• Тіл
  • 16 Маусым, 2022

ПАВЛОДАР: 17 КӨШЕ ҚАЗАҚШАЛАНДЫ

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА
«Ana tili»

Керекуде ақ түйенің қарны жарылған күн. Өңірден сүйінші жаңалық жетті. Павлодар қаласында 17 көшенің атауы ресми түрде қазақшаланды. Қуанышты хабарды ести сала,  Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманға хабарласып, мәселенің мән-жайына қанықтық. 

Мейрам Төлегенұлы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Павлодар қаласында «30 жылдыққа – 30 көше» жобасымен былтыр, яғни 2021 жылы 3 сәуірде көпшілік тыңдау өткізілгенін, сол тыңдаудың қорытындысында 23 көшенің атауын өзгертуге республикалық ономастикалық комиссияға ұсыныс жіберілгенін, енді республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысы бойынша 17 көшенің өзгеретінін айтты.

– 2019 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанға шейін көшелердің атауын өзгертуге мораторий, тоқтам жарияланды. Тоқтам бойынша біз ешқандай жұмыс жасай алмадық. Осы мерзім ­арасында 70 шақты жеке және заңды тұлғалардан өтініш келіп түсті. Олардың арасында облыс пен қаланың қоғамдық бірлестіктері, қоғамдық ұйымдар, ғылым және өнер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жеке азаматтар бар. Біз 30 жылдықтың қарсаңында 30 көшені, яғни негізгілерін таңдап алдық. Сол отыз көшенің қазір 17-сі бекітілді. Мысалы, Олжабай батырдың атына көше беруді халық 15 жылдан бері сұрап келе жатыр. «Олжабай батыр» атындағы қор және жекелеген тұлғалар бар. Бұл іске тіпті Олжас Сүлейменов те араласты. Бұрынғы Мир көшесі Олжабай батыр атына, ал қазақ театр, кино саласында өлшеусіз қызмет еткен Кәукен Кенжетаевтың есімі 2-я ­Южная көшесіне берілді. Қазақ әдебиетінің танымал ақын-жазушылары Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Қалмұқан Исабай, Аманжол Шәмкенов, Дихан Әбілов, Қабдыкәрім Ыдырысов және т.б.  тұлғалардың да атына көше беріліп жатыр.

Қазақтың страдивариусы атанған өнертанушы, аспаптанушы, аспап жаңартушы Қамар Қасымовтың есімі де бар. Қамар Қасымов Сұлтанмахмұт Торайғыровтың досы, бір жылы туған, құрдасы. Сұлтанмахмұт Торайғыров Қамар Қасымовқа «саған беретін байлығым жоқ, бірақ сені тарихта қалдырамын» деп өзінің романмен жазылған поэмасы Қамар сұлуды сол досының құрметіне жазған екен. Ішкі істер саласында және Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет еткен генералдар Бәкіров пен Смағұлов есімімен де көше аталатын болды.

Лесная көшесіне – Ағайынды Дүйсембиновтердің есімі берілді. Бір үйден соғысқа 9 кісі аттанған. Соның 7-уі қайтпай, қаза тапқан. Сол 7 адамның құрметіне көше ағайынды Дүйсембиевтер деп аталды. Халық сұрап жүрген өтініш биыл жүзеге асты. Рафиқа Нұртазина – Социалистік Еңбек Ері. Кеңестік кезінде қазақ білім саласында Еңбек Ерін алған мектеп ­директорлары өте сирек болды. Ол біздің жерлесіміз, Алматыда тұрды. ­Сонымен қатар қазақ тарихында өзіндік орны бар Қазанғап бидің есімі де лайықтылардың қатарында.

Біз мәслихат депутаттарымен бірлесіп, арнайы екі комиссияның қарауымен көпшілік тыңдау өткіздік. Көпшілік тыңдауда мәслихат депутаттары 100 пайыз қолдап, біз оны қабылдап, республикалық ономастикалық комиссияға жолдадық.

Мұның бәрі ҚР Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы идеологиялық тұрғыдан ескірген тарихи-географиялық және дәстүрлі ұлттық танымға жақын атау­ларды беру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Көшенің мекенжайының тақтайшасын ауыстыру жергілікті бюджеттен емес, демеушілер арқылы жүзеге асырылады.

Бұл жерде назар аударатыны, жеке және заңды тұлғалар көшенің ауысуына байланысты қаржылық шығынға ұшырамайды. Шығын болмайды, тұрғындардың қалтасынан бір тиын да кетпейді. Мекенжай өзгергенімен, ол дерекқорда, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығы, Әділет басқармасының, электронды үкімет базаларының бәрінде автоматты түрде ауыстырылады. Көше ауысар, ал азаматтарға ешқандай құжатты ауыстырудың қажеті жоқ. Осыны да баса айтып өткен дұрыс», –деді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.

 

2693 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы