• Қоғам
  • 23 Маусым, 2022

ОРМАН ОТАЛМАСЫН ДЕСЕК...

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке 2025 жылға дейін еліміздің орман қорын молайту жөнінде кезең-кезеңімен жүзеге асыратын нақты тапсырма бергені белгілі. Ол бойынша айтылған мерзімге дейін 2 миллиард тал, терек, шырша, қайың, тағы басқа да жасыл желек түрлерін отырғызып, жалпы еліміз аумағының орман қорын 5 пайызғы жеткізу жоспарланған-ды. 
Шындығында да, орман қорын молайту өте өзекті мәселе. Оның еліміз экологиясы мен экономикасын дамыту үшін де пайдасы орасан зор. Сондықтан да бұл шаруа қалай жүзеге асуда? Еліміздегі жалпы орман қоры қанша? Оны «болашақта қандай деңгейге жеткізуге ­болады?» деген сауал төңірегінде журналистік зерттеу жасаған едік.

ОРМАНЫМЫЗ ҚАЛАЙ ОТАЛДЫ?

Ежелгі ауызша және ­жазба деректерге көз салсақ, қазақ жерінде орман қоры мол болғанын байқаймыз. Оның себебі де түсінікті. Ол заманда қазіргідей қарқынды құрылыс жоқ. Жиһаз өнеркәсібі және басқа да ағаштан бұйым жасайтын кәсіпорын ­болмады. Орманды қырып, жойып турайтын техника да қазақ жеріне әлі жетпеген. Ол заманда қолдан екпе ағаш отырғызбағанымен, табиғи өсуіне мүмкіндік мол ­болды. Сондықтан сол заманнан «ит тұмсығы өтпейтін жыныс орман» деген сөз тіркесі қалған.

Кейін елімізді патшалық ­Ресей отарлаған соң орманды отау ­басталды. Бекіністердің басым бөлігі жергілікті арзан материал қарағай, қайыңнан тұрғызылды. Ол кезде тақтай тілетін станоктары аз болған ба, тұрғын үйлер мен екі-үш қабатты ғимараттарды ендей қарағай, бөренелерден салған. Осылайша жазықтық пен бөктердегі, яғни қолжетімді жерлердегі ормандар тұтастай оталды. Бұдан кейін кеңес үкіметі орнаған соң, колхоздастыру науқанында елді-мекендер де көбіне қарағай бөренелерінен салынып, сол үшін тұтастай ормандарды қиратты. Бұған қосымша орманға барып демалатындардың жауапсыздығы салдарынан өрт оқиғалары да көбейді. Бұл келең­сіздік бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

 

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?

Ресми мәліметке көз салсақ, елімізде 6000-нан аса өсімдік бар екен. Соның 4,8 пайызы ғана орманды алқап болса, бұл көрсеткіш әр облыста әртүрлі. Мәселен, Ақтөбе, Жезқазған облыстарында орманды алқап 0,1 пайызды құраса, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында 14 пайыздан да асады. Жалпы еліміздегі орман қорының ауданы 30,4 миллион гектарға жетеді. Оның ішінде бұл жерлердің 50 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласына пайдалануға берілген. Сонымен қатар балқарағай, майқарағай, самырсын және шырша сияқты аса құнды ағаш түрлерінің қорлары Шығыс Қазақстан мен Алматы ­облыстарында шоғырланған. ­Орман шаруашылығы және ­жануарлар дүниесі комитетінің ­жоспары бойынша 2030 жылға қарай ­орман қорын 5 пайызға жеткізу көзделген. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес жыл сайын 372 миллион түп жасыл желек отырғызылуда. Бұдан бөлек әр облыстың, аудандық орман шаруашылығы басқармалары жыл сайын көктемде қарағай, шырша көшетін жоспарлы түрде отырғызуда. Мәселен, 2020 жылы орманмен қамтылған алқап 1,6 миллион гектарға ұлғайып, 13,1 миллион гектарды құрағанын атап өткен жөн. 2021 жылы бұл көрсеткіш тағы еселенді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде қарағай, шырша көшеттерін өсіріп, дайындайтын 155 орман тұқымбағы жұмыс істейді.

– Олар толық жүктемеленген жағдайда жоспарланған жұмыс көлемінің орындалуын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар уақыт­­ша тұқымбақтар құру, ­орман меке­­мелерінің материалдық-техни­калық жабдықталуын нығайту қажет, – дейді комитет басшысы.

ОРМАНДЫ ҚОРҒАУДЫҢ ЗАҢДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігі 2021 жылы «Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қор­ғаудың үлгілік қағидаларына» толықтыру енгізді. Ол ­бойынша бірнеше бап пен тармақтарда қарағай, шырша, тал-теректерді заңсыз кескендерге байланысты қатаң шаралар қолдану көзделген. Бұл жолғы заң талаптары ағаш кескендерге ақшалай айыппұлмен бірге ағаш отырғызуға міндеттеген. Мәселен, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау сияқты әрекеттерге барған адамға 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желектерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу жүктеледі. Бұдан бөлек орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілген. Үкімет қаулысының тиісті жобасы өткен жылы қабылданды. Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшерін 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар базалық ставкалар ағаш түрлері мен жасына қарай елді мекендерде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу кезіндегі залалды өтеу мөлшерлерін айқындау жөніндегі жаңа жеке қосымшамен толықтырылды. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексіне дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде бірқатар өзгерістер енгізілді. Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлды келесідей ­арттыру көзделген.

• жеке тұлғаға 10 айлық есептік көр­­сет­кіштен 150 айлық есептік көрсет­кішке дейін;

• шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне 30 айлық есептік көрсеткіш­тен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін;

• орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін;

• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру.

 Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаң­дату бойынша Қылмыстық кодекске де өзгеріс енгізу көзделген.

 

АРАЛДЫҢ ҰЛТАНЫНА – СЕКСЕУІЛ

Жалпы орман алқаптарын молайту еліміздің әр өңірінде жүргізілуде. Оның ішінде экологиясы күрделі саналатын Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылған. Мәселен, соңғы 5 жылда орман көлемін арттыру үшін облыстық бюджеттен орман қорына 55 мың гектарға орманды толықтыру жұмыстары жүргізіліп, оның 26,3 гектары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егілген. Сонымен қатар, бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту арқылы экологиялық жобалар жүзеге асырылуда екенін білдік. Мәселен, Корей мемлекетінің қайтарымсыз қаржысына Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 13,3 мың гектар жерге 5 миллион сексеуіл отырғызылған. Мұның сыртында Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаржысы есебінен «Қазақстанның ландшафтарын қалпына келтіру» жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фито-орман мелиоративтік жұмыс­тары жүргізілген. Осылайша бұл өңірде орманды алқаптардың 89 пайы­зын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. Теңіз­дің құрғаған бөлігінде тұздың ұшуын тоқтату және экологиялық жағ­дайды жақсарту мақсатында соңғы 30 жылда теңіз ұлтанының қазақстандық бөлігінде 194 мың гектар сексеуіл және басқа да гала­фитті өсімдіктер көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Бұл екпелер қазір табиғи өсіп көбеюде. Қазіргі таңда Арал теңізінің құрғаған ұлта­нының жалпы көлемі 6 миллион гектарды құраса, оның 2,5 миллион гектары Қазақстан аумағына тиесілі. Сон­дықтан бұл өңірде жасыл желек егетін жер әлі жетерлік... Ол бос ал­қаптарға сексеуіл көшеттерін бола­шақта да еге беру өңірдің эколо­гия­лық жағдайын жақсартатын бірден-бір фактор екені анық.

 

ОРМАН ӨРТІ...

Ежелден айтылатын «өрт – тілсіз жау» деген сөз қазіргі таңда да мәнін жойған жоқ. Әсіресе орман үшін қауіптің бастысы осы өрт болып тұр. Мысалы 2021 жылы 712 орман өрті тіркелген. Бұл, әрине, тіркелгені. Шын мәнісінде, әр орман шаруашылықтары өз күштерімен сөндіріп алатын өрт оқиғалары тіркеле бермейді. Өйткені әр тіркелген орман өртінен кейін ­облыстан, республикалық комитеттен барып сол орман шаруашылығын тексеретін комиссиялар болады. Ал мұндай комиссиялардың тексеруінен орман шаруа­шы­лықтарына зиян болмаса, пайдасы жоқ. Сондықтан шағын алқаптарды қамтыған орман өрттері тіркеле бермейді. Енді тіркелген ­орман өртінен қанша жасыл желектің күйіп кеткеніне келер болсақ, өткен жылы оның аумағы 148,7 мың гектарды құрайды екен. Бұл орман өртінен келген зиянды салыстырар болсақ, жалпы Президент тапсырмасымен егілетін 2 миллиард көшеттің жалпы көлемі 85 мың гектарды ғана құрайды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, орман өрті жыл өткен сайын көбейуде. Мысалы, 2020 жылға қарағанда өткен жылы 13 пайызға көбейіп, өртенген орман алқабының көлемі 59 пайызға өскен. Ал келген қаржылық шығын 4,6 ­миллиард теңгеге жеткен. Жалпы сала мамандарының айтуынша, орман өрті жыл сайын көбейіп келеді. Бұған адамдардың жауапсыздығы бір себеп болса, кейінгі жылдар елді құрғашылық жайлауы жағдайды одан ары ушықтыра түскен. ­Сонымен қатар орман өртінің алдын алумен айналысатын, орын алған өртті өшіретін елімізде 14 ғана ­авиотоп жұмыс істейтіні анықталған. Мамандардың айтуынша, әр ауданда кем ­дегенде бір авиотоп жұмыс істеуі керек. Сонда орман өртінің алдын алып, орын алған жағдайда жедел өшіруге мүмкіндік тумақ.

Жалпы алғанда соңғы оншақты жыл бедерінде әлемді орман өрті елесі кезіп жүргендей. Өткен жылдары ­Австралия мен Америкада алапат өрт болып, одан елді мекендер жалынға оранып, адам шығыны болғанын да білеміз. Алысқа бармай-ақ, Ресейдегі жағдайға назар аударсақ, өткен жылы көршіміздің 10 миллион гектар орманы өртеніпті. Орманы қанша қалың болса да орасан зор шығын екені анық. Сондықтан әр отандасымыз табиғат аясына шыққанда отқа абай болғаны абзал. Өйткені орман бағалы байлығымыз екені даусыз.

975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы