• Тұлға
  • 22 Маусым, 2022

Бесқаланың  Ер-ағасы

Ақиық ақын Айбергеновтің туған жері де, мәңгілікке дамылдаған жері де Бесқала өңірі. Жергілікті ақын-жыраулардың жыр дәриясынан нәр алып, қаймағы бұзылмаған ұлттық дәстүр арқылы тәрбиені бойына сіңірген  Төлегеннің поэзия шыңдарына ұмтылуы заңдылық еді. Өскен ортаның адам баласына әсер ететіні белгілі ғой, ендеше жыр әлемін өзіндік үнмен өрнектейтін Төлеген ақынның бозбала кездегі таным-түсінігі де сол ортада қалыптасқаны да айқын. Олай болмаса, ақын:                          

«Алысты барам арман қып,

Ауырың болса, арт өмір!

Жолына жырдың құрбан қып,

Басымды тіктім әйтеуір» деп жырлар ма еді «Туған жерден аттанарда» атты өлеңінде.

Туған жер демекші, кіндік қаның тамған, балалығыңның бал дәурені өткен жерді қанша жыл өтсе де ұмыту сірә мүмкін бе. Бала кезде  санаға ұялаған суреттерді өле-өлгенше жадыңнан сызып тастауың қиын. Бүгінде басқа елдің аумағында қалса да. Өйткені онда ата-бабаларыңның сүйегі жатыр. Жаныңа жақын адамдарды, өміріңдегі асыл жандарды ардақтай білетін болсаң, туған жерді әсте естен шығармайтының анық. Ат ізін жиі салмағаныңмен, жүрегіңнің түкпірінде аса бір қымбат сағыныш сазы ретінде әрдайым шырқала беретіні анық.

Аты Қарақалпақ Республикасы  болғанымен, қалың қазақтың ортасы еді біз туған өңір. Тіпті, Қарақалпақ республикасындағы қазақтардың төл мәдениетіне, әдебиетіне деген құштарлығы атажұрттағыдан кем түспейтін. Кей тұста аңсары асып жатушы еді қайта. Алматыдан шығатын ана тіліндегі газет-журналға жазылудан Бесқала өңірі қазақстандық кейбір облыстарды он орап алатын. Сол арқылы ұлттың рухани кеңістігінің тұтастығы бұзылмаған-ды. Алаштың ортақ мәдени қазынасының  сақталуына, көркеюіне бесқалалықтардың  да қосқан салмақты үлесі бар. 

Кеңес Одағы тұсында бесқалалық қазақтар үшін Қазақстан атауы; Алматы  қаласы, «Қайрат» командасы ұлттық рухтың  үш ұстынындай айбарлы, асқақ көрінетін. Өзара әңгіме орайында «Қазақстан» атауына айрықша басымдық беріліп, «Алматы» десе әдемілік пен әсемдіктің ерекше лебі есетін. Ал «Қайрат» жоғары лигада, бірінші лигада  ойнаса да  футболдың кереметі алматылық команданың ойын өрнегімен қоса өрілетін. Бесқалалық қазақтардың ата дәстүріне, ұлттың тілі мен діліне деген адалдығы  осындай арман-аңсармен астасып, елдік  болмыстан әсте ажыраған жоқ. Атажұртқа деген сағыныш руханият әлеміндегі  олжаны еселей түсті.

Шынында да, туған жердің, әу баста руханият әлемінің уызына жарып, ұлт мәдениетінен сусындап өскен адам асқаралы биіктерге ұмтылады емес пе.  «Қазақстаннан әншілер келіпті», деп ел-жұрт атажұрттан келген әншілердің  өнерін көруге асығып, ерекше бір көңіл күймен концертті асыға күтетін-ді. «Пәленшенің баласы Алматыға оқуға кетіпті» деген  әңгіменің өзі  талапкер баланың абыройын асқақтатып,  құдды  оқуға түскендей әсерге бөлейтін. Ал жоғары оқу орнын бітіріп, Қазақстанда  жұмыс істейтін болса,  оның лауазымы Тақтакөпір ауданын басқарып  отырған бірінші хатшының қызметімен бірдей-тұғын. Қызылқұмның бауырындағы  қалың қазақ мекен еткен ауылдардың  атажұртпен рухани байланысы әрбір талапты баласының жеке жетістігімен  қоса  жаңғырып жатар еді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында тағы бір жағымды жаңалық ел арасын кезіп кеткені бар. «Біздің Жаңадәрияға қоңсы Мүлік ауылындағы Өтеғұлдың баласы Қазақстанда үлкен қызмет істейді екен»  деген әңгімеге қанат бітіп, ауыл-ауылды аралап кетті. Мектепті енді бітіргелі жатқан біз үшін Алматы арман қала. Ал  КазГу-дің аудиториясында дәріс тыңдау дегеніңіз қос қанатты арман. Ал жұмысқа орналасу дегенді айтпаңыз. Әйтсе де, көкейімізде «Өтеғұлдың баласының жолын берсе ғой» деген үміт ұшқыны жыл ете түскенін несіне жасырайық.  Біздің ғана емес, Өтеғұлдың талапты баласының жетістігінен хабардар бесқалалық талай жеткіншектің көкірегінде арман шоғы  маздағаны сөзсіз.

Сөйтсек, Ерсұлтан Өтеғұлұлы да Мүлік ауылында талды ат  қып мініп, алаңсыз балалық шақты өткізген екен. Мүліктің  іргесіндегі Орымбет ауылындағы Карл Маркс атындағы мектепте Наурызбай мұғалімнен әріп танып,  санауды үйреніпті.  Бұл мектепті кезінде  Өтеғұлдың бастамасымен ұсталық қабілеті бар Ташымбет ишан бастаған ағайындар асар жасап, салған екен. Алақандай ауылдағы сол мектепте білім алған Ерсұлтан Бектұрғанов   аудандық, облыстық әкімдіктегі қызметінен бастап, кейіннен  Қазақстан Президенті Әкімшілігінің кадр бөлімін басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

  •  Бір мектепте, бір класта оқыған екі баланың біреуі болашақта Парламент депутаты, ал екіншісі бір облыстың әкімі болады деп кім ойлаған? Туған топырақтың құдіреті, ата-ананың тағлымды тәрбиесі, ұстаздардың бойымызға білім нәрін сіңіре білгендігі шығар, әйтеуір біз  солардың сенімінен шығуға барымызды салдық. Мен де, Амандық Баталов та биік белесті бағындырсақ, сенімге сызат түсірмеуге тырысқанымыздан деп айтуға болады. Тағы бір айтатын жайт, ол кезде балалардың бәрі әке-шешесінің қызметіне, әлеуметтік тегіне қарамастан, бірдей киінетін. Басқалардан алаланып, бөлінбейтін, әділеттік болатын. Балалардың беделі оқудағы білімімен, спорттағы жетістігімен танылатын. Сондықтан бәріміз жақсы білім алуға, спортта алда болуға, қажырлы, қайратты болуға тырыстық. Шындығын айтсам, сол қағидат мені әлі күнге дейін алға қарай жетелеп, ширатып, жігерлендіріп отырады, - дейді Ерсұлтан Өтеғұлұлы.

Әлеуметтік тегіне қарамастан демекші, Ерсұлтанның әкесі Өтеғұл Бектұрғанов  Қарақалпақстан тарихында өзіндік орны бар тұлға. Ол 1929 жылы Қарақалпақстанның мемлекеттік өлкетану мұражайын ұйымдастырған. Алаш перзентінің музей директорлығына тағайындалуы да тегіннен тегін емес. Өтеғұл он жасынан бастап Қазалыдағы Ақишан медресесінде, кейін сол өңірдегі жаңа мектепте білім алады. Одан соң Төрткүл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. Бір жыл ішінде оқу бағдарламасын толық меңгеріп, Қараөзек ауданының Талдық ауылында ұстаздық қызметке кіріседі. Халықты жаппай сауаттандыру, ағарту науқаны ісіне белсене араласып,  Қыпшақ, Тақтакөпір аудандарында алғашқы мектептерді ашуда, жастарға білім беруде қызмет етеді. Кейіннен Өтеғұл Бектұрғанов Ташкент қаласындағы  Орта Азия мемлекеттік университетін (САГУ) тәмамдап, облыс басшылығы оны Өлкетану музейінің директоры етіп тағайындайды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Ерсұлтан бір мектепке ғана емес, тұтас елге ұстаз болған  әкенің тәлім-тәрбиесін көріп өскен-ді.

Қиырдағы ауылға  жеткен, тақтакөпірлік талай өреннің талабына түрткі болған әңгіменің  енді  нақаты өмірбаяндық жағына үңіліп көрелік. Ерсұлтан Өтеғұлұлы Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиялары институтын бітірді. Әуелі Қапал аудандық, кейіннен Талдықорған облыстық партия комитетінде қызмет атқарып, Қазақ елі тәуелсіздік алатын жылы Талдықорған облыстық халық депутаттары кеңесінің аппарат басшысы болып тағайындалды. Одан кейін екі жыл Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінде дипломатиялық-консулдық қызметте болып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты өрістетуге үлес қосты. Он алты жылдан астам уақыт Президент Әкімшілігінде саяси лауазымдар атқарды. Ал  2012 жылдан 2021 жылдың қаңтарына дейін 5-нші, 6-ншы сайланған Парламент Мәжілісінде депутат болды. Жалпы, Ерсұлтан Бектұрғанов қандай қызметте болса да адал, мінсіз еңбек етуді мақсат етіп, мыңдаған кадрдың мансап жолының қалыптасуына себепші болды.

  •  Өңірлерді аралаған кезде маған бейтаныс кісілер келіп «Ақордада, сіздің алдыңызда кездесуде, сұхбатта болғанда бізге жол көрсетіп, батаңызды берген едіңіз» деген ризашылық лебіздері жаныма қуат беретін. Депутаттық қызметте жүргенде  де елдікке, бірлікке шақыратын, халықтың көкейтесті мәселелерін көтеріп, әділеттікті орнықтыруға бағытталған 100-ден астам мақала жазып, сауал жолдап, азаматтардың көптеген өтініштерін орындауға атсалысып, нәтижесін де көрдім. Мұның бәрі мен үшін үлкен бақыт, биік мәртебе, - дейді Ерсұлтан Бектұрғанов.

Қандай лауазымды қызмет атқарса да,  Ерсұлтан Өтеғұлұлы  туған жерден тамырын үзген емес. Уақыт тауып Мүлік ауылына ат басын бұрып тұрады. «Тұрған жерің елдің астанасы да, Туған жерің сенің ғана астанаң» деп ақын Әбдірәштың Жарасқаны жырлағандай, Ерағаңның «төл астанасына» деген құрметі бөлек. Бесқаладан ат арытып атажұртқа келгендерге  қол ұшын созуға дайын тұратыны да сондықтан.

  •  Мен 15 жасымда ауылдан кетіп,  әуелі Нөкіс автомобиль техникумына оқуға түстім. Одан кейін Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиялары институтын тәмамдадым. Міне, содан бері біраз жылдың жүзі болды. Жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Әйтсе де,  ешуақытта елден, ауылдан қол үзген емеспін. Бәрі кешегідей көз алдымда. Уақыт тауып ауылға барып, ата-бабаларға  құран бағыштап,  ағайын-туған, дос-жаранмен    бас қосып қайтуға тырысамын. Президент Әкімшілігіне қызметте жүргенде елден азаматтар  хабарласып, көші-қон мәселесі бойынша  өтінішін жиі айтатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін  екі ел арасындағы барыс-келіс қиындап кеткен кезде  маған Қарақалпақстандағы Қазақ мәдени қоғамының төрағасы  Шаудырбай Салиев хабарласты.  Өтініші – екі мемлекет арасындағы көлік қатынасы мәселесін шешуге көмектесу. Алыстағы ағайынның аманатын сол кездегі Көлік министрлігіне, Үкіметке жеткіздік. Соның арқасында Алматы-Нөкіс,  Бейнеу-Нөкіс бағытында  пойыздар қатынай бастады. Ал Ақтөбе-Нөкіс, Ақтау-Нөкіс бағытында ұшақтар екі елдің арасындағы барыс-келісті жақындата түсті. Өйткені, Қарақалпақстаннан атажұртқа ат басын бұрған азаматтар осы өңірлерде қалың шоғырланған. Сол себепті  екі жақты байланысты  нығайтуға күш салдық, - дейді Ерсұлтан Бектұрғанов.

Ерсұлтан Өтеғұлұлы  Мәжіліс депутаты  кезінде Бесқалада дүниеге келіп, ұлт руханияты мен тарихында өзіндік орны тұлғалардың есімдерін ел тарихында қалдыруға өзінің септігін тигізді.  Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атанған қарақалпақстандық 15 батыр болса, соның бесеуі қазақ. Олар  - Мақаш Балмағамбетов, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараев, Плис Нұрпейісов, Іният Наурызбаев.  Тақтакөпір ауданының тумасы  ұшқыш-барлаушы  Плис Нұрпейісов 1944 жылдың 10 наурызынан 1945 жылдың 1 сәуіріне дейін 106 рет ұшып, соның 100-інде тапсырманы ойдағыдай орындаған. Берлин түбінде қаза тапқан батырдың атын ұлықтау мақсатында Ерсұлтан Бектұрғанов депутаттық сауал жолдап, Плистің ерлігін баяндайтын кітап шығаруға қолұшын берді.  Сондай-ақ ақиық ақын Төлеген Айбергенов есімін мәңгілікке қалдыру үшін де құзырлы орындарға депутаттық сауал жолдады. Осылайша Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғановтың бастамасымен Алматы облысының Іле ауданындағы №48 мектепке ақынның есімі берілді.  

Бүгінде Ерсұлтан ағамыз  бен Гүлнар жеңешеміз ұлы Дәуренді  үйлендіріп, Жанар мен Айгүлдей қарлығаштарын құтты орнына қондырып, Жасболат, Махмұд, Сурия, Сүлейман, Рания, Дания, Исмаил, Абай, Адель атты балапандарының тәтті күлкісіне  мейірленіп отырған жайы бар.  Қашанда мерейіңіз үстем, абыройыңыз асқақ болсын, Ераға!

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ

1409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы