• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

Жан мәңгі (Жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы хақында)

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес». 
(Абай)

Діни сенім-нанымда адамның тәні тіршілігін тоқтатқаннан кейін оның кеудесінен ұшып шыққан жаны 40 күнге  дейін мәйіт шыққан үйді айналып ұшып жүреді деген түсінік бар. Қайтқан адамның қырқын беріп, 40 күннен соң құдай жолын жасап жататынымыз да сондықтан. 
Шарханның бұл романына «Күлпет» деп атау бергені де мәңгілік жан тақырыбын қаузау екен. «Күлпет» деген сөз «жан азабы» деген мағынаны, ал осыған ұқсас «Күлмет» деген сөз адамның өмірде біліп, білмей жіберген қателігі, айыбы, қылмыстық ісі дегенді білдіреді екен. Романға жан мен тәннің мәңгілік  күресі өзек болған. Шарханның  осы романындағы негізгі кейіпкері Әбужан бір сұхбаттасына былай дейді: «Күлметтің кесірінен күлпетке түсіп, жан азабын арқалаған адамның бүкіл өмірі күстаналықпен шерленіп өтетіні ақиқат. Адам үшін бұдан үлкен жаза жоқ. Іштен уатылғаннан асқан азап болмайды. Федор Достаевскийдің айтатыны бар: «Чтобы любить добро, нужно всем сердцем ненавидить зло». Жақсылықты жаныңдай сүю үшін жамандықты өлердей жек көруің керек, шынында да. Сонда ғана  адамдықтан кетпейсің. Мен  Достаевскийдің  романындағы кесірлі ісі үшін азапқа түспей-ақ өмір сүретін Свидригайлов пен Лужин сияқты адамдардың тәнінен бұрын жаны өліп қалған деп түсінемін.... мен өлімнен ешқашан қорыққан емеспін, мен адам жанының мәңгілік екенінен қорқамын».

Романмен әлі таныс емес оқырманға түсінікті болу үшін шегініс жасап шығарманың ұзын-ырғасын мәлім етейін. Негізгі кейіпкер – Әбужан дедік. Арал өңіріндегі Ерден жылқышының жалғыз ұлы. Әкесі менің жолымды қуам деп құрық ұстауға әуес болмай-ақ қой. Қазіргі заман оқығанның заманы деп, баласын оқытып-шоқытуға күш салады. Әбужан Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жұмысқа кіріскен тұста еріксіз Ауғанға әскер қатарына алынатындардың тізіміне кіргізіліп, соғысқа аттанады. Соғыстан кейін де елге қайта алмай амалсыз ­Америкадан бірақ шығады. Ауғанға баруы да, Америкаға өтуі де Алланың емес, адамның қырсық-қиянатының салдары еді. Не керек, сонымен, Әбужанымыз еліне 37 жылдан соң бірақ оралады.

Бұл туындыны Әбужанның жастық шағы, жігіт жасы, егде жасы, яғни сол шақтардағы әке өсиеті, алғашқы махаббаты Әселмен арадағы жан сыры, елге оралу жолында ұшақта сапарлас Ләззатпен болған әңгіме деген үш эпизодқа бөліп қарастыруға болады. Ал осының бәрінің басын қосып бір өзекке біріктіріп тұрған жан мен тән тайталасының тақырыбы, яғни ақиқат іздеу.

Оны Ләззат екеуінің диалогындағы мынадай пікір алмасудан да анық аңғарасыз.

« – Дұрыс айттың, Ләззат, құдайды іздеу – ақиқатты іздеу, – деді ұзын-сонар әңгіменің өрбитініне көзі жете түскен Әбужан келіншектің парасаттылығына риза кейіппен. Адамзат адамзат болғалы ақиқатты діни жолмен де, ғылыми жолмен де іздеп келеді. Бұл екі жолды бір-бірінен бөліп қарастыруға әсте болмайды. Қанаттас қос даңғылдың бірлікте болуының өзі – ақиқатты табудың жалғыз әдісі.

– Толық келісемін, ағатай, – деді Ләззат та әңгімені қыздыра түскісі келіп. – Исаак Ньютонға дейін де ақиқатты іздеумен ең алдымен діндарлар айналысқаны белгілі. Діни ­сауаты болған Ньютонның «Мен механика заңдарын Құдайдың қағидаттарынан шығарып алып отырамын» деген сакралды сөзінде де бір сыр бұғып жатыр. Мұқағали айтқан: «Дін – ғылымның атасы». Эйнштейн «Безбожная наука хромает» дейді. Барып тұрған атеист деген Жорис Альферовтің өзі «Қартайған сайын құдайдың жоғына күмәнім көбейіп келе жатыр», – дегенін теледидардан берген сұхбатынан естігенмін».

Ендеше, Шархан атам заманнан мәңгіліктің тақырыбы болып келе жатқан адам өміріндегі жан мен тән мәселесі, ақиқатқа ұмтылыс, қай ғылымның да қайнар көзі – құран деген сияқты қабырғалы қағидаларды қаузаған.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтіндей, Әбужанның өмірдегі алғашқы ұстазы да, ақылшысы да әкесі Ерден. «Ақылы жоқ адамда дін болмайды. Діні жоқ адамның құдаймен ісі болмайды» дейді екен әкесі.

Ол Әбужанды өмірдің ащысы мен тұщысын айыра білуге, оқу-ғылымға қол созуға, адам деген атына кір шалдырмай, әрқашан асқақ ұстауға үйретті. Өзі де тазалықтың ар-намыстың адамы болды. Екінің бірі емес, елдіктің сөзін айтқан, елдің қамын ойлаған адам болыпты. «Қазақ деген киелі ел едік. Бодандық ұлттық санамыздан жұрдай қылғаны былай тұрсын, қадір-қасиетіміздің көбінен айрылып қалғанымыз да шымбайға батпай қоймайды. Қазақ бірін бірі оңай сатып кететін ұлтқа айналғаны қашан?!

Ел болуымыз барған сайын қиындап барады. Надандықтан шыға алмай жүргенімізді мойындамасақ, осы кеткеніміз-кеткен. Бірімізді біріміз ұстатып жібергеннен асқан надандық болушы ма еді?! Сиырдың бүйрегіндей бытырап бара жатқан халықтың басы енді бірікпейтін шығар. Еліңнің болашағынан күдеріңді үзгің-ақ келмейді. Дегенмен сенімді күдік жеңіп кете беретінінен қорқамын», – дейді Ерден әкесі.

Әкесі Әбужанға сол кездегі қызыл империяның бет пердесін сыпырып тастап, шын бет-бейнесін былайша көрсетеді. «Сексеуілді сексеуілге ұрып сындырады». Орыс империясының қарғыс атқыр осы қағидасын коммунистік партия әлі күнге дейін қазаққа қарсы әккілікпен пайдаланып, айрандай аптап, күбідей күптегендеріне тақыр жерде отырып ­налиды.

Әділеттілік жоқ жерде адамдарда мейірімділік болушы ма еді?! Мейірім­нен ада адамдардың бір-біріне ­деген сүйіспеншілігін дәметудің өзі – көрсоқырлық. Қолдан жасалған істе ақ-қараны айыру болған ба?! ­Осындай қатыгез мемлекеттің ешқашан шекесі қызбайтынын сол кезде-ақ жыға түсінген».

Шағын шаруашылықтағы ­жыл­қышы шалдың үстем ұлттың құрық ­бойламас қулығына бойлап, өз заманынан оза шыққан парасат-пайымы мен көрегендігіне риза болмасқа амалыңыз қалмайды.

Бодан ел болудың жанға батар, жағдайларын бір кісідей бастан кешіріп, көзбен көріп қолмен ұстап жүрген Ерденнің «Кеңес билігі десе кертабандығы қозып тұрады».

Ақылман әкенің сол кездегі билік жүйесіне сыншыл көзқарасы Әбужанның алдағы өмірінде, тіпті мұхиттың арғы бетінде жүрген кезінде, одан кейін де демократия орныққан ел мен тотолитарлық жүйенің бір-бірінен артық-кемін дөп басып тануына, танып қана қоймай таңдау жасауына да шамшырақтай жарығын түсіріп тұрушы еді.

Ертеден-ақ ел сөзін айтуы елдік, ұлттық көзқарасын қалыптастыруға о ­бастан-ақ даңғыл жол тартса, өз мемлекетінің кепиетін басқа дүниемен салыстырып, әрқайсысының артық-кемін тамыршыдай тап басып отыруы адамзаттың, мемлекеттер жүйесінің құндылықтарынан да хабардар болып, ел-елдің артықшылығы мен кемшілігін біле жүруге алғашқы дәрістей болғаны да рас.

Ал әкесінің: «Балам, ешқашан ешкімнің алдына шықпа, ешқашан артта қалып қойма. Мен өмірден түсінген жалғыз қағида осы. Қазықтың басы болсаң, балта тиеді, ұшы болсаң жерге кіресің. Ортасына бәле жоламайды» деген сөздері Америкадағы орта тап өкілінің өмірі емес пе. Мына қу тіршілікте қоңыр күйден асқан ештеңе жоқ екенін жан-тәнімен түйсінеді. Алашапқынның да ақыр аяғында абырой әпермейтініне бес күн жалғанда көзі әбден жетті. Асқан байлықтың да адам құлқынын қарқылазия қыла қоймайтынын, үрерге итің, сығарға битің болмай күн кешу де адами келбетіңді көгертпейтінін көзімен көріп, көңілімен түйген».

Осының бәрі дала академиктері дейтін қазыналы қарттарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатының үлгісі. Адамшылықты, ар-намысты, ұжданыңды таза ұстау сияқты жан тазалығының алғышарттары. Ендеше жанның біріншілік екені қазақ қоғамына қай ­кезде де жұмбақ болмаған, керісінше, ішкі ­сарай тазалығын басқадан артық қойған халқымыз бұл қасиетінің атадан балаға жұғысты болуына сөзімен де, ісімен де күш салған.

Әбужан жырақта, мұхиттың арғы жағындағы Америка құрлығында 37 жыл өмірін өткізіп, елге оралатын сапар. Ұшақ бортында Ләззат есімді келіншекпен қатар отырып қалады. Әңгіме жаратқан Алла, асқан ақыл, абсолют әлемі туралы өрбиді.

Осы тұста Әбужан мен Ләззаттың арасындағы диалогты сол күйінде беру арқылы автордың айтпақ ойына оқырманды жетелегім келеді. Ендеше тыңдап көрелік.

« – Дүние біткенді жасаған иеміздің жалғыз өзі жаратқанын дәл айттың, Ләззат. Ғаламды ұстап тұрған да, басқарып тұрған да – құдай. Оның нақты бұлтартпас дәлелі бар. Алла Тағаланың ең ғажап шеберлігі сонда, әлгі сен айтып отырған гравитация арқылы ғаламды уысында ұстап тұр, – деді Әбужан Ләззаттың сөздерінен одан сайын шабыттана түсіп. – Бұдан асқан ғылыми жаңалық болған емес, болмайды да. Ғалам баяғыда шашылып қалар еді. Мына бүкіләлемдік ең әдемі үйлесімділікті орнықтырған гравитацияға қалай сүйсінсең де жарасады.

– Иә, ағатай, жаратушы асқан ақылдың иесі екеніне шек келтіре алмайсыз. Өйткені бүкіл адамзаттың мыңдаған жыл бойғы ойлап тапқаны бір Алланың жаратқанына татымайтынына таңырқамау мүмкін емес, – Ләззат Әбужанды қоштай сөйледі. – Бес уақыт намаз оқымасам да, құдайдың барын дәлелдеуге тырысып бағатынымнан ләззат алып отыратыныма тәуба деймін.

– Философтар осы кезге дейін айтып келген асқан ақыл, абсолют деген ұғымдардың ең қуатты жүйе екені әлдеқашан анықталған, – деді Әбужан өзінің жанында отырған көршісінің дүниетанымына алғысын білдірген сыңайда. – Қазір мұндай мүмкіндік тек жаратушы бір Аллада ғана болатынын Энтони Флю, Мартин Джон Рис, Анатолий Акимов сияқты дүниежүзіне белгілі ғалымдар дәлелдей бастады. ДНҚ молекулаларының құрылымы туралы қазіргі заманғы мәліметтер оның өз-өзінен пайда болмағанын, құдайдың жаратқаны екенін ең атып кеткен атеист-ғалымдардың өзі мойындап отыр.

– Шынында да, біз Құдайдың жаратқан пендесі екенімізге ешкімнің дауы болмауы керек. Сондықтан да жаратушының барына бір сәтке де күмән келтірмей өмір сүргеннен асқан имандылық жоқ, – Ләззат ағасының сөзіне тағы да қосылатынын білдірді».

Әбілжан мен Ләззаттың арасындағы әңгіменің бір парасы жан мен тән дейтін философиялық категориялар хақында өрбиді. Ұлы Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» депті. Данышпанның осында айтып отырған «мені» – жан, «менікі» – тән. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «өлді» деп білместер ғана айтады екен. Ендеше жан мен тәннің айрылуы өлгендік емес. Өйткені жан өлмек емес, ол мәңгілік.

Осы тұрғыда Шәкеңнің өз кейіп­керлерінің аузына салған жан мен тән турасындағы әңгімеге де құлақ түріп көрейік.

« – Жан азабына түскен адам өмірді зерттеу арқылы ғана ақиқатқа жете алады. Мен бұл жалғанда осыны түсіндім. Өз санаммен бе, әлде өз еркімнен тыс па, әйтеуір осы жолда келе жатқанымды да мойындаймын.

– Жан азабына түсе білудің өзі сіздің арыңыздың бар екенін білдіреді. Жан мен ар, меніңше, бір ұғым. Сіз маған катарсисті бастан өткеріп жүрген адамдай көрінесіз. Сіз жаныңызды үнемі тазарту арқылы өз өміріңізге қорықпай қарай алатын дәрежеге жеткен үлкен жүректің иесі сияқтысыз.

– Иә, Ләззат, адам осындайда құдайды іздейді. Құдайды іздеген адамның жан азабынан арылуы қиын. Өйткені ақиқатқа тіке қараған кісінің алдында кедергі көп болатынын байқадым. Мен жаңағы сен айтып отырған катарсисті тек туған жеріме біржолата көшіп барғанда ғана жүзеге асыра алатыныма сенемін, – деген Әбужан ауыр күрсінді.

 Ләззат, дәлелді ойларыңа ризамын. Десе де, қазіргі жалған өміріміздің сынақ екенін толық түсінген адам осы өмірде жасаған күлметі үшін ана дүниеде де күлпетке түсіп, жауап беретінінен қорқамын. Жанның мәңгілігінің ең қауіпті сыры осында жатыр. Адам мен жаратылыс арасындағы байланыстың күретамырынан бастап барлық буындарына дейін зерттеген адам ғана өзіне-өзі құдайшылықпен баға беретін дәрежеге жете алады.

Жан мәңгілік екеніне кейінгі кезде көп күмәнданбайтын да болдым. Адам өз жанын өзі сезе білетінінде көп құпия бар. Біз байғұс өмірде жақсы нәрсе жасасақ, жанымыз бірге қуанады. Жаман нәрсе жасап қойсақ, жанымыз өзін қоярға жер таппай, сен үшін қатты қиналатыны да шындық. Тәнге бауыр басып қалатын жанның бұл сезімталдығын түсінуге болады.

– Мына ойыңыз ұйықтап жатқан адамды оятады, ағатайым, – деді Ләззат жан туралы өз ойын жеткізуге асыққан адамдай. – Талқаны таусылып жатқан адам туралы қапелімде айтатын қазақтың сөзі бар: «Жаны шығып кетті». Бұл сөздің астарында талай нәрсе көмулі. Осының айналасында көп ойланамын. Адамның денесі мәңгілік материалдан жаратылмағанын пенде біткен біледі. Ал жан мәңгілік деп сенгің келеді. Осы дүбәра сенім әп-сәтте құдайыңды есіңе түсіреді. Айтары жоқ, бір жаратушының бары рас. Ол сені жарық дүниеге әкелетіні де – асқан шеберлік».

Жан мен тәннің қайсысы біріншілік екенін осы диалогтан-ақ сезе беруіңізге болады. Тәнге көп нәрсе керек. Адам өмірінің денін тән қажетін өтеуге сарп етеді екен. Солай бола тұрса да жаннан айрылған сәтте тәніңіз бәрінен айрылады. Тіршілікте жинаған дүние-мүліктен де, атақ-мансабынан да, жүре келе жамап алған бәрі-бәрінен. Ал жан мәңгілік. Ұшақтағы «жан» туралы диалог оқырманға осындай ойды түсіндіруімен құнды.

Кейіпкеріміз Әбужанның елге оралар кезіне де келдік. Сартап болған сағыныш, қиялында ғана қалған Әселді аңсау. Әсел демекші, Әсел жігіт шағының куәсі, жүрегін дір еткізген алғашқы махаббаты екенін еске сала кетейін. Облыс орталығында хирург болып істеп жүрген жас маман Әбужан бас құрамаққа ниеттенген жас ару еді ғой. Тағдыр тәлкегімен Ауған соғысына алынып, одан Америкаға өтіп 37 жылдан соң елге келе жатқан Әбужанның ойына Әсел оралды.

«Өзіне лайық жар болатын алтын асықтай Әселді енді кездестірген кезде әскерге шақырғаны Әбужанға тағдыр тәлкегіндей көрінді. Тап қазір сол күні Әселді жолықтырғанына өкініп отыр. Өйткені оны кездестірмесе, осыншама торықпас еді-ау! Соғысқа баратынына да аса бір алаңдамас еді-ау!

Оған әскерге аттанатынымды хабар­ламағаным жөн болды. Әлде Әселдің біліп отырғаны дұрыс па еді?! Бірақ білгенде ол не істейді? Айтпағаным абырой болды. Оны сары уайымға салып қойғаннан кімге пайда?! Соғыстан тірі қайтсам, жақсы. Оққа ұшсам, темір табытымның жанында жоқтау айтып отыратындай ол әрі-беріден соң некеміз қиылған жұбайым да емес.

Әбужан темекісін құшырлана сорды. Өзегін өртеп бара жатқан өкініштің отын темекінің түтінімен баса алмасын білсе де, үсті-үстіне будақтата бергенін қоймады. Енді басқаша ойлап кетті: «Жөнімді айтпай кеткенім, дегенменен дұрыс болмады. Хабар-ошарсыз жоғалған мен туралы ол не ойлайды?! Оған шын ниетіммен ғашық болғанымды басқадан бұрын өзім теріске шығарғаным, не істегенім?!».

Әбужан адам жан сұлулығына өмірінде бір-ақ рет ғашық болады дегенге тоқтады. Екінші рет мұндай сезімді бастан кешіру мүмкін емес. Шынайы махаббат дегенің осы. Ал қалғанының бәрі – жай құмарлық. Әрі кетсе, құштарлық болар».

Махамбет «Қызғыш құсында»: «Сені көлден айырған лашын құстың тепкені, Мені елімнен айырған – хан Жәңгірдің екпіні» демей ме, сол жағдай Әбужанның басында да бар. Оны елден жырақта қалып, ел мен жер туралы қиялмен ғана ғұмыр кешуіне мәжбүр еткен жағдайлар, қара ниет озбырлықтар болды. Енді соның бәрі тарихтың еншісінде. Алдында ауылы. Санасында сан түрлі ой кептеліп тұр.

Міне, «Арал қаласының дарбазасы да көрінді. Енді бір сәтте шеткі көшенің жолына да ілікті. Кіндік қаны тамған жерге жетті-ау! Ішке түскен қара құрттай отыз жеті жыл жегідей жеген күлпеттің құрсауынан шығып, одан біржолата құтылып, енді ғана кеудесін шаттық кернеген Әбужан көкірегін керіп, кең тыныс­тады: «О, туған жер, алтын бесігім! Сенің дәл осындай құдірет екенінді білмеген бейбақ балаңды кешіре гөр!».

Өз үйінің алдындағы ұзынша орындықта отырған әйел Әбужанның көзіне оттай басылды. Жеңіл мәшине есігін ашқан күйі көзінің алды қарауытып барып, орнында қадалып қалған Әбужанның аттаған аяғы ауада ілініп тұр: «Құдая тәуба, мынау менің Әселім емес пе, осы жерден табан аудармай, отыз жеті жыл тапжылмай мені күткен бе?! Бар өмірін сарп етіп?! Менен өткен опасыз пенде болмас мына жалғанда?! Жан азабын тартып, күлпеттің қыл көпіріндегі тағылық тағдырдың пешенеме жазылғанына кімді жазғырғандаймын?! Менің жолымда бүкіл өмірін құрбандыққа шалған не деген кең жүрек сендегі, Әселім, жұлдызым менің?! Мен бейбақты барлық сыннан аман-есен алып шыққан Әселдің дұғада болғаны да. Оған еш күмәнім жоқ. Мен нағыз бақытсыз еркекпін! Жо-жоқ, мен нағыз бақытты еркекпін!».

Әселдің даусы дірілдеп шықты:

– Әбу-жан, ме-н сен-і ұ-з-а-қ күт-тім!

Есіне баяғыда масахана ішінде өзін алғаш рет ару сезініп, қиялымен махаббат бесігінде тербетіліп жатқанда Әбужанның айтқан сөзі түсті: «Қазір аспанда жарқырап тұрған жұлдыздар осыдан кемінде мың жыл бұрын дәл осылай тұрған. Ал олардың жарығы бізге бүгін жетіп тұр».

Әбужан да отыз жеті жыл бұрынғы жанған өз жұлдызын енді көргендей күй кешіп тұр еді. Осы жылдар бойы шырағын сөндірмей отырған Әселді бауырына басып құшақтай берді: «Бұл пәниден көңілдің хошымен қоштасқаннан асқан абырой бар ма екен өзі?! Жаныңның тыныштығы үшін! Мәңгілік жаныңның рақатын сезіну үшін!».

Шархан Қазығұл о бастан-ақ сөз саптауымен (стиль), күрделі ойды қарапайым жазып-ақ жеткізе алатын қасиетімен, не жазса да зерттеп, біліп жазатын тереңдігімен және жан-жақты білім жиған саңлақтығымен ерекшеленетін.

Оның осы «Күлпет» романынан кейіпкерлер аузына өздеріне лайықты сөз салу арқылы образды ашу шеберлігінің де шыңдалғанын байқауға болады. Мысалы, әкесі Ерденнің қарамағындағылардың басына әңгір таяқ ойнатудан басқаны білмейтін, ел-жұртпен есептесу дегенді мүлдем қойған аудан басшысына: «Көзге айтқанның зәрі жоқ, жердің жыртығын бітегендей кешігіп келгеніңізге жол болсын?! Қадір түнін күткендей қаңтарылып отырғанымызға екі сағаттан асты», – ­деген бір ауыз сөзінен-ақ қара қылды қақ жарған әділ, батыл, басшы-бағлан екен деп бұғып қалмайтын адам болғанын анық аңғарасыз. Бұл сөзге екі сағат иіріліп аудан басшысын күтіп тұрған малшылар түгел іштей риза болысады.

Ал Ерденнің құдайы көршісі Нағашыбай қарияның немесе қайын атасы Дүзбайдың сөз саптастарына қарап отырып, елдегі қарияларды еріксіз еске аласыз. Нағашыбайдың: «Төрімнен көрім жақын қалғанда кезқұйрықты лашын дейтін жағдайым жоқ», – деген сөзінен шыншыл, ақ сөйлейтін аталарымызды танысақ, Дүзбай қарияның: ­«Айналайын жарқындарым, зәуімен келгендеріңе қуанып отырмын. Бесіккертті күйеу бала болмасаң да, өз баламыздай болып кеттің», – дейтінінен пейілі дариядай дана қарттың ыстық ықыласы жаныңызды жылы шуаққа бөлейді.

Кейіпкердің сөз саптасы арқылы образды ашу тұрғысындағы әңгімеге осы романдағы орыс қызы Немоляева Иринаның бейнесін де қосуға болады. Ол ауған соғысына өз еркімен сұранып барған, өз ойын еркін айтатын ашық-жарқын қыз. Кеңес өкіметіндегі тұрмыс жағдайына көңілі мүлдем толмайды. «Басқасын айтпағанда, біздің елде әйел үшін әдемі туфли тіге ала ма?! Ең болмаса, әйелге қуаныш сыйлайтын сондай нәрсенің өзі қолынан келмейтін мемлекеттен қандай жақсылық күтуге болады?!», – дейді.

Көріп отырғандарыңыздай, кейіпкерлердің қоғамдағы, ел ішіндегі немесе белгілі бір ортадағы орны мен қадір-қасиетіне қарай олардың аузына бойына лайық сөз салу, сол арқылы тиісінше образ жасау туындының атап айтар артықшылықтарының бірі.

Романды оқып шыққаннан кейінгі үлкен әсер тудырған бейне бас кейіпкер Әбужанның образы. Отыз жеті жыл елден жырақ жүргенде жанын жегідей жеген ойы – «Теңіз екеуінің тағдыры бір сияқты. Теңіз де, ол да Арал деген қаладан қашып кеткен, сатқындар».

Теңізге Арал өңірінің берекесін кіргізіп тулап жатқан жарасар еді. Талайына жазбапты. Әбужанға да елімен, жерімен етене болып жасампаз тіршілік ету жарасар еді. Пешенесіне жазбапты. Бәрі де басқалардың солақай тірлігінің салдары. Осы бір ой қырық жылға жуық санасын билеп алып, сарсылтып қойған. Әбужан елден еркімен кеткен жоқ. Жоғарыда ескерткеніміздей, тағдыр тәлкегі. Болмаса қандай игілікті де туған жерден тамырыңды үзбей жасау керек. Бұл оның қазір өмірлік кредосына айналған. Тіл мен ділден айрылса, өзі 37 жыл өмірін сарп еткен елдегі америкалықтан қандай айырмасы болар еді. Америкалықта ұлт жоқ. Сол сияқты Америкада игіліктің бәрі бар, бірақ жанға керек нәрсе жоқ.

Ал қазақ даласындай кіндік қаның тамған жердің перзенті болудың құдіреті мүлдем бөлек. Әбужанның осындай ойларынан оның Отанға деген сүйіспеншілігі мен елжандылығы есіп тұрады.

Бұл роман Шәкеңнің дін философиясы мен ғылым философиясын да игерген кемел адам екенін де көрсетіп тұрған еңбек. Дүние біткенді жаратқан бір Алла екенін бүгіндері дін ғұламалары ғана емес, Шәкеңнің өзі айтатын ­Энтони Флю, Мартин Джон Рис, Анатолий ­Акимов сияқты әлемге белгілі ғалымдар да дәлелдей бастаған жоқ па. Осыны түсінетін алдыңғы қатарлы адамзаттың қатарындағы Шархан «Күлпет» романында «жан мәңгілігіне» иландыра алған. Көркем шығарманың негізгі мақсаты да осындай тәрбие болса, автор діттегеніне жеткен. Қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Өзіндік стильмен, жаңаша жазылған дүние. Дайындығы жоқ, орта деңгейдегі оқырманның тісі батпайтын, философиялық ой қозғайтын күрделі де терең туынды.

Әңгіме өзегі болған туынды туралы әлі талай жазыла жатар. Біздің мақсат – қазақ әдебиетіне тағы бір толымды, сауатты, ойшыл әрі өзгеше шығарма, тұшынып оқитын дүние келіп қосылғанынан қалың жұртты хабардар ету.

Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ

 

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы