми диссертация­лардан артық, тың деректі «Байырғы Бабата» кітабын жазды.

Маханбет өнердің де білгірі болатын. Ән салып, күй шертетін. Күйді жай тартып қана қоймай, оны талдап жіліктеп отыратын. Маханбеттің үйінде бір емес, үш домбырасы болды. Өнер туралы сөз бола қалса айызыңды қандырып таңға ұстайтын.

2012 жылы артында қалған мұрасын жинап, кітап құрастырып шығару барысында оның өлеңдерін тауып қайран қалдым, және өлеңдер болғанда да қандай десеңізші...

Мен ақын емеспін, дегенмен көп өлеңдерді оқып жүріп мұндайға кезікпеппін. Бір ғана шумақпен өз ортасын, өз көңіл-күйін ғажап жеткізе білген. Мәселен: «Керегі бар ма ақылдың, Берері бар ма білімнің? Бағамды таппай «аһ» ұрдым, Шарамды таппай түңілдім», – деп бір қайырса:

«...Жарыққа ұшсам жетем деп,

Қанатты қатты күйдірдім.

Жан-жақты болып өтем деп,

Бәрін де өзім бүлдірдім», – деп ой түйіндейді. Бір саланы дендеп ұстамай, жан-жақты боламын дегенге өкінеді.

Ал миымен «тілдескен» адамды естіп пе едіңіз. Маханбет тілдеседі.

«Бәсеке өмір,

Келмейді қалып қойғым,

Адамы ем салдарлы, қанықты ойдың.

Туғаннан бойымдағы асылым ең,

О, миым неге азапқа салып қойдың!?»

Бұған не дерсің... Керемет қой!... Жандарың жәннатта болсын, Жолбарыс пен Маханбет дос!

Ал ортамыздағы ерекше өзінің терең білімімен, жан-жақты қабілетімен, байсалды мінезімен ерекшеленген Ұлықман Асылов пен ерекше дарын иесі, парасатты жан Алма туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұлықаң сабырлы мінезімен көп сөйлемей жүріп-ақ талай шаруаны бітіріп тастаған азамат. Оның «Рауан», «Мектеп» баспасындағы талай жылғы қажырлы еңбегінің өзі не тұрады. Бірнеше оқулықтардың авторы. Ол кітаптар жыл сайын қайталанып шығып жатыр. Шыға да береді.

Алма Қыраубаева есімін көп адам жақсы біледі. Біздің курстағы жігіттердің азуы батпаған аспирантураға түсіп, ғылымға дендеп бойлаған жалғыз қызымыз еді. Марксизм-ленинизмді жіліктей шағатын, кілең «беске» оқыған Сүлеймен Тоқсанбаевтың өзі Университетті қызыл дипломмен аяқтаумен шектеліп, дінтану саласына ауысып кетті. Қазір осы салада үлкен дәрежесі, құрметті атағы, медалі бар. Оған да шүкір. Ал Алма болса кеңестік кезеңнің өзінде тың тақырыпқа барып, жабулы қазанды ақтарды. «Қазақ әдебиеті советтік дәуірден басталады» деген жаттанды ұғымды жапырып, әріге, тым әріге апарды. Алманың «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты құнды еңбегін ­«Рауан», «Ана тілі» баспасында жүргенде бірнеше рет басып шығардық. Ғылым ­кандидаты, ғылым докторы, ­профессор атанды. Бір байқағаным, оның сол кездегі шәкірттері Алма есімін ұмытпай бүгінгі күнге дейін құрметтеп, еске алып ­отырады. Кітаптарын шығарды, талай еске алу кештеріне қатыстық.

Алманың тағы бір қасиеті – жаны жай таппайтын жаңашыл еді. Тіпті «балаға тәрбиені әріден бастау керек» деп, ауылға барып, қала іргесіндегі Жандосов ­ауылынан арнайы мектеп ашты. Есіңде болар, ол ауылға талай бардық, тіпті сен сол жерден саяжай да алдың...

НҰРЛАН: Ұлықаңды қалай ұмытасың?! Ол біздің старостымыз емес пе! Күні кешеге дейін үйіне стипендия сұрап, жиналып барып тұратынымызды қалай ұмытайық?! Ұлықаң білімі терең, білігі мол, Абайдың тілімен айтқанда, екі қоғам, екі дәуірді қатар көрген «толық адам» санатынан еді. Ол түзде қалай адалдығына көлеңке түсірмей анық басса, үйде де сондай болатын. Ұлықаңның үлкен байлығы – жеңешеміз Гүлекең ғой! Балалары да сондай әдемі болып өсіпті. Жарықтық қазір өзі жоқ болса да жанұясына нұр-шуағын тастап кетті. Жалпы жарларының шыққан тауларын аласартпай, отын сақтап, түтінін түзу ұшырып отырған аяулы жандарды ұмытпауымыз керек! Гүлекең сондай аяулылардың бірі ғой...

Ал Алма біздің есімізде ұстамды мінезімен, сабырлы қалыбымен, ­табанды еңбекқорлығымен қалды... Осы үш қасиеті оны, әуелі курстастарының құрметіне бөледі... Осы үш қасиеті оны ғылым дейтін ұлы кеңістікке алып шығып, қазақ қоғамының шынайы құрметіне бөледі. Алма Қыраубаева дейтін ­аласармас шыңға көтерді.

Есіңде шығар, Алма, Үміт, Гүлнәзия үшеуі ылғи бірге жүретін. Үміт марқұм өзінің алғашқы әңгімелерінің бірі «Ом заңымен» танылды. Тартымды тіл, ойнақы юмор, терең сарказмға құрылған осы бір шағын әңгіме әлі күнге есімізден кетпейді. Гүлнәзияның дауысы қандай еді?! Бақтажар Мекішев басқаратын «Жеті муза»-ның көркіне айналған Гүлекеңнің «Гауһартасымен» біздің курс мақтанушы еді ғой... Алма марқұм осы екі құрбысының ортасында не артық сөзі жоқ, не одағайланып көзге түсер мінезі жоқ, сыпайы қалпымен көрінетін.

Қашан көрсең кітапханадан шықпайтын...

Алма десе... Менің есіме Әуезов бірлестігінде өлең оқып, алғаш көзге түскен томпиған қараторы қыз елестейді. Өлең толық есімде жоқ. Екі, не үш шумақтан тұратын шағын жыр. «Пәлен ­болуды ұнатамын, түген болуды ұнатамын» деп тізбелеп келіп, соңында «бәрінен де қазақ болуды ұнатамын» деп бітетін... Ол кез үшін батыл айтылған, тауып айтылған ой еді. Сол ой оны университеттің сол тұстағы ұлт рухына қанат бітіріп жүрген ұстаздар қауымының көзіне іліктірді. Зекең – Зейнолла Қабдоловтың: «Пәлі, шырағым, Алма, мына сөз, мына ойды мен деген жігіттер айта бермейді. Бұл нағыз концепциялық биікке көтерілген ой» дегені есімде...

Расында да Алма өзінің бар өмірін осы бір «қазақ болуды ұнатамын» деген ұстанымға көгендеп, үлкен ғалымдық, ұстаздық жолды таңдады. Сол жолда іздену мен зерттеудің тағылымы мол табанды үлгі-мектебін қалыптастырды. Оның бұл жолға келуіне біріншіден, Алманың ішкі дайындығының молдығы, ұлттық ой мен таным табиғатының беріктігі болса, екіншіден, ұстазы ­профессор Бейсембай Кенжебаевқа деген құрметі мен адалдығы еді.

Алма Мүттәлләпқызының соңына қалдырған зерттеу еңбектерімен, сирек бітімді ұстаздық болмысын «тайға басқан таңбадай» етіп айғақтар монографияларымен жақсы таныс кез келген көзі ашық, көкірегі ояу, адам «әдебиеттің тарихын ұлт тарихынан бөле-жара қарауға болмайды» деген Алманың терең тамырлы пікірлерімен келісері күмәнсіз.

Біз Алматыға келіп, оқу оқып, білім алып, әрқайсымыз өз жолымызды таңдау мүмкіндігіне жеттік. Сондықтан Алаштың арғы-бергі тарихында шоқтығы биік өз орны бар ұлы қаланың біз үшін жөні бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, өз өмірінің ең бір өрісті жылдары мен өркенді кезеңін өткізген қарт КазГУ-дің ұстаз Қыраубаева үшін айырықша болғанын айтуға тиіспіз. Ғалым-ұстаздың ұзақ жыл көз майын тауысып жүріп, профессор Кенжебаевтың жетекшілігімен жазған кандидаттық диссертациясы, кейінгі докторлық диссертациясы шәкірттерінің махаббатына бөленуіне бірден-бір себеп болған құнары мол лекциялары мен өзге де ғылыми еңбектері – әдебиет тарихын терең зерттеудің, түркілік ортақ дәуірді танудың, танытудың үлгісі. Алманың еңбектерін қарапайым оқырманнан бастап, зиялы, зейінді, кірпияз мінезді ғылыми орта өкілдері де еркін оқиды.

Менің ойымша, бұл «еркін оқылудың» төркінінде зерттеу мен ой қорытудың, пікір айту мен баға берудің, білімдарлық пен байқампаздықтың мәдениетті, терең үлгісі жатыр.

Алма жаратылысынан жаңалыққа, жақсылыққа жаны бейім, жүрегі құштар жан еді.

Соның жарқын бір белгісі – Тәуелсіз Қазақ елінде алғашқылардың бірі болып, жекеменшік мектеп ашуға ұмтылғаны... Тоқсаныншы жылдардың басындағы ұстаз-ғалымның бұл әрекетін түсінген де, түсінбеген де болды. Қала іргесіндегі Жандосов ауылынан жер үй сатып алып, анасын, ұлдарын сонда көшіріп апарғаны есімізде. Ризабек, Ұлықман ағамыз, Әшірбек, Гүлнәзия, Фаукен, Шәрбан, Сайлаубек, Әділбек, Мағира, Сара... т.б. қатар оқыған қыздар мен жігіттер, арасында өзің де барсың, оның бұл қадамын қызу қолдап, шамамыз келгенше қол ұшын бердік...

Өкінішке қарай, Алманың мектебі тиісті орындардан тиісті қолдау таппай, екі-үш жылдан соң жабылды. Заманның қолы ма, әлде адамның ойы ма? Әйтеуір бір қысқалық болды. Алма күресіп бақты. Болмады. Ақыры КазГУ-дегі ортасына қайтып оралды.

Ғылымға да, ұстаздыққа да бұрын­ғысынан бетер ерекше серпінмен, айрықша ықыласпен кірісті.

Алма сырт көзге сабырлы, тұйық болып көрінгенімен, дос-жораларының ішінде, ағайын-туыстардың арасында ашық-жарқын отыратын. Ол, әсіресе қатар өсіп, қатар жетілген курстас қыз-жігіттердің ортасында қолына ­домбырасын алып, төгілтіп ән салатын. Ұлы Жәкеңнің көкіреккөзін күмбірлеткен термелерді, жырларды орындауда Алмаға тең келетін әнші-термеші аз еді ғой... Фаукен, Гүлнәзия, Ризабек төртеуі отыра қалып, қазақтың сиқыры мен сыры мол әдемі ән-сарынына жан бітірген сәттері менің көз алдымда тұрады.

Иә...

Алма Қыраубаева өз биігін өзі еңбегімен, дарынымен, замандастарының алдында оза шауып, алға шыққан ерекше қарымымен бағындыра білген қазақтың тұлға санатындағы сирек қыздарының бірі еді.

Оның берері де, алары да алда еді...

Амал жоқ, өмірі ерте үзілді...

ЫРЫМ: Мағира, Сара, Шәрбан...

Осы үш қыздың біздің арамызда да, бүгінгі қазақ әдебиетінде де орындары бөлек. Өткен жылдары Жазушылар одағында олардың шығармашылығына арнап әдемі кеш өткіздік. Бұл бастаманың иесі де, мұрындық болған да өзіңсің. Кеш тамаша өтті. Қаламдары төселген, егіз қозыдай үш қыздың шығармашылығы жайында замандастары жан-жақты кеңінен толғады. Әдепті, әсерлі кеш болды.

Осы кітапты дайындау барысында Сараның Бақытжан шығармашылығы жайында жазған мақаласының алдыңғы жолдарын оқып, мүдіріп, абдырап қалдым. «Біз бір-бірімізге ғашық едік, – деп бастайды Сара. – Біз деп отырғаным 1965 жылы республиканың әр түпкірінен келіп... оқуға түскен студенттер... Негізгі міндет – оқудан соң, студенттің ең басты жұмысы дос іздеу. Ол жақсы дос іздеп кітапханаға баруы мүмкін, қаланың әр түпкірінде өтіп жатқан кездесу кештеріне баруы мүмкін. Соның бәрі жақсы адамның жетегі. Сүйтіп жүріп тапқан жаңа достармен, әдемі қыздармен, көркем жігіттермен бас қосып думандатып жатқаны...»

(Жалғасы бар)

993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы