• Cұхбаттар
  • 30 Маусым, 2022

Мәншүк Мұқашева: ЖУРНАЛИСТ ТӘРБИЕЛЕУ – ЖАНКЕШТІ ІС

Мәншүк Мұқашева, филология ғылымының кандидаты, Халықаралық Еуразиялық  Телевидение мен радио академиясының академигі

Біздің бүгінгі кейіпкер – Халел Досмұхамедов атындағы ­Атырау университеті ­Журналистика кафедрасының меңгерушісі, ұстаз, ғалым, зерттеуші Мәншүк Тынышқалиқызы. Ұзақ уақыт бойы бірнеше буын журналистика ­мамандарын даярлап шығару ісіне үлес қосқан М.Мұқашева еліміздің бірнеше іргелі оқу орындарында жауапты қызметтер атқарып, дәріс оқып келеді.  Бүгінгі сұхбат қазақ ­журналистикасы, қазақ баспасөзінің тарихы, шәкірт тәрбиелеу ісі төңірегінде өрбіді. 

– Мәншүк Тынышқалиқызы, Атырау университеті Журналистика кафедрасының жұмысын көзбен көріп, таныстық. Кафедрадағы тың жобалар, журналист маман даярлау ісіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берсеңіз.

– Кафедраны басқаруға 2016 жылы келдім. Содан бері журналист даярлаймыз деген ізгі ниеті бар ұжыммен біте қайнасып жұмыс істеп жүрміз. Х.Досмұхамедов атындағы ­Атырау мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінде ректордың  2017 жылғы 19 маусымдағы бұйрығымен Журналистика кафедрасы  өз алдына жеке кафедра болып құрылды. Қазір кафедрадағы оқыту үрдісі «журналистика» мамандығы бар кезден жиналған журналистикалық білім мен бай ғұрыптарды байланыстырып, жаңа оқыту әдістемелерін белсенді енгізе отырып, оқытудың жаңа ­технологиялары мен қағидаларын қолданады.

Кафедраның дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалар: филология ғылымының докторы, профессор, «Парасат» орденінің  иегері  Қ.Ө.Жүсіп, филология ғылымының кандидаты, профессор А.Т.Садықова, филология ғылымының кандидаты Б.М.Әбдешов, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.К.Қыдырбаева.

Кафедра мамандар тәрбиелеу ісімен қоса бірқатар ғылыми-зерттеу жобаларын да жүр­гізіп келетінін мақтанышпен атап өткім келеді. Мәселен, «А.Сейдімбековтің шығармашылық шеберханасы», «Темірбек Қожакеев – сатира саңлағы», «Әкім Тарази шығармаларындағы публицистикалық сарын» ғылыми жобалары көпшіліктің ықыласына бөленді. Кафедрамызда студенттердің оқу қызметінің әр түрімен айналысуға мүмкіндік беретін атаулы аудиториялар да бар. Олар: филология ғылымының докторы, профессор Т.С.Амандосов атындағы аудитория, белгілі журналист, доцент Т.Ж.Жауыров атындағы және журналист М.Доро­феев атындағы аудитория. Бұйырса жаңа оқу жылында көрнекті жазушы Р.Отарбаев атын­дағы аудитория «Р.Отарбаев руханият-қо­рының» демеушілігімен ашылмақшы. Ол ақ­жол­тай хабарды арнайы сүйіншілейтін ­боламыз.

Маусым айының басында мемлекеттік емтихан комиссиясының төрайымы ретінде А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне бардым. Осы сапарымда «TURKISTAN MEDIA HOLDING» ЖШС Бас директоры Жанахмет Ағыбаев, холдингтің атқарушы директоры Тельман Бейсенов, Халықаралық университеттің «журналистика» кафедрасының меңгерушісі Әлия Білдебек, профессор Бекжігіт Сердәлінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстелдің» модераторы болдым. Кездесуде өңірлік журналистерді даярлау мәселелері, екі жоғары оқу орнының «журналистика» кафедралары мен «TURKISTAN MEDIA HOLDING» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қос университет арасында бұрыннан да шығармашылық байланыс үзілмеген еді. Енді ол қарым-қатынас жаңа деңгейде дамитынына осы сапарда көз жеткізіп қайттым.

2021 жылы Медиасауаттылықты ­дамыту бойынша халықаралық жобалар байқауында жеңімпаз атанып, украиналық белгілі ментор және тренер Сергей ­Штурхецкий мен өзбек­стандық ментор, тренер Саида ­Сулаймановалар қол қойған сертификатқа ие болдық. Тарқатып айтар ­болсам, «Медиасауат­тылық онлайн: креатив ­аттракционы!» тақырыбында «Эдьютон 2021 MediaCAMP» инновациялық-әдістемелік семинары ұйымдастырылған еді. Оны Марат Биғалиев бастаған Орталық Азиядағы Internews өкілдігі өткізді. Бұл байқауда жеңіске жету оңай емес. Халықаралық конкурс болған соң, әр мемлекет өзінің ең мықты деген жобаларын ұсынды. Олардың әрқайсысына Америка мен Украинадан келген өкілдер терең талдау жүргізді. Әйтсе де, біздің жоба жүзден жүйрік деп танылды. Енді сол жобаны жергілікті жерде жүзеге асыру міндеті тұр.

Жобаның мақсаты – мектеп мұғалімдерін медиасауаттылыққа үйрету. Өйткені жұқпалы дерт жер жүзін жайлаған сын сәтте осы оқытушылардың күнделікті қызметі күрт өзгерген болатын. Олар жаңа технологиялық құралдар, оның ішінде заманауи компьютер мен смартфон арқылы онлайн форматта сабақ жүргізуге дайын бола қойған жоқ. Сайып келгенде, мұның барлығы ұстаздар қауымының медиашеберлігін шыңдау керектігін ұғындырғандай болды. Міне, сондықтан, біздің жобамыз өз жемісін береді деп сенім білдіреміз.

Атырау облысында медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған  «MediaLitFest» бірінші онлайн-фестивалін өткіздік. Ләйлә Қой­шы­ғұлова, Бақтыбек Таубаев, Қатимолла Ризуанов, Төлеген Жаңабай, Алма Қалусариева, Дана Жайлаубаевалар фестивальдің жалпы ­си­патына тоқталып, артықшылықтарын атап өтті.

Медиасауаттылықтың жоқтығы ақпаратты тұтыну барысында ақпараттық теңгерімсіздікті тудырады. Карантин жағдайында көптеген адам интернет ресурсы арқылы білім алуға, ақпарат алуға дағдыланды. Алайда ­интернетте контент жасау мен оны орналастырудың жаппай қолжетімділігі оның сапасы мен шынайлығына кепілдік бермейді. Сондықтан ақпарат ағындарын басқару, оған бейімделу және өзіне қажетсіз ақпараттардан аулақ болу білігі сынды медиасауаттылық мәселелері – бүгінгі қоғамның алдында тұрған маңызды қажеттіліктердің бірі. Осы жағдайды ескеріп, «MediaLitFest»-ті барынша жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырыстық. Фестиваль онлайн форматта өткенімен, оған жүзден аса адам қатысты. Олар қайталанбас шеберлік сыныптары мен сессиялар, түрлі ойындар мен байқаулар арқылы пиар мен троллинг, әлеуметтік желіге арналған заманауи медиаформатар және сторителлинг, фейк, яғни жалған жаңалықтар мен басқа да ақпараттарды қалай анықтауға болатынын білді. 

– Маман даярлау ісінде оқытушылық-профессорлық құрамның білікті, білімді болғаны маңызды ғой. Ал журналист маман даярлау үшін практикалық-тәжірибелік сала да маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда қандай мекемелермен байланыс орнаттыңыздар?

– Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Журналист маман даярлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Осыны ескеріп біз болашақ талапкерді мектеп қабырғасынан іздегенді жөн санап, ең алдымен мектептермен де тығыз байланыс орнатқан едік. Мәселен, Атыраудағы №2, №15, №34 Лингвистикалық мектептермен шығармашылық байланысымыз үзілген емес.

Ал студенттеріміздің жыл бойы өндірістік тәжірибеден лайықты өтуі үшін «Атырау-Ақпарат» ЖШС, «Қазақстан-Атырау» ­филиалы, «Ақ Жайық» ЖШС, Заң «Медиа-корпарациясы», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, «Қазақ газеттері» ЖШС, «Қазақстан жазушылар Одағы» РҚБ, Ұлттық академиялық кітапхана, «Журналистика мәселелерін зерттеу институты» және республикалық мерзімді басылымдардың әрқайсымен тығыз әріптестік байланыс орнатқанбыз. Біздің түлектер республиканың іргелі БАҚ-тарында еңбек етіп, журналистика ісіне зор үлесін қосып жүргені мерейімізді асырады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізетін зерттеуде студенттің өзі оқыған мамандығы бойынша қаншалықты жұмысқа орналасқаны және басқа да көрсеткіштерге көңіл бөлінеді. Соңғы көрсеткіш бойынша алғашқы ондықтың қатарында келеміз. Ал, бұдан бірнеше жыл бұрын үздік үштікте болған едік. Екінші жағынан, еліміздің батыс өңірлерінде журналистика кафедрасы тек біреу және осында ғана. Мәселен, ҚазҰУ мен ­ҰУ-де бірнеше кафедра бар. ­Студенттер соларға сәйкес бөлініп, білім алады. Ал бізде барлығы бір кафедраға біріктірілген. Яғни шәкірттеріміз телевизияны да, радионы да, газетті де, баспа ісі мен баспасөз қызметін де бірдей меңгеріп шығады деген сөз.

Біз, ұстаздар қауымы, шәкірттердің білім-білігін ғана шыңдап қоймай, түрлі тілдерді еркін меңгерген, туған жердің тау-тасы мен сай-саласын, әдет-ғұрпы мен салт-санасын жүрегімен жақсы көретін, ұйымшыл ұлт пен ұлысты ұлықтай білетін жаңа заман жастарын тәрбиелеуге тырысып келеміз. Осы мақсатта жастарымыздың жан-жақты болуы, көне мен жаңаны ұштастыра білуі маңызды екенін түсінеміз. Оқу бағдарламаларын жасағанда да журналистке керек пәндердің барлығын қамтуға тырысып келеміз. Сол үшін өзіміз ұстаз болсақ та ерінбей-жалықпай оқу мен талмай еңбек ету – ұстаздың негізгі мақсаттарының бірі деп есептейміз. Осы орайда алдымыздан кездескен түрлі қиындықтарды да бірлесіп жеңуге ұмтыламыз. Мәселен, коронавирус инфекциясы бүкіл әлемге тараған қиын сәтте мұғалімдердің күнделікті қызметі түбегейлі өзгерді. Қашықтан оқытуға сақадай сай дайын болмасақ та, кафедраның ұстаздар қауымы үйренуге, компьютер мен смартфонға бейімделуге кірісті. Осының барлығы кафедра мұғалімдерінің медиа біліктілігін арттырды. Студенттерге сабақ беру үшін ұстаздар қауымы да жыл он екі ай өздері оқып, ізденіп жүр. Бұл біздің кафедраның ұстанымы. 

Университет тарихында тұңғыш рет журналистика мамандығында оқып жатқан студенттердің ХІІІ республикалық олимпиа­дасын ұйымдастырдық. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде медиа-мектеп ашылды. Ал Атырау университетінде медиаорталық пен соның жанынан жаңа заманауи телестудия өз жұмысын бастады. Олар да біздің кафедрадан орталығын ашты. Оның жұмысына болашақ журналистер де атсалысады. Дәстүрлі түрде «Жауыров оқулары» атты арнайы апталық пен соның аясында студенттердің ғылыми конференциясы ұйымдастырылып отырады. Жүзден жүйрік шыққандар дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталады. Әлемдегі үздік 300 университет қатарындағы ҚазМУ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Бірде-бір шарадан тыс қалмауға ұмтыламыз. Бұдан бөлек, көрші Астрахан мемлекеттік университетімен бірлесе жүзеге асырып келе жатқан жобаларымыз да бар. Атыраулық студенттер онда академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алды. Ұстаздарымыз да ғылыми ізденісті үзбеу үшін шетелдік белді басылымдарға мақала жариялап, халықаралық конференцияларға қатысып отырады. Биыл да олардың Түркия, Ресей, Украина, Нидерланды елдерінің ғылыми мақалалары жарық көрді.

– Мәншүк Тынышқалиқызы, биыл сіздің басшылығыңызбен және кафедра  ғалымдарының құрастыруымен «Әйел теңдігі» журналы» атты хрестоматиялық көмекші құрал жарық көрді. Ол көмекші құралды құрастырудағы мақсат не еді?

– ХХ ғасырда  жарық көрген «Әйел теңдігі» журналы (1926-1927жж.) қазақ журналистикасы тарихында алғашқы салалық басылым. Бұл журналда қазақ журналистикасында есімдері ­ерекше аталатын ұлт қайраткерлері, алғашқы қазақ әйел дәрігері Аққағаз ­Досжанова, қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова, «Әйел теңдігінің» бас ­редакторы, шығарушысы Сара Есова, ­публицист Нағима Арықова, Алма ­Оразбаева, ақын, журналист Шолпан Иманбаева, Ләзиза Серғазина бастаған қазақ қыздарының шоғыры «Әйел теңдігі» журналын шығарып, әйелдер мәселесін жазудың алғашқы үлгісін көрсетті. Басылым ұлт тарихын зерттеу­де қажетті ақпараттық-танымдық мақалалар басылған, қоғамдық-саяси көзқарастар мен әлеуметтік экономикалық ахуалды дәл басып тануға, зерделеуге нақты дәйек болатын ғасыр куәгері. «Әйел теңдігі» журналы журналистика ­саласын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар мен жоғарғы оқу орынының студенттері мен оқытушыларға, сол салаға деген қызығушылық танытқан оқырман қауымға арналады. Бұл журналда журналистика саласының ­жанрлары жан-жақты қарастырылған. Мақалалар педагогикалық, сатиралық және ғылыми бағытта топтастырлған. Сонымен қатар ­жур­налда атақты журналистердің, бас редактор­лардың, ақын-жазушылардың мақалалары бар.

ХХ ғасырдағы қазақтың ұлттық баспасө­зі­нің қалыптасу, даму тарихында «Әйел теңдігі» журналының маңызы зор. Айлық журнал халықты қоғамдық-саяси хабарларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, әрі ағартушылық, әрі әдебиет пен мәдениетті насихаттау қызметін қатар атқарды. Жинақта журналдың А.Байтұрсынұлы әліпбиімен жарық көрген  (төте жазу) екі жылдық санын ­кирилл қарпіне аудардық. Оқырманға, қазақ баспасөзінің тарихына қызығатын зерттеушіге қажет көмекші құрал болатынына сенеміз.

Жалпы журналистерді даярлау ісі – аудиториядағы жұмыс қана емес. Осындай зерттеу оқулықтарын студенттерге ұсыну арқылы да олардың журналистика тарихы ­бойынша білімін арттыруға болады деп есептейміз.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан

Қарагөз СІМӘДІЛ

7124 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы