• Қоғам
  • 23 Маусым, 2022

ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ: ҚАБЫРҒАЛАР НЕГЕ ҚҰЗДАНЫП ЖАТЫР?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «қабырғалары құзданып, тұзы шығып, бұзылып жатыр» деген пікір қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл кесененің жайы бүгін ғана емес, ертеректе де алаңдаушылық тудырғаны белгілі. Бұл туралы Өзбекәлі Жәнібеков «Тағдыр тағылымы» атты еңбегінде «Қолымызды байлай бергені – заттық-техникалық ресурстарды ­былай қойғанда, «Әзірет Сұлтан» қорығы сияқты аса күрделі сәулет ғимаратын қалпына келтіретіндей озық тәжірибенің жетісе бермейтінінде, маманданған шілеңгерлердің аздығында, әртүрлі себептермен бірін-бірі алмастыра берген шеберхана басшыларының тұрлаусыздығында еді» деп жазған еді. 

КӨРІНІП ТҰРҒАН  МӘСЕЛЕНІ АЙТУ КЕРЕК

Қазіргі таңда көтеріліп отырған мәселеге де облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пікір білдіріп, қоғамда мұндай пікірлер айтылып тұратынын, кесене аумағындағы 88 гектар жерге ешқандай ғимарат салынбайтынын алға тартты.

«Тек көгалдандыру жұмыс­тары жүргізілді. Қазіргі көгалдан­дырылған жерде бұрында әртүрлі гүл мен тал егілген болатын. Біз сол жерге газон ектік. Артындағы топырағы шығып жатқан жерді ботаникалық бақ жасадық. Бұл ЮНЕСКО-ның қарамағындағы кесене. Сондықтан барлық жобалар солармен келісіліп жасалады. Сонымен бірге Түркістанға келетін турис­терге де жағдай жасалуы керек. Біз де ғалымдармен ақылдасып жасаймыз. Ешқандай зиян келіп жатқан жоқ. Кейбір адамдар үйінде жатып, пікір айтады. Дәлелін айтсын, соған сай сөйлесетін боламыз», – деді облыс әкімі.

Мәселені алғаш болып көтеру­шілердің бірі, тарих ғылымының докторы Мұхтар Қожа бұрын қабыр­ғалардың құзданып, тұздануы болмағандықтан, бұл алаңдау­шы­лық тудыру керек деп есептейтінін жеткізді.

«Көрініп тұрған дүниені ­айтамыз. Ылғал болған соң, бетіне ағарып тұз шығады. Бұрын ондай нәрсе болмаған. Бұл алаңдау­шы­лық ­тудыруы керек. Тұз деген қабырғадан шыққанда ескерткішке қиын соғады. Яғни дұрыс қарамаймыз, ­тасын дұрыс тексермеген. Жаңа нәрсе пайда болған кезде, айналасындағы өзгерістерден себеп іздейміз ғой. Бұрынғыдай көгалдандыру, суландырады дегендей жұмыстар әсер еткен болуы керек. Мен бұл мәселені біраз бұрын талқылау кезінде де, тас төселіп жатқанда да айтқанмын. Министрлік методикалық кеңес өткізетін, сонда суландыруға болмайтынын айтып жүрдім. ­ЮНЕСКО ұйымымен келісіліп істелген күннің өзінде, халықаралық ұйым да кейде қателесуі мүмкін ғой. Көгалдандыруға рұқсат бергенде осындай болады деп ойламаған шығар. Ең біріншіден, шығып жатқан нәрселердің пайда болу себебін тауып, шешу керек. Әйтпесе ылғал жоғары көтеріле береді, қабырғадағы кірпіш те үзіле береді.

Кесененің өзіне ғана емес, айналасындағыларға да әсер етіп жатқаны рас. Жалпы ол тарихи орын ғой, сондықтан айналасын аса бір көгалдандырып жіберу қолайсыз. Алыстау жерден болатын шығар, ал іргесіне дейін әкелу дұрыс емес», – дейді тарих ғылымының ­докторы Мұхтар Қожа.

Біз осы орайда Түркістан облыстық әкімдігіне хабарласып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ­реставрациясына қатысты жауап беретін ­мамандардан жауап алуға тырыстық. ­Алайда әкімдіктің баспасөз қызметінің жауабынша, аталған ­кесене мен айналасындағы бірнеше тарихи ­нысан, сол аумақ облыстық әкімдікке қарамайтынын, оған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ­жауап беретінін жеткізді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетіне қарайтын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығын бүгінде Мәулен Садықбек басқарады. Ол бұл мәселенің 2004–2010 жылдары да көтерілгенін, 600 жылдан бері тұрған кесенеге әлі күнге дейін толымды бақылау ала алмай отырғанымызды айтады.

«Бұл мәселеде кесенені бір мекеме толығымен бақылауға алып, күні-түні ылғалдылығын, тұзын зерттеп отыру керек. Қазіргі таңда бір құрылыс жүрсе салып жатқан компаниялар «салуға болады-болмайды, мынанша уақытқа жарамды, осынша уақытта ауытқуы мүмкін» деген сияқты зерттеу жұмыстарын жүргізіп барып, құрылыс бастайды ғой. Сол сияқты кесенені де толығымен зерттеп, зерделеп жұмыс істеу керек. Иә, қазір ылғалдылығы жоғары, тұзданып жатыр, көзге көрініп тұр. Осы мәселенің нақты ­жауа­бын беру үшін жоғарыда айтқан ғылыми зерттеу жұмыстары болуы керек. Сол дәлел ешкімнің қолында жоқ. Бір жылда 365 күн ­болса, 365 күн бақылауда тұрып, тағы да бір жыл ғана емес, ондаған жылдар, былайша айтқанда тоқтамау керек. Өзіміз қанша уақыт бармыз, ол сонша уақыт бақылауда тұруы керек. Біреулер абаттандырудан көріп жатады, біреулер оны терістеп, әсері жоқ дейді. Ал оның неден, қалай екенін мамандар анықтайды», – дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мәулен Садықбек.

Оның айтуынша, жан-жақты факторлар бар, ол зерттей келе дәл осы суландыру мәселесінен де, басқа да себептер де болуы мүмкін. Бірақ айту үшін нақты дәлел керек. Сол үшін мамандар мен ғалымдардың басын қосып, талқылау өткізбек екен.

«24 маусым күні Өзбекстаннан, Әзербайжаннан мамандар келеді, өзіміздің отандық ғалымдар бар. Осы мәселені күн тәртібіне көтеріп отырмыз. Кейбір мамандар көріп, бірден айта салмайды. Ол жақта қандай болып жатыр, Салыстырмалы түрде қарайды, сосын мамандар анықталады. «Бұл енді жылына бір рет бас қостық, сонымен болды» деген әңгіме емес. Жиі-жиі кездесіп, әртүрлі деңгейдегі мамандарды, сараптама салып, тексеріп, қажетті қондырғылар, құрал-жабдықтар бар, осының бәрін алып отырамыз. Солардың бәрін алып, орнатып, түгел бақылауға алуы­мыз керек. Сонда ғана диагнозды анықтай аламыз. Судан да болуы мүмкін, жердің құнарының шөгуінен де болуы ықтимал, жалпы ғимараттың өзінің түрлі-түрлі ауытқулары болуы мүмкін деген сияқты. Жалпы кесене қандай жағдайда тұр, үлкен мәселе – осы. Бұл мәселеде ғалымдардың нақты мәліметке сүйеніп айтқан пікірі ғана дәлел бола алады. Ал біз әлі күнге дейін «анау айтты, мынау ­айтпады» әңгімемен жүрміз. ­Технология қарыштап дамып кеткеннің өзінде, біз осы мәселені түбегейлі бір әдісін ­тауып, бір тоқтамға келе алмай ­жатырмыз.

Ясауи кесенесі мұра болған соң, көбі жанашырлықпен қарайды. Мұндай жұмыстардың барлығы елмен кеңесіп отырып жасалуы керек. Реставрация жұмыстары жасалмады емес, ­жасалды. Тіпті жылдар бойы жасалып келе ­жатыр. Ол қалай жасалды, оған қанша қаражат бөлінді, неге дәл сол тәсілмен жасалды дейтін болсаңыз, жауап таба алмайсыз. Неге? Өйткені бәрі жабық жүргізіледі, ­жабулы қазан жабық. Ал ол дұрыс емес. Бұл ашық жүргізілуі қажет, не үшін олай ­жасалып жатыр, дәл сол жерге қажет пе, қажет емес пе, міне, осының бәрі елдің назарына ұсынылуы керек. Елдің талқысына салынбағанның өзінде құлағдар етіп отырған дұрыс. «Міне, осындай жұмыс жүргізейін деп жатырмыз, бұл мынаған сүйеніп жасалады, мынадай дәлелдеріміз бар» деп барып қана жасалуы керек. Сондықтан бұл бір жақты емес, үлкен күрделі мәселе. Кесененің жанына көл салды, сол көлден деп ғана қарауға болмайды. Бұл жан-жақты қарауды қажет ететін күрделі нәрсе», – дейді Мәулен Садықбек.

Музей-қорық директорының айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО ұйымының қорғауында деп қарап отыруымызға болмайды. Оның жалғыз жанашыры да, мұрагері де өзіміз болғандықтан өзіміз ізденіп, сақтап, қорғауымыз керек. «Бұл кесенеде барлық игі жақсыларымыз жатыр, қазақты тарихын айқындап берген Ясауи бабамыздың мұрасы. Сондықтан бұл жерде жекелеген пендешілік тұрғыдан қараудың керегі жоқ, оған жанашыр ретінде қарап, мәселені сол тұрғыдан айту керек», – деген Мәулен Садықбек ЮНЕСКО ұйымына арқа сүйеп, одан бір керемет көмек күтудің де қажеті жоқ екенін алға тартты.

«БҰРЫНҒЫ МИНИСТРДІҢ ҚАТЫСЫ...»

Фи­ло­логия ғылымының кандидаты, қауым­дас­тырылған профессор Болат Қорғанбеков осы мәселеге бұрынғы Мәдениет министрін қатысы барын айта келе,  реставрация жұмыстарында көптеген кемшіліктер орын алғанын айтады. Оның пікірінше,  қайта қал­пына келтіру жұмыстары дұрыс жүр­гі­зілмегендіктен, бүгінгі ылғалдану, тұз­дану мәселелері шығып отырған көрінеді.

«Кесененің құзданып, тұз жиналып, іргесінің бәрі ылғалданып, бүлініп жатқаны көрініп тұр. Осы уақытқа дейін қанша ғасыр тұрған нәрсе бұрын ылғалданбаған. Мұның бәрі қазір жасалынып жатқан нәрселерден орын алып отырғаны түсінікті деп ойлаймын. Бұл жерде жасанды көл орнатып, көлге апаратын канал тартқан. Абаттандыру жұмысы деген желеумен айналасының бәрін көгертіп, суғарады. Ол жұмыстардың барлығы ескі ғимараттарға қойылатын халықаралық талаптар бойынша жасалмауы ­керек нәрселер. Бұл мәселеде бұрынғы Мәдениет министрі ­Арыстанбек Мұхамедиұлының да  кінәсі бар, оның астын сызып айту керек. Ол кесенеге ешқандай қатысы жоқ, музей ісін білмейтін адамдарды басшы қылып қойды. Сосын реставрацияға да ол жұмыстан хабары жоқ адамды басшы етіп тағайындады. Бұл бір емес, көп жерде өз ісінің мамандарын емес, өз адамдарын қоюға тырысты.

Реставрация жұмыстары кезінде кесененің алдындағы кірпіштің бәрін алып тастап, ол жерге жалтыраған гранит бетондар, бетон тақталарды қойды. Оның барлығы ылғал тартады. Қай жылдары түрік компаниясы келіп реставрация жасағанда оның астында ғасырлар бойы тұрған қамыстың бәрін алып тастап, оның орнына бетон құйды. Бірақ қабырға мен бетон арасына ылғал өткізбейтін ешнәрсе сала алмайтыны түсінікті. Сосын кесененің төбесіндегі, күмбезіндегі тесік, ойықтардың бәрін бітеп кетті. Ал ол негізі ішінде барлық жерге тиіп тұратын, ауаның айналымы жүріп тұратындай қылып, соншалықты мықты жасалған. Ауа айналымы жүретін бір метр де жер қалмаған. Тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапты. Ал гипс ылғал тартатын нәрсе, ылғал тартқаннан кейін ол ауырлайды. Сол нәрсе ауырлап, ауа айналымы тоқтағаннан кейін онда да бір қауіп төнеді», – дейді филология ғылымының кандидаты Болат Қорғанбеков.

Болат Қорғанбеков кесененің ­жанынан мешіт салу да халықаралық талаптарға сай келмейтін жұмыс деп есептейді. Өйткені ол жерде әлі қазба жұмыстары жүргізілсе, көп байлық жатуы мүмкін екенін айтады. Мұның бәрі қазақтың руханиятына жасалып жатқан қиянат деп санайтын профессор оның тарихи құндылығын да атап өтті.

«Қожа Ахмет Ясауи қазақ рухания­тының көшбасында тұрады, біздің осы кезге дейінгі бірегейлігіміз   осы кісінің ілімінің арқасында. Қазақ­тың хандарының, билерінің, батыр­ларының, кейінгі замандағы болыстардың, ел басқарған адамдар­дың барлығының, сол кездегі, сол замандағы транспорттың қиындығына қарамастан сол жерге әкеліп, пантеон қылуы, бұл – бабаларымыздың бізге жасап кеткен ишарасы. Біздің бүкіл рухани байлығымыздың фундаменті ­Ясауи ілімінде жатыр. Міне, сондықтан да сол кесене құласа, қазақ руханиятының шаңырағы шайқалатыны белгілі. Бұған мүдделі, қазақ руханиятына қарсы топтар бар. Сондықтан да бүгінгі мәселенің бәрін сондай тереңде жатқан қастандық деп ­ойлаймын», – дейді Болат Қорғанбеков.

ИНЖЕНЕР МАМАН НЕГЕ КЕЛІСПЕЙДІ?

Алайда Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінде 41 жылға жуық жылу және температуралық өлшеу инженері болып жұмыс істеген Асан Мырзабек жоғарыда айтылған бірқатар сынмен келіспейді. Оның пікірінше, дәл қазір кесененің іргетасының астынан келіп тұрған ешқандай зиян жоқ. Сондай-ақ жасанды көл мен су бұрқақтан да қауіп төнбейді. Ол ­кесене қабырғаларындағы құздану мен тұз шығуды ауа температурасымен байланыстырады.

«Мәселен, субұрқақтың суы ешқайда ағып кетіп жатқан жоқ. Ол суды қайта-қайта айналдырып тұрған вакуумды субұрқақ қой. Осыған дейінгі басшылар мені маман деп ұстап отырды, көп нәрседе менің ойыммен санасып отырды. Бүгінде зейнеттемін. Күн райы қатты ыстық. Шашып тұрған суды тоқтатып қоятын болса, түнгі қапырықтың өзіне кеуіп кетеді. Кесенеге сол ­судан келіп жатқан ешқандай зиян жоқ. Биыл Түркістанға жылдағыдан көп жауын түсті. Қабырғалардың тұздануы жаңбыр көп түскен жылдары өте көп болады. Себебі, жаңбырдың мөлшерінде тұз көп. Қазір анықтап, турасын айтатын лабораториям жоқ. Бірақ мен көп нәрсені жаңбырдың суынан көремін. Сол ­себептен бұл жұмыстардың бәрін музей саласының мамандары бақылауға алып отыруы керек. Әрбір сағат, әрбір минут сайын. Мен өзім сол жерде сегіз сағат жұмыс істейтін болсам, таңнан түске дейін бәрін басынан-аяғына дейін көріп шығатын едім, түстен кейін қайтар уақытта қайтадан көріп шығатынмын. Кесенеде ауа ауысу қабілеті өте күшті. Кейбіреулер ауа ауысатын жерлер жабылып қалды деп жүр. Оның бәрі жалған нәрсе. Естеріңізде болса, 2007–2015 жылдары 200 шырша, кем дегенде 500 түптей жеміс талдары егілді, сол жерде үш артезиан жұмыс істеп тұрды. Оның жер астынан шығарып тұрған суының диаметрі – 150. Есебіне жете беріңіз, 150 диаметрлік тұрғыдан шығып тұрған судың бір сағатта жібергені қанша болады, соны 24 сағатқа көбейтіңізші. Міне, олар бұрынғы өздерінің қателіктерін түсінбейді, ал қазіргі жұмысқа осындай болып жатыр деп дабыл қағады. Кесенеде «түсейін деп, құлайын» деп тұрған жерлер бар. Ал жауапты мекемелер не істеп отыр, 24 сағат бақылауда болу керек.

Ал осы аптада келетін Әзербай­жанның, Өзбекстанның мамандары осы мәселеге қатысты тұжырымды шешім айта алмайтынына толық сенімдімін. Себебі олар мұндай күрделі жұмысты талдамайды. Егер экспертті Пәкістаннан, Ираннан шақырса түсінер едім. Әзербайжан мен Түркістанның ауа райы сәйкес келмейді, ол жақтың маманы не айта алсын?

1980 жылдары Ленинградтан келген бір топ мамандармен бірге жүріп біраз нәрсеге көзім жеткен. Америкадан келген реставраторлар 7-8 профессор бір жарым ай жүрді, олармен де бірге жүріп, олардың да ойын тыңдағанмын. Осыдан 1-1,5 жыл бұрын Пәкістанның, Иранның реставраторларымен ол жақтарда тарихи ескерткіштерді қалай қорғайды екен, жұмыс қалай жүріп жатыр дегендей бір аптадай әңгімелестім. Ол жақтың ауа райы біздікімен сәйкес келеді, 40 градус ыстық болады, қыстың күндері 15-20 градусқа дейін аяз болады.

Менің ұсынысым, Ясауи кесенесін дабыра қыла бергенше, жақсылап бір лаборатория ашу керек. Тарихты зерттеп жатқан ғалымдардың бәрін университетке жіберу керек. Қаражат жетіспесе, сол отырған ғалымдардың орнына бір тиянақты жұмыс істейтін лаборатория қою керек. Сол уақытта ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде үлкен проблемалар болмайды деп айтар едім», – дейді инженер Асан Мырзабек.

Инженердің пікірінше, «қанша жылдан бері тұрған тарихи нысанды апат болайын деп жатыр» деп жұртты үрейлендірудің қажеті жоқ. Бұл ­туралы кім көрінген айтып, жұртты даурықтырмасын, мамандар айтсын, ­мамандар сөйлесін» деген ойымен бөлісті.

«Қажет болса, реставрацияның ­мамандарын шақыртсын, ол мамандардың әрқайсысы қанша жылдан бері тарихи нысандарға бақылау жасап жүр, қандай жұмыс істеп жатыр, соны да білу керек. Әйтпесе, жаңадан келген, еш хабары жоқ біреуді жібереді, ол келеді де, мұнда басқаша ұғым беріп кетеді. Біздікілер барлық команда соның айтқанын істейді. Әрине, сосын ол дұрыс болмайды. Бұл мәселеде әр істің өз маманы сөйлесін, маман емес­тер керек емес. Тарихшылар реставратор емес, олардың сөзін сөйлемесін. Ғаламторда қабырғалардың көгерген суреті жүр. Ол былай: Есім ханның төбесі ашық, жауын құйып тұр, қабырғада ылғалдар бар. Ол күн қатты ысығанда бір күнде жоқ болып кететін нәрсе. Түрік фирмасы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанда, мен Херми деген венгер жігіттің жанында жүріп, барлық жұмыстарымен таныстым. Сонда олар фундаменттің түбіне 900-дік макл цемент құйды. Ондай цементті мұхиттың түбіне құйсаңыз да, бір-екі күннен кейін цемент өзінен-өзі қатты қатаяды да, тасқа айналып кетеді. Егер кесененің ішіндегі пайыз ылғалдылығы күшті болатын болса, ортадағы тайқазан коррозияға ұшырайтын еді. Коррозия қатты ылғалдың әсерінен болатын нәрсе. Ол жерде шырағдан да, тайқазан да тұр, еш жерінде коррозияға ұшыраған жері жоқ», – дейді Асан Мырзабек.

МӘСЕЛЕГЕ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Міне, сан тарапқа тартқан бірнеше маманның жауа­бын тыңдап көрген соң, Мәдениет және спорт министрлігіне ­хабарласып, аталған мәселелер бойынша жауап беруін сұрадық. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 32-бабына сәйкес ғылыми-реставрациялық жұмыстардың түрі нақты айқындалған.

«Бүкіләлемдік мұра объектісі болып табылатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар көрсетілген Заңмен қарастырылған ғылыми зерттеу, консервациялау, реставрациялау жұмыстарын ғана қамтиды. Атап айтқанда, кесенеде жүргізілетін ғылыми-реставрациялық жұмыстар Ясауи кесенесінің техникалық жағдайын қалыпты сақтап отыруды ғана көздейді. Ол жұмыстар кесененің тозған жеке кірпіштерін, сарғайған немесе ежелгі қабырғалар мәнсіз қабылдай алмаған әктің түскен жерлерін қалпына келтіру  сияқты жұмыстарға ғана жол беріледі. Аталған жұмыстар ғылыми-жобалау құжаттамалардың негізінде жүзеге асырылады. Мәселен, қазіргі кезеңде ерте заманнан келе жатқан көрхана есіктері реставрациялау, консервациялау жұмыстары өткізілуде. Ғылыми-реставрациялық жұмыстарынсыз ежелгі материалдар мен дүниелер антропогендік, майда жәндік-құрттар, климаттық және тағы басқа ықпалдардан жойылып кетуі мүмкін.

Кесенені күрделі жөндеуден өткізу немесе оның конструкцияларын өзгерту, ауыстыру  және осы сияқты жұмыстарға жол берілген емес. Осы орайда, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды дұрыс жүргізілмеген деуге негіз жоқ деп санаймыз», – делінген Мәдениет және спорт министрлігінің жауабында.

Ал министрлік «Тарихи кесененің ылғалды жерде орналасуы оған қауіп төндіріп жатыр деген уәжге не айтасыздар?» деген сауалымызға былай деп жауап берді:

«Тарихи-мәдени мұра ескерткішінің жай-күйі оның айналасында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да байланысты екені анық. Сырдария өзенінің орналасуы себебінен жер асты суларының жақын екендігі белгілі. Осы орайда, ең берісі осыдан 5-6 жыл бұрын кесененің жанындағы бекініс қабырғасының артқы жағында сулы жердің өсімдігі қамыс көптеп шығатын. Жалпы кесененің ылғалдығын бақылап отыру мақсатында кесененің аумағында 13 дренаждық құдық орнатылған және сол арқылы бұл жұмыс қадағаланып отырады. Десек те, қазіргі кезеңде қоғам тарапынан кесенеге сол аумақта салынған Керуен сарай каналының суы ықпал көрсетуде деген хабарлар келіп түсуде.

Осы орайда, кесененің айналасындағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының ылғалдық ықпалына көз жеткізу мақсатында биылғы жылдың 10-маусымында кесененің ішіне температуралық-ылғалдылық режимін күнделікті бақылау мақсатында неміс үлгісіндегі арнайы Testo-625 термогигрометриялық 7 аппарат орнатылды. Сонымен қатар ылғалдылықтың деңгейін анықтау және жылу-ылғалдылық режимін реттеу бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін министрліктің «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеу жұмыстарының кешенді бағдарламасын жүргізуді ­жоспарлап отыр.

Кешенді бағдарлама бір жыл бойы жүргізіледі және ескерткіштің және оның айналасының маусымдық (жаз, күз, қыс және көктем) мониторингтік зерттеулерімен сүйемелденеді».

Сонымен қатар, министрліктің мәліметінше, бұл мәселе ­Президент Әкімшілігінде талқыланды. Кеше мүдделі мемлекеттік органдардың, кесененің сақталуын, және қорғауды қамтамасыз етіп отырған ұйым басшыларының қатысуымен Ақордада Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайына қатысты арнайы отырыс өтті. Қорытындысында әр мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісінше нақты тапсырма берілді.

P.S.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне 2003 жылы енгізілген. Бүкіләлемдік мұра объектілерін қорғау Конвенциясына сәйкес ЮНЕСКО-ға әр бес жылда оның сақталуына қатысты есеп беріледі. Сонымен қатар бес және одан көп жылға арналған Кесенені пайдалану, сақтау, қорғау, әкімшілік басқару, ғылыми зерттеу, заңнамалық қолдау бағыттарын қамтитын менеджмент-жоспар әзірленіп, ЮНЕСКО-ға енгізіледі. Бұдан өзге ЮНЕСКО тарапынан Кесененің сақталуын, қорғалуын қадағалау мақсатында ИКОМОС мониторингі жіберіліп тұрады. Соңғы Ясауи кесенесіне қатысты ЮНЕСКО/ИКОМОС мониторинг 2016 жылы болған. Ал қазіргі таңдағы мәселелердің шешімін табу алдағы уақыттың еншісіне қала бермек.

2348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы