• Тұлға
  • 16 Маусым, 2022

ШЕЖІРЕДЕН СЫР ШЕРТКЕН

Тілеужан Смағұлұлы Сақалов ана тілін дамытуға, көркейтуге бар өмірін арнаған нағыз тіл жанашыры еді. Қазақтың сөз өнерінде өзіндік ізденісі, қолтаңбасы бар қаламгердің жыл мезгілдерін, тіршілік тінін сипаттаған өлеңдері ой орамымен де, тіл көркемдігімен де баурап алады. Сонымен қатар оның қазақ сөз өнерінде белгілі Таңжарық Жолдыұлы, Көдек Байшығанұлы, Шарғын ақын туралы жазған зерттеу, талдау еңбектері әдебиеттегі құнды қазыналардың бірі. Ол Нарынқол ауылындағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінде әдіскер-инспектор, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметтерімен қоса сол кезеңдегі қоғамдық әлеуметтік істерге белсене араласты. 

Тілеужан Смағұлұлы «Таңжарық пен Қойдым», «Шарғын мен Асылхан», «Жамбыл мен Айкүміс» айтыстарын зерттеп, «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» атты диссертациясымен өзіне дейінгі ұстаз-ғалымдардың ғылыми-зерттеу шығармашылығы мен ұстаздық-қайраткерлік жолын жалғастырды.

1930 жылы 15 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында дүниеге келген ол тағдыр тәлейімен 1931 жылы анасымен бірге Қытай еліне көшеді. Ол жақта шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісіне атсалысып, әдеби шығармашылықпен айналысты. Жазған өлеңдері, әңгімелері, ғылыми зерттеулері мен сыни мақалалары «Іле», «Шыңжаң», «Шыңжаң оқу-ағартуы» газеттерінде, «Алға» журналында жиі жарияланды.

1961 жылы ата жұртқа оралғанға дейінгі кезеңде Шыңжаң жазушылар одағына мүше болған Тілеужан қытай, өзбек, ұйғыр, қырғыз және орыс тілдерін жетік меңгерген өте сауатты, қаламы қарымды әдебиет сыншысы атанған.

Өмірінің ең соңғы сәтінде барлық қолжазбасын аманаттаған ескі досы әрі әріптесі Естеу Түсіпбектің мәлімдемесіне сүйенсек, Тілеужан Смағұлұлының ғылыми, әдеби шығармашылығы мынадай төрт саланы қамтиды екен.

1. Қытай қазақтарының тарихы мен әдебиеті;

2. Өзінің қаламынан шыққан айтыстары мен өлеңдері;

3. Ел ішінен жинаған ақын, жырау, шешендердің, батырлардың тарихы мен жер тарихы, ел тарихы жөніндегі өлеңдер, жырлар, дастандар, айтыстар, аңыздар;

4. Өзінің өмір жолы, ата-бабалары, дос-дұшпандары, ұстаздары, замандастары туралы естелік жазбалар.

Т.Сақаловтың әдебиетші, ғылыми-педагогикалық қыз­меті елге оралғаннан кейін де жалғасын табады. Шәкірт тәрбиелеуде олардың жүрегіне жол таба білген ұлағат­ты ұстаз әйгілі сыншы Сағат Әшімбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері әрі жазушы-драмтург Баққожа Мұқай, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Айтақын Әбдіқал секілді белгілі қаламгерлерге ұстаздық еткен өнегелі тұлға.

Ел мен жердің азаттығын жырлап өткен, қасиетті тіліміздің, әдебиетіміздің жанашыры болған Тілеужан Смағұлұлы 1996 жылы 17 шілдеде өмірден өткенде жан жары Бөпен Жексебаева есіл ерін жоқтап былайша еске алған болатын.

43 жыл отасқан,

17 жаста қосылып,

Өмірдегі серігім,

Бір күнгідей болмады,

Өзіңмен өткен өмірім.

Қабырғам қатты сөгілді,

Жан серіктен айрылып.

Қалтырап жаным күйзелді.

Жан жарымнан адасып,

Бір қартайсақ деуші едік,

Тілекті Алла бермеді.

Дүние шіркін опасыз,

Осылай барып сөн деді.

Жоқтау айтып азырақ,

Тарқатайын шерімді.

Ортақтасып қайғыға,

Сыйлаған сені еліңнен

Айналып қана кетейін.

Бәрі келді дос-жаран,

Атадан жалғыз туғанға.

Қайғыға ортақ халайық

Рахмет еліңе,

Ортақтасқан қайғыға.

Сабыр-тағат қылайын

Қайырын берсін артыңа.

«Иман берсін бір Алла» деп,

Еске алады жұбайың.

2014 жылы жары Бөпен Жексебаеваның жинақ­тауымен, марқұм немересі Қазбек Думанұлының демеуші­лігімен Тілеужан ақынның шығармалар жинағы ­«Мерей» баспасынан жарық көрді. Биыл да ұрпақтары Тілеужан Смағұлұлының алдыңғы кітабына енбей қалған шығармалары мен естеліктерінің жинағын шығаруды ­жоспарлап отыр.

Тілеужан Сақалов қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің ғылыми жүйесінің негізін қалаған, өткен дәуірдің ақын-жазушыларының азды-көпті дүниесін түгел түгендеген, сөйтіп кезең әдебиетінің тарихын жасаушы аса көрнекті ізденімпаз, ұстаздардың ұстазы ретінде рухани мәдениетімізден өз орнын алды.

Майнұр САҚАЛОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ЕСІК

1198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы