• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2022

Кең дүниенің сөз екен-ау, өзегі...

Ақтөре Ибрагимұлы

МОЛАСЫ ЖОҚ АҚЫН

 

Сәкен сері болса да баласы жоқ,

Сәкен ұлы болса да моласы жоқ,

Баласы мен моласы жоқ адамға,

Атты талай адамдар таласып оқ.

 

Тарих бірақ көп істі тұмшалады,

Ұлы адамды апыр-ай құл санады.

Магаданды жүр ме екен рух айналып,

Менің жаным сол рухқа мұң шағады.

 

Тыңда, Сәкен, ақынмын мен өзіңдей,

Көп таңымды атырдым көзімді ілмей.

Тайғанақтап келемін тар жолдарда,

Шабыт – шалқар,

Ой – терең,

Сезім – көлдей.

 

Магаданды түсімде көп көремін,

Сезіледі жұртыңа өкпелерің.

Жер бетінің бұйырмай топырағы,

Қайран, ақын, жыраққа кеткен едің.

 

Мәлім бізге өксітіп, қажытты өмір,

Ол өмірге азған ел жазықты кіл.

Қаламыңа сүйендің қай кезде де,

Қара өлеңге болған соң ғашық көңіл.

 

Талант жүгін артып ап жон арқаға,

Жүрдің, Сәкен, сері боп Сарыарқада.

Ойладың-ау әлемді күнәсіз деп,

Және соны қорғадың сан ортада.

 

Өлшем болмас ақынға жалған өмір,

Дейді қазақ: «шыққан жан – қалған көңіл».

Жатқан жерің беймәлім бізге бүгін,

Барар едім тәу етіп молаңда бір.

 

Сұңқар дейді сені ел биік ұшқан,

Биіктікпен көңілім жиі ұғысқан.

Таза арыңа жұқпайды қара күйе,

Таза адамға о бастан үйір дұшпан.

 

Сендің талай сезімге, ғажаптарға,

Сен тазасың, өлмейсің, қазақ барда.

Бірақ, жалғыз ақынсың моласы жоқ,

Жалғыздықтан асатын азап бар ма?

 

Көз жүгіртсем өткен күн дерегіне,

Өксік толып қалады өлеңіме.

Терең ойға батамын кейде жалғыз,

Ұлы адамға моланың керегі не?..

 

Көңілге нық бекітіп ғұрыптарды,

Ұлық тұту керекпіз ұлықтарды.

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Қара жерге көмбейді рухтарды!

 

Рух енеді түсіме жиі менің,

Сезем оның сүйініп, күйінгенін.

Мәлім оның бар сыры, бар қайғысы,

Мәлім және оған да күйім менің...

 

АҚЫННЫҢ ЖАРЫ

 

Сезіміне тұмар етіп төзімді...

О-о, қанша күн күтуменен көз ілді!

Қызғаныштың машақатын, қайғысын,

Өзгелерден мың есе артық сезінді.

 

Ақын үні жаңғырғанда жырақта,

Сезімі оны салды жиі сынаққа.

Ал, сенімі

«Түптің-түбі келер» деп,

Есігіне құлып салмады, бірақ та.

 

Тек сабырмен толықтырды қатарды,

Өсті содан,

Өнді және бата алды.

Жұрттың сөзі,

әңгімесі, өсегі,

Жүрегіне пышақ болып қадалды.

 

Жеңсе, жеңді сынның бәрін төзіммен,

Бәрі де анық байқалады көзінен.

Өлең-жырдан сая іздеген ақынның,

Жан жарасын тырнамады сөзімен.

 

Жүрегімен өлең-жырға байланды,

Ал, ойланса, ақын жайлы ойланды.

Шөліркесе сусын болып шайырға,

Жантайғанда жастығына айналды.

 

Ескірмеді махаббаты кешегі...

«Оның жаны – ақын жаны» деседі.

Жары болып,

Ары болып ақынның,

Жанын, тәнін жолына оның төседі.

Мейірімге бөлеп ізгі жер-көкті,

Көңіліне сақтамады шер-кекті.

Өрбітті де ұлы ақынның ұрпағын,

Ақ бесігін пәк сезіммен тербетті.

 

Ақынға оның құшағы әркез кең болды,

Ал, мейірі, мейірімі сел болды.

Самғаса ақын демеді әркез қанат боп,

Ал, ауырса шипалы бір ем болды.

 

Үзілсе үміт...

Жалғап оны тоқыды,

Сұрамады ақыны да, хақыны.

Сырлас болып,

Мұңдас болып,

Ақынның

Жазған жырын жұрттан бұрын оқыды.

 

Мұңайса ақын, ол да бірге қуарды,

Қуанса ақын, ол да бірге қуанды.

Әр өлеңде өмір бар деп мәпелеп,

Жыр бақшасын жүрегімен суарды.

Жолында да, қолында да жыр қалды,

Жырмен жаны, тәні, таңы нұрланды.

Есімі оның тарихқа енді,

Өмірі

Кең залдарда өлең болып шырқалды.

 

Ол өлеңнен тапты өмірлік бар бақты,

Ол ақынды биіктерге самғатты.

Ол ақынның жары болды аяулы,

Ол ақынның жары болды ардақты.

 

Ол өлеңге,

Өлең нұрға айналды,

Ол ойланса, ақын жайлы ойланды.

Жүрегімен,

Көңілімен,

Мәңгіге,

Ол ақынға, ақын оған байланды!..

 

***

Сезім үшін шырақ боп,

Қырдан қанша гүлді үздік.

Неге деген сұрақ көп,

Жауабы оның – Үнсіздік.

 

Үндеместі ез десіп,

Абайсызда от бастық.

Күліп тұрып кездесіп,

Жылап тұрып қоштастық.

 

Көңіл – сенім теңізі,

Жоқты іздедік, жоқтадық.

Өмір мәні негізі

Неде екенін ұқпадық.

 

Жығып қанша көңілді,

Құлқынға бір тоймадық.

Мына жалған өмірді,

Мәңгілік деп ойладық.

 

***

Бақытымды әлдекім алып кеткен секілді,

Жақұтымды әлдекім тағып кеткен секілді.

 

Жан жарамды әлдекім тырнап

кеткен секілді,

Бар арманды әлдекім ұрлап кеткен секілді.

 

Тауларымды әлдекім таптап кеткен секілді,

Жауларымды әлдекім топтап

кеткен секілді.

 

Сын кезеңге әлдекім лақтырған секілді,

Тереземде әлдекім жылап тұрған секілді.

 

***

Көз алдымда мөлдіреп өлді өлеңім,

Өмір сүргім келмейді енді менің.

 

Кімге керек жарықты түн дегенім,

Мұң дегенің осы ма?! ...үндемедім.

 

Ол неліктен қарайлап қалды үнсіз?

Ол неліктен жақты екен шамды күндіз?

 

Сырлас болар жан бар ма осы маған,

Болса, мұңын өзіме қосып алам.

 

Бір шартым бар қоятын оған бірақ,

Қоймау керек ешқашан маған сұрақ!

 

***

Мен күніне ғашық болам, себебі,

Сұлулыққа құштармын!

Көк аспанды шарлай ұшқым келеді,

Тілін ұғып құстардың!

Кең дүниенің СӨЗ екен-ау өзегі,

Сол ғой маған керегі...

О, неғылған сындарлы бұл кезеді,

Бақыт құшқым келеді.

 

Бір анығы өлердейін асықпын,

Бір әлемге тұнып тұрған ғаламат.

Мен өмірге ессіз-түссіз ғашықпын,

Өткен күнге салауат.

 

Таңға, түнге соңғы мәрте өтіндім,

Ғапыл болсын күпір күн.

Ұқтым бүгін өмір мәнін,

Өкіндім...

Сосын барлығына түкірдім.

 

***

Көрдім сені,

Көрдім-дағы селт еттім,

Көздің жасы – сезім селі,

Селдеттім...

Көптен бері мұндай күйді кешпеп ем,

Көктем-күнім көз алдымда мөлт еттің.

 

Көрдім сені,

Көзге оттай басылдың,

Күйіп-жандым,

Мең-зең болдым,

Шашылдым...

Саған қарай ұмтылып ем,

Қолыңнан,

Көрдім-дағы жүзігіңді, басылдым.

 

Көңіліме күпті болған мұң сіңіп,

Тұрды жаным махаббатқа тұншығып.

Үндемедің, тілдемедің кінәлі ем,

Ұқтым бәрін,

Қала бердім күрсініп...

 

***

Жанды өртеген сезімге бағына біл,

Мүмкін сонда дарытар бағын өмір.

Сені сүйгім келеді қайта-қайта,

Сені құшқым келеді тағы да бір.

 

Алаңдаймын келмесе сенен хабар,

Сен шипасың үздіккен мен ем табар.

Өзіңді ойлап әр кеште баты күнім ,

Таңым да атты сен жаққа елеңдеп әр.

 

Жіпсіз байлап жанымды көзің, сөзің,

Күпті қылды көңілді сезім, төзім.

Саған қарай ұмтылам алып-ұшып,

Түсіне алмай қалдым мен өзімді-өзім.

 

Жүрегіме жаралы жүгінгеннен,

Сырласыма айналды бүгінде өлең.

Сені өлгенше жырыма арқау етіп,

Жырға айналып кетермін түбінде мен.

 

***

Тәңірім тұла бойға төккен бе нұр,

Таңырқап ғаламатқа көп пенде жүр.

Сеземін, сезіміме серпін берген,

Сен де бір,

Күлімдеген Көктем де бір.

 

Жегіліп кете берем сенімге бұл,

Періште күлім қағып өңімде жүр.

Бөлеген жердің бетін жылылыққа,

Сен де бір,

сәуле шашқан Күнім де бір.

 

Өткенді жеке қалып пайымда, біл,

Көңіл – от...

Жүрек – жарым...

Ойым – дауыл...

Мақпал түн әз әлемге төккен нұрын,

Сен де бір,

Көгімдегі Айым да бір.

 

Сен десем, тасып дәйім көңілде нұр,

Мысалы, құшағымда төгілген гүл.

Жарқыным, ұғамысың біле-білсең,

Сен де бір,

қымбат болған Өмір де бір.

 

Сырыма ішке бүккен тереңде, біл,

Сыймайды пенде өлшеген көлемге жыр.

Білемін, жұбанышым жалғызғана,

Сен де бір,

өзім сүйген Өлең де бір.

1843 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы