• Мәдениет
  • 30 Маусым, 2022

Өнер-өмір

Өтепберген Хамзаұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, құрметті профессоры, тәжірибелі ұстаз Қазақстандағы домбыра ­прима, шертер және бас домбыра аспабының жоғары және орта оқу орындарында оқытылу барысына үлкен ықпал еткен маман. Оның «Өмірі өнерімен өрнектелген» атты концерті көрерменін бейжай қалдырмады. Кеш Құрманғазының күйі – Серпермен ашылды. Оркестрдің бас дирижері – Мемлекеттік «Дарын» ­жас­тар сыйлығының иегері А.Тілепберген. 

Мұны айтып отырған себебіміз Өтепберген Хамзаұлы осы Құрманғазы оркестрінің іргетасын қалаған екінші буын өкілі, бүгінде Республикамыздағы үш ішекті аспаптардың ақсақалы қатарындағы тұлға. Ол 1966–2006 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбыра прима тобының артисі, концермейстері ­болып қызмет етті. Ал 1968 жылы ­дирижер Г.Сафонцевтың шақыруымен «Гүлдер» ансамблінің алғашқы құрамындағы эстрадалық ансамбльдің электрлі гитара аспабының ­орындаушысы болды.

XIX ғасырда поляк және белорус мемлекет қайраткері, тарихшы, суретші Бронислав Залесский Маңғыстау өңірінде саяхаттап жүріп шертер ұстап тұрған қазақты суретке түсіріп алады. Бұл суретті 1865 жылы ­Парижде «Қырғыз (қазақ) далаларындағы тіршілік» атты альбомына енгізеді. Сурет Қазақстандық зерттеуші ғалым Б.Сарыбаевтың қолына түседі. Б.Сарыбаев ­шебер О.Бейсембаевқа сол суреттегі шертер аспабын жасауды өтінеді. О.Бейсембаев шанағы ашық, мойыны иілген қобыз тәріздес аспапты қайта өңдеп, бет қақпағына жартылай тері тартып, мойнына ішек пен пернелерін тағып Ө.Хамзиннің қолына ұстатады. Әрине, қайта жасалған шертердің құлақ күйі болмағандықтан Ө.Хамзин өзі ойнап жүрген үш ішекті домбыра прима аспабының бұрауына келтіріп алғаш рет 1967 жылы сахнаға алып шығады. Содан бері шертердің бұрауы e-a-d құлақ бұрауына келтіріледі. Ө.Хамзаұлы аспапты меңгеріп қана қоймай, өзі білім алған Құрманғазы атындағы консерваторияда, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында осы үш ішекті аспаптардың ұстазы болды.

Аспапты меңгеру барысындағы кейбір заңдылықтарды, дайындық барысындағы қиындықтарды жеңілдету тәсілдерін Ө.Хамзаұлы жақсы түсіндіре білді. Репертуар таңдау, талдау, күйсандықпен сүйемелдеуші мен арадағы ансамбль, әрбір студентке ерекше көңіл бөлу, студентпен тіл табыса білу – ұстаздық қасиеттердің иесі. Ө.Хамзаұлынан осы уақытқа дейін 110 шәкірт тәрбиеленді, оның 43-ші ­лауреат. Ұстаздан оқып, білім алған мамандар Қазақстанның барлық өңірлеріндегі оркестр, ансамбльдердегі прима, шертер, домбыра бас аспаптарының артистері.

Ұстаздық жолда жүріп Ө.Хамзаұлы шертер, домбыра прима, домбыра бас аспаптарына, қазақ және шетел композиторларының туындыларын лайықтап түсірді. Б.Сарыбаевпен бірлесіп, шертер аспабын ғылыми тұрғыдан зерттеп, көне аспаптың оралуы және оның мектебін қалыптастыру мақсатында «Шертер үйрену мектебі» оқулығын жазды. 1984 жылы «Өнер» баспасынан шыққан Домбыра примаға лайықталған шығармалар жинағының және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Е.Басықарамен бірлесе шығарған «Домбыра ­прима үйрену мектебі» оқулығының ­авторы. Ө.Хамзұлының тағы бір қыры ­Республика бойынша 1 дәрежелі шахматшы ретінде, «Шахматтың шағын мектебі», «Шахмат ойнағың келе ме?», «Шахмат жайлы ертегі» сынды газет, журналдар беттерінде жарық көріп тұратын дәрістердің авторы.

Концерттік бағдарламада ­Гнесин атындағы Ресей ­музыка академиясының ­профессоры РФ халық артисі А.Цыганков, Н.Г.Жиганов атындағы Қазан Мемлекеттік консерваториясының профессоры, Татарстанның еңбек сіңірген артисі Г.Ф.Мухаметдинова, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ оркестрінің» көркемдік жетекшісі және бас дрижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Жайымов сөз сөйлеп, Ө.Хамзаұлы шығармашылығына жоғары баға берді.

 Құрманғазы оркестрінің ­директоры М.Қуанышев Ө.Хамзаұлына ­шапан жауып, «Өмірі өнерімен өрнектелген» атты кітапты көпшілікке ­таныстырды. Сахнада Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен үш ішекті аспап­тарға арналған шығармаларымен Ө.Хамзаұлының шәкерттері ­дирижер, ҚР еңбек сіңірген артисі, ­профессор Ж.Бегендіков, консервтория ұстазы, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент З.Ізмұратова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері С.Сабырғалиева, Мәдениет қайраткерлері Н.Абылқасымо­ва, ­дирижер Ж.Айсын, дирижер Е.Бақтыгерей және Мәдениет саласының үздіктері А.Сәдуақасқызы, Э.Жұмашева, Ә.Әлімбаева, Б.Хамзин, Ә.Жақиянов Халықаралық конкурстардың лауреатары Р.Битешов, А.Нартаев, Ә.Бейсеков, А.Ылым өнер көрсетті.

Әсет ЖҰМАБАЕВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің артисі

1953 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы