- Руханият
- 23 Маусым, 2022
ҚАНАТТАСТАР
Студенттік достар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург
Нұрлан Оразалин мен қаламгер, баспагер Ырым Кененбайдың сыр-сұхбаты
(Жалғасы. Басы өткен сандарда)
Қалай дәл айтып, еске түсіріп отыр. Сара! Сендер Сағат екеуің досты алыстан іздемей біреуің – Шәрбанды, екіншің – бір курс төмен оқыған Фаукенді ұстадыңдар. Ал біз Сейітқазы екеуміз ЖенПИ-дің қыздарына ен салып қойғанымызды былай қойып, сол кезде Мағираның обалына қалдық қой. Өйткені Мағира сіңлі-інілерімен, Сейтқазы Ләйләсімен бір көшенің бойында пәтерде қатар тұратын. Екеуі көшенің екі басында. Сейтқазыға барып, одан Мағираның үйінен шықпаймыз. Кейде бізге өзгелер де қосылады. Сонда деймін-ау Мағира-Сараны өзімізбен бірге алып жүреміз, өзгелерді жолатпаймыз, басқаларға жібермейміз. Тіпті Мағираға гүлін алып үйіне кездесуге келген талай жігіттерді қуып жібергенім менің анық есімде. Ұят-ай!
Сәл желігіп кеттім білем, Нұраға, бірге оқыған қыздар жайында, аты аталған үш қыздың шығармашылығы жайында не айтасың?
НҰРЛАН: 1965 жылы оқуға қатар түскен қазақ филология факультетінде 75 қыз-жігіт қатар оқыдық. Оны өзің де жақсы білесің... Елуі – тіл-әдебиет бөлімінде, 25-журналистикада... Кіл жүйріктер... Айтары жоқ, арасында аламаннан оза шабар сәйгүліктер көп болды. Біздің курсқа қызығушылар да, біздің курсты мақтаушылар да жетіп артылатын. «Сендер баяғы Кекілбаевтардан кейінгі мықты курс болдыңдар» дегенді ара-тұра құлағымыз шалатын...
Осы курстың журналистика бөлімі – қызға «кедейлеу» болдыңдар... Саусылдаған 22 жігіттің ортасында үш-ақ қыз оқыды. Бірақ үшеуі де мықты, сөйлесе – сөз бермейтін, жазуда да қаламына жел ілеспес жүйрік...
Үш қызымыз – осы күнгі қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің бір-бір тұлғалы өкілдеріне айналған Мағира Қожахметова, Шәрбәну Бейсенова, Сара Латиева.
Айтса, айтқандай... Сендер мақтануға болатындай қазақтың бұл үш қызы бүгінде, альпинистердің тілімен айтсақ, талайдың жүрегі дауалай бермес, әдебиет, өнер дейтін әлемнің басын мұз көмкерген үш бірдей шыңын бағындырып отыр.
Мағираның қаламынан туған роман, повестер бүгінде қазақ көркемсөзіне олжа салар өрісті дүниелер қатарына көтеріліп, «Жылы шырай», «Жантәсілім», «Адам құпия», «Жападан жалғыз» атты кітаптары оқырман ықыласына бөленіп отыр. Ол жаратылысынан адам болмысын ашар уақыт коллизияларын тануға аса бейім, адам тағдыры арқылы замана шындығын үңгуге шебер.
Ол екі ғасыр тоғысы бәрімізді жаһандану мен нарық қыспағына салғанда «мен жазушымын» деп мықын таянып отырмай, заманмен күреске түскен төзімділеріміздің бірі бола білді.
Мағираның замана талабына сай, танымдық, тағылымдық сипаттағы журналдар шығарып, жаңа жас буын ұрпақтың ойы мен санасына саңылау салар идеялар іздеуі, соған ерінбей-жалықпай уақыт арнауы мені қуантады. «Мағыш, жағдайың қалай!» деп сұрай қалсаң: «Нельзя затерятся в глуши глаболизаций.. Күресу керек! Сендер аман болыңдар, жігіттер!» дейтін рухыңды қайрайтын өршіл мінезі маған ұнайды... Мағира бағындырған көркемдік пен танымдық бағыттағы Шың – қазіргі оқырман жанын байытар биік екені күмәнсіз.
Шәрбану – тағдыр тайталасын өзінің қайыспас қайсарлығымен, табанды мінезімен жеңе білген шын мәніндегі күрескер-жазушы. Жастай жары – Сағат досымызды бір жоғалтып, үлкен ұлы Дәуренін екі жоғалтып, апыр-ай, енді жағдайы не болар екен, деп, екіұдай күдік пен күмән қолтығына қамалған кезіміздің болғанын несіне жасырамыз... Шәрбану өзін тағдыр тәлкегіне алдырмады. Сағаттың қысқа ғұмырында артына қалдырған мол мұрасын түгендеді... Ізденді... Өзінің өзегін өртеген өмірлік ақиқаттарды сыртқа шығарудың жолын іздеді. Осыған дейін әр жылдарда жазған әңгіме, повестері жарық көрді. Мойымады. Уақыт дейтін сүргіні қалың кеңістікті жан-жақты зерттеді. Қоғамдағы өз орнын анықтау үшін аянбады. Өз басынан өткен жағдайларды, өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы аға буын көрген күрмеуі қиын тағдырлы кезеңді таразыға қойды. Тарихи аналогтар қарастырды. Тарих қойнауынан теңіз тереңінен маржан тергендей тере жүріп, жанына, жүрегіне жақын тақырыптарды іздеді. Тапты. Сүзге мен Сүйінбикенің ащы тағдырларынан Ұлы Даланың ұлы мінезді бітімін көргендей, қаламын қанат етіп, кешегі тарих пен бүгінгі дәуір арасына көпір салды.
Шәрбану уақыт пен тағдыр есімді ұлы сыншыға беріспей, ар мен намысты қорғаған Ұлы Даланың ұлы қыздары – Сүзге мен Сүйінбикенің Шыңын – көркем кеңістіктегі өз Шыңын бағындырды.
Сара алғаш қолына қалам ұстаған сонау өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарынан бастап бойы мен ойындағы мүмкіндікті, бар көркемдік танымы мен қабілет-қарымын өнер дейтін өрісі кең, жолы ауыр, екінің бірі бара бермес құр асауды тізгіндеуге арнады. Театр, кино, бейнелеу өнері, музыка дейтін сыры мен сиқыры мол сала хақында танымдық, талдау мақалалар жазды.
Ізденіске толы жылдар Сараның қиялына қанат бітірді. Соның нәтижесінде ұлттық өнеріміздің қос жұлдызы – Күләш Байсейітова мен Хадиша Бөкеева туралы танымдық-сараптамалық сипаттағы «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева» дейтін қос монография жарық көрді.
Сара көп толғанып, көп ойланып, ақ қағаз алдында арының алдында тұрғандай асықпай қалам ұстайды. Оның өнертану әлеміндегі әлгі монографиялары – Сара шыңын тануға, бағалауға көмектеседі деп ойлаймын.
ЫРЫМ: Қатарымыздағы жаны нәзік достың бірі – Нұрқанат. Кәдімгі қазақтың өнер тарланы, режиссер – Нұрқанат Жақыпбаев. Сенің он бір күн кіші інің болса, менен бес күн кіші, маған да іні.
Жақында Нұрқанаттың ауылына, Қарқараға жеңешем үшеуміз сапарлап барып қайттық. Анасына ас берді.
– Анасы баласын жетпістен асқанша бағып, жеткізіп тастаған қатарластардың арасында Нұрқанат екеуміз ғана едік, – деп еске алдым мен.
– Ой, сабаздар-ай, жетім қалдыңдар-ау, сендерге қиын болды. Әсіресе мына Нұрқанат, Астанада бір театрды басқарып отырса да шешесінің пенсиясын күтіп жүруші еді, – деп қалжыңдады ауылдағы құрдастардың бірі Босатқан.
Нұрқанат болса көңілі босап тұр. Үн жоқ.
– Бұл кинода ғана сөйлейді. Өмірде сөйлемейді, – деп қажай түседі ауылдас досы.
Нұрқанаттың анасы 92-де, менің анам 93-інде қайтыс болды. Екеуміз де тұла бойы тұңғыштарымыз. Биылғы көктемде анама берген асқа Нұрқанат сонау Астанадан арнайы келіп қатысты. Қайтыс болғанда көңіл айтып келді.
– Сенің анаң бар екен ғой, қайдан білейін, кеше естідім, – дейді бала көңілмен.
– Болған, енді жоқ, – деймін мен.
– Кеше естідім, арты қайырлы болсын. Менің де анам бар, – деді бір кезде.
– Қойшы, шын ба, онда арамыздағы ендігі қалған жалғыз бай адам сен екенсің ғой!
– Иә, баймын, анам бар, қазір 92-ге шықты. Мен тұңғышымын. Сен де тұңғышы шығарсың?
– Иә, тұңғышымын.
– Анаң болған керемет қой! Әлгі өлең жолдарында «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деуші ме еді, қалай, жастар театрында әлі жас болып жүргеніміз бір жағы сол кісілердің арқасы ғой.
– Мен де сенің анаң бар екенін естімеппін, жарықтық жүз жасасын, – деймін шын қуанып.
– Сенің алдыңда көңіл айтқан жігіттердің бірі: «Не анаңды жүзге жеткізе алмадың ба, жағдайың жетпесе бізге айтпадың ба, көмектесетін едік қой», – деп қалжыңдаған, енді сен жүзге жеткіз!
– Біздің қолда тұр дейсің бе, бір Алланың ісі ғой, өзі біледі, болмаса анаңның тірі жүргеніне не жетсін!
– Иә, әсіресе қартайғанда, мына жетпістен асқан жаста керек екен, – деймін мен анамның алысқа кеткені енді есіме түсіп, көңілім босап.
Екеуміз орынымыздан тұрып, ал кеп құшақтасайық. Бір-бірімізден жүзімізді алып қашып, құшақтасып біраз тұрдық.
– Мен бірнәрсе айтайын, – дейді ол, – сен түсінуге тиіссің. Астанадан ауылға шыққанда, алдымен анама асығамын. Өйткені «анам сезіп тұрған шығар, мені күтіп отырған болар» деп ойлаймын. Айтқандай ауылға жеткенде қарындастарым: «Бүгін таңертеңгі бәлен уақытта далаға шығып алып «Қанатым келе жатыр» – деп, күні бойы үйге кірмей қойды» дейді. Айтқан уақыты менің Астанадағы үйден шыққан уақытымен дәлме-дәл келеді. Шіркін, ана жүрегі біздің қайда жүріп, қайдан шыққанымызды сезіп отырады екен ғой. Сондықтан да ұшақтан түскен бетте, еш кідірместен ауылға асығамын.
Екеуміздің де анамыз біздің жетпістен асқан жасымызды күткендей. Екеуі де біздің жетпіске толған кезімізді көрді. Көрді, қуанды, көңіліне түйіп кеткен шығар.
Менің жетпіске толған мерейтойымды Талдықорғанда өткізгенімді өзің білесің, Нұраға! Жеңешем Фаузия, Смағұл Жұмажанымен, Гүлнәзия, бәрің тойдың көркі, сәні болдыңдар! Нағыз достар деген осындайда ғой, мен разымын.
Сонда тойды Тадықорғанда өткізген негізгі себептерімнің бірі – сол кезде төсек тартып жатқан анамның қасында болсын дегенім еді. Той алдында: «Тойға барасың ба, көтеріп апарып, көтеріп әкелейік», – дедім. «Жоқ, бара алмаймын. Алматыдан достарың келіп жатыр деп естимін, мында да ел-жұрт бар, алаңдамай өздерің тойлаңдар», – деп батасын беріп, ақ тілегін айтты. Ертесіне: «Той өтті, жақсы өтті, қалайсың» дегенімде «Бәрін естіп, біліп жатырмын. Енді алаңдамай Алматыңа, Астанаңа барып жалғастыра бер. Онда да достарың бар ғой, тек дарақтап шектен шығып кетпе», – деп ақылын айтты.
Содан Алматыға қайтып, Астанаға барып тура қырық күн ойын, қырық күн тойым біткенде қырық бірінші күні анам дүниеден өтті.
«Шіркін-ай» деп ойлаймын бүгінде, сол күнге дейін қалай жетті, қалай шыдады, Алла тілеуін берген шығар. Болмаса төсек тартып көп те жатқан жоқ, ешкімге салмағын да түсірмеді. Тура менің жетпіске толуымды күткендей, оны тойлауға тура қырық күн мұрсат бергендей: «Енді балам аман бол, абай бол» деп жүре берді.
Қайран адал ана жүрегі-ай! Балаға деген ақ пейіл тілегі-ай! Бұл жағынан Нұрқанат екеуміз тағдырласпыз. Екеуміздің де анамыз ел басына түскен ауыртпалық ашаршылықты басынан өткерді, соғыстың қиын жылдарын көрді, сөйтіп жүріп бізді өсірді, жеткізді.
Нұрқанаттың жетпіске келген тойы Астанада өтті. Жеті күн бойы өзі жетекшілік ететін жастар театры тамаша қойылым көрсетті. Жеті күн бойы көрермен залға лық толып, қошемет көрсетумен болды. Жетінші күні Астананың қақ төріндегі Бейбітшілік және Келісім Сарайында қазақтың бетке ұстар өнер жұлдыздары, майталмандары мен ақсақалдары, игі жақсылары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Нұрқанат Жақыпбаевқа шоқ-шоқ гүлін тапсырып, игі тілектерін айтты...
НҰРЛАН: Есіме өткен ғасыр түсті...
Нұрқанатпен бірге жүріп, еншімізге тиген уақыттың жүгін бірге көтерген достар түсті есіме...
Алматы, Алатау, Хан Тәңірі, Қарқара, Мыңжылқы елестеді.
Осыдан бірер жыл бұрын Босатқан дейтін құрдас жігіт арнайы шақырып, Нұрқанат екеуміздің отбасымызды Қарқара төрінде қонақ етті... Гу-гу әңгіме... Әзіл-қалжың... Кездесудің алғашқы күні аяқтала бере Босатқан менен:
– Нұрлан-ау, мына құрдас өзі сөйлей ме? – деп сұрақты төтесінен қойып қалды. Нұрқанат жымиып күлді де қойды.
Мен Босатқанның қалжыңына қалжыңмен жауап қайтардым:
– Сөйлейді!.. Көкесін түсіріп сөйлейді, – дедім.
– Ендеше?.. Бүгін күн ұзаққа бір ауыз сөз айтпады ғой, бұ шіркін.
– Бүгін Нұрқанаттың сөйлемейтін күні... – дедім.
– Сонда... Сөйлейтін күні қашан?
– Алда... Әуелі таныс. Сонан соң, көресің... – дедім. Нұрқанат Жақыпбайды сөйлету үшін не оның жүрегіне жол тауып сырласу керек, не театрына барып, спектакльдерін көру керек, – дедім бұрылып.
Сөйткен Нұрқанат араға жылдар салып, достарына, елі-жұртына театр авансценасынан сөйлей бастады. Міне, Астана төрінен сөйлеп жатыр. Өнерімен сөйлеп жатыр.
Иә...
Бүгінгідей адам ойы мен санасына ырық бермей, біресе ойға, біресе қырға, біресе алты құрлықтың ана қиырына, біресе мына қиырына сүйрей жөнелер жаһандану дейтін жұмбағы мен сыры қалың дәуірде сырласуға да, театрға баруға да мүмкіндік бола бермейді. Өкінішке қарай, бұл – шындық!.. Әйтеуір ақталудың жолы қалай мол болса, театр дейтін сұлулық әлемінен кешірім сұраудың да сылтауы солай жетіп артылады...
Оның үстіне... Нұрқанатта, Нұрқанаттың нұрлы кеңістігіне қанат бітіріп, тел қозыдай тең өскен осынау дос-замандастың аты мен абыройын ұлттық сахна өнерінің алдыңғы сапына алып шыққан Нұрқанаттың театры да Алматыда емес, Астанада... Сырласуға, Астананың Жастар театры ұсынар сұлу ой мен сымбатты қимылдың өрісі бөлек өзгеше әлеміне енуге, турасын айтсақ, екі қала арасындағы қашықтық қол байлау болып отыр.
Бұл да – шындық...
Бозбала күннен білетін досыңмен анда-санда бір ұшырасқаныңды місе тұтып, аз көрсең де көңіл көгін мұң мен қуанышқа, қайғы мен шаттыққа қатар бөлейтін жаратылысы бөлек замандас өнеріне риза боласың... Театр залынан шығып бара жатып, өзіңе-өзің іштей сан мәрте кейіген сәт еске түседі. Мына қамшының сабындай қысқа өмірдің жетегінде жүріп, қаншама жанды байытар, жүрекке қанат бітірер айлар мен жылдарды алыстатып алғаныңды ойлайсың.
Бұл, сайып келгенде, Нұрқанаттың нұрлы әлемінен кейінгі жан ахуалы... Өмір мен өнердің шуағына қатар шомылып, жоғалтқаныңмен қайыра көріскендей, іздегеніңді тауып, өзіңмен өзің оңаша қалар ғажайып бір сәтпен қайыра қауышқандай күй кешкізетін де сол әлем... Спектакльдегі жалғыздықтың жаралы сәт-сағаттарынан рақат табар кейіпкерлердің болмысын көркем кейіптеу үшін сахнаның сиқырлы сыры мен көзге көріне бермес жұмбағын қатар өрген, ой мен сезімнің, сөз бен қимылдың үйлесімін жымдастыра өрген, шашасына шаң жұқпас шеберлікке қалай ғана тәнті болмассың?! Біресе Аймен, біресе Жермен, біресе көлмен тілдесудің жан арпалысын, жан азабын, жан рақатын қатар кешкен, жұмырбас пендеге ғана тән қайғы мен қасірет құндағына таңылған, Абай сөзімен айтқанда, махаббат дейтін «тілсіз тілдің» бақытына бөленген пенделіктен арылу сәтсағатының қалай «тұтқыны» болғаныңды қайтып ұмытуға болады?!
Мына қатыгездігі мен қаталдығы қып-қызыл өрттей лаулап, бет қаратпас дәуірде адамдарға деген үміті мен сеніміне жел тигізбей жүріп, өмірден ерте озған талантты қаламгер інім Талаптан Ахметжанның пьесасы бойынша қойылған «Сұлу мен суретші» дейтін спектакльді көріп отырып, өз басым осындай күйге түскенімді жасырмаймын... Спектакльдің алғашқы бір нұсқасын Әуезов театрынан көргенім есімде. Онда да режиссер Нұрқанаттың ой-сөз-қимыл пластикасын қатар өретін стильдік қолтаңбасына риза болып тарасқан ек. Жәй тараспай, Шолпан, Фаукен төртеуміз түнгі Алматының сұлу кескініне сүйсіне, сұқтана қарап, қыдырыстап жүріп, ойламаған жерден оңаша бір кафеге бұрылғанымыз есіме түсіп отыр... Шампан ашып, арамызда қоңырайып үнсіз отырған мэтрге спектаклі туралы жарысып пікір айтып жаттық. Кезек-кезек... Анда-санда басын изеп, келіскен сыңай танытқаны болмаса, Нұрқанатта қай кездегідей дыбыс жоқ. Әлденуақ: «Бұл – эксперимент!» деді жерден жеті қоян тапқандай. Ол үнсіздік кеңістігін бұзып, ағынан жарыла сөйледі: «Болашақ театрымның», яғни «Мен» дейтін театрдың стилі, бағыты, бағдары осылай болады бұйырса...» деді.
Кеш бойғы қызу әңгімеден дос-жар адамдардың, сыр бөліскен сәтінен есімде айрықша қалғаны осы! «Мен» және «менің театрым» деген үш ауыз сөз. «Мен» театры дегенді бұрын да ауық-ауық естіп жүретінмін... Бірақ өзінің бүкіл жастық шағы, жалынды кездері мен ел танып, жалпақ жұрт өнерін мойындаған Ғабит Мүсірепов театрын көзі қиып; Нұрқанат өзге театрға, тіпті өзге бір қалаға кете қояды деп ешкім ойлай қойған жоқ. Солай ойлай қоймағанның бірі – менмін...
(Жалғасы бар)
888 рет
көрсетілді0
пікір