• Қоғам
  • 16 Маусым, 2022

САНАДАҒЫ ТӨҢКЕРІС. ӨТКЕН РЕФЕРЕНДУМНЫҢ АЛДАҒЫ МАҚСАТЫ ҚАҚЫНДА

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

«МЕН КӨКБӨРІДЕН ЖАРАТЫЛҒАМ»

Қазақша төңкеріс деп аударылатын революция (revolution) сөзін алғаш астрологтар мен алхимиктер қолданыпты. Ғылымға термин ретінде (польшалық (неміс) ғалым) Николай Коперник (1473-1543) енгізгенін де білген абзал. Төңкеріс деп – қоғамда, табиғатта, санада болған батыл, түпкілікті, терең әрі сапалық өзгерістерді айтамыз. Ең үлкен ерекшелігінің бірі – өзгерістер шұғыл түрде жүргізіледі.

Революцияның түрлері көп. Айталық, табиғаттағы (геологиялық) төңкеріс, қоғамда: өнеркәсіп төңкерісі, мәдени төңкеріс, демографиялық төңкеріс, ғылыми төңкеріс, ғылыми-техникалық төңкеріс деп тізбектей беруге болады.

Мұндай төңкерістер санатына ­саяси революцияны да қосамыз. Саяси төңкеріс дегеніміз – сол елдегі әлеу­меттік-экономикалық құрылымның да ауысуы. Революция – шұғыл бетбұрыс болса, дамудың баяу, табиғи түрде жүруін немесе жүргізілуін – эволюция дейміз. Ал реформа – қоғамдық негізді сақтай отырып, тек жекелеген салаларды өзгерту. Реформа да латын (reformare) негізді сөз. Қоғамның бір саласын қайта құру, жаңарту, нығайту. Сөздің өзінде көрініп тұрғанындай «re» және «form» яғни формасын өзгерту. Қазақстанда министр жиі ауысатын сала – білім саласы десек, ­реформадан көз ашпай келе жатқанын атап өтуге болады. Немесе реформа ­дегенде алдымен сол сала еске түседі.

Эволюция (evolutio) – өрлеу, өркендеу мағынасындағы латын сөзі. Ғылымда бұл көбіне жанды-жәндікке қатысты қолданылады. (Әрине, қоғамда да даму, кері кету болатыны түсінікті). Ортаға бейімделгендері дамып, бейімделе алмағандары құрып кетіп отыратынын дәлелдейтін теория. Бұл ретте есімізге алдымен ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин (1809–1882) түседі. Сол ХIХ ғасырдағыдай әлі күн ғылымға жаны қас әсіредіншілдер Дарвин десе, «қазіргі маймылдар неге адамға айналып кетпейді?» деген секілді құйтырқы сұрақтар қояды. Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, мен көкбөріден жаратылғам» деген сөзін де қоса кеткен жөн шығар. Бүгінгі әлемдік ғылымда басқаша ойлайтындар да баршылық. «Адамдар Дарвин айтқандай Жерде емес, ғарыштағы тым шалғай бір әлемде пайда болып, кейін осы планетаға келіп қоныстанған» деген болжамды қолдайтындар көбейіп келеді. Шын мәнінде, Дарвиннің бағытындағы ізденістерден гөрі, соңғы ғарыштық болжамнан үміт күтетіндер көбірек.

 

ҚОШ БОЛ, ОЛИГАРХИЯ!

Бұл сөздерді неге тәптіштеп отырмыз. Қазақстанда күні кешеге дейін жиі айтылған уәждің бірі – «эволюциялық жолмен дамимыз» болып келді. Біздің саяси технологтар эволюцияны, тыныш­тықты аузынан тастамай дәріптеп жүргенде, көрші қырғыз бауырларымыз әлсін-әлі атқа қонып, әлденеше төңкеріс жасады. Тоқсаныншы жылдары билікке келген Асқар Ақаев 2005 жылы елден кетуге мәжбүр болды. Оның орнына келген Құрманбек Бәкиев 2010 жылы Белоруссияға бас сауғалады. Тек өтпелі кезеңде аз уақыт билік басында отырған Роза Отынбаева бейбіт жолмен орнын Алмазбек Атамбаевқа бергені белгілі. Алмазбек кетерде де ағайындар ордасын ойрандап, ақыры оның сотты болуымен тәмамдалды.

Қырғызстандағы секілді әр елде болған немесе ұйымдастырылған төңкеріс атаулыны «түрлі-түсті төңкеріс», «қызғалдақ төңкерісі», «араб көктемі» деген секілді ат қойып, айдар тағу үрдісі пайда болды. Бірақ Қазақстандағы қаңтар қасіретін қандай төңкеріске жатқызуға болатынын әзірге қоғамтанушылар тәпсірлеп берген жоқ. Қазақстандағы қарсылық Қырғызстандағыдай билікті төңкеріп тастай алмады. Бейбіт шерушілер ондай мақсат та қоймады деуге болар. Демек, бұл санадағы төңкеріске келеді. Қырғызстандағы әлденеше түрлі-түсті төңкерістерде Қазақстандағыдай арандатушылар болды ма, әлде халықтың қарсылығын саяси топтардың пайдалануы өріс алды ма, ол жағын індетіп зерттеушілер дәлелдеп айтар.

Ал қаңтар қасіретін санадағы төңкеріс десек, тура бес айдан кейін өткен референдумды оның логикалық жалғасы деген жөн-ау. Референдум кезінде телеарналардан сұхбат берген бір депутаттың мәлімдеуінше, отыз жылдан бері жіліктің майлы басын иемденіп келген топтар, Президент Қ.Тоқаевтың Ата Заңға түпкілікті өзгерту, толықтырулары сол байлығынан айырарын біліп, халықтың бейбіт шеруін пайдаланып, билікті орнынан тайдырмаққа әрекет қылыпты.

Қаңтар қасіретін кімдер, не үшін ұйымдастырғаны жан-жақты зерттеліп, ресми түрде саяси баға беріліп біткен жоқ. Шөптің басын сындырмай шектен тыс байып шыға келгендер, билік ресурстарын еркінше пайдаланғаны бәрімізге аян. Президенттің референдум қортындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінің бір тұсында: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес» деп түюі қолындағы билігін бүгінге дейін пайдаланып, байып келгендерді ойландыруы тиіс. Үндеуде одан ары, «Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет» деп қадап айтыпты. Демек, монополиске айналған олигархтар ендігі жерде Қазақстан экономикасынан шеттетіледі. Бірақ олардың ен байлығы заңды түрде тәркілене ме, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.

 

МОНАРХИЯҒА ЖОЛ ЖОҚ

Ал билікте отырып алып, кәсібін әйелінің не баласының атына жазып, кәсіпкерлікке үкіметтен берілетін тендрлер мен түрлі көмек-жеңілдіктерді қырып алып отыратын, мемлекетті «сауын сиырға» айналдырғандардың да заманы өтетін секілді. Себебі мемлекеттік қызмет туралы аталған үндеудегі Президенттің ұстанымдары сондай ойларға жетелейді. Биліктегі кімнің, қандай кәсібі бар, олар үкіметтен қандай көмектер алып келе жатқанын анықтау мемлекетке онша қиын емес. Сондықтан ондайларға не мемлекеттік қызметте, не сол кәсібіңмен бол, деген талап қойыларына сене беруге болар. Мұның бәрі коммунистік жүйедегідей жеке меншіктен бас тартып, тәркілеу басталады деген сөз емес. Президент өзі айтқандай әділ бәсекелестік орнатудың қамы.

«Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл бұрын да айтылып жүр­гендей экономикамыздың мұнайға одан қалды рубльге тәуелді болып қалғанына байланысты. Жалпы өткен отыз жылда Қазақстан шетелге көбіне тек шикізат шығаратын ел болып танылды. Шикізатты өңдеу мәселесі ең бір биік мінберлерден, қанша мың мәрте айтылғанын ешкім санап бере алмайды, бірақ ілгері басқан іс аз екені анық.

Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару секілді мәселелерді тапсырды. Үкімет пен Парламент бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізетініне сене берейік. Әлеуметтік желіде қарапайым халық жемқорлық дертінен айығу үшін ату жазасын қолдануды үнемі айтатын. Референдум арқылы біздің ел ол жазадан бас тарттық. Енді өмірбойына бас бостандығынан айыру секілді, қалайда жазаны ауырлатуды талап ететіні анық. Өйткені еліміздің ілгері басқан аяғын ылғи артқа сүйреп келе жатқан тек жемқорлық. Президент бұдан ары, «полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді» деді. Соған қарағанда жалпы мемлекеттік қызметте, соның ішінде құқық қорғау саласында да біліктілік, тазалық алға шығуы тиіс.

Референдуммен бекітілген ­мә­селе­лердің ішінде аса маңыздысы – «Президенттің жақын туыстары жоғары лауазымды қызмет атқармайды» деген мағынадағы бап дер едік. Өйткені Орта Азияда, түркі мемлекеттерінде әкесінің орнына баласы басшы болып сайланып, монархиялар орнай бастады. Осындай кезеңде бұл саяси батыл қадам дер едік. Мемлекеттің басшысы солай істеп отырғанда, өзге бағынышты тұлғалар сол ұстанымнан аттап кетпеуі керек. Білген адамға санадағы төңкерістің үлкені осы болар. Ол жоғарыдағы өзгеріс болса, төменде мектеп мұғалімі ­директорына қомақты сыйлық жасауға немесе жүргізуші МАИ қызметкерінің мұртын майлауға мәжбүр болмауы тиіс. Ондай әрекеттерге халық өзі төзбей әлеуметтік желілерде жариялап не тиісті мекемелерге хабарлап, әшкерелеп, қоғамды парақорлық пен жемқорлықтан арылтуға мүдделі болуымыз қажет. Қысқасы санадағы төңкеріс қаңтар қасіретінен басталды. Билік қаңтардан кейін бұрынғыша жұмыс істей беруге болмайтынын ұқты. Біз Кеңес дәуірінен жоғарыға қарап үйренген халықпыз. Биікте үлкен қадамдар жасалса, ол төменге күшті қарқынмен жетеді. Дегенмен санадағы төңкеріс әркімнің өзінен де басталады деп ұғайық.

 Жаңа Қазақстандағы талап бойынша, сыпыра мадақ айту өзімізге кесірін тигізетінін түсінген сыңайлымыз. ­Референдум нәтижесі бойынша экзитпол ұсынған сандарға үңілсек, (ресми сандар одан тым алшақ кетпейді) қарсы дауыс бергендер де аз емес, 23 пайыздың үстінде. Оған қоса дауыс беруге қақылы азаматтардың 76 пайыздан астамы келгенін есепке алсақ, жаңағы 23 пайыздың үстіне референдумға келмей қалған тағы 23 пайыз қосылады. Сонда бақандай 46 пайыз шығады. Бұл аз сан емес. Келмей қалудың өзі қарсылық немесе сенбеушілік. Демек, бұған билік кәдімгідей мән беріп, қорытынды шығарарлық мәселе. Екіншіден, бұрын-соңды сайлаулар мен референдумдарда қарсы дауыс бергендер жайлы әңгіме болмайтын. Нәтиже тоқсан пайыздан түсіп көрген жоқ десек те артық айтқандық емес. Оның көбі құр даурықпа, жалған мәліметтер екенін ішіміз сезетін. Осы жолы демократиядан үміт күттіретіндей шынайы нәтижелерді көргендей болдық. Бұл да жақсылықтың нышаны.

1038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы