• Тіл
  • 23 Маусым, 2022

АНА ТІЛІМІЗДІҢ БІР АЙБЫНЫ

Біраз жылдан Білім министрлігі «Дарын» орталығы аяулы ана тіліміздің аясына топтап шет елдегі қазақ диаспорасының жас өркені үшін өткізетін «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын олимпиада сараптауында жылда бір облыс орталығында жүздесетін әдетіміз. Биыл таңдау Түркістанға түсті. Алаңдай күтіп жүрмін қанаттас қаламгер, ниеттес ғалымдарды. Кездесеміз. Ой бөлісеміз. Шет елде тұратын қазақтардың балаларының өнер жарысын бақылаймыз, жазған шығармаларын сараптаймыз. Сырт елдерден келген әрбір қазақ баласын «жалғыздай» көріп, үстіне түсіп шыр-пырымыз шығып айтысып-тартысып жатамыз бір-бірімізбен. Жылда солай! Пікіріміз әрқилы болуына қарамастан, мақсатымыз – бір. Ойымыз ортақ. Ол – қайтсек шет елде жүрген бауырларымыздың балаларын Отанымызға көбірек келтіреміз деген бір ғана мақсат. 

«Бүгін орта мектепті бітіріп олимпиадаға қатысып отырған балаларды неғұрлым оқуға көбірек тартсақ, соғұрлым бүгін ботасы келген жәмиғаттың ертең ана-атасы көбірек елге оралады емес пе?» – деп шырылдап жүргені топбас­тар Сүлеймен достың. Азатын қабатына алып, Түркістанға тартып келе жатқан қаламдас дос жайында, оның адами болмысы, қаламгерлік табиғаты жайында ойланамын.

Біз Желтоқсан қозғалысы кезінде алаңға бірге шыққанбыз. Біз Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға жете алмай екеуміз екі өңірде ішіміз қанжылап, телефонда көзімізге жас алып отырдық. Тәуелсіз қазақ елінде тәуелді тіршілік кешіп жатқан қазақ, азаттық үшін алаңға шығып, аяусыз қырғынға ұшыраған қазақ жастары, берекесіз, сыбайлас, жемқор биліктің ашкөздігінен сырт елдерге кеткен есесін сұрап көшеге бейбіт шеруге шығып тағы да қанқұшқан, қасірет шеккен қазақ... әңгіме арқауы осылай-осылай жосылады. Ойлап отырсақ, біз қазақ бірімізді-біріміз отқа итеріп, орға жығуға құмар да, қорғауға жоқ халық екенбіз. Өзіміз өлместің күнін кешіп жүріп, барымызды сырт елдерге су тегінге асырып салып, сыртта жомарт халық атанып жүрген даңғой дабыра қоғам екенбіз... Сүлеймен достың азамат райында жанын жегідей жейтін ой, қаламына қасіретті тақырып болып оралар сұмдық сұрақ міне осындай, қазақ баласының тұтас татымсыз тағдыры...

Орайында еске түседі. Кеңестер одағы тарар алдында бір шаңырақтың аясында, «мызғымас халықтар достығы» саясында бірге тұрып келе жатқан армян жұртының басына қаралы күн туды. Алапат жер сілкінісі болып бірнеше қаласы қирап қалды. Қазақстан вагон-вагон киіз үйін дайындап азаматтарын аттандырды. Ата-анасыз жетім қалған, үрейі ұшып қорқып болған сәби, өспірім ­балаларын Алматыға алдырды. Сол тұста «қазақтар қайда да ығысып келген ұлт-ұлыстарға қамқор ­болатын еді ғой. Балалар уақытша қазақ отбасыларына бөлініп паналаса» деген тілек айтылды. Балалар әдебиетімен шұғылданып жүрген басым балажандығым ұстап жарыммен келісіп (жетім өскен Бейсекеңмен болса-­болмаса келісіп) бірнеше армян баласын үйге алуға ұйғардық. Кездесуге барайық. Қай-д-а-н? Әрбір армян баласы қасында бір тәрбиеші, бір мұғалімнен бекіткен, тобын жаздырмайды, ыдыратпайды. Басқа пән адыра қалса да армян тілі пәнін көз жазбай оқытады. Қазақстанда қанша уақыт болса да бәрі бір жерде, армян тәрбиесінде болады... Міне, ұлт! Міне, ұлттық сана! Ал біз болсақ, жетімімізді АҚШ асырып, «балаларды жақсы тәрбиелейді екен» деп мәз боламыз... «Шырылдаған сәбиің жатқа кетті», «Жетімдерді жерге қараттық», «Мұхиттың арғы жағында», «Шетке кеткен жетімнің обалын кімнен сұраймыз?» деп шы­рылдап жылап жүрген, мақала жазып дабыл қағып, дамыл таптырмай жүрген табан­дымыз тағы да біздің Сүлеймен досымыз.

Тіл құрыса – ұлт құритынын біліп болғанбыз. Ұлт тілін білетін де, білмейтіні де бес саусағындай жатқа біледі бұл ж­айтты. Білгенін қайтейік, атамыз, бабамыз тіршілік еткен қасиетіңнен айналайын, таққа мінуге тиісті Ана тілін атқа мінгізуге келгенде еренсізбіз, енжармыз. Өзіміздей бір халық бәленбай ғасыр ұмытылып кеткен еврит тілін тірілтіп мемлекеттік тіл жасап алды. Ал біз жүрміз, қазақ тілін қағаз жүзінде қалдырып, бодан еткен басқыншы тілді басымызға шығарып... «Қайран тіл...», «Тіл киесін түсінетін уақыт жетті», «Қазақ тілі босағадан сығалап тұр», «Қазақ тілінде сөйлеу қазаққа сын болып тұр» деп ана тіліміздің жоқтаушысына айналып жүрген белді күрескеріміз тағы да Сүлеймен дос!

Оның кейіпкері: «Ақ қағазға қара ­сиямен жазу жазудың өзі де оңай емес. Ал тасқа қашап жыр жазудың қияметі айтуға оңай көрінгенмен, оюға оңай болмағаны белгілі. Кемеңгер бабаларымыздың осы жанкешті еңбегінің өзі неге тұрады?! VІІ-VІІІ ғасырларда өмір сүрген, батыр десең батыр, данышпан десең, данышпан ата-бабаларымыз: достың табасына, дұшпанның күлкісіне қалмас үшін, бүгін лепіріп, ертең өкініп, бармақ шайнамас үшін басқаның қызарғанына қиылып, текті сөзіне алданба, алданып өзара қырқыспа, береке-бірлігіңді жоғалтпа, мәңгүрттің күнін кешпе. «Арғы атам ер түрік, біз қазақ еліміз» (Ж.Аймауытұлы) деп, ұлттық рухтан сабақ ал, елдік ұғымыңды қадірле, тіккен туыңды жығып алма, тәуелсіздігіңді ардақта!»-деп толғанады. Ойлы кейіпкер ойсыз қаламгерден қайдан тусын?! Кейіпкер толғанысы райында берілген осынау отты, ойлы сөз жазушы Сүлеймен Мәметтің күллі шығармашылығының құлақкүйі секілді естіледі бізге!

«Ар алдында», «Бейбаян тірлік», «Уақыт үні», «Абай бол, қазақ!» аталатын кітаптарын парақтап оқып шыққанда аңғарғаным – әріптесіміз журналист ­райында өмірдің әр тарабын шарлапты, бар аймағын аралапты. Қазақтың азамат-басы, демографиясы, тәуелсіздігі, жан дүниесі, жан-жарасы, енжарлығы, ғылымы, ш­аруасы... Құдай-ау, қарап отырсам, Сүкең қойын кітапшасын қолтығына қысып алып бармаған, қаламын сүйкектетіп жазбаған саласы жоқ. Тақырыптарын қараңызшы: «Қазақ азса – Абай сөзін білмегендіктен азады...» (С.Шаймерденов), «Аттан қорқатын адамды атқа мінгізбек...» (М.Өтелбайұлы), «Жер байлығынан ақыл байлығы қымбат» (А.Жұмаділдаев), «Ар алдында», «Адамға керек қасиет», «Күрессек, намыссыздықпен күресейік», «Өзіміз өндірмей өзек жалғанбайды», «­Демографияны деміктіріп алмайық», «Ашық қоғамда шенеуніктер неге «жабық»?», «Адамдық парыз – арылу», «Жарылған «бітеу жара», «Ибраһим – Абай: абай бол деген қазаққа», «Алтын арқаулы асыл мұра», «Ұлдар ынжық болып бара жатқандай» (Қ.Бітібаева), «Ұлылардың үлгісі бөлек еді-ау» (С.Балмұқанов), «­Тарих – кірпияз» (К.Нұрпейісов), «Өзағаң сөзі ойландырса кәне», «Бабадан қалған мұра еді», «Қазақ жері саудаға салынбасын», «Кімге сенеміз?», «Қадіріне жетпей, қапы қалмайық», «Күн көзін алақанмен жаба алмайсың», «Төбеден тамған суық тамшы»,, «Еуропалық болмасаң... есіктен аттама», «Кісіліктен кетсең кім болғаның?», «Ұрпақ қымбат па, үй қымбат па?», «Түбімізге туберкулез жетпесін», «Қазақ тілі мен мектебін Сәбеңдей қорғай білсек-ау!», «Өткендерден қалған сөз», «Көкбөрінің киесі бар», «Қаны таза халықтың жаны таза», «Ұлтын сүймеген ұл-қыз, ол – мәңгүрт»... Кете береді, кете береді. Біз қайсыбірін ғана тізімге алып, қайсыбырын ғана әңгімемізге тамызық еткелі отырмыз.

Тақырыбы түсінікті. Жоғарыда айттық. Жоталы тақырыптар. Мазмұны қандай? Мазмұны қазақтың мұңы мен зары! Өздеріңіз көріп отырсыздар, тақырып айналып Абайға соға береді. Абай деп сөз бастап, Абайша зарланып, Абайша түйіп отырады. Тіпті кітабының тақырыбына дейін солай. Абай «Абай бол қазақ» деген... Оны да түсінуге болады. Қазақты Абайдай танып білген, Абайдай танып талдаған, ұлт бойындағы бар жарамсыздықты қара басын қара жерге жеткенше иіп зарланып Абайша айтқан ақын бар ма қазақта? Жоқ. Сүкең де араға ғасыр салып мына қазақ өміріне ұлы ақынның көзімен қарайды. Көретіні баяғы жар тас, бір жартас. Сүкең зарланбағанда қайтеді?! Осыдан шығарып айтсақ, публицист Сүлеймен Мәметтің жазғандары – «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?» деген үлкен бір сұраққа жауап іздеу. Түрі – публицистік, мазмұны ұлттық!

«Ұлттық» деп айтып қоя салу оңай. Ұлттық мәселені көтеру күннен-күнге қиындап барады. Оны кім, қалай байқап жүргенін, кім білсін! Ұлт мәселесін көтерсең билікке жақпайтын болып барасың, байқайсың ба, қазақ публицистері? Сүкең мәселені қойғанда бұлталақтатпай тіке қабырғасынан қояды. Ұлт бойындағы балаңдық, 250-300 жылдай кісі қолына қараған бодандық, содан қалған бірін-бірі көреалмаушылық; мансап үшін бірін-бірі орға жығушылық, ынтымақсыздық, «алты бақан алауыздық», тәуелсіздікке ұмтыла жүріп, зарыға жеткенде тәуелсіздікті қадірлемеушілік, ана тілін ардақтамау, ру-руға, жүз-жүзге бөлінушілік... толып жатыр асыл басыңды арзандатар жарамсыз жайлар. Сүкең қаламына бұл орайда ілінбеген мәселе жоқтай. Соның бәрі айналып келгенде бір мәселеге саяды:

Қазақ – өскелең халық. Сөйте тұра өсе алмай келеді. Неге? Демографиялық көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өзің бала тууды азайттың. Өзің өсе алмай отырып, туған балаңды жетім етіп жетімдер үйінде қалдырасың. Неге? Мұның не? «Жетімдер үйің» де шүкірана екен, мұхиттың арғы жағына асырып, бала сатып жатқаның не, ойбай-ау? Сүкеңнің ­публицистикасы ылғи осындай сұраулы келеді? Және ­жауабы қиын, «Қазақ қайтсе, қалады қазақ болып?»-қа саятын қиын сұрау! Сұраулы публицистика кімге жаға қойсын?!

Жақпайсың. Сөйте тұра Сүкең сұрау бергенін қоймайды. Сұрау бергенді қою үшін жазуды қоюы керек. Жазуды қою үшін ойлауды қоюы керек. Ойлауды қойса несіне адам болып, жер басып жүр? Ішкенге мәз, жегенге тоқ – адамдық белгісі ме екен? Жо-жоқ, біздің Сүкең алдымен ойлауды қоймайды, ойлауды қоймаса жазуды қоймайды, жазуды қоймаса – билікті дірілдетіп оған сұрау салғанды қоймайды. Өйткені Сүлеймен Мәмет – қазақ халқының барша ұлттық құнарынан жаратылған озық ойлы перзенті, тағдыры жүйкесін қажап қолына қалам алдырған сүйкімді қаламгері. Олай болса, мына азат кезеңде де ой-санасы азат бола алмай келе жатқан ұлты үшін түн ұйқысын төрт бөліп ойланғаны ойланған, толғатқаны толғатқан, қаламдас достың.Біз оған қуанамыз!

Публицистикадағы жоталы осы ой оның көркем шығармаларына да тән. Көркем шығармаларында образға сіңіріп айтар алтын арқауы!

Көркем шығарма дегенде алдымен еске түсері «Бейбаян тірлік», «Жалқы» секілді қазақы мақаммен жазылған елеулі хикаяттар. Бірсыпыра көркем әңгімелер ауызға ілінеді. Шығармаларда қазақтың басынан өткен ауыртпашылық кезең негізінен ауыл адамдары тағдыры арқылы беріледі.Қаламгер ауыл өмірін жақсы біледі. Өмірге жақындай жазады.

Өз басыма қазақ басына нәубет болып келген 1932-33 жылғы ашаршылықты, одан әупірім-тәңірмен аман шығып 1941-45 жылғы соғысқа киліккен, киліккен де шаңырақ ұстар байдан бір, тылдағы ауыртпашылықты көтереміз деп жанпида тіршілік етіп жүріп бауырындағы баласынан айырылып соқа басы сопайып қалған Сәндібала тағдырын мейлінше табиғи тұлғалап берген «Жалқы» қатты ұнайды. Сарыны қазақы шығармада Айкүміс, Сақып сынды қазақ әйелдерінің соғыс жылдары көрген азабы бұған дейін ешбір жазушы назарына ілікпеген, мейлінше тың. Әрі осынау адамдар тағдыры баппен әңгімеленіп, олар кешер ауыртпалық біртіндеп-біртіндеп қоюланып келіп үлкен трагедияға айналады. Өзінің мінезі, ойы, парасаты, жан күйзелісімен бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірін толықтыратын тұлғалар бастан кешкен трагедия көркемдік жинақтау арқылы халықтық трагедияға айналады. Шығармада кейіпкерлер басынан өткеретін айтуға ауыз ауыратын трагедиялық ахуал қазақ халқын жойылып кетуі мүмкін талай қилы заманнан сақтап қалған аналардың ақ махаббаты, махаббаттан туған сенімі, сенім жетелеген төзімі деген ойға әкеледі екен. Рас-ау, қандай да бір ұлт өссе – Анадан өсері, беті аулақ өшсе де – анадан өшеріне дау бар ма?! Рас журналистік ойлау машығында қалыптасқан жазушының көркем шығармаларында публицистикалық сарындар аралас жүре беретін әдеті бар еді. Сөз болып отырған «Жалқыда» автор одан азат. Байсалды прозашы болып бой тастайды. Әңгімелеу мәнері, тіл құнары, көркемдік шешім... бәрі-бәрі де орнықты.

Жазушы атаулы қиналатын бір сәт бар. Ол өзің өмір сүріп отырған замана шындығынан көркем шығарма жазу. Билік жазушы ағайыннан ұдайы осы мәселені талап етеді. Шығармашылық психологиясын білмей талап етеді. Өз заманын жазу – қиынның-қиыны! «Заман» және «Запыран» аталатын екі бөліктен тұратын «Бейбаян тірлік» хикаяты біздің ойымызша, сол өзіміз тіршілік етіп өтіп келе жатқан замана келбетін бейнелеуімен ерекшеленер-ау.

Шығармаға арқау болатын жайт – «Өтпелі кезең» аталатын сарыөзек шақ. Құлаған қоғам. Күйреген жүйе. Ауылдан сән кеткен. Өркен жаяр топырағы өмір болып келетін ұлттық дәстүр шайқалып тұр. Жазушы кейіпкерлер тағдыры арқылы ұлттық дәстүріміздің аяқасты болып бара жатқанын күйіне әңгімелейді. Оның кейіпкері: «Ой, тоба-ай! – деді Алтынбек ондай берекесіздікті көргенде. – Не болып кеткенбіз? Қайда барып табан тірейміз? Ізет қайда, инабат қайда? Ақырып шығар әке суы қайтып, жүзі жапырылған өтпес пышақтай жасық па? Әлде айтқанды ұқпайтын, көзі тұманданып жүретін ұл мен қыз ессіз бе?» – деп, толғанады.

« – Әй, осы біз қайда кетіп барамыз? – деп бастайды әңгімесін қырма сақал өзеуреп. – Кешегі соғыстың жеңімпазымыз деп омырауымызға темірден «сөлкебай» тағып шіренген біздің отырысымыз мынау. Сөйлерге тілі, естірге құлағы жоқ күнәдан пәк ұрпақтың отырысы анау. Түсінбеймін!» – деп тағы бір кейіпкері түңіледі.

« – Қарағым! – деді қарт – Жасыма! Сендердің кінәларың жоқ. Періштенің құсысыңдар. Мына біз бәріне айыпты. Жас ұрпақты бейшаралық күйге түсіріп, үлкен болып жер басып жүргендердің күнәсі өлшеусіз. Олар құдай алдында да, ар алдында да күнәкар. Ат үстінде жүрген ағаларыңды да сүттен ақ, судан таза дей алмаймын. Ол біздің іні, қарындастарымыз ғой. Алды-артын болжап алмай, біз жіберген қателікке қайта ұрынды..», – дейді үшіншісі.

Жасырары жоқ, бүгінгі күн шын­дығына қалам тартқан соң тартына алмаған ба, әйтеуір мына хикаятта публицистика ізі аңқып тұр. (Публицистика бүгінгі таңда қай жанрға араласпай отыр?) Сөйте тұра, өтпелі кезеңде ауыл тіршілігін – ауылдай, сапырылысқан шәрі тіршілігін – қаладай сипаттап, кейіпкерлер толғанысы арқылы бүгінгі күннің шындығын айтып бере біледі. Қалай дегенде де Сүлеймен Мәмет шығармаларында өмірден ала білетін қарапайым табиғилық, қантамыры бүлкілдей соғып тұрған өмір, өмір аталатын «көлде» тіршілік етіп, заманаға билік айтып, өз тағдыры, халық тағдыры үшін алаңдай тіршілік етіп жүрген адамдар бар.

Асылы, әдебиетке журналистикадан келген, қазақтың арғы-бергі тарихын алдымен публицистикада толғаған, сонан соң сол тарихты адамдар тағдырына айналдырып көркем әдебиетте сомдаған Сүлеймен Мәмет шығармалары өмірдің шынайы көрінісі, өмірдің өз өрнегі болып шыға келеді. Оның шығармаларында адамдардың тіршілік қамы қазақты қазақ ретінде сақтап қалатын адамшылық қалпына ұластыра суреттеледі. Бір жағынан тіршілік деп тырбанып, сол жолда арын қалай сақтауды білмей сансыраған адам, екінші жағынан «жарлы болсаң – арлы болма!» дегендей өзін аласапыран дүниеде жоғалтып алуға шақ қалып жүрген жадаулар тағдырын шынайы бейнелей біледі. Ол жазушы үшін аз бақыт емес!

Құлбек ЕРГӨБЕК

2126 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы