• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2022

«Қаламы зиялы журналист»

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Ол кездері мектепті тәмамдап қалған тұсымыз. Апта сайын жиналып-қатталып бір-ақ келетін қазақ басылымдарын күтіп жүреміз. «Ұлан» мен «Ақ Желкен» оқудан жасымыз ұлғайды» деп санап, «Жас Алашты» күтеміз. Әрине, үлкендерден соң қолға әзер жететін газеттің қосымшалары мен мақалалары бірінен соң бірі баурап әкетеді. Әсіресе «Дайындаған: Үш қыз» деген қолтаңбамен шығатын өткір жазбалар қызық-ақ. Әуелде Айгүл Аханбайқызы, Роза Қараева, Гүлнар Жұмабайқызы, біз мектеп бітіріп, журналистика факультетіне қадам басқан тұста Гүлзат Нұрмолда қосылған тандемге сырттай қызығамыз. Әрқайсының мақала, сұхбатын оқып, «тақырыпты осы кісілердей жеткізіп жазсақ қой» деп тамсанамыз. Әрі журналистика факультетіне кірген бойда «қыздардан журналист шықпайды» деген ауырлау сөз жүрекке салмақ түсіріп кеп жібергенде «Жас Алашта» жарқ етіп жүрген апайлардың мысалын тізіп шыға келеміз. Иә, журналистика деген әлемге қорықпай енуімізге осы кісілердің де көмегі болғаны анық.

Ал бүгінгі әңгіме – белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы турасында. Мақаламыздың тақырыбын тағы бір қарымды журналист Жұлдыз Әбділданың сөзінен алдық. Шынымен де Айгүл Аханбайқызының қаламы зиялы. Не жазса да махаббатпен, ықыласпен жазатыны оқырманға анық сезіледі. Қандай тақырыпты да тәптіштеп, күллі дерек-дәйегімен анықтап, нақтылап жазады. Ал руханият тақырыбындағы жазбаларының өзі жеке мөлдір әлем. Әдетте сұхбатты танымал, атақ-даңқы сол уақытта аспандап тұрғандардан алуға ұмтылатындар көптеу ғой. Ал Айгүл Аханбайқызы керісінше саяқ жүрген, ел көзінен тасада қалып, ұмытыла бастағандарды іздеп жүргені. Біздің студент шағымызда ауылда жүрген Еркін Ібітановты арнайы іздеп барып кең көлемді сұхбат алып қайтқаны да соның бір мысалы болар.

1998 жылы бала күнімізден арман еткен журналистика факультетіне оқуға түстік. Көңіліміз алып-ұшып ауылға жеткен сәтте де ең алдымен жиналып қалған газеттерді оқып шығуға ұмтылдық. «Енді аз уақытта осындай басылымдарға мақалаларымыз шығатын болады» деп асқақ көңілмен армандап, бірінші бетке жиі жарық көретін «Үш қыздың» жазбаларына үңілеміз. Алматыға оқуға келген соң да «Жас Алаш» пен «Қазақ әдебиеті» басылымдары шығатын күндері ­Тимирязов көшесіндегі дүңгіршекке жүгіріп «судай жаңа» газетті сатып алып, «Қай газет мықты шығыпты?» деп студенттер арасындағы аяқталмайтын дауға араласа отырып, мақалалар мен журналистердің жазғанын жарыса талдаймыз, құныға оқимыз. Атақ-даңқы мықты журналистердің әрқайсының жазғанына қызығамыз. Ал «Үш қыздың» кім екенін білу тіптен қызығырақ секілді. Сол үш қызыңыз газет бетінде жеке-дара мақала да жазады. Біздің бүгінгі кейіпкердің де жазбалары нөмір сайын шығып тұрады. Нағыз өзекті тақырыптарды қозғайды. Оқуға түсетін жылдың күзінде атын естігеніміз болмаса өзін көрмеген Алакөл туралы мөлдіреген мақаласы жарық көрді. Оқимыз да, Алакөлге барғымыз келеді. Оқимыз да, аңыз жайлаған өлкені көргіміз келеді.

«Сол Алакөл көкпеңбек болып көгілдір аспанмен астасып жатыр. Мөлдірлігі сондай, ине түсіріп алсаң тауып аласың. Көлдің беті ала-ала. Жағалау тұсы аппақ, ортасы көк, одан ары қара көк. Ақ тұсы саяз, көгілдір жері терең. Терең тұсы иіріміне бірден тартады. Көлдің беті тынық кезде жай ғана толқиды. Ақ көбік шашқан асау толқындар жел тұрмаса, жағаға жоламайды. Ал Жоңғар қақпасы жағынан соғатын Ебінің желі, Батыстан соғатын Сайхан желі, Қыбыла желі тұрған кезде көлдің беті астаң-кестең болып, ішін тартып ұлыған желмен бірге шулап, ақжал толқындары жардың майда топырағын өші кеткендей, аяусыз сабалайды. Жар опырыла-опырыла ішкерілеп келеді. Көктұма ауылының екі бірдей көшесі кетіпті. Тамырымен қопарылып, аппақ ақ жоңқа болған емен-қарағаштар ­сидиып-сидиып, жағалауда жатыр. Алакөл Ебі, Сайханмен жекпе-жек арпалысқа түскен түні екі дүлей келіп ауылды басатындай сырттан келген адам түні бойы кірпік ілмей атар таңды көзімен атқызар еді. Алакөлдіктер бұған әбден үйренген. «Ебі, Сайхан, Қыбыланы «жекемен­шік» желіміз, ол соқпаса, тыныштықтан жалығып кетеміз» дейді. «Тауда туған баланың екі көзі таста болады». Көлде туған баланың көңілі суда болады. Кез келгені сүңгуір, жүзгіш. Құлаштап суға жүзгенде балықпен бірге жарысып жүрген сияқты. Судың бетін құбылтып, жарқыратып көрсететін Алакөл үстіндегі ай қандай әдемі. Ай Алакөлдің жалауы сияқты. Малта тастары асыл тастарға айналып кеткендей сәуле шашады. Әлде, ай осындай жарық болатын ба еді? Жұлдыздар да жапырласып қонақтап алыпты. Аспан мен жердің меймандарына кең кеудесін ашқан Алакөл ­неткен жомарт. Біздің табиғатты тыңдай білмейтініміз-ай осы. Алакөл бәрін айтып берді. Жоңғар Алатауының сілемдері ол жатыр әне, әңгімесін айта-айта жалығып. Көзің қадалып, табаның тиген жердің бәрі тарих. Тек көретін көз бен бойлай алатын көңілді күлді-көмеш дүние базары бітемесін. Бар дүние жақсылығын бір шараға салып алдыңа тартса да, рухыңның бір өсіп, қанша өкпелесең де, құшағына барып қайта құлайтын өмірдің ғажайып екенін бір рет, тек бір-ақ рет сезінуге ешнәрсе жетпейді...» дейді Айгүл Аханбайқызы әлгі мақаласында. Алакөлді көрмей, журналист қаламы арқылы осылай ғашық болғанбыз. Алакөлге осылай іңкәр болғанбыз. Кейін барған жерден аңыз-әңгіме іздеп, оны мақалаға айналдыруды да әдетке айналдырдық.   

«Жетісу», «Жас Алаш», «Айқын», «Халық сөзі» сынды газеттердің қай-қайсында да Айгүл Аханбайқызының орны айырықша байқалатын. Сол газеттердің оқырманы ретінде руханият тақырыбы Аханбайқызының қаламынан жаңа бір қырынан көрінетін.

Кейін түрлі жиындарға әріптес ретінде қатар баратын болған шақта «ең алдымен «Егемен Қазақстан» шығып кетсе екен, Айгүл Аханбайқызы бұл тақырыпты қалай жазады екен?» дейміз, кейде «алдымен біздің газет шығып кетсе екен, Айгүл Аханбайқызы жазып қойған соң біздің мақала оқырманға қызықсыз болып қала ма?» деп алаңдаймыз. Бұл сірә, әріптес қаламынан шыққан дүниеге деген құрмет болар. Шындығында әлгі жиындарда біз байқай қоймаған нәзік бір иірімдер Аханбайқызы қаламында айшықты жазылып жатады. Осылай үйренеміз. Келер жолы барғанда «мына бір тұсы қалай болыпты» деп бұрнағы мақалалардың мысалына көз жүгіртеміз.

Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың фестиваліне бір топ журналист жолға шығамыз. Сондай сапарларда Айгүл Аханбайқызымен әңгімелесудің, журналистика тұрғысында ғана емес, жалпы адамгершілік, өмір иірімдері, жолыққан жандар туралы әңгімесін тыңдаудың өзі үлкен мектеп. Айгүл Аханбайқызы ешқашан асықпайды. Аптықпайды. Ал бізге бәрі қызық. Баяғыда өзіміз қызыққан ұжым туралы білгіміз келеді, сол кездегі оқырман туралы айтса дейміз, әріптестерінің кейбір «құпияларының» ашылғанын қалаймыз... Журналистердің әңгімесі таусылған ба? Міне, сондай сәттерде Айгүл Аханбайқызының қаламда ғана емес, әңгіме айтуда да зиялы екенін түсінгенбіз.

Қаламгер Қазыбек Құттымұратұлы: «Сол кездің өзінде ақыл тоқтатқан, сол кездің өзінде білімі көл-көсір, сол кездің өзінде көсем сөздің иесі болған бұл курстасымыздың қатарының алды болатынына, қазақ журналистикасының қамбасына талай қазына салатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Бір қызығы, ол кезде бұл кісінің аты-жөні – Назгүл Халықова еді. Осы есімімен біздің есімізде қалған еді. Өз басым әлі күнге оған «Назгүл-ау» деп сөйлеймін. Кейін, оқу бітіргесін бұл кісі «Айгүл Аханбайқызы» болып жаза бастады. Сөйтіп, бұл есімін де қазақ журналистикасының аспанына шығарды. Қызық, кейбіреулер тоқсан жасаса да есімі тоғыз адамның есінде қалмайды. Жалғыз атын жаһанға таныта алмай кететіндер толып жатыр. Тек біздің Назгүл-Айгүл емес. «Мұндай танымалдықтың сыры неде?» деп ойланып қаласың кейде. Ол, әрине, білімнен, мінезден, еңбекқорлықтан ғой. Назгүлде Ілияс Жансүгіровтің тілі бар. Назгүлде Асқар Сүлейменовтің интеллекті бар. Назгүлде Төлеген Айбергеновтің сезімі бар. Ендеше қалай осал болсын?!» – дейді Айгүл Аханбайқызы ­туралы. Біз де осы сөзге толық қосыламыз. Шындығында, Айгүл Аханбайқызының қаламында зиялылардың сәулесі бар.

Айгүл Аханбайқызының қаламынан шыққан руханият тақырыбындағы мақалаларының ішінде оқырманы есебіне жеке өзімнің көңілімді ерекше тербейтіні театр, кино туралы жазбалары. Театр әлемі – сұлулықтың, ізгіліктің мекені ғой. Ал сол көркемдікті тап тасып тану, оның құпиясын оқырманға талдап отырып жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас. Тағы да бір ғана мысал: «Құдай оны ең толымды образдармен жарылқады. Лидия сахнада 17 жастағы арудан бастап, 70-тегі кейуанаға дейінгі барлық қазақ әйелінің образын сомдап шықты. Жай ғана ойнап шыққан жоқ, терең қатпарлы қазақ әйелінің жанының қаншалықты күрделі, қайшылықты екенін көрсетті. Әдемі әйелге өнерде лайықты өмір сүру қиын ба? Актриса – ақтарылу. Жарқ-жұрқ етіп қайнаған театр тіршілігінің сыртында қандай өмір болып жатыр? Біле ме, сезе ме соны жұрт? Сахнада жан алып, жан беріп ойнап, буырқанған ойынына тамсанған көрерменнің шартылдата шапалақ соғып шығарып салғаннан кейінгі өмір... Жалғыздық. Жабырқау. Жалғаннан безіп кеткісі келіп көз жасын ішіне жұтып, егілу. Содан соң бойды билеген бір сәттік әлсіздік бірте-бірте бәсеңдейді, әдемі ажарын айғыздаған жас құрғайды, ал шырмаған ойдан шынығып алған актриса ертеңінде езуіне үйреншікті күлкісін үйіріп алып, түк болмағандай, театрдағы тынымсыз жұмысына қайта жегіледі. Осының бәрі не үшін, кім үшін? Әрине, өнер үшін! Құрбандықты қажет ететін құдіретті өнердің жолында өзін де, өзгені де ұмытып, тағы да алға ұмтылу». Осылай дейді Айгүл Аханбайқызы. Әрине, актриса әлеміне кім-кім де үңілер. Алайда ол әлемді Айгүл Аханбайқызы секілді көріп, ­суреттеп берудің өрнегі ерек.

Иә, біз журналистика деген әлемге үркектей қадам басқанда үлгі тұтқан, ұстаз санаған үлкендер көп болды. Олардың әрқайсынан әртүрлі жақсылықты байқадық, әртүрлі өнегені алдық. Ал сол уақытта қолдан түспеген «Жас Алашта» қызмет еткен аға-әпкелердің өнеге-үлгісі ерекше болғанын да мойындауға тиіспіз. Әсіресе сол басылымдағы қаламгер қыздардың үлгісі «журналистика қыздарға қол емес» деген қисынсыз, ауырлау сөздің жүгін жеп-жеңіл етіп жібергенін әлі күнге ұмытқан емеспіз.

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы