• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2022

САЛТАНАТ (эссе)

Ілия ЖАҚАНОВ

1956 жыл. Сәуір айының шуақты күндері.
Мен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің екінші курс студентімін. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқи бастаған кезім. Ол кезде бұл классикалық эпопеяға деген жұрт ықыласы ерекше еді. Оған деген қызығушылық, құдайға шүкір, бүгін де суына қойған жоқ. Өлмейтін, өшпейтін эпопея! Қазақ халқының  бар болмысы! Бет-бейнесі! Рухы ол!
Романда Абай сүйген бір сүйкімді бейне – Салтанат қыз! Өте тебіреністі жазылған эпизод Салтанат пен Абайдың бір-біріне ықыласы оқушыны таң-тамаша қалдырады. Абай өзінің қарсыластарымен қақтығысып жүріп, қапияда Семей түрмесіне түседі. Бірақ шамалы уақыттан кейін өз ісінің адалдығын дәлелдеп, өзіне тілектес жандардың, солардың ішінде Салтанаттың да демеуімен түрмеден шығады.

Салтанат кім? Оны мына бір дәйекті деректермен келтірсек, Салтанаттың қандай жан екендігі жарқырап тұрып ап-анық көрінеді: «Жолдың сол жағында ­(Семейге кіреберіс жерді айтып отыр – И.Ж) көрінген шағын поселке – Балта-Орақ деп аталады. Уақтардың (руды айтып отыр – И.Ж.) көпшілігі Семей өңірін мекендегендіктен, өзге қазақ руларынан көрі отырықшылыққа ерте көшкен. Жұқанасы аздау ауылдың талайы қалаға сіңіп, кейбір сахараға бой тартқандары жақындау келіп, Балта-Орақтай поселкелер салып, ірге теуіп, бала оқытқан. Сол жылдарда отыз-қырық қақпадан құралған бұл поселке Абай елінің Семейге кіреберіс қақпасы, шығаберіс алды-артын жинайтын көмбесі болған. Балта-Орақ ағайынды екі батыр екен дейді, ел аңызы. Әке-шешеден ерте айырылған қос жігіттің бірі – Балта Торан деген байдың қырсығынан өліпті. «Орақ менен кегін алады-ау!» деген бай оны кісен сап ұстаған. Байдың қызы Толқынмен көңіл қосқан Орақ қыздың көмегімен екеуі тасып жатқан Ертістің сеңіне отырып құтылмақшы болады, бірақ, мұз еріп кетіп, қыз бен жігіт қаза тапқан.

Ел қамын ойлап, өмірлерін қиған осы батырлардың кейінгі ұрпақтары бабаларының ерліктеріне бас иіп, олар жерленген жердің жанына осы поселкені салыпты да, оны Балта-Орақ деп атап кетіпті.

Балта-Орақ тұрғындарының көбі-ақ Абаймен ниеттес, дәмдес-түздас болған. «Абай жолы эпопеясында суреттелетін сыбызғышы Мұқа мен Салтанат қыз осы елден шыққан. Абайды ұлықтардың қамауынан босатуға ерлік жасаған Салтанаттың адамшылығы романның ғажап әсерлі оқиғасының бірі екені көпке мәлім» (К.Оразалин. «Абай ауылына саяхат», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1976. 44-бет).

Міне, Салтанаттың шыққан жерін, зәу-затын осы бір деректен осылайша танып-білгендей болдық.

Абай әлгі оқыс оқиғадан кейін ­Семейде өзін сыйлайтын көңіл жетер қадірлі адамдардың арасында бірер күн емін-еркін тынығады. Абайды әркім-әркім шақырып, келісті отырыс жасайды. Тереңнен қозғайтын тоқсан толғаулы әңгімесін, ғибратты сөзін, жан тебірентер әнін тыңдайды. Бірте-бірте «Жүрегім менің қырық жамау» дейтін уһілін, ­ашуын, жанына азар берген ызасын, наласын басады. Сол бір жан сергіткен жақсы күндерінің бірі Салтанат қыздың үйінде өтеді. Жазушы романның осы жерін лирикалы құштар сезіммен суреттейді. Абайдың әр сөзіне, өлеңі мен әніне бар жанымен құлай берілген Салтанаттың өзіне де, атына да қызықтым. Сирек есім. Сондай сәулелі, шуақты, ауыз толтырып атайтын жарқын да салтанатты есім! Абай мен Салтанаттың арасындағы лирикалық сәт мені романтикалық қиялмен баурады. Абай Салтанаттың өзіне деген кінәратсыз пәк сезімінің лүпілін бірінші рет және соңғы рет сезіп тұрғандай дүниеге ғашық көзбен қарайды ғой. Ал ендігі бір сәтте Абай ауылын еске алады. Үйде жан-жары Әйгерім күтіп отыр. Өмір солай, амал жоқ, Абай Салтанатпен қоштасады. ­Ауылына қайтады. Абай бәрібір ­Салтанатты ұмыта алмайды. Өңінде де, түсінде де елестетеді. Көз алдында ­Салтанат Шолпан жұлдыздай жарқырайды. Аңсатады. Елегізиді. Жүрегін сағыныш оты қыздырады. Тағатсыз көңіл Салтанатқа қарай жетелегісі келеді. Бірақ, ол дәрмен жоқ, Абайда. Санамен сарғайып, сағыныштың азабын тартады. Осы елес тып-тыныш бейғам жүрген жүрегімнің аңсаулы дітіндей елеңдетіп, бір тосын әуен толғанысқа салды да қойды. Бұл шамасы бір айға созылды ма, әйтеуір сондай уақыттың беймаза халін кештім. Домбыраны үн-түнсіз езіліп, жиі тартатын болдым. Бір күні жүректі лүпіл қақтырған сол бір лирикалық әуез ән болып тұтас көрінді. Жаңа ән! Өз жүрегімнің өбектеген әуезі. Еш қобалжығам жоқ, тіл ұшыңда «Салтанат» деген сөз ғана дызылдады.          

Есімде, сол күні университеттің ­Виноградов көшесіндегі жатақханасына келдім. Іздегенім – өзіммен бірге оқитын досым Өмірзақ Айтбаев. Ол өз бөлмесінде жалғыз өзі домбыра тартып отыр екен. Қасындағы орындықта қызылқоңыр мандолин сүйеулі тұр. Дәйім романтикалық сезімде, ой үстінде жүретін Өмірзақтың оңаша, өзімен-өзі боп, жеке-дара отырғанына қуанып кеттім.

Өмірзақ (туған жері Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдірі – И.Ж.) оқуға түскелі бері Біржан сал, Абай, Ақан серілерден басталған халық композиторларының жалпы Арқада туған халық әндеріне әншінің әншісі ғана игере алатын зерделі көңілмен ыждағатты түрде ден қойған-ды. Сондай-ақ Қазақстан композиторларының, оның ішінде, әсіресе Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаев, Садық Кәрімбаевтардың лирикалық әндері және бар, қай әнді айтса да біресе домбырамен балбыратып, не болмаса мандолинмен мөлдірете сызылтып, жан біткенді қызықтыра баурайтын-ды. Кез келген әнге қызықпайтын-ды. Өз жүрегі не дейді, не тілейді, соны ғана тыңдайтын сирек бітімді сезімтал жан. Ойлы-күйлі әндерді еш жалғандығы, жасандылығы жоқ толғанысты сезіммен ашуда талғам-өресінің биіктігі мені ерекше таңғалдыратын-ды. Міне, осы Өмірзақ екеуміздің жұлдызымызды ән дүниесі жақындатты.

Мен іштей толқып, қобалжып, қымсынып отырып, домбырамен «Салтанат» әнін баяу үнмен әндеттім. Өмірзақ өзінің сабырлы қалпымен ойлана тыңдады да, сәл үнсіздіктен кейін: – Тағы бір қайталашы, – деді.

Ән бастала бергенде Өмірзақ домбырамен қосыла шертті. Жұп-жұмсақ салалы саусақтары ән иірімін мөлдіретті бір. Шерткен сайын жүзі нұрланып, қоңыр көзіне ой тұнып, лирикалық тебіреніске берілгені ме, іштей тамылжыды. Мен Өмірзақтың шертісі тоқтамаса екен, деп құштар сезімге бөлендім. Шертісі ұзай берді. Әннің әуезін әп-сәтте қалай ғана үйренді деп таң-тамаша болам. Өз әніме өзім сұқтанам. Екеумізді үнсіз табыстырған қандай ғана тылсым сәт, бұл япыр-ау?

– Сөзі жоқ қой деймін, ә? – деп Өмірзақ толқи сөйледі.

– Иә, ән сөзсіз туды, – дедім.

Өмірзақ сәл ғана жымиып: – Нағыз халық әнінің стилімен шыққан екен. Қайырмасы да ғайыбынан үйлесіпті. Әннің ә деп басталуы сағынышты көңілдің аңсаулы лебін алысқа ұзатып, екінші жолда тағатсыздана қалған құштар сезімнің жалыны «Салтанат» есімін өбектеп, әлденеге қызықтырып қойды. Бұл асық жүректің лүпілін сездіруі. Қайырма сәл өрекпігендей боп, әдемі тамылжиды, ә! Жүрегіме бірден ұялады. Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әнінің үлгісін еске салады ма, қалай? Құрылысы сондай. Енді бұл әнге сөз керек, – деді, шын ұнатқанын анық сездіріп, – сөзін өзің жазасың ба?

Мен Өмірзақтың жүрек қылымды шерте сөйлеген сөзіне тебірене толқып, «жоқ» дегендей үнсіз ғана бас шайқадым.

Өмірзақ: – Ойланайық, – деді де домбырасын қайта қолға алып, маған ым қақты, жаңағы шертіс... екеуміз тағы да сөзсіз әндеттік. Ән ажарлана түсті. Осы бір сәт маған тәңір сиындай көрінді. Өмірзақтың әр сөзі жүрегімде гауһардай жарқырады.

Ақындармен жақындығым жоқ. ­Аң-таң боп біраз дағдарып жүрдім.

Бір күні Өмірзақ екеуміз универси­теттің коридорында осы ән төңірегінде біраз пікірлесіп, бір-бірімізді бұрынғыдан да тереңірек ұғынысқандай болдық. Ән сөзін ақылдаса келіп, өзімізден бір курс жоғары оқитын Қадыр ­Мырзалиевке тоқтадық. Сол кездерде Қадырдың өлеңдері газет-журналдарға жиі жария­ланып, атағы да шыға бастаған-ды. Және таныспыз да. Тілекке орай Қадыр кездесе қалды. Емін-еркін шүйіркелесіп, қасымыздан әрі-бері өтіп жатқан жандардың абыр-сабыр жүрісіне қарамай, әннің мән-жайын айтып, әндетіп тұрып ойымызды анық білдірдік. Қадыр әнге бірден илікті. «Ертең үйге кел» деді.

Қадыр да мен сияқты пәтер жалдап тұратын-ды. Ертеңінде мен сол уағдалы сәтте үйіне келдім. Строительная көшесіндегі жапырайылған орыс үйі. Құрқылтайдың ұясындай шап-шағын бір бөлме. Бір қабырғасы сықиған кітап. «Қалада жиі-жиі пәтер ауыстырып жүргенде осынша көп кітаппен қалайша көшіп- қонады» деп таңғалдым.    

Қадыр мені қуана қарсы алды. Әдепті, сыпайы ғана интеллигент. Біз сияқты ауылдан келсе де, қалада өскен жігіттей жып-жинақы. Әні-міне дегенше лып-лып етіп маған кофе қайнатып берді. Сондай ілкімді, ілтипатты. Әрнені әзіл араластыра күле сөйлесіп, екеуміз бірден тіл табыстық. Менің әнімді қайта-қайта тыңдады да: – Оригинально! – деді, қоңыр көзі күлім қағып, – бұрын әнге сөз жазбап едім... лирикалы ән екен, жазып көрейін...  

– Арада екі-үш күн өткенде Қадыр университетте бір үзіліс кезінде кездесе қалды да, жазған өлеңін оқып берді. Екі шумақ өлең. Өлеңнің екінші шумағы –«Өткізген талай күндер әлі есімде» деген жолдағы алғашқы сөзді «Сырласқан» деп жөндедік. Сосын екінші, төртінші жолдағы «Салтанат» деген сөздің орнына «Сағатай» деген есімді жазып әкелген екен, осыған аң-таң боп, біраз үнсіз түйілдім. Әннің осылай аталғанын жақтырмағанымды сезді ме, Қадыр: «Сағатай сүйген қызым еді» деді. Мен сол аңырған күйі «Студентка ма?» дедім. Қадыр сәл қипақтап, «Мектепте оқиды» деді.

Әңгіме үстінде білгенім ол қыз Қаскелеңде қазақ орта мектебінде оныншы класта оқиды екен. Интернатта жатады білем. Қадыр ол мектепте практикада болыпты. Сонда танысыпты. Тіпті, сабақ та берген. Киноға да бірге барыпты, сауық кештерде де бірге билепті. Жүрек сөзін айтып та үлгіріпті.       

Қадыр әннің атын «Сағатай» дейік деп тұрып алды. Мен өз дітімнен айнымадым. Қадыр қанша қиылса да ән «Салтанат» боп аталды. Ән сөзі: 

Уәдеңе өзің берген бекем бе, едің,

Жүректі мәңгілікке мекендедің,

Салтанат.

Көп болды көрмегелі түсіме еніп,

Өңімде «келсе қайтті екен» дедім,

Салтанат.

Сағынсам несі мін,

Аузымда есімің,

Келші тез, сүйген сәулем,

сағындырмай.

Сырласқан тәтті күндер әлі есімде,

Сағындым, хабарлашы, келесің бе,

Салтанат.

Ойнақы, күлімкөзді өзің түгіл,

Жалт еткен маған ыстық елесің де,

Салтанат...

Сағынсам несі мін,

Аузымда есімің,

Келші тез, сүйген сәулем,

сағьндырмай! – деп қана тынады.

Кербез керілетін лирикалы әнге осы екі шумақ жетіп жатыр. Әндегі ой да айқын. Жан-жүректі аялайтын тұп-тұнық, мөп-мөлдір сезім де жалынды леппен берілген.

Ән сөзі осылайша дайын болды. Енді бұл әннің орындаушысы кім болады? Мен еш толқығам жоқ, көкейімде тек қана «Өмірзақ!» деген сөз лүпілдеді. Өмірзақтың қоңыр үнді шертісі елестеді. Сол күні кешінде тағы да Өмірзаққа келіп, жатақханада әндетіп отырдық.

Қадырдың өлеңіне көңілі толған Өмірзақ әнге ойлы жүрекпен берілді. Келе-келе оны баяғыда шыққан ән секілді емін-еркін шырқай бастады. Әнді студенттер ортасында, әр жердегі отырыс-жиындарда, бір сұхбатты сәттерде жиі-жиі айтты. Әнге тереңдеп енгені сондай, өзі өзгеше бір кербез келбет танытып тыңдаған жанды өзіне таңырқата үйіріп, әбден сүйікті етті. Студенттер бірте-бірте әнді тез үйреніп алды. Олар оны жатақханада, сауық кештерде жиі шырқады. Иә, Өмірзақ «Салтанаттың» қандай ән екенін тебіренісі әуезбен жеріне жеткізе ашты. Өзі араласатын орталарда, ұстаздарым – Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Смет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Зейнолла Қабдолов, Ақанай Дәулетова сияқты абзал жандар (Біз қандай бақытты ұрпақ едік! Осы ғұламалардан дәріс алып, тәрбие көріп, университет сахнасында концерт, қызықты кеш өткізіп, ­«Айман-Шолпан», «Ақбөпе» пьесаларын қойып, әдебиет пен өнерге құлшына талпындық – И.Ж.) қатысқан мерекелік шараларда, ойын-сауық кештерінде орайын тауып, тыңдатып жүрді. Тіпті басқа институттың студенттеріне де ­таратты. Сөйтіп, бірте-бірте өзіміздің үздік оқитын курстас қызымыз, жамбылдық Әуес Батыршаеваға үйретті. Әуес зипа бойында ерекше бір ибалы қасиет бар, мінезі жұмсақ, сүйкімді жан, нағыз профессионал әнші сияқты үні де кең тынысты еді. Бәріміз Әуестің әншілік болмысына, зердесі мен ішкі мәдениетіне, ой-өрісінің кеңдігіне қызығатын едік. Лаура, екі Үміт, Сәуле, Райхан, Гүлжан есімді бірге оқитын қыздардың бәрі Әуеске мін жұқтырмай, ерекше сыйлайтын-ды. Жамбылдық Ержан (жасы бәрімізден үлкен. Қаратау мен Жетісудың халық әндерін жетік білетін жан-дидары аңқылдаған ақынжанды сері азамат. Өмірзақ екеуміз оның көкірегінде сақталған қарапайым халық әндерінің даналық сөздеріне ерекше қызығатын едік. Сол әндердің бірінде «Жақсыменен отырған жарты сағат, өтіп кеткен жаманның өміріндей» дейтін сөздер – И.Ж.), гурьевтік Сағидолла, Ізтай, Сатыбалды, ақтөбелік Мақсот, Зейнолла, оралдық Бүркіт, ақмолалық Қайрат, осы бәріміз филологтармыз, ал журналистика бөлімінде оқитын Еркінбай, Бақтияр міне, осы курстас жігіттер Өмірзақ пен Әуесті ардақтап, мақтаныш етті. Ұстаздарымыз да бір орайлы сәттерде Өмірзақ пен Әуестің сырлы сезімді әндерін сүйсіне тыңдап, оларға жан жылытар ықыласты сөздер айтып, көтермелеп қоятын-ды. Айт-айтпа, ақыры Өмірзақ пен Әуес «Салтанаттың» бағын ашты. Университетте студенттер жиыны бола қалса, Ержан «Салтанатты» Өмірзақ пен Әуеске алма-кезек айтқызып, мақтанышты сезіммен жайнап отырушы еді.

Университетте өткен бір сауық кешінде Қадыр өзімен бірге оқитын ұйғыр жігіті Махмуд Абдрахманов екеуі маған жолыға кетті де, «Салтанатты» консерваторияның ректоры, атақты композитор Құдыс Қожамьяровқа көрсетейік, нотаға түсіртейік» деді. Мен жүрексініп, ештеңе дей алмадым.

Күндер өтіп жатты.

Сол кездерде консерваторияда композиторлық бөлімінде жоғарғы курста оқитын Қадырша Құрманов есімді жігіт қасында Қабылтай дейтін баянист жігіт бар, университетке келіп, өнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп жүретін-ді. Сол Қадырша бір сауық кешінде «Салтанатты» Өмірзақтың, Әуестің орындауында тыңдап, қатты ұнатты. Содан бір аптадан кейін Қадырша мені композитор Әбілахат Еспаевпен таныстырды. Еспаев ол кезде Мәдениет министрлігінде музыка редакторы екен. Сондай жұмсақ, көзі ботадай мөлдіреген ізетті, мейірбан жан, «Маржан қыз», «Солдат сәлемі», «Мен сәлем жазамын», «Туған ел», «Бейбітшілік сақталады» дейтін әндері эфирден жиі берілетін-ді. Ол әндерді бүкіл халық шырқайтын. Өзім үшін де өте сүйікті композитор. Енді, міне, осы ғазиз жанның алдына келіп отырмын. Еспаев ыждағатты ілтипатпен «Салтанатты» өзіме бір-екі рет айтқызды да, рояльда сүйемелдеп, аспай-аспай, нотаға түсірді. Ән еш өзгеріссіз қаз-қалпында жазылды. Өзі көп сөйлемейтін біртоға, сабырлы, байыпты жан екен, әнге қызыққанын мейірлі жүзбен ғана байқатты. Сөйтті де ойланып тұрып: «Консерваториядағы ұстазым Василий Васильевич Великанов пен Латиф Хамидиге көрсетейік. Сол кісілер пікір жазып берсе, газетке жариялатайық» деді. Мен іштей қуанып кеттім.

Бұл – сол 1956 жылдың күзі еді.

Бір күні Әбілахат Еспаев екеуміз консерваторияға келдік. Великанов өзінің класында екен. Үзіліс кезі. Таныстық. Еспаев ол кісіге менің әнімді көрсетті. Ұзын бойлы, құс мұрын, бұғағы салбыраған сыпа жан рояльға отырды да, әнімді сабырмен ойнай бастады. Ойланып, толғанып қайта-қайта ойнады. Бірақ, ештеңе демеді. Сәлден соң ғана: – Как народная песня. Это хорошо! – деді, Еспаевқа жымия бұрылып.

Еспаевтың жүзі нұрланып кетті. Қуанды. Менің де жүрегім аттай ­тулады. Үнім шығар емес. Сөйтіп тұрғанда үстімізге Латиф Хамиди кіріп келді. Асығыс екен. Бірінші рет көруім. Торғайдай ғана аласа бойлы, ақсары келген жіп-жіңішке сергек адам. Великановтың алдындағы нотаға көзі түсіп кетіп, Еспаевқа жалт қарап: – С...с...сіздің ә...ә..әніңіз бе? – деді кекештеніп.

Еспаев қөзімен мені нұсқады. ­Великанов әнді қайта ойнады. Нотадан көз алмастан: – Как народная песня, – деген сөзін қайталады.

Хамиди елпілдеп, Великановтың сөзін қоштай берді. Не керек, сол сәтте екі үлкен композитор «Салтанат» әніне жылы лебіз білдіріп, «Лирикалық сезіммен шыққан жарқын мелодия. Газет, журналдарға жариялауға болады» деп, нотаның астыңғы жағына пікір жазып берді.

«Салтанат» «Лениншіл жас» газетіне жарияланды.

1958 жылдың наурыз айында ­«Салтанат» радиоға қабылданды. Міне, осы кезде мен консерватория доценті композитор Анатолий Васильевич ­Бычковпен таныстым. Танысуға себепші болған да осы «Салтанат» әні. Радиода музыка редакциясында аға редактор боп істейтін Мақсұтбек Майшекин деген кісі (Алғаш рет – 1939 жылы радиода музыка редакциясы ұйымдасып, іске кіріскенде Бас редактор Ахмет Жұбанов, ал ол кісінің орынбасары боп осы Мақсұтбек ­Майшекин қызмет еткен. Кейін Жұбанов ғылым академияеына ауысқанда оның орнына Майшекин тағайындалған. Біраз жыл Бас редактор болып, одан аға редактор боп, зейнетке шыққанша осы редакцияда қазақ музыкасын жан-жақты насихаттауда көп игілікті істерді тындырып, музыканттар, әншілер мен композиторлардың арасында қадірлі болған жан – И.Ж.) бұл әнді аккомпономент жазуға осы Бычковқа тапсырыпты. Бычков әнге дән разы екен, маған «У ­казахов народная песенная традиция продолжается» деп шын ықыласты сөзін айтты. Сөйтті де, «жиі-жиі келіп, әндеріңді көрсетіп тұр» деді. Міне, «Салтанат» әнімен композиторлардың қызықты ортасына осылайша ендім!

* * *

«Салтанаттың» арқасында радиоға жиі келіп жүрдім. Бірте-бірте біраз редакторлармен, режиссерлармен, әншілермен қарым-қатынас басталды. Әсіресе, Мақсұтбек Майшекин мен бас редактор композитор, әрі музыка маманы Өмірбек Бәйділдаев әніме кәдімгідей мән беріп, ақыл-кеңестерін айтып, ерекше ықыласпен баурады. Мен бұл кісілерге емін-еркін бауыр бастым. Радионың фонотекасында Майра Жүрсінова есімді әнші қыз істейтін-ді. Жасы бізбен қатар. Өзі Өскемен жағынан. Дауысы жұмсақ, майда қоңыр, ешбір әншіге ұқсамайтын бөлекше бір болмыс. Майраны радионың пианисткасы, қазақтың күллі әндерін жатқа білетін бір бекзат жан Наталья Николаевна Борисова сүйемелдеп, әншілікке тәрбиелеп, баулып жүр екен. «Салтанатты» эфирден бірінші шырқаған осы Майра болды.

Біздің үйде бір ескі фотоальбом бар. Анда-санда қарап қоям. Суреттер көп сыр шертеді.

Мырзалиевтің үйлену тойының шақыру қағазы көзіме дәйім оттай ­басылады. Бір әуесқой фотограф Қадыр мен Салтанаттың күңгірттеу фотосын жасапты, жұпыны ғана екі жас. Осы сурет сол өткен күндерді алға тартады, біраз жайды еске түсіреді. Қадыр мен Салтанаттың тойы бір орыстың шап-шағын пәтерінде өтті. Тойда «Салтанат» әнін Өмірзақ Айтбаев орындады. Сол қуанышты сәтте Бек Тоғысбаев пен Махмуд Әбдірахманов «Салтанат» әніне, әлбетте, ән иесі өзіме, Қадырға ... әнді ыстық тебіреніспен шырқаған Өмірзаққа дән риза жүрекжарды сөздерін айтты.

Сол күннен бастап Қадыр Мырзалиевтің Сағатай есімді жары – Салтанат болып аталды да кетті. Әннің жұртқа кең тарағаны сондай, университетте бізден төменгі курста оқитын ­Совет Мазғұтов (Мазғұтов оқу бітіргеннен кейін теледидардағы талғамы биік, өрелі редактор, әрі эстет – жүргізуші ретінде дүйім елге қадірлі болғаны белгілі – И.Ж.) пен оның жары Шолпан дәл сол кезде туған тұңғыш нәрестесін Салтанат деп атады. Совет дауысы қоңыр үнді баритон еді, «Салтанатты» университеттің сауық-кештерінде жайраң қағып, айтып жүрді. Кейін біраз уақыт өте келе Қадырмен дос-көңілдес болған күйеу баламыз Ескермес Ескендіров пен ортаншы қарындасым Тамара өздерінің тұңғыш перзентін Салтанат деп атады. Қыздардың «Салтанат» есімі бүкіл қазақ даласында қырмызы гүлдей құлпырды.

«Салтанат» әні келе-келе менің композиторлық шығарма­шылығымның бірінші әні ретінде елге осылайша тарады. Ал тұңғыш әнім «Түн ортасы болғанда...» «Салтанаттың» көлеңкесінде қалып қойды. Бұл да өзінше бір тағдыр...

***

Е, «Салтанат» әні шыққалы бері мезгіл шіркіннің белгілі-белгісіз толассыз күндері өз әуенімен өтіп жатыпты. «Салтанатты» орындаушылар бұл күнде көп-ақ. Солардың арасында оны нағыз халық әніндей етіп радиода Тұрсынхан Әбдірахманова ешкімге ұқсамайтын кең тынысты сырлы үнімен, өзгеше мәнерімен жан толқыта шырқады. Қазақстанның қай жеріне барсам да халық «Салтанатты» дәйім есіме түсіреді, хикаясын шерткізеді.

1984 жылы қаңтар айының он тоғызыншы жұлдызында Алматы­ның АХБК сарайында өткен шығармашылық кешімде «Салтанатты» әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов орындап, жұлдызымды бір биіктеткендей болды.

«Салтанат» әні болашақ күндерге даланың жібек желімен есіліп, осылайша қалықтап, кетіп барады!

377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы