• Тұлға
  • 30 Маусым, 2022

ҚАНАТТАСТАР

(Соңы. Басы өткен сандарда)

Студенттік достар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург 
Нұрлан Оразалин мен қаламгер, баспагер Ырым Кененбайдың сыр-сұхбаты

 Жақыпбаев сомдаған жарқын, жақсы екі рольге тоқтала кеткім келеді. Біріншісі – Маман Байсеркеұлы қойған Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларындағы» Еркебұланның (Сәкеннің прототипі) бейнесін сомдауы. Менің сүйінгенім – Нұрқанаттың пьеса айналасында шектелмей, Сәкенге қатысты арғы-бергі әдебиет­термен танысып, монографияларды оқып, барынша үңгіп, ізденгені. Маман ағасы екеуінің түн баласы ұйқы көрмей, күрделі дәуірдің қиын мінезін талдай отырып, ұлы тұлғаның жан дүниесін ашуға ұмтылғаны.

Спектакль сәтті қойылды. Сәкенді көрген қарттардың біразының аман кезі. Солардың бірі – Әлжаппар Әбішев. ­Премьерадан соң: «Айналайын, Нұрқанат, мың жаса!» Сәкенімізді қайыра тірілттің ғой...» деп көзіне жас алғаны есімде. Екіншісі – өзімнің тұңғыш пьесам «Шырақ жанған түндегі» Таңаттың рөлін ойнауы. Осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын ­Вениамин Ким қойған спектакльдің көрермен көңілінен шыққаны – театр ­тарихына айналған әңгіме. Досхан, Ғазиза, Нұрқанат және ­театр майталманы – Қасым Жәкібаев (бірінші құрамдағылар) сомдаған Сағын, Нұргүл, Таңат, Көрші бейнелері қаз-қалпы жадымда. ...Бұл да ұзақ әңгіме. Менің бұл арада айтпағым: актер Нұрқанаттың ойы мен бойын қасаңдық қорығына қамамай образ табиғатын ашу үшін еркін қимылға, көркем ізденістерге батыл барғаны. Ел санасында қаһарман-кейіпкерлер сомдаушы ретінде қалыптаса бастаған актердің күтпеген жерден сұлулық көрсе, есі кете елітуге, елітуінің төркінінде кіршіксіз тазалық жасырынған бозбала жігіттің ахуалын соншама нәзік, соншама сыршыл, соншама нанымды етіп бейнелеуі көрермен көңілін баурап алды. Бұл талантты актерді жаңа қырынан тануға жол ашты. Актер бойындағы пластикалық мүмкіндік молынан танылды.

Бүгінде, ойлап отырсам, күллі өнері мен өмірі адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарын ашуға, сол арқылы мына ұлы дүниенің ой мен қиялға бағына бермес жұмбағын зерттеп, сырына бойлауға сарқыла жұмылған, театр дейтін киелі дүниені соған бейімдеген режиссер – Нұрқанаттың қазақ театрына құбылыс болып енген, ешкімді қайталамайтын қолтаңбасы өз бастауын сол өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарынан алғандай елестейді. Иә...

Қазіргі қазақ театр өнерінің шекара асқан абырой-беделін қабырғасы қайыспай көтеруге жараған Астана Жастар театрының ел ауызында жүрген аңызға пара-пар ақиқатының жолы оңай болған жоқ. Осы бір «ақиқаттың жолы ауыр» дегенде кешегі қазақ ТЮЗ-інің ­сахнасына сән берген Нұрқанаттың Айтматов шығармалары бойынша қойылған «Жан азабы», ­Оралхан Бөкейдің «Атау кере», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» пьесалары бойынша қойылған өрісі бөлек өзгеше дүниелері есіме түседі.

Бұл – кешегі күнгі Нұрқанат.

Бұл – менің есіме түсіп, аузыма ілігіп отырғандары ғана.

Жаратылысынан артық сөзді ұната бермейтін Нұрқанат Жақыпбай үндемей жүріп, ақыры өз Үні мен өз Қолтаңбасын танытар жолды өзі таңдады... Өзі қанаттарын қатайтып, буындарын бекітіп, бойын тіктеткен, ойын түлеткен бір топ шәкіртімен Алматының «тар жол, тайғақ кешулерін» артқа тастап, Елордаға бет түзеді. Шолпаны мен екі ұлы – Алматыда. Үйсіз-күйсіз Нұрқанат – Астанада тұрып жатты. Жаңа театрдың іргесі қаланды. Адалдықтың ақ жолынан аттамауды серт санайтын азамат Астана әкімшілігінің есік, төрін тоздырып жүріп, әуелгі қолы жеткен бірер пәтерге театр артистерін кіргізді. Жатақхана ретінде пайдаланды. Қалибек Қуанышбаев театрының бір бұрышына қоныстанып межелі мақсаттарын орындауға кірісті... Әртүрлі ғимараттарда репетиция жасап жүріп, жалынды жастардың ыстық жүрегі қалалық театрды өнердің кең айдынына алып шықты. «Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған» дейтін халқымызда ескіден жеткен сөз бар. Нұрқанат мойнына ілген жаңа театрдың қамытын ерінбей-жалықпай сүйреді. Сөйтіп жүріп, қалалық театрды қаз тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, басшы да, қосшы да өзі бола жүріп, өнердің өзегін жалғады... Оқушылар Сарайына ауысып, көздері ашыла ­бастады... ­Театр репертуары жаңа дүниелермен толықты. Нұрқанаттың ғарыштық мінез бен ғаламдық ойды ­игеруге ұмытылған пластикалық шешімдері дүркін-дүркін өтетін халықаралық фестивальдерінің гран-приін жеңіп алып жатты. Әрі-беріден соң жаңа дәуір тудырған постмодерндік үлгідегі әлемдік театрлармен қаймықпай тайталасқа түсті.

Үстіміздегі жылы жастар театры өзінің мерекелік оныншы маусымын сәні мен сал­танаты жарасқан жаңа ғимаратта қарсы алды.

Театрдың жаңа дәуірі басталды.

Қазақстан театрларының лексиконында «Нұрқанаттың театры» деген жаңа тіркес пайда болды.

Еңбек – ер жігіттің көркі.

Өнер талант пен тағылымға, таным мен тал­ғамға негізделсе, тұлғаның да, тұлға соңынан ерген ұжымның да бағы жа­на­тынына көзіміз жете түсті. Біздің жастау кезімізде «Ефремовтың МХАТы», «Любимовтың театры», «Мәмбетовтің әкемтеатры», «Пансоның театры», «Стуруаның театры» дейтін сөздерді жиі естуші едік... Соңғы оншақты жыл қазақтың өнер әлеміне «Нұрқанаттың театры» дейтін ұғымды енгізгені – уақыт ақиқаты. Соның арқасында талай сәйгүліктің жалын тарап, аламанда жолын ашқан ұлт өнеріне өз қолтаңбасы анық, өз бояу-реңкі қанық спектакльдер келді. Жүйелі, пластикалық бітімі мен болмысы таза жаңа театр келді. Әлемдік классиканың інжулерінен саналатын Шекспирдің «Асауға тұсауы», Гогольдің «Ревизоры», қазақ драматургтерін жаңаша оқу кеңістігіне жетелейтін Әбіш Кекілбайдың «Абылай ханы», Бердібек Соқпақбаев, Сұлтан Раев, Оралхан Бөкеев, т.б. авторлардың театр репертуарынан берік орын тебе бастауы – игілікті оқиға.

ЫРЫМ: Бірге оқыған достардың ішінде Әшірбек Көпішевтің екі ай үлкендігі бар. Соған қарамай жиналған жерде бізді алға өткізіп маған: «Сен Жалайырдың баласысың, жол баста» десе, саған « Бірінші данышпан сөйлесін», – деп жол беріп ­жатады. Онысы туа біткен сыпайылығы, мінезі болса әрі достарын жоғары бағалай­тыны, сыйлайтындығынан шығар. «Ленин­шіл жас» газетінде бірге қызмет істеген сонау жастық шағымызда шабыттана, шат­тана жазған очерктерін оқып, «Оу, Әшеке, қашан жерге түсесің», – деп қалжың­дағанымызда «Тұра тұрыңдар, әлі таңдай қағатын боласыңдар», – деп жауап беретін.

Кейіннен «Өнер» баспасына қызметке тұрды да, сол саланың білгірі болып алды. «Өнердің» өрісін кеңейтіп, шағын кәсіпорынға жеткізді. Баспа саласында табыстың көзін таба біліп, өнерді бүгінгі заманның бірден-бір ірі, іргелі мекемесіне айналдырды. Қазіргі Әшекең басқаратын «Өнер» ұжымын ел-жұрттың бәрі біледі. Өйткені «Өнер» баспасы шығарған таңдай қақтырар тамаша фотоальбомдар Қазақстанда ғана емес, халықаралық кітап жәрмеңкелерінде табысты жүлделерді иеленіп жүр. Баспа шаруашылығын келіншегі Мунира мен оның сіңлісі Қарлығаш дөңгелетіп алып кетті. Алматыда, Астанада кітап дүкендері бар.

Жақында Әшекеңді кездестіріп: «Не жаңалығың бар, не істеп жүрсің?», – дегенімде: «Роман жазып жүрмін, екі кітап бітірдім», – деді. «Оу, Әшеке, мынауың мықты жаңалық қой, қашан оқимыз, қашан шығарасың?», – дедім шын қуанып. Ол болса сол баяғы сабырлы қалпымен: «Асықпаңдар, шығады. Керемет!» – деді де қоштасып жүре берді.

Кереметті қашан көреміз деп күтіп мен жүрмін...

Ал енді, Нұраға, осы Әшекең әлі де маған жұмбақ жан сияқты көрінеді. Елу жылдан астам уақыттан бері бірге жүрсек те әлі мен білмейтін, мен ашпаған сырлары мен қырлары көп сияқты. Алты күн үлкендігің бар ғой, мүмкін сен білерсің?

НҰРЛАН: Сен менен алты күн кішісің... Алты күн! Ал Әшірбек менен табаны күректей бір жарым ай! 45 күн үлкен! Бұл сырдың қуыс қойнауын түгендеуге, ел біле бермейтін тұстарын ашуға менің де шамам келе қояды демеймін... Әшірбек – тумысынан өз сырын өзге түгіл, өзінен де жасырып, бүгіп ұстайтын адам. Бәлкім, қазіргідей адам адамға жұғысуы қиындаған жаһандану үшін таптырмайтын қасиет шығар?!.

Бұл – қатар оқып, қатар өскен бойы ғана емес, ойы да сұңғақ құрдас-дос-тілектес адамның біз біле бермейтін жаратылысы шығар?!

Әшірбектің алғашқы «Ақ қайың» атты әңгімесі мен Әділбек Тауасаров марқұмның «Майлаяқ» повесін оқыған, таусыла сөйлеп, пікір айтқан студенттік дәуренімді арада елу жыл өтсе де (1968 жылдың жылы көктемі мен қоңыр күзін) сағынамын. Не деген таза, шуағы мен нұры мол күндер еді?!

Сенің де облыстық газет бетінде жарық көрген көш құлаш очерктерің мен әңгімелеріңді оқып отырып: «Мына Ырым дайын жазушы ғой...» деп таңырқай қарап, таңдай қаққан Сағат марқұм есіме түседі... Жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» бетін бермейтін екеуіңнің көлдей-көлдей көркем очерктеріңді ауық-ауық еске алатыным рас. Сол тұста жазылған Әшірбектің «Дөңгеле күн, дөңгеле!» дейтін повесін жұрт жылы қабылдап еді ғой... Соның бәрі ХХ ғасырда қалып барады... Әшірбек «Таудан түскен тұман» дейтін романын аяқтап қалды дегелі де біраз уақыт өтті... Неге кітап болып жарық көрмейді? Бұл сұрақтың жауабын Әшірбектің өзінен сұраған жөн шығар деп ойлаймын...

Өзін-өзі сыйлау, өзіне-өзі сынмен қарау – бұл да таланттың айқын белгісі. Талантты дүние болса, ерте ме, кеш пе, жарып, сыртқа шығады! Жай шықпайды, жалт қаратып, атойлап шығады!.. Жауабым осы...

«Жұмбақ жан» дегеннен шығады... Сені мен біз әр сөзін қымтап, әр ойын жел-құзға ұрындырмауды мақсат тұтар жастамыз... Сенің де жұмбағың... Менің де жұмбағым жоқ дегенге кім сенеді?! Жұмбағымыз болса, шешімін алдағы күндерге қалдырайық.

Дұрысы – уақыт алдында ұялмайтындай өмір сүру!

Дұрысы – бүгінгі жазғаның ертеңгі оқырманның да рухани сұранысына жауап берсін!

Болашақ дейтін құдіреті күшті қатал, қатыгез сарапшының алдында сүрін­бейтіндей, жерге қарамайтындай дүние жаратқанға не жетсін?!

ЫРЫМ: Жетпістен асқанда менің қандай жұмбағым қалды, Нұраға! Барым осы секілді. Сендер мені білетін 53 жылдан бері өзгермеген секілдімін. Ал Әшірбектің мен үшін терең ойлы «жұмбақ жан» екені рас.

Қатар араласып жүрген достардың ішіндегі ең үлкеніміз – Смаш – Смағұл Елубаев. Бізден үш ай үлкендігі бар. Жұмажан екеуін құдай өзі анық тауып қосқан жанұялардың бірі. Кіршіксіз таза, ақ жібектей ақкөңіл жандар. Смағұл дос терең, ойшыл адам. Бір-екі рет екеуміз ғана сапарлас болғанда, ұзақ сырласып, оның сұлу, таза жан дүниесінен сусындап, рақат бір сезім алғаным бар. Ауылға барғанда да «Алпыстағы алмағаш» деген менің қиялдағы әңгімеме балаша сеніп, менің өзімді сол қиялға сендіріп қойды.

«Сәл сырқаттанып жүр екен. Күнделікті күйбең тіршіліктен «әне шығам, міне шығам» деп халін сұрап бара алмай-ақ қойдым. «Мен бардым, ауруханадан үйіне шықты, қазір тәуір» дедің. Қуанып қалдым, соны медет еттім. Жанұясына, бізге ғана керек емес, халқына танылған, еліне керек айтулы азамат қой, аман болсын!

Смағұл жетпіс жасқа толғанда «Ақбоз үйдің түтіні» деген жақсы мақала жаздың. Сол пайымға тағы бір тоқталайықшы.

НҰРЛАН: Уақыт дейтін асау атпен алысып жүріп, менің қатарым да жетпістің желкенін желге жайыпты...

Жетпісті бағындырғандардың айтуына қарағанда бұл – өзіңе сын болғанымен, ортаңа – қамшы, ордаңа, олжа салар қазына, Отаныңның алдындағы жауапкершілік жүгін салмақтандыра түсер ерекше кезең. Жеткенің де, алғаның да, бергенің де – елдің алдында, жұрттың көзінде, халықтың көңілінде!

Иә...

Елден үлкен сыншы...

Жұрттан мықты безбенші...

Халықтан асқан көреген жоқ...

Осы жасқа дейінгі бітіргеніңді өзгерте алмайсың. Қайда барсаң да, қандай ортада жүрсең де бергенің мен алғаныңның алдан шығары хақ. Абыройға кенелген кезің де, артық сөзің де, кем мінезің де, асқан тұсың да, сасқан сәтің де... Бәрі де уақыттың жадында... Ең бастысы, өзің мен өзің жеке қалғанда Арыңды арашаға шақырып айтылар Өз Сөзің үшін, Өз істегендерің үшін ұлтыңның, ұрпағыңның алдында, адамдардың алдында ұялмасаң болғаны!

Жетпістің жанды мазалап, ойды қозғар басты сипаты осы!..

Менің жобалауымда, қолына қалам ұстап, ғалам мен даланың қуаныш-қайғысын, шаттық қасіретін түгендеуге ұмтылған менің буыным негізінен Өз сөзі мен Өз істегендері үшін Ұят көзіне қысылмай, қымтырылмай тура қарауға қақысы бар буын деп ойлаймын.

«Соғыстан соң туғандар» деген айдармен әдебиет әлеміне өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарында келген бұл буынның ішінен өлеңімен өрт жалатып, мұз кемірткен, көркем баяндауымен оқырманының ой-санасын жаулап, жүрегіне даңғыл ашқан, театр, кино, живопись, музыка дейтін ғажайып сырлы әлемді бағындырған «жүздің – жүйрігі, мыңның тұлпарлары» аз шыққан жоқ.

Солардың бірі, бірі болғанда да бірегейі – Смағұл Елубаев.

Мен Смағұлды Алматының асфальтына аяғымыз алғаш тиген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап білемін. Өзімен бетпе-бет келіп таныспай тұрып, әуелі өзім редакторлық жасап шығаратын М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің университет коридорының – бір қанатын тұтас алып жататын «Шағала» газетінде жарияланған «Ақбоз ат» дейтін әңгімесін оқыдым. Жүректің қыл пернесін басып, жанды тербейтін бала қиялдың қанат қағысы, құлаш сермеуіне риза болдым...

Келе-келе Смағұлдың өзімен де таныстым. Қимылы баяу, жүрісі маңғаз, ортадан сәл биік, қоңырқай өңді бозбала жігітпен КазГУ-дің Виноградова 88 дейтін адрестегі №1 жатақханасының ауласында кездестім. Қасында оқуға жаңа түскен бір топ жігіт бар. Жаңылмасам, осы Шөмішбай бар іштерінде... Біз бір курс болса да жоғарымыз.

Сөзімізде де, қимылымызда да сәл «үлкендік» бар... Жапырласа амандасып жатқан «төменгі» курстың жігіттерінен «төмендік» танытпай «терезесін тең ұстап» тұрып, қол созғаны – Смағұл...

Сонымен...

Сол бір 1966 жылдың күзінде басталған таныстығымызға, бұйырса, биыл табаны күректей елу екі жыл толды.

Елу екі жыл ішінде дүние түбірімен өзгерді.

Елу екі жыл ішінде Алаштың атажұрты да, бізді таныстырып, табыстырып дос еткен айналайын Алматы да адам танығысыздай өзгерді. Ол кезде Алатаудың асқақ шыңдарымен жарыса, көкке бой созған бүгінгі биік қабатты зәулім үйлердің бірі де жоқ. Ескі Алматының ескі көшелеріне тізіле қонған ескі үйлердің айналасы сыңсыған бау-бақша... Жеміс-жидектері ескі тротуарларда шашылып жататын ертегідей көрініс-суреттерді де елестету бүгінде мүмкін емес... «Баяғыда-а-а.. Мына отырған аталарыңның бозбала кезінде қала көшелерінде өрік, алма шашылып жататын» десең, жасы жиырмадан асқан немерең саған сенбей, күле қарайды. «Баяғыда-а-а.. Кеңестер Одағының дүркіреп тұрған кезінде биік қабатты бір әйдік ғимарат салу үшін Қазақстанның басшылары Мәскеуге жалынып-жалпайып, әзер рұқсат алатын...» десең, он беске толған жас ұрпақ: «Ата, не айтып отырсың?» дегендей сұраулы жүзбен қарайды... Өйткені... Өмір, қоғам өзгерді, дәуір өзгерді. Тәуелді болған бодан жұрт Тәуелсіз Ел болды. Біздің ұрпақ соның бәрін көзімен көрді. Жүрегімен сезінді. Санасымен саралады...

Сол өзгерген елдің рухани өмірінің өрісін кеңейту үшін «түн ұйқысын төрт бөлген» ұрпақтың алдыңғы қатарынан қаламгер, қайраткер, азамат Смағұл ­Елубаев та көрінді.

Алпысыншы, жетпісінші жылдары оқырман ойы мен санасын өзіне жалт қаратып, «Бибі апа», «Ойсыл қара», «Туған күн» секілді алғашқы әңгімелерімен әдебиет дейтін кірпияз әлемнің есігін айқара ашып, еркін енген студент жігіттің жаңа тынысты, өзге бітімді, өрісті қолтаңбасы – аяқ алысы, қалам сілтеуі кім-кімді де елеңдеткені, сүйсінткені, көңілін бұрғызғаны жадымызда...

Тәуелсіздік дәуірі көбімізді ұлт ойы мен сөзін өткір публицистика тілінде, ­немесе миллионсанды аудиторияға тез әсер ететін кино өнерінің сиқырымен жеткізуге итермеледі. Енді біріміз ең байырғы, өнер атаулының көне замандардан бірге жасасып келе жатқан баба түрі – театрдың авансценасынан сөйлеуге ұмтылдық. Қай-қайсысы да қазақ ұлтының ойын танытып, жанын тәрбиелеуге, халықтық болмысымызды сақтауға, қорғауға бағытталды.

Смағұл да осы кеңістіктен табылды.

Ол жазу столын жетімсіретпей жамбасына оң келген өнердің ешқайсысын да өгейсітпей «дүние» мәңгілігі» мен «ұлт күрескерлігін» арқау етер иірімі терең, фәлсафалық, танымдық шығармалар жазып, екі дүниенің терең қатпарларына бойлады. «Қиямет-қайым ғасыры» соның айқын көрінісі. Ана дәуірде жүріп-ақ қыры-сырына әбден қаныққан, жаратылысы мен болмысын кәсіби тұрғыдан бір кісідей игерген кинодраматургия саласында да ол көп еңбек етіп, тер төкті. Ұлт киносына елеулі үлес болып қосылған «Ақбоз үй», «Кек» т.б. дүниелер соның айғағы. Смағұл Елубаевтың кинодраматургтық қабілет-қарымының тегеуріні мен кәсіби мүмкіндігінің молдығын барынша танытқан тұс – Рүстем Әбдрәштің «Алмас қылышы» фильміндегі рух – тарих – ұлт тағдыры дейтін сүйекті тақырыптың шебер игерілуі дер едім.

Уақыт талабына орай, көркем сөзді ғана емес, жалпы ұлт өнерін дамудың жаңа кеңіс­тігіне алып шығу – бүгінгі қазақ өнері мен әдебиетінің алдында тұрған іргелі мақсат.

Әлем ашық бәсекеге түскен алма­ғайыбы мол дәуірде тілі мен дініне қарап шек қоюдың жолы бірте-бірте тарылып келе жатқаны қалай ақиқат болса, сол талап-тілекке сай, әдебиет еркін, мүдіріссіз оқылатын, киноөндірісі көрерменін бірден жаулап алатын деңгейге көтерілуі ләзім. Бұл талап музыкаға да, живопиське де, театрға да ортақ.

Осы бағытта мені бір қуантатыны – суреткер, қайраткер, публицист, ойшыл Смағұл Елубаевтың өзіне де, өзгеге де үлкен сыни биіктен қарайтыны.

Бұл – өсудің кепілі.

Иә...

Шығармашылық кеңістігі осындай үш арнадан тұратын тұтас бір ұғым бүгінде Елубаев болмысын ұлт санасына түбегейлі бекітті. Бұл күмәнсіз. Тұлға табиғатын тануға арқау болар бұл үш арнаны (сурет­керлікті, публицист-ойшылдықты, кинодраматургияны) бірінен-бірін бөле-жара қарауға болмайды.

Дегенмен...

Осы үш арнаның арасынан маған жақыны да, ойым мен санамды көбірек тербетіп, жүрек қылын көбірек қозғайтыны – қаламгер-суреткер Елубаев екенін баса айтқым келеді.

Сонымен...

Сөз арқауы – «Ақбоз үй» .

Менің ғана емес, жалпы сөз танып, сараптап, үлкен әдебиеттің қыры-сырына бойлап, жүрекжарды бағасын әділ, адал айтар кез келген оқырман үшін бұл туын­дының жолы, жөні бөлек деп ойлаймын. Өйткені аталмыш роман – ұлттық про­за­­мыздағы шоқтығы биік, шыңдары тұу алыс­тан көз тартатын ақбас таулардай мен­мұндалап тұратын ерекше дүние. Иә... Әр кез­дің өз суреті, әр дәуірдің өз шындығы бар.

Тар кезеңнің тізгін ұстатпас тар қиясында сан талықсып, «мың өліп, мың тірілген» халықтың бір өшіп қайта жанған тағдырлы тұсы жайлы жазылған аталмыш романның жалғасы барынан қалың оқырман хабардар. Мен де білемін... Әр жазғанына шұқшиып қайыра-қайыра оралу – өзін, өз жазғанын сыйлайтын кез келген суреткердің ежелгі машығы. Ана дәуірде басталып, мына дәуірде нүктесі енді-енді қойылып жатқан «Ақбоз үйдің» кейінгі нұсқаларын өз басым оқи алмадым. Автордың айтуына қарағанда, роман, жаңа дәуір талаптарына сай көп қысқартылып, біраз өзгеріске түскен. Интернет пен компьютердің, кино мен театрдың мәнері мен үлгісі қырық құбылып жатқан бүгінгідей ұлт пен ұлт, мәдениет пен мәдениет, өркениет пен өркениет мидай араласқан заманда кітап оқыту үшін күрес жүргізу керек! Шамасы, Смағұл дос осы принципке көбірек ден қойған сияқты. Қолдаймын!

Жетпістің биігіне желкенін желге жайып, уақыт рухымен үндесе қалам тербеген қаламдас, замандас, дос көңіл суреткердің ақбоз ғалам хақындағы ойы мен сөзі – ұлтымыздың іргелі құндағына айналғаны бәріміздің ортақ қуаныш, ортақ жетістігіміз екені шүбәсіз.

Елубаев көкірегін тербеткен ақбоз үй түтінінің ақбоз ғалам төрінде әркез түзу ұшатынына сенемін.

ЫРЫМ: Смағұл шығармашылығының кейінгі кезде біраз жүйкесін жұқалап, уақытын алған сүбелі дүниелерінің бірі, жаңа өзің айтқандай: «Кинодраматургтық қабілет-қарымының тегеуріні мен кәсіби мүмкіндігінің молдығын» барынша танытқан тұс – «Қазақ хандығы» киноэпопеясы. Бұл кең ауқымды, күрделі де терең дүниені әлі ешкім тісі батып талдап жатқан жоқ. Мен де пікір айтайын деп емес, өзге бір ойыма оралған жайтты есіңе салып, сұраққа айналдырайын деп отырмын.

Байқайсың ба, еліміз өмірінде сөзсіз тарихи үлкен кезеңді тірілтен тұғырлы да түбірлі туындылардың бірі болып қалатын, бұл киноэпопеяны өмірге үш ұрпақ өкілі бірігіп алып келіп отыр. Сценарийін жазған досымыз, қатарласымыз – Смағұл Елубаев, режиссерім баламыз, Жарасқанның үлкені Рүстем Әбдірашев, ал музыкасын жазған оның ұлы немереміз Әбілқайыр Әбдірашев. Қарашы, қандай әдемі сабақтастық! Мұны тәңірдің біздің қатарымызға жолдаған сыйы дейміз бе, қалай?

Әдетте «Әке балаға сыншы» деп жатамыз. Өткен жолы қазақтың атақты дүлділ ақыны Кенен Әзірбаевтың ұлы, бірге оқып өскен досымыз, қатарымызда қалған жалғыз серіміз Бақытжанмен әңгімемде «менен дүниедегі ең қиын нәрсе не?» деп сұраса, «атақты адамның баласы болу» деп жауап берген болар едім» деп сырғақтатып, соңында әңгімесін «Жақсы әке жақсы балаға өмір бойы азық» деп бітіріп еді. Мына жетпістің төрінен қазіргі, кейінгі ұрпаққа не тілек айтасың?

НҰРЛАН: «Әке балаға – сыншы» деген сөз – қазақ дейтін халықтың ішкі діңгегі мықты, рухы сүріне қоймаған кешегі ке­зеңнен жеткен жетелі сөз. Өзгерген дәуірде, жаға жыртысу түкке тұрмайтын жа­һан­дану кезеңінде ұлт пен ұрпақ арақа­тынасын сақтаудың осы бір әдібі мен әдебі мықты қазақы дүние-танымның жібі босап бара жатқанын байқаймыз. Бұл, әрине, жақсы емес...

Дегенмен... Ескерткім келеді...

Сен айтып отырған үш буын байланысы туралы тұспалыңа бұл ойдың еш қатысы жоқ.

Қазақ хандығы туралы қоғам қуана қарсы алған іргелі дәуірлердің күрделі қарым-қатынасына құралған киноэпопея – ұлт өнерінің өсуін, кемелденуін, танытар кең тынысты көркем шығарма!

Бұл – даусыз шындық!

Ілияс Есенберлиннің жұрт ауызында кең тараған тарихи романдарын негізге ала отырып, кинодраматургияда кәсіби дайындықтың үлкен мектебінен өткен Смағұл досымыздың «Қазақ хандығы» дейтін аса күрделі, жөпшендіге тізгінін ұстата бермес дәуірлік оқиғалар айдынынан сүрінбей, жаңылмай, сюжет желісі мен кейіпкерлер қақтығысын алмастың өткір жүзінде ұстағандай етіп өруінен шебер қолтаңбаны аңғаруға болады. Әрине мұндай тарихи аласапыран оқиғаларды экранға алып шыққанда кейіпкерлерді жинақтауға, оқиғаларды тұспалдап отырып біріктіруге болады. Мұндай әдіс әлемдік киноөнерінде бар. Өйтпейінше көркем шындық тарихи шындықтың қасаң жетегінде қалып қоюы мүмкін... Ал қасаңдық – өнердің жауы. Қасаңдық – адам санасын шектеу мен тұйыққа тіреудің жолы. Қасаңдықтың қорығына қамалу ойлау, сөйлеу, қорыту секілді адам болмысын айшықтар мүмкіндіктерге тұсау салады.

Режиссер Рүстем Әбдіраштың фильмі тәуелсіздікке ұмтылған ұлттың басынан өткен он бесінші ғасыр ақиқатын осындай жинақтау, топтау әдісіне сала отырып, тарихи хронологиялардың ізін бұзбауға, тарих логикасын барынша шыншыл, барынша көркем етіп өруге күш салған. Маған Рүстемнің ұлттану принципі ұнайды. Қазақ дейтін қайсар мінезді халықтың бай тарихын әркім, әр ұлт өзінше топшылап, өз қазанына салып қайнатуға тырысу бел ала бастаған қазіргідей дау-дамайы мол, қауіпті кезеңде ұлттану мен ұлт тарихын бағалаудың Рүстем ұсынар үлгісі керек. Ұлт үшін керек! Ұрпақ үшін керек! Өйтпейінше күні кеше ғана тарихты тануда жетекшілік жасап келген еуроцентристік көзқарастың шектеу, шегелеу принципіне қайта барып ұрынуға болады. Ортағасырлық көшпелі өркениетті ресейлік режиссерлердің «Орда» фильміндегідей кір-қоқысқа салып, ­жабайы, анайы етіп суреттеу сол баяғы жалған шамшылдықтың нышаны...

Рүстем ұсынған экрандағы ұлттану мен ұлтты сүю ұрпақ бойына рух себеді. Өз өткенімен мақтана отырып, жаңа дәуір, жаңа мыңжылдық ұсынар, тарихи коллизия­лар шырмауынан шығудың жолын іздеуге, зерттеуге, табуға көмектеседі.

Рас айтасың. Үш буын сабақтастығын байқатар фильмдегі авторлардың сәтті үйлесімін бәріміз де аңғардық. Әкесі Жарасқанның қатар-құрбы досы Смағұл – сценарист. Баласы – Рүстем – режиссер. Немересі Әбілқайыр – композитор!..

Әттең!.. Тағдыр қатал ғой. Ұлы мен немересінің осындай жеңіс биігіне көтерілген сәтін Жарасқан марқұм көргенде қалай болар еді?! Жеті қат көктің үстіне шыққандай қуанар еді-ау!.. Жарасқан көр­мегенді жары – Нәзік көріп, көзіне жас алып отыр. Қуаныштың жасы! Ұрпақ ­бойында жалғасын тапқан тегеурінді та­лант­тың болмысын сезінген жанның көз жасы! Сағыныштың, мақтаныштың, жеңіс­тің, махаббаттың көз жасы екені шүбәсіз!

Иә...

Жарасқан өлеңде де, өмірде де бойындағы туа бітті қайсарлығына қамшы салдырмай өткен, текті десең – текті, бетті десең – бетті, мінезі – өзіне, өзі мінезіне жарасқан тұғыры биік тұлғалы талант еді ғой!.. Аруақты ақын! Аруақтарға ұсақтық пен орынсыз кішілік жараспаған қашанда. Жарасқан мына жалған дүниенің көз көруге ұялатын, ой қорытуға екінің бір беттей бермейтін шындықтарын шамасы ­жеткенше айтып өтті.

Жарасқанның жырлары ақынды ыстығы бәсеңсімес, жалыны ортаймас мәңгіліктің биігіне көтерді.

Енді, міне... «Айтып өткен ақында ­арман бар ма?!» деп ұлы Мұқағали айтпақшы, әкелері мен аталары Жарасқанның айт­қандарына қанат бітіріп, Рүстем мен Әбілқайырдың ұлт биігінен көрінгеніне қалай қуанбауға болады?! Қалай қол соқпауға болады?!

Қуану керек!

Қол соғу керек!

2019 жыл

қазан-қараша

1033 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы