• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

«ҰЙҚЫДАҒЫ АРУДЫҢ ОЯНУЫ»

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Әбіш Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабы ­бойынша түсірілген деректі фильм­нің тұсаукесер көрсетілімі болды. 
Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова жазушының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзін еске салды. Аталмыш кітапханада Әбіш Кекілбаевқа арналған деректі қор бар екен. Ол күнделікті жазушы туралы шыққан деректермен толықтырылып отырады.

Кітапхана мамандары 2019 жылы жазушының сексен жылдығына орай қазақша, орысша, ағылшынша библиографиялық көрсеткіш дайындап шығарыпты. Көрсеткішке үш мыңнан астам мәлімет жинақталған.

Деректі фильмнің продюсері ­Оралбек Сарыбасов сөз алып, тұсаукесердің ­мән-жайын түсіндірді.

«Әбіш Кекілбаев аталған кітабын жазу үшін 37 жыл дерек жинаған. Кітапта аталған Маңғыстаудағы жердің бәріне бардық. Тоғыз, он шақырым сайын мал суаратын құдық бар екен. Жазы шіліңгір ыстық. Сәуір айының өзінде қырық градусқа жетіп қалады. Сол аптап ыстыққа шыдап, кино түсіру қажет ­болды. Деректі фильм менің жеке ­студиямда түсірілді. Фильм «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы үздік жобаның бірі атанды. Түсірген менің шәкірттерім. Өзім Елордадағы Ұлттық Өнер университетінде сабақ беремін. Фильмнің режиссері Ақбөбек Тулжан. Ақбөбектің «Отпан тау» деген дипломдық жұмысы, Қазан қаласында өткен халықаралық фестивальда «Ең үздік студенттік фильм» жобасы бойынша бас жүлде алған.

 Кітаптың қалыңдығы біршама, бірақ қысқартып Әбіш атаның ойын түгел қамтуға тырыстық. Індетке байланысты тұсаукесерін екі жылдай күтуге тура келді. Дегенмен деректі фильм Үндістанда өткен кинофестивальда үздіктер қатарында аталды. Италияның SANDRIO қаласында өткен кинофестивальда мазмұны мен киноматографиялық сапасы бағаланып, сол қаланың құжаттама, архив қорына сақтауға, білім беру, мәдениет, ғылым салаларында тегін көрсетуге алынды. Әрине, бұл да бағалау. Қаржы жиырма минутқа бөлінген. Жазушының ойын қамту үшін 46 минутқа создық. Операторы Айдос Тұртаев», – деді.

 Деректі фильм Маңғыстаудың ­керемет жерлерін көрсетуден, іле ана мен кішкентай ұлдың сол сайын далада жүргеніне ұласады. Кішкентай ұлды анасы киіз үйдің, яғни бір кездегі әкесінің, атасының үйінің жұртына жеті мәрте ­аунатып алады. Содан кейін есейіп қалған Әбіш, ақсақал академикке еріп, өз өлкесін аралап жүреді. Ары қарай аңызға толы өңірдің табиғаты, тарихи ескерткіштері, сауда жолдары туралы автордың тарихи танымға толы толғаныстары, экрандағы көріністерді мазмұндандыра түседі. Осынау байлыққа толы өлкені ұйқыдағы аруға теңеген академик Қаныш Сәтбаев, ал оның оянуын, яғни бүкіл әлемге ­ашылуын көрсетіп тебіренген кемел қаламгер Әбіш Кекілбаев десек, деректі фильмнен Маңғыстау өңірі жайлы толыққанды мәлімет аласыз.       

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

153 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы