• Мәдениет
  • 23 Маусым, 2022

АЛМАТЫ, ТАШКЕНТ, ПАРИЖ, ТАЛДЫБҰЛАҚ...

2020 жылы Талдыбұлақ ауылдық округінде әкім ­сайлауы өтті. Сырым ауданы әкімдігі үміткер ретінде Даниял Жұпмағамбетұлы Танзеновты ұсынды дегенді естіп, есім-сойы ерекше екен дегенбіз. Кейін таныстық, білістік. Қызмет барысында қызу араластық. Түсінгеніміз, аты-жөні ғана емес, оның өзі де ерек жігіт екен. 

Ол Орал қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған  мамандандырылған мектеп-­интернатты аяқтап, Батыстағы білім ордасы М.Өтемісов атындағы университетінің студенті атанды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасын тәмамдаған жас ғалым ғылыми әлеуетін арттырып, қазақ тарихының қазандығына олжа салуды өзіне міндет етіп қойды. Жүрегі оны ұлы сапарларға шақырды. Алматы, Нұр-Сұлтан, одан әрі Ташкент, Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Мәскеудегі кітапханалардағы сирек қорлар, мұрағат сөрелеріндегі материалдар оның алдынан қазақтың қатпарлы тарихының жаңа бетін ашпады ма? Әсіресе Петербордағы сапар ше? Даниял сол жолы Ресей ғылым академиясы жанындағы филиалдың құжаттарын ақтарып отырып, Шоқан Уәлихановқа қатысты қадірлі мұраны, нақтырақ айтқанда қырғыз жерлерін аралап, ел аузындағы Манас жырын жинақтап жүргенде Шоқанның өз қолымен салған төрт дана суретін тауып алды. Аққан жұлдыздың сәулесіндей болған қарындашпен жазылған картиналар, шынында да, құнды жәдігер еді.

Даниялға Франциядан шақыру келді. Шетелдік жетекшісі тағылымдамадан өтуді ұсыныпты. Париж қаласындағы әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің қабырғасында өткен 4 ай ол үшін өнімді болды.

– Парижден өзіме керекті өте көп дерек жинадым. Орта Азия және Қазақстанға қатысты сирек қорларды парақтадым. ХVIII-ХІХ ғасырда қазақ даласына шетелдік саяхатшылар көп келді. Еуропа жиһангездерінің арасында Француз географиялық қоғамының өкілдері де болды. Олар қазақтың ұлттық сипаты,  жер байлығы, этнография, дәстүр-мәдениеті жайлы кешенді мағлұмат қалдырған. ­Солармен таныстым. Парижде Алаш ­арысы Мұстафа Шоқай өмір сүріп, қайраткерлікпен айналысқан. Шоқайға қатысты материалдар, соның ішінде жеке мөрі басылған мәліметтер қазір жеке қорымда сақтаулы, – дейді Даниял Танзенов.

Айтқандай, 2020 жылы ғалым Даниял Талдыбұлақ ауылдық округіне әкім болып келді. Дүние кезіп жүрген тарихшының аяқастынан қазақтың көрмеген, білмеген ауылына әкімдік қызметке келуін әркім әрқалай жориды. Өзінің айтуынша, бұл – өміріндегі үлкен  тәуекел және оның салмақты себебі бар. Ол – туған жерге қызмет ету.

Даниял Танзеновтың Тал­­­дыбұлақтан басталған мем­лекеттік қызметтегі баспалдағы мейлінші сәтті болды деп айта аламыз. Танзенов мырза да ауылбасы ретінде алғашқы жұмысын мектептегі оқушы санын сақтаудан, ауылдың тұтастығын ұстап қалудан бастады. Былтырғы жылдың сарша тамызында Талдыбұлаққа көпбалалы екі жанұя көшіп келді. Оларға жайлы баспана, балалардың білім алуына жақсы жағдай ұсынылды. Биыл мектеп түлектері ауылдың қос тұрғынына баспана сыйлады. Кешегі күзде Талдыбұлақ қойнауында дүркіреген той, дүбірлі бәйге өтті. Алыс-жақындағы ауылдас туған жердің төсінде жиналып, бір сергіп қалды. Талдыбұлақта «Сырым елі» газетінің де оқырманы көп. Осының бәрін әкімнің іскерлігімен байланыстырамыз, әрине.

Ауылдың бір үйінен түтін шықса, Даниял әкім ретінде емес, қазақ ретінде қуанады. Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолдың бойында тұрған ауылдың шетіне жылы аялдама қойылды. Ол да – бұл жерде ел бар, жұрт бар дегеннің белгісі.

– Түсінгенім, ауыл әкімі болу – кабинетте отырып жасайтын жұмыс емес. Ауылдағы әрбір мәселе – үлкен мәселе. Елді-мекеннің жолы, электр жарығы, ауыз суы – жергілікті биліктің негізгі ­назарда болуы тиіс. Мен мейірбан, қарапайым, ұйымшыл бастысы еңбекқор ауылға әкім болдым. Талдыбұлақ – диқандар елі.  Даласы қайнаған тірлік. Асылтұқымды мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бірлік пен еңбек – ауылдың ­кемел келешегіне кепілдік қой, – дейді бізбен әңгімесінде ­Даниял ­бауырымыз.

Осы айда Даниял Танзенов жаңа қызметке ауысып барады. Ол енді кіші отаны – Жаңақала ауданының мәдени өмірін гүлдендіруге күш салмақ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

1280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы