• Тарих
  • 16 Маусым, 2022

КЕНЕСАРЫНЫҢ АҚМОЛАҒА ШАБУЫЛЫ (ПОЭМА)

Серік  ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

(Соңы. Басы өткен санда)

 

VIII

Қара түтін –

Ақ жалын,

От пен суы аралас.

Жекпе-жек жоқ,

Бетпе-бет –

Бет жүзіңе қарамас.

Кенесары қол бастап,

Наурызбайы жол бастап,

Бопай ханым астындағы

Арғымағы ойқастап.

Бәрін-бәрін,

Ту сыртында

Ағыбай тұр байқастап.

Жоламан да,

Жәуке де,

Жасақтары қасында –

Белгі берсе

Бүру үшін

Бүркіттей,

Әзір-ақ тұр айқасқа!

IX

Бекіністі көріп тұрып,

Жат ісінен

Жеріп тұрып,

Кенесары сөз бастады,

Арыстандай ақырып,

Аруағын шақырып:

– Уа, аруақ, Абылай,

Жар бола гөр, бір Құдай.

Жаратқан ием – Құдірет,

Жебеп жібер бір рет!

Ақмоланы алғаным,

Ойлағаным ел қамын.

Ұлы жолдың үстінде,

Үзеңгіге аяқ салғаным.

Ұрпағым өссін дегенім,

Ен далада

Еркіндеп,

Есіл – Нұра жан-жағым!

 

Сарыарқаны алғаным,

Қазаққа олжа салғаным.

Еркін өмір сүргенім

Аман-есен мал жаным.

Тұлпар мініп желпініп,

Берекемді келтіріп,

Бергені сол ғой –

Алланың.

 

Есілдің

Екі жағына –

Жағалауын жайнатып,

Ел – халқымды тойлатып,

Желілеп бие байлатып,

Арғымағын сайлатып.

«Хан сарайын» салдырып.

«Хан шатырын» орнатып,

Қазақтың күйін сарнатып,

Қазақтың жырын толғатып,

Арманға жетер күн қайда?!

 

Мына сөзді тыңдаған

Тылсым дүние

Төңірек.

Кетті сонда елжіреп.

Есілдің ерке толқыны –

Арғы бет пен бергі бет

Арындады арғымақ,

Жалындады жан-жүрек.

Түскен тағдыр тезіне,

Хан Кененің сөзіне

Куә болды соңғы рет,

Сайын дала –

Сарыарқа,

Жетіқат Жер,

Сеңгір Көк!

 

X

Еңіреген

Ер Кене

Кезі нағыз дермене.

Көк Тәңірі секілді,

Ие бүгін Жерге де!

Аты – дастан,

Ісі – үлгі –

Тоқсан тарау қайырма,

Толғау кетті пернеде.

Көз тастайды Есілге,

Көк найзасы қолында,

Ақ сауыты төсінде.

Бірақ,

Бойын әлде де,

Толқытады шер неге?!...

Дайын тұрды

Осы сәт –

Қажет болса халқына,

Сол киімшең қалпында,

Кіріп баруға

Көрге де!

 

XI

Абылайдың ізімен,

Ақ қылыштың жүзімен,

Көк найзаның күшімен

Кенесары сұсымен.

Бекіністі

Басып алған бетінде,

Ат шомылтып Есілге

Қаралы өткел –

«Караөткел» -

Қара суын

Қақ жарып,

Адамзаттың абзалы,

Мәңгіліктің Көкжалы –

Көшпелі елдің салтында,

Дара туған қалпында,

Қара халық артында.

Сайын дала шет қалып,

Алатауды бетке алып,

Қайта түлеп тозған жұрт,

Бара жатты –

Болашаққа қозғалып!

 

 Ағыбайдың

ақтық айқасы

 

XII

Адырдың

Арғы бетінен

Ағындап шықты,

Ағыбай.

Қайтпайтын алған бетінен,

Ұраны айтқан:

-Абылай!

Айналасы қалың ел,

Аузында –

Алла,

А, Құдай!...

Қарағанға аңғарып,

Дүние неткен жап-жарық,

Көкжиектен

Күн шығып,

Туғандай көктен

Тағы да Ай.

 

Ағыбайдың ұраны,

Абыройыңды

Айбарлы

Асырғаны секілді.

Есіл менен Нұраның

Қосылғаны секілді.

Арнасында

Ақ толқын

Жосылғаны секілді.

Алды-артына қаратпай,

Ақ патшаның әскері –

Шошынғаны секілді.

«Жалғызталдың» түбінде,

Тоз-тозы шыққан торғайдай,

Қоңырқұлжа сұлтанның

Хайла таппай қамығып,

Айла таппай аңырып –

Тосылғаны секілді...

 

– Уа, Ағыбай,

Ағыбай,

– Жар бола гөр,

А, Құдай!

– Қыранымыз –

Хан Кене,

– Ұранымыз –

Абылай!

– Шарлап кетсек тұлпармыз

Самғап кетсек сұңқармыз.

Бойымызды кернеген

Көкшетаудың самалы,

Көк Есілдің ағыны-ай...

Білек қосып,

Біріксек,

Жаудың басын құртармыз.

Жүре алмаймыз

Жәй қарап,

Жаудан қашқан жабыдай.

 

XIII

Арындап,

Ала қашып батыл ойы,

Асқақ тұр

Ағыбайдың

Абыройы.

Ту сырттан

Түре қуып,

Тықсырған соң,

Дұшпанның ұшты, міне, тағы үрейі.

 

Биікке көтерген соң

Батыр байрақ,

Ақыры алып шықты

Ақыл – қайрат,

Тасада қалып қойған сай тасындай,

Әр жерде,

Зеңбіріктер жатыр жайрап.

 

Батырлар

Бүріп тастар

Бүркіттей боп,

Дайын тұр –

Жауласуға жыртып көйлек.

Іркіліп қара бұлттар

Ұйып қалды –

Аспанның бүйірінде іркіттей боп.

 

Әр жерде

Жай әскері жатыр сұлап.

Жер құшқан

Жанталаста, ақыр құлап.

Қаруы күшті болып, басым тұр-ау,

Әйтпесе,

Әншейінде Батырсымақ.

 

Тайталас

Танытады – өрең қанша,

Тек қана сүйсініп көз көрер болса.

Ох, шіркін,

Бір-ақ жаншып тастар еді,

Жекпе-жек,

Жеме-жемге келер болса.

 

Дүние-ай,

Туған жердің бұлты да ыстық.

Ұшуға бәріміз де ұмтылыстық.

Жерді де,

Аспанды да тербегендей,

Дауылдың алдындағы –

Бір тыныштық.

 

Қарайды Кенесары

Қыран – көрік.

Кеудесін ыза буған бір ән керіп.

...Қап-қалың

Қара бұлттың әр жағынан

Қызыл бұлт келе жатты

Қылаң беріп.

 

Генерал

Карбышевтың

кейпі

 

 XIV

Патша әскерінің басшысы,

Бедірейген тас – түсі,

Атышулы Карбышев

Ер тұлғалы – нар кісі.

Жаны таза болса егер,

Аз болмас-ау,

Шынында –

Қазаққа айтар алғысы.

Бірақ,

Бірақ,

Бейбақтың

Келмейді олай болғысы.

Бағзы аңызға сүйенсек,

Арғы атасы – қазақтан

Бала сүйген,

Жар құшып...

Әттең, бірақ, не керек,

Сөз айта алман сөрелеп,

Ақ патшаның қазіргі

Генералы керемет.

Қазаққа қарсы жұмсалған,

Жарлығы мен жарғысы.

Оған ешкім батпайды,

Шенділердің ішінде,

Болғаннан соң әлдісі.

Талай елді қақсатқан,

Қадамының қандысы.

Тартпаған соң тегіне,

Тисін қалай себі де.

Онан да,

Оны –

Жұлынқұрт,

Іштен жейтін жегі де.

Анасының елін

Аямаған

Айуан,

Азаматқа тән емес

Ақылының жармысы.

Бәрібір,

Түбі қазақтың

Қоймас оны аман-сау,

Көз жасы мен қарғысы.

 

XV

Бекініс –

Бес күн болды алынғалы,

Сарыарқа қызыл қанға малынғалы.

Зар қақты,

Петерборға хабар беріп,

Патшаның қанға құмар залымдары.

 

Осылай басталған соң таққа жорық,

Көрген соң ақ әскерін жатқан өліп.

Асығыс

Аз әскермен

Қоңырқұлжа

Аттанды Қызылжарға

Атқа қонып.

 

Жеткенде

Жайсыз хабар бұза жарып,

Горчаков –

Губернатор ызаланып.

Құлжаны бірге келген әскерімен,

Қаматты тас түрмеге өзі барып.

 

Қозғалса қалың қазақ азат күнге,

Боларын білді патша мазақ кімге.

Халықтың қаһарынан қорыққан соң,

Ұстауға мәжбүр болды аз-ақ күнге.

 

Құлжаға Губернатор қойды талап:

– Ұстаңдар екі-үшеуден қару-жарақ.

Сүйреңдер зеңбіректі зіркілдетіп,

Жүрмеңдер ел ішінде босқа қарап.

 

Халықты қансыратып салып зекет,

Бар болсын әр болыста бір-бір бекет.

Әр жерден бас көтеріп шыққандарды,

Тастаңдар аямастан қырып, төпеп.

 

Жалма-жан Қоңырқұлжа әскер жинап,

Халықты бағындырды күшпен қинап.

...Аттанды Алатауға Кенесары,

Қош айтып қалған елге шерлі-байтақ.

 

XVI

Емес бұл

Ер Кененің жеңілгені,

Азырақ шетке шығып шегінгені.

Әуелден арманына жетпей қоймау,

Қасиет –

Қанға біткен тегіндегі.

 

Жанына ертіп алып Жанайдарын,

Татқан жер шалқып жүріп талай дәмін.

Есіл жер,

Есіл өлке,

Есіл өзен –

Артына қайта-қайта қарайлады.

 

Артына қайта-қайта алаңдады,

Жатқандай артта қалып талан-бағы.

Шабайын қайта айналып дегендейін,

Қылпылдап –

Қылыш – найза жалаңдады.

 

Болғанмен жаудың күші – берік, үстем,

Егіліп, мүжілген жоқ, еріп іштен.

Қашанда –

Ерлік деген

Ерте – кеш пе,

Тұрмай ма,

Жеңіспенен – жеңілістен.

 

Бір бақыт бар секілді тосар алда,

Бақ қонып, қыдыр дарып босағаға.

Түбінде...

Түптің – түбі, бір кездері...

«Хан шатыр» орнайтындай осы арада.

 

Кеткен соң Кенесары елден қайран,

Құтырды патша әскері салып сайран.

Кешегі хан жайлаған жасыл жайлау,

Әп-сәтте –

Әптер-тәптер – болды ойран.

 

Кедейдің қай кезде де халі бейбақ,

Әкетті азын-аулақ малын айдап.

Бір жерде бас көтерген тобыр көрсе,

Жау жағы шыға келер андағайлап.

 

Жүрегі жалпақ елдің жараланып,

Тығылды ақ патшаға төре барып.

– Кеткен соң кең даладан Кенесары,

Күніміз не болады, – деген халық.

 

Қызыл қан –

Көк Есілге төккен саулап,

Жендеттер Сарыарқаны көктей жаулап.

...Артынан

Ақ әскері

Ақмолаға

Анталап –

Жетіп қалды өрттей қаулап.

 

Топтау

 

XVII

Ақмола –

Кенесары Ант еткен жер,

Дауысы

Хас қырандай саңқ еткен жер.

Қаймықпай жан алысып, жан берісіп,

Кененің батырлары қан төккен жер.

 

Ақмола –

Батырлықтың бастамасы,

Ақмола –

Асыл жұрттың астанасы.

Ақмола –

Көк найзаның жарқ-жұрқ етіп,

Тисе де қаймықпаған тасқа басы.

 

Жағылып,

Бостандықтың

Ақ алауы,

Бастаған

Батырлықты бағалауы.

Ең алғаш еркіндіктің күйін кешкен,

Ел қонған –

Есіл – Нұра жағалауы.

 

Халқымның басындағы бақ-таланы,

Жазылған тасқа басып хат болады.

...Қадірін Бостандықтың білер ме едік,

Шаппаса Кенесары –

Ақмоланы!

 

XVIII

Тұрғанда жер орнында, аспан аман,

Туған ел

Тау тұрғызар,

Тас та қалар.

Кененің кегі кеткен есесіне,

Біздерде –

Бостандық бар,

Астана бар!

2036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы