• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2022

Тіршілік-ай, мың бояу қиюласқан!

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

 

ХҰСНИХАТ

 

Кеудеңдегі сезгенмен жұмыр етің,

Салып болмас әлемнің сүгіретін...

Тылсым бұққан жаһанға қарайсың да,

Жаратқанның танисың құдіретін.

 

Зер саласың, далаға, аспаныңа,

Тілін тапсаң сөйлейді таста мына.

Ғажайыбын ғаламның ұғам десең,

Үңіле біл қат-қабат астарына.

 

Бояғанмен қоңырға күздің кейпін,

Мезгіл емес бір түспен тізгіндейтін.

Айдан анық біз білер жайттардың да,

Қатпарыңда жұмбақ мол біз білмейтін.

 

Ізгілікпен қақпасын сүюге ашқан,

Жаратылыс – жаза алмас қиын дастан.

Басын қосқан сұлулық, көркемдіктің,

Тіршілік-ай, мың бояу қиюласқан!

 

Соны жырлап биіктен түспейді ақын,

Шамырқанған шабыттың құс дейді атын.

Бар сезімін шуақты шумаққа орап,

Болашаққа жолдайды хұснихатын.

 

ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНІ

 

Өмір, сенің өзгерген бе ережең,

Неге, бұл маң көкірегіме жаяды «у»?!

Бәрі орнында,

Сол қалашық...

Сол өзен...

Алшақтанған тек жанымнан Ай ару...

 

Тұсады ақыл ол жайлы ойды желдірген,

Енді ешқашан іздемеуге көндірді.

Беу, «Есентай», саған жалғыз келдім мен,

Табылмастан сырласатын тең құрбы.

 

Жылы жүзбен жырға орап әр уақытты,

Өтті күндер аққайыңды саялап.

Біз осында тастап кеткен бақытты,

Мына екі жас ұстап отыр аялап...

 

Ерке өзенім, есіп аққан кешегі,

Саған сонша не көрінді, ей, күрсініп?

Әлі айдардан керім самал еседі,

Баққа орайды...

Тоқтамайды тіршілік...

 

Қайда кеткен күміс күлкің сыңғырлы,

Жолыңды ізде!

Қоңыр күзге кінә артпай.

Баурайыңда күндіз сынды, түн нұрлы,

Мөлдіреп ақ ғашықтарды жылатпай!

 

ТАУ

Оспан көкеме

 

Асқақ таулар ойлантар бар әлемді,

Хақтан хабар беретін дара белгі.

Он есе үлкен астында «тамыры» бар,

Ұстап тұрған теңселтпей қара жерді?!

Құдірет пе назарды аудармаса,

Онсыз мына жайқалмас бауларда аса.

Алып пішін жай көркем картина емес,

Тіршілік те болмайды тау болмаса.

 

Бұлт түзеді қатпарлы теңбіл шыңың,

Нәр беріп тұр ғаламға мөлдір суың.

Түгендейсің баурыңда түз тағысын,

Жүгендейсің не дауыл, жел қырсығын.

 

Солай, солай, бәріне ық, панасың,

Ықылымнан талайға құтханасың.

Ғасырларды көнерткен тарихың бар,

Қадіріңнің бере алман нық бағасын.

 

Көз тұндырар сұлулық көркің түгел,

Баурайыңда демалған еркін жүрер...

Шабыт құсын биікке шарықтатып,

Саф ауасы жаныңды желпіндірер.

 

Паң жотасы көңліңді жасқатпайды,

Сырласқан жан одан зор дос таппайды.

Жаңбыр жауып... батпан қар басса да үстін,

Аласармай маңғаз тау асқақтайды.

 

Қарыз саған әлемнің кең алабы,

Қатпарыңда дәуірдің көне мәні.

Шөккен түйе секілді – алапат тау,

Түрегелсе орнынан не болады?!

 

...Зәузатынан болғасын күшті атаның,

Жайылуда ел-жұртқа ныспы, атағың.

Жан-жағына төгілген шапағаты,

Көке, сені сол тауға ұқсатамын!

 

КУПЕДЕ

 

Жанарыңнан қалқажан, жалын көрдім,

Нұрланғанын байқаймын тағы іргемнің.

Ертең біздер кетеміз бөлек-бөлек,

Соқпағына сіңісіп сағым белдің.

 

Бал татыған сары қыз, қаймақ ерін,

Жігіттердің көз құрты жайдары өңің.

Уылжыған 18 дер шағың ғой,

Сәл ұмсынсаң жететін Айға көңлің.

 

Тоқ омырау, тоқ бөксе, тоқ балтырлым,

Аямапты өзіңнен Хақ тартуын.

Жайнап тұрған осынау жер бетінде,

Сендегідей сұлулық жоқ-ты, алтыным.

 

Батыршалыс, бөлек қыз, бай мінезге,

Жалындаған қонбайды қайғы көзге.

Аққуысың, көліңнің шаттығысың,

Әрі өзіңді бар тосқан айдын өзге.

 

Меруерт тісті көрсеткен күлкің қандай,

Оны көрген жанарға нұр тұнғандай.

Шіркін, балдай тамсанып қылығыңа,

Бір-ақ сәтте дүние құлпырғандай!

 

Мойындарсың сезімнің бұла күшін,

Бір әулеттің ертеңгі шуағысың.

Ақ келін боп шәй құйып отырарсың,

Бір жігіттің еселеп қуанышын.

 

***

Тәнті қылып биязы үлгіңменен,

Кейіпкері боп алдың жырдың кенен.

Дауысыңнан айналдым жан толқытқан,

Домбыраның үніндей күмбірлеген.

 

Ғашық күйін шалқытқан шертемін де,

Жалыныңа өн бойым өртенуде.

Қанды қозғап, тербеген сезімімді,

Не сиқыр бар, ерке қыз, ерке үніңде?!

 

Бақ жұлдызы жарқырап маңдайыңнан,

Ақ самала еседі шалғайыңнан.

Жалғыз қызы болсаң да бір әкенің,

Шолжаңдықты көрмедім тал бойыңнан.

 

Тәнті қылып биязы үлгіңменен,

Кейіпкері боп алдың жырдың кенен.

Дауысыңнан айналдым жан толқытқан,

Домбыраның үніндей күмбірлеген.

 

МАХАББАТ КӨПІРІ

 

Бүгінгіге жарайтын үлгі етуге,

Қанша тағдыр түйіскен бұл көпірде.

«Қылкөпірге» айналып біреу үшін,

… Біреулердің ойнады-ау нұр бетінде.

 

Қос қапталы көпірдің толған құлып,

Тұрды мұнда тоңған қыз, тоңған жігіт.

Висланың үстінде таңды атырып,

Жүректерден жүрекке жолданды үміт.

 

Белгісі боп сезімнің құлып қалды,

Қанша жүрек ашылмай құлыпталды...

Ал біреуі серттесті серігімен,

Мәңгі-бақи мұрат ғып ұмытпауды.

 

Мұңнан басқа айтпайды күз де еш сырды,

Сабылдырып Мәжнүнге із кестірді.

Талайларды бұл ара қоштастырып,

Талай жанды қуантып жүздестірді.

 

Құп алатын шаттықпен қарсы алғанды,

Күту, іздеу бұл жерде аңсау бар-ды.

Қосқан көпір өзеннің қос жағасын,

Жалғады екен үзбестен қанша арманды?!

 

***

Бір жерден көргендеймін сізді бұрын,

Дедің-ау шуақ шашып ізгілігің.

Қалдым мен жанарыңа арбалдым да,

Көгендеп байлап алды қыз қылығың.

 

Көрдің қайдан еш жерде жүздеспедік,

Айтатындай жоқ тағы бізде естелік.

Болған болса жайдары жүздесулер,

Бәрін-бәрін ақтарып тізбес пе едік?!

 

Біз бәлки кездестік пе басқа әлемде,

Әлімсақтан біздерді қосқан әлде.

Танитын сияқтымын мен де ежелден,

Бір жайтты кешпесекте бастан өңге.

 

Аса алмай болмысымнан ерге біткен,

Отырмын бір сезімге тербеліп мен.

Жүректі жұдырықтай бүлк еткізіп,

Жылыұшырай бересің сен неліктен?!

 

Кеңімес бұл дүние тарсынғаннан,

Жетелер әр шыңдарға таң сынды арман.

Толтырған көңілімді хұсни нұрға,

Жаныма неге ерекше жансың, қарғам?!

 

Үйлескен өн бойына ар, әдебі,

Жарасқан ақ жүзіне қара меңі...

Жырласам тіл жетпейтін бәденіңді,

Сала алман бояумен де бар әдемі.

 

КӨКТЕМ

 

Наурыздың бірі бүгін,

Көктем келді көңілге де, –

Төккенде Күн жылы нұрын,

Жайнамасын өмір неге?!

 

Қуануда дала нұрлы,

Құстар салып әніне бір.

Мен де алдым қаламымды,

Оқығым кеп бәріңе жыр!

 

Ғалам біткен тұрса күліп,

Болмас, сірә, таңданбауға!

Жетті көктем тым сағынып,

Қыс құрсаулап... тоңғандарға.

 

Мезгіл ғой бұл құрсағы-ырыс,

Құлпыртатын қара жерді.

Көктемдегі бір сағыныш –

Көгертеді бар әлемді!

 

Көктем келді, келді көктем,

Жер-Ананы бусандырып.

Табиғат та енді леппен,

Танытады мың сан қылық.

 

Шаттық енген жан-күйіңе,

Болса өзгермес жарғысы-ай, құт, –

Жаңаруда бар дүние,

Жаратқанға алғыс айтып!

 

СЕКСЕУІЛ ШЫБЫҚ

 

Есімде жоқ төртте, әлде бестемін бе,

Қадам баса қоймағам есті өмірге.

Есте бары туыстар біздің үйде,

Отыратын жиылып кешке күнде.

 

Желдірткендей көкелер сал күреңін,

Ағытатын тиегін әңгіменің.

Бар білерім, кішкентай тыңдаушымын,

Балғын едім, мұң кезбес, жан-жүрегін.

 

Көңілімнің ұшырған құсын керім,

Ақ апамның жанында күшімде едім.

Жақсы көріп, құшақтап, асылғанда,

Мені итеріп жіберді, түсінбедім...

 

Мұнысы не, мейірбан жанашырдың,

Аласұрдым, мұңдантар, баласын кім?!

Бір ұлына ренжіп отыр ма екен,

Тағы итерді,

күшіктей тағы асылдым.

 

Қиялымды самғатып нұрлы арманға,

Айналатын күні-түн тұлғамнан да.

Мейірімнің иесі бұ қайткені,

«Апам тентек!»

Жай айттым жынданған ба?!

 

Айта берсем, әрине, ұнамаспын,

Ақымақтау шағы ғой бұла жастың.

Күйіндім бе ызамен әлгі сөзді,

Үшінші рет қатты айтып тұра қаштым...

 

Жас баладай апамыз қусын келіп,

Жалаңаяқ жүгірдім дүрсілге еріп.

Жеткізбес ем, тете өскен немере ағам,

Ұстап берді, тұр басқа бір сын төніп.

 

Жақын енді зауалы кексе өмірдің,

Күйрегені осы да бек сенімнің.

Аямады жан апам сабады-ай бір,

Шыбығымен шықпыртып сексеуілдің.

 

Алмаса да сыпырып жон терімді,

Жазалаумен бір сырды шерте білді.

Жылап тұрдым, баса алмай өксігімді,

«Кешір апа, бір жолға тентегіңді!»

 

Сөз сөйлесем басылмай алаң күйім,

Жай кешеді елеңдеп балаң қиын.

Сол оқиға санама сабақ беріп,

Ондай сөзді айтпадым одан кейін.

 

***

Көңіл деген лайламай ақтұманы,

Бұл күні ұлдың дөп сөйлеу нақты ұраны.

Жанды көрсе ауызын қоқыс қылған,

«Сексеуілмен шықпыртса-ай» деп тұрады!

1903 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы