• Тұлға
  • 23 Маусым, 2022

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУ КЕРЕК

Елімізде Қазақстан Жазушылар одағынан өзге, Қазақ ПЕН клубы атты қаламгерлердің Халықаралық ұйымы жұмыс істеп келеді. Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылаған жиын өтті. Әрине, жоспардағы шаруаның бәрін тындыруға індет кедергі келтіргені айтылды. 

Басты жаңалық – Абайдың «Қара сөздері» Лондоннан ағылшын тілінде және орыс тілінде жарық көріпті. «Қара сөздер» бұрын да сол тілдерге аударылғаны белгілі, бірақ онда жиі кезігетін араб, парсы сөздерін тәржімашылар дұрыс түсінбеген. Бұл жолы сол олқылықтың орны толса керек. Сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет пен Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері, жазушы Амантай Ахетовтың кітабы ағылшыншаға аударылып басылыпты. Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, ұйым өткен жылы да марқұм Арон Атабектің, Украина ПЕН клубының, өзге де жазушылардың, журналистердің құқын қорғауға атсалысқанын, үнсіз қалмағанын, өз жерін қорғап соғысып жатқандықтан әділеттілік Украина жағында екендігін атап өтті. 

Жылдағы дәстүр бойынша 2021 жылдағы Қазақ ПЕН клубының лауреаттары аталды. Олар – танымал сыншы Аманкелді Кеңшілік, жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек пен Фархат Тамендаров. Аталған қаламгерлер арнайы төсбелгімен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Біз үшін де қуанышты жаңалық, Қазақ ПЕН клубының алтын медалімен «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, белгілі жазушы Қали Сәрсенбай және жазушылар Михаил Земсков, Юрий Серебрянскийлер марапатталды.

Қазақ ПЕН клубы қоғамдық ұйым болғасын, демеуші табу қиындап бара жатқаны сөз етілді. Қаржы бар кезде жылына үш жазушыға отыз мың доллардан сыйақы беріп тұрыпты. Биылғы жоспар бойынша үшінші халықаралық форум өткізбек. Жастары қырыққа дейінгі қырық қаламгерді іріктеп алмақ. Ол жиын «Жастарға сөз. Жастар туралы сөз» деп аталмақ. Бес жанр бойынша, шығармаларды алдын ала жинап, ағылшын, орыс тілдеріне аудартып, шетелдерден белгілі классиктер шақырылмақ. Әрине, шақырылатын қонақтарға тәржімеленген туындылар алдын ала жіберіледі. Қазақ, орыс, ағылшын бөлімдері бөлек-бөлек бас қосады. Әлем елдерінен он белгілі жазушы келеді. Жастарға да сөз беріледі. Жиынды өткізу үшін Алматы қалалық әкімдіктен көмек сұралған. Қаржы мәселесі әзір шешілмегендіктен аталған жиын қараша айына жоспарланып отыр екен.

Ақын Ақберен Елгезек, ­публицист Махат Садық, жазушы Смайлжан Иминовтер мүшелікке қабылданды. Жазушы Смағұл ­Елубай бір ай бұрын Қызылорда облысында марқұм Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қайтыс болғанына жүз күн толуына байланысты облыс әкімдігі тарапынан арнайы ас берілгенін айтты. Сонда 2024 жылы жазушының туғанына 100 жыл толады. Ә.Нұрпейісов ­туралы естелік кітап, деректі кино түсіру қажет. Сол іске Әбдіжәміл Нұрпейісов өзі мұрындық болып ашқан, аяғынан тұрғызған Қазақ ПЕН клубы ұйытқы болса деген тілек айтылғанын жеткізді. Жазушы Дулат Исабеков зиялы ретінде елдің ертеңіне алаңдайтынын білдірді. «Әдеби байланыстар да сиреп қалды. Жазушылардың халықаралық ­форумы Канадада өтуі тиіс болған. Өтпеді. Менің атымдағы драматургия бойынша марапатты тапсыруым керек еді. Енді ол жиын Лондонда өтуі мүмкін деп жатыр. Англиядағы, Канададағы мықты ПЕН клубтармен байланыс орнатқан жөн. Алдымен біз оларды шақырайық. Президенттен оларды қабылдауға көмек сұрау керек. Әлемдегі ең жақсы ПЕН клубтармен тығыз байланыс орнатпай дамымаймыз», – деді.

Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев: «Үкіметте ақша жоқ емес. Мен 25 жыл Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында төрағаның орынбасары болып жұмыс істедім. Ең қиын кезде Алматының ортасында төрт қабат үй салдырдық. Журнал шығардық. Көзім жеткені – үкіметтен ақша сұрамас бұрын жоба-жоспарың (проект) қолыңда болуы керек. Шетелдерді көп араладым. Біздің жазушылар «кітабым шықса болды» деген кеңестік түсінікте қалып қойған. ПЕН клуб та үкіметтік емес ұйым. Үкіметтік емес ұйымдарға ақша көп бөлінеді. Соны пайдалана білу керек. Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы төрағасына айтып жүріп, Мәдениет туралы заңға «әлеуметтік маңызы бар әдебиетті сатып алу, тарату» деген бап енгіздірдім. Бұрын «әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару» деген бап болған. Ол баспаға ғана ақша бөлу деген сөз еді. Қазір авторлар бес миллионнан, одан да көп ақша алып жүр. Кітап тарату ісі онша жүргізілмей жатыр. Мен әдебиеттің болашағына ­жастар үшін алаңдаймын. Қаламақы, кітап бастыру, тарату ісін әлі ­ширату үшін Қазақ ПЕН клубы секілді қоғамдық ұйымдар да шетелдік озық тәжірибемен жұмыс істеп үйренуі керек» деді. Сыншы Аманкелді Кеңшілік осы ұйымды құрған адамға құрмет ретінде, Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы сыйлық тағайындауды ұсынды.

1150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы