• Тұлға
  • 30 Маусым, 2022

ШАХАНОВ ШЫНДЫҒЫ

«Арғымақ сені сақтадым, құлағың сенің керек деп,
Азамат сені сақтадым, бір күніме керек деп!».

Махамбет

ТЕРЕЗЕСІ ЖОҚ ҚОҒАМ – МЕҢІРЕУ ҚОҒАМ

Әділ көздерден ешқандай кемшілік таса қалмайды. Ол алтынға оранып, мәуі­тіге малынып тұрса да, білінбей қала ал­майды. Мұндайда жағымпаздықтың өзі мүсәпір күйде қалатынын өткен өмір көрсетіп берді. Себебі бізде оны күлге айналдырып жіберетін рух күші бар. Рух күші дене қайратынан басым, семсер сияқты. Ол – адамның қалқаны. Әлемде рухтың әлсіздігінен қаншама адам­дар батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешіп жатыр. Бірақ бәрі бірдей емес, егер оған қол қойсақ, кешегі өткен батыр баба­ларымыздың аманаты қайда қалады?!

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ батылдығын, тұтас ел болуға қабілеттілігін дәлелдеп берген сол рух күші болатын. Коммунистік билік құрылымы қазақты құл етуді қалады. Бірақ ол қитұрқы ­саясат өз дегеніне жетпеді. Қазақ өзінің ар-ұяты, намысы, рухы барын көрсетіп, авторитарлық билікке қарсы шықты. Осы табанды қарсылығымен «төңкеріске икемді ел ауру емес, төңкеріске қабілетсіз елдің ауру екенін» (Самюэль Хантингтон) іс жүзінде дәлелдеп берді. Алайда өз жеңілісін ешуақытта мойындап көрмеген коммунистік режим айдай әлемге «Қазақ ұлтшылдығын» таңды. Онымен күресу керек болды. Оны жоғарғы мінберде айтып, қорғау керек болғанда ұлт қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов үлкен батылдыққа барды.

Геркулестің кісендеулі күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетуге болады. Мұхтар Шаханов осы бір талмауыр кезде ұлт үшін жанқиярлық ерлікке барды. Билікке ойындағысын бүкпесіз ашып айтты. Биік сөздер – саналы ықыластың жеңісі, оны біреулер – ақылмен, енді біреулері батылдықпен жасайды. Тіл жабайы аң сияқты, тордан шығып кетсе, оны қайта қамау қиын. Ал одан жанның дем алысы байқалады, даналар тіл арқылы оның денсаулығын анықтайды. Кеудесінде терезесі жоқ адамдар оны сезбейді. Қайраткер тұлға осы жолда дертті болды.

Мұқаңның күрескер ретіндегі табандылығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі басты ерлігі. Оны біз өз елімізде дәріптемесек те, өзгелер ашық айтып, көп жазды. Олардың бәрінде Мұқаң басты фигурант ретінде көрініс тапты. Біз осы жолда Мәскеу басылымдарында шыққан біраз кітаптарды ­шолып шықтық. Мәселен, жазушы-­журналист Александр Шевякиннің «17 таин ­Лубянки» кітабында «Тринадцатая тайна. После холодная ­войны. Горячее, горячее...» бөлімінде ­Алматыда орын алған оқиға салдары ­туралы 1989 жылы 6 маусымда КСРО халық депутаттарының 1-съезінде тұңғыш айтылып, арнайы комиссия құрылғаны туралы баяндалады. (Москва, 2007 жыл 276 бет). Сондай-ақ, КСРО Қауіпсіздік Комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматыдағы «Метель» құрықтау операциясының жетекшісі болған, армия генералы Ф.Бобковтың «КГБ и Власть» кітабының «Памятный декабрь 1986 года» бөлімінде де, Мұхтар Шахановтың қайсарлығы туралы жан-жақты айтылған. («КГБ и Власть» Москва, «ЭКСМО», ­«Алгоритм – книга», 354-366 беттер).

Желтоқсан көтерілісін зерттеуші, Орталықтан келген тергеушілер тобының жетекшісі, КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі В.Калиниченко өзінің «Дело о 140 миллиардах, или 7060 дней из жизни следователя» шығармасында«Д.А.Қонаев. Закат политической карьеры» бөлімінде Желтоқсан көтерілісі туралы арнайы комиссия құрылып, оған көрнекті мәдениет қайраткері М.Шахановтың бас­шылық жасағанын айтады. Атышулы тергеуші өз шығармасында Мұхтар Ша­хановтың ұсынысымен СОКП ОК-нің атышулы қаулысының («Қазақ ұлтшылдығы». авт) өзгертілуіне әкеліп соққанына қынжылыс танытады. Алайда оқиғаны зерттеу комиссияның құқық қорғау органдарындағы ұлты орыс қызметкерлеріне сенім көрсетілмей, оларға қысым жасалғанын да ­жасырмайды. Одан өзінің де таса қалғанын ескертеді. («Дело о 140 миллиардах, или 7060 дней из жизни следователя», Москва, Центрполиграф 2017 год, 311-345 беттер).

Сол күндері Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Колбиннің алаңға әскер кіргізу туралы ұсынысын қабылдамаған Орта Азия әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник В.Лобов та өз естелігінде Мұқаңның ерлік-істерін айтып өткен. Демек, Мұқаңды олардың мойындағаны. Қай шығарманы алмайық, олардың авторлары сол тұста комиссияның жұмысынан қаймыққанын байқайсың.

Мұхтар Шаханов КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде олардың атақ-даңқына қарамай, кез келгенінен бір бас жоғары тұрды. Өзінің дискерциялық билігіне (лауазымды адамның ­немесе мемлекеттік органның өз қалауы ­бойынша әрекет етуі) қарай, олардың кез келгенін жауапқа тартуына болатын еді.Бірақ ол жоғарыдан келген эмиссарлармен компромиске бармады. Реваншистік күштер мен ревизионистердің ойлаған іс-қимылдарының жолын кесті. Әйтсе де, жымысқы іс-әрекеттерді ойлағандар өз ішімізден табылып жатты. 1986 жылы Жоғарғы Сот төрағасы қызметін атқарған Тамас Айтмұхамбетов өзінің «Арыс» ­баспасынан 2020 жылы шыққан «Мәңгілік мұрат» атты ғұмарнамалық кітабында: «...Шындық түбі бір шығады, айтылады...Желтоқсандықтардың тезірек ­босанып, ертерек ақталуына Орталық комитеттің Әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі Ефимовтың жеке басының қарсылығы, тосқауыл кедергісі болды. Сондай-ақ жоғарыда да айтып кеттім, орынбасарларым Пушечиников пен ­Ямалутдинов шамалары келгенше қарсыласып бақты. Жоғарғы Сот мүшелері арасынан төрт-бес адам Желтоқсан сарбаздарын түрмеден босатуға, олардың жазаларын жеңілдетуге ақырына дейін қарсы болумен өтті. Өкінішке қарай сол себепті көп іс кейінге қалдырылып, талай уақытқа дейін оң шешімін таба алмай келді.

Ақиқат тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Адасу болды, ақыры қайыр, ештен кеш жақсы деген, жастарымыз бостандыққа шықты, толықтай ақталды. Басын өлімге байлап, КСРО депутаттарының бірінші съезінде мінбеге шығып, бар шындықтың бетін ашқан Мұхтар Шаханұлы ерлігіне бас июіміз қажет. Ер туса, сондай болсын!» дейді. Бұл орайда Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы шындығын айтқан.

 

АҚЫН ЛАКЕЙ БОЛУДАН БАС ТАРТТЫ

Ағысқа қарсы жүзу ниеті қашан да қауіпті. Сол күндері Мұқаңның сыртынан күндіз-түні қарауыл қойылды. Жоғары билік орындары онымен белгілі бір компромистерге баруға тиімді жолдар іздеді. Бұл жолда талайлардың бет-бейнесі айқындалды. Ақын бас шұлғыса болды, оның қалауы орындалатын еді. Алайда қайраткер парасаттылық денесінде үлкен асқазан соңғы рөлді атқармайтынын сездірді. Қарбытып асаса тойып кететін, қомағайлықтың жұмырына жақпайтынын білдірді. Алтын табақпен тартылатын тағамның бойына сіңбейтінін, ішегінің жұқа, оған үйренбегенін және өзінің жоғары қызметтер үшін жаратылмағанын айтты. Ол үшін шындық – ақыл-ойдың ең жоғары қабаты болды. Сондықтан Мұқаң олардың алдында лакей болудан бас тартты. Жақсы ат қымбат тұратынын, оған үлкен қасиеттер керектігін, шынайы жақсы аттың жағдайға тәуелді болмайтынын білдірді. Әйтсе де, «қаппаса» да, «үріп» қалатындар табылып жатты.Сол кезде Мұқаңның жүрегі ауырмады ма?! Ауырғанда қандай, сол жүрек әлі де сырқатынан жазылмаған!

Мұқаң – сұңғыла қайраткер. Оны қазақша тәпсірлесек – сұңғыла, яғни ғылыми тұрғыда айтсақ, энтелехия деп аталады. Философ Флоренскийдің пайымдауынша, энтелехия дегеніміз – белгілі бір ұлттың мыңдаған, миллиондаған жылдар үзбей тірнектеп жинап, жанкештілігімен жетілдірген аса қымбат – энергиялық өрісі. Яғни жеке этностың өзін-өзі сақтаушы қуат қорғаны, имани иммунитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы. Энтелехиялық қуат күші әлсіреген халықтың болашағы күмәнді, ол тіпті белгілі қорғаны болмаса жер бетінен жоғалып кетуі мүмкін. Бұл бағытта біз бір құндылықты ескермедік. Тәуелсіздігімізді жария­лай отырып, экономиканы жолға қоюмен қатар, сананың отарсыздануы бойынша ревизия жасауымыз керек еді. Осыдан келіп, түрлі мәселелер туындады. Қоғам мен адамзаттың ар-намысына сүйенетін негізгі іргетасымызды дамыту кенжелеп қалды. Кей тұста ол әдейі жасалды.

Өткен өмірде Мұқаңды қолдағандардан гөрі сынағандар көп болды. Бірақ ол майданға әскерсіз қол бастап шыққан қолбасшы сияқты қоғамда орын алған келеңсіздіктермен жалғыз күресуіне тура келді. Онымен әлі де күресіп келеді. Бұл жолда онымен ымыраға келу машахаттың машахаты болып тұр. Ол машахат әсіресе тілге қатысты. Ұлт ұстазы ­Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жойылған ұлттың – өзі де жоғалады» деген сөзін ту етіп көтерген. Ұлт қайраткерінің осы туды көтеріп келе жатқанына, міне – 35 жыл! Тіл бірлігі бұзылған жерде – бірін-бірі түсінгісі, яғни мойындағысы келмейтін этностық-әлеуметтік топтардың ­пайда болып отырғандығы да осыдан. Зерттеуші Дэвид Кристал: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ­ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңілген шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бас­тайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де, өз баласына ана тілін үйретуге шамасы жетпейді. Ең өкініштісі де осы» дейді.

Ұрпақ сабақтастығы үнемі жалғасып отыратын процесс. Француздың атақты ойшылы Жан Жак Руссо: «Өз балаларымызды ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеу керек. Мен әр бала әріп танып, оқуды үйренісімен бірінші оқитыны – өз елі туралы болса екен деймін. Әуелі бала өз мемлекеті не өндіретінін білсін. 12 жасқа келгенде Отанындағы қалалардан тартып, қара жолдарына дейін жатқа білетін болсын. 15 жасында тарихын меңгерсін, 16 жаста – барлық заңдарынан хабардар болсын» депті. Тәрбие бесігі осылай болса керек. Ақынның басты бас, жүрек ауруы да осы алаң!

Бүгінде жек көруден гөрі сыпайылық­пен көбірек кек алуға болады. Өзінің жауы туралы жағымды сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады. Қаһарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады. Ал бұл қасиеттер ең бір ауыр күншілдікті де жеңіп шығады. Демек, айбын керек! Айтпақшы, фин халқында мағынасы тура аударуға келмейтін «сису» деген айбатты бір сөз бар. Ол сөздің мағынасы біздің өр мінезді, рухы мықты, еңсесі биік, ауызбіршілік дегенге келеді-мыс. Фин ғұламалары «сису» сөзін ұлттың табиғатына сай, еңсені көтеру сөзіне орайластырған. Бір кездері ұлт басына төнген дағдарыс кезінде финдерді осы өр рух «сису» сөзі алып шығыпты. Бұл сөз – өзге Еуропа халықтарында, тіпті төркіні финдерге жақын Балтық бойы халықтарында да жоқ көрінеді. Ол тек қана бізде, қазақтарда ғана болып шықты. «Сису» сөзінің төркіні біздің «Еңсеңді тіктемей, рухың көтерілмейді!», «Еңсең жығылмасын!» дегенге келеді екен. Ал Азия белдігінде еңсесін биік ұстаған жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формуламен даму жолына түсіп отыр. Күншығыс елі техникалық прогресске жетсе де, тілін, ділін, рухын сақтап қалды. Өршіл ақынның аңсауы да осы!

Мұхтар Шаханов туралы жазылған жағымды мақалалардан гөрі жағымсыз мақалалар көп.Олардың бәрі нысанаға дөп тимей жатты. Жағымды мақалалардың бірі ретінде, қоғам қайраткері Сәпен Аңсатовтың «Алтынға сатылмайтын алып» мақаласынан үзінді келтіре кетейік: «...Мұхтар Шахановтың ерлігіндей ерлік қолынан келетін алыптар Қазақстанда болса төртеу-бесеу ғана. Кеңес өкіметі құламай тұрғанда – 1989 жылы Жоғарғы Кеңестің Мәскеудегі сессиясында «Арал проблемасын айтамын» деген «қулықпен» қазақстандық 19 депутаттың қолдарын қойғызып, үш минутке ғана мінбеге шығуға алған мүмкіндігін пайдаланып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы көтерілісшілерді аяусыз жаныштаған Мәскеудің құнқұйлы әрекетін әшкере еткен Мұхтар Шахановтың ерлігіне сүйсінген: – «Мен бүгіннен бастап, Шахановтың қойының кезегіне барамын», деген екен азаматтығымен де биік тұлға – академик Рымғали Нұрғали марқұм. Біз Шахановтың қойының кезегіне бармақ түгілі, жариялы түрде қолдау білдірмейміз. Оның қайраткерлік қадамдарын іштей ғана құптап, кездесулерде залда отырып қол шапалақтаудан әріге бармай жүрміз». («Төртінші билік», №7, 10 сәуір).

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы қиындық, барар бағыттың айқындалмауы, жалпылама айтылған жазғырулар мен билікті кінәлау қатерлі сипат алып жатты. Ел билігінің көзі мен құлағы кере­наулық дертіне ұшырады. 2009 жылы сол кездегі Мемлекет басшысы Қазақ­станды «Американдық ұлт» үлгісімен «Қазақстандық ұлт» жасағысы келген тұста Мұқаң оған тосқауыл ретінде жеке дара аштық жариялады. Оны қолдаушылардың саны бірнеше мыңнан асып кетті. Бұл әрекет билікті алған бағытынан қайтарды.

Коммунистік жүйенің күйреу кезеңінен кейін ақын Мұхтар Шахановтың да өрекпіген үнін өшіру үшін қырғыз еліне тыныш елшілік қызметке жіберілгені де белгілі. Ал бұл қызмет барған жеріңнен рұқсатсыз өз еркіңмен бір қадам аяқ бас­пауға болмайтын үй қамақтың мәдениетті лауазымды қызмет түрі еді. Демек, ақынды уақытша изолияцияда ұстау қажет болды.

ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына күрделі де іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Оған сырттай да, іштей де қарсылықтардың болатыны айқын. Мұндайда батыл ұстанымдар қажет. Оның бастауы – патриотизм! Егер патриотизм болмаса, мемлекет дербес өмір сүре алмай, өз ішінен дезинтеграцияға ұшырайды. Оның алдын-алатын ұлттың патриоттары. Қазір бұл жол жыртылмаған.

Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың. Осы бір талмауыр кезде Мұқаң ұлт зиялыларын ұлттық идеяларға мән беруге шақырды.

 

АДАМ ДҮНИЕ ҮШІН ЕМЕС,

ДҮНИЕ – АДАМ ҮШІН ЖАРАТЫЛҒАН

Соғыстан кейінгі жылдары Корей түбегінде жалғыз қалған корейлер мен жапондар ең алғашқы қолға алғаны – рухани жаңғыру болды. Бұл екі халық та сананы жаңғырту арқылы даму жолына түсті. Материалдық байлықты кейінге ысырып тастап, алдымен оның тысын дайындады. Философиядағы субстанцияның модустары мәңгі және шексіз екендігіне басымдық берді. Яғни оның көлеңкесінде әлеумет, қоғам, демек,  адам тұрды. Адам дүние үшін емес, дүние – адам үшін жаратылатынын алға тартты. Ал қоғам адамнан тұратынын білді. Қоғам, ел мәселелерінен ұлттық мүдде туындайды. Ал ұлтсыздану отбасынан басталады. ­Жапон жазушысы Набуо Кодзима 1965 жылы осының бәрін өзінің «Миба отбасы» атты шығармасында жан-жақты жеткізді.

Бүгінде социалистік замандағы ­отбасы мен капиталистік замандағы отбасын салыстыру мүмкін емес. Бүгінгі ана мен бала денсаулығының төмендеп кетуі, отбасының ажырасуы, өмірге некесіз бала әкелу, бір жынысты некенің жаппай етек алуы қоғамның қалыпты моделін бұзып барады. Осының түпкі мәні ұлттық қасиеттердің ұмытылуында, адамгершілік мұраттарының тәркі етілуінде, туыстық қатынастардың бұзылуы мен мейірімділік құндылықтардың сабақтастығының жо­ғалуында, ата-ана алдындағы жауапкер­ші­ліктің жойылып бара жатуынан іздеу керек.

Ғасырлар бойы адамзат рухани мә­дениет өзімшілдік пен пайдакүнемдікке қарсы құбылыс дегенге алданып келді. Бұл көне қоғамдағы биологиялық тылсым күштер мен пендешілікті тежеу мақсатындағы мәдениеттіліктің баламасы ретінде ұсынылды. Осы принциптерді жүзеге асыру мақсатында талай төңке­рістер, соғыстар, қантөгістер, «тап күресі» болып, талай трактаттар жазылды. Мұқаңның барлық шығармалары осының алдын-алуға арналды.

Біз ұзақ уақыт жабық қоғамда өмір сүрдік. Сондықтан бізде таңдаудың алгоритмі болған жоқ. Сондықтан кеңес­тік жат ұғыммен суарылдық. Одан енді арыла бергенде Батыстық идеологиясымен суарылған тұрпайы мәдениетпен ауыздандық. Әлі рухани діңгегін қазық етіп үлгірмеген қоғам үшін оның теріс әсері бойымызды жаулап алды. Халықтың ықыласы шоу-бизнеске ауды. Халықтық өнер тасада қалып, тобырлық мәдениет үстемдік құрды. Нарық заманында жүйкесі сыр берген жұрттың ойын-сауық сипатындағы бағдарламаны көріп, ақыл-есі паршаланды. Адамзат рухани азғындыққа душар болып, моральдық күйзеліске бет бұрды. Кешегі ең көп кітап оқығыш халық кітап оқудан алыстап кетті. Театрға баратын көрермен азайып, классикалық музыканы көше әндері алмастырды. Ал бұл адамның рухани интеллектуалдық болмысын өшіретін тетік еді. Осының жетегінде жемқорлық, пара алу, сыбайластық белең алды. Бұлардың бәрі қоғамның қалыпты өмірін бұзып жіберді. Оны жоюға әлі де қауқарсызбыз. Мәдениетіміз бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекет тарапынан зор қолдау ­керек. Ал ол бізде әлі де пісіп-жетілмеген. Сондықтан қоғам өміріне англо-саксондық мәдениеттің озық үлгілерін мысқылдап кіргізе отырып, орыстың тереңге тамырын жайған тілін және оған қосарланған саяси мүдделерін ығыстыру үшін керек. Бұл олардан рухани азық алу үшін емес, прагматикалық мақсатпен енгізілуі тиіс болды. Ұлт қайраткері оған қол қоймас, бірақ шегінерге жол жоқ. Оның себебін, Мұқаңның латынға өтуімізге қарсылығынан білеміз.

Жалпы қазақ халқының рухы мықты екенін жоғарыда айттық. Себебі бізді қанша тұншықтырудың амалы жасалса да, тілін, дінін, салтын, әдет-ғұрпын сақтап қалды. Әйтпесе, ағылшындардың, француздардың, испандықтардың қол астында жарты ғасыр болған көптеген ұлттар өз тілдері мен мәдениеттерін жоғалтқандары аз емес.

Тәуелсіздік алдық. Мемлекет құрдық. Алғашқы жылдар мемлекетті қалып­тастыру кезеңі болды. Одан соң лингвис­тикалық кезең басталды. Рас, бұл кезеңде мемлекеттік тіл мәселесі басты орынға шыға алмады. Бұл – өзге ұлттар мен ұлыстарды қазақи ортаға бейімдеп, оларды ұлт туының, идеологиясының астына біріктіріп, бірыңғай ұлт қалыптастырамыз деумен өтті. Әр азаматтың «мен осы елдің азаматымын, бұл менің елім, туған жерім!» деп Қазақстанды тануына әлі де жұмыстанып келеміз. Оның бүгінгі таңда аз да болса, жемісі бар. Мұқаңның стратегиясы мен тактикасы осыған тіреледі. Осындай болған жағдайда ғана біз орыс мәдениетін ығыстыра аламыз. Әрине, ғасырлар бойы санаға сіңген орыс тілі мен мәдениетін ығыстыру мүмкін емес. Оған қоса, елімізде оның ықпалы ­басым. Оның үстіне Құдайы көршіміз. Сондықтан ең басты қауіп – мәдени экспанция осы көршімізден келуде. Тарихтан білетініміздей, посколониалдық көптеген елдер тілінен айырылды. Тілден айырылған соң мәдениеттен, салт-дәстүрден ­айырыламыз. Демек, қазақ баласын бір мүдде, бір мақсатқа жұмылдыратын бағыт-бағдар керек. Өйткені қазіргі жағдайда қоғамда мемлекеттік тіл туралы түрлі пікірлер бар. Тәуелсіз ел болған 30 жыл бойында ортақ бір келісімге келе алмауымыз, атқарушы биліктің әлсіздігінен болып отыр. Оған үрке қарайтын ештеңе жоқ. Президентіміз «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі!» деп мәселенің басын ашып берді. Және де бұл – Конституция­мыз қабылданған күннен бастап белгілі жайт! «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді» деген Президентіміздің Жолдауындағы сөзі үміт сәулесіндей болып көрінеді. Тілді сақтай білу негізінен сол тілде сөйлейтіндердің санына емес, сапасына, яғни ұлттық санына емес, сана-сезіміне байланысты екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Олай болса, мемлекеттік тіл мәселесі Қазақстан қоғамында неге шешімін таппай келеді. Мұқаң осыған қатты алаңдайды!

 

АҚЫН БАҚЫТЫ

Бүгінгі түркі ұрпағы үшін ежелгі идеологиялық ұстын «Мәңгілік Ел» идея­сын жаңғырту –заман талабы. Өйткені адамзат тарихын түркілік мәдениетсіз, түркілік санасыз, түркілік тарихсыз елестету мүмкін емес. Асқар Сүлейменов: «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шақырады», дейді. Мұқаңның шақыруы сол шақыру. Осы шақырулардың бәрін түптеп келгенде, Мұқаңның шығармаларынан оқи аламыз. Ақынның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» деген өлеңмен жазылған романдары ЮНЕСКО халықаралық ұйымының бастамасымен насихатталып, шығарма әлемнің көптеген тілдеріне аударылғаның көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Мұндай бақыт бұған дейін әлемнің бірде бір ақынына бұйырмаған екен. Бұл әлем халқына соғылған қоңырау!

Ақын үшін ең қорқынышты дүние – мәнсіз, мағынасыз ғұмыр кешу. Сондықтан ол бүкіл ғұмырын күреспен өткізіп келеді. Мұқаңның өз сөзімен айтсақ, «Ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті». Тарихшы, ғұлама-ғалым Леонардо Брунидің 1416 жылы «История» еңбегінің алғашқы кітабы жарық көргенде, Грек – Рим билігі оны ұлтқа сіңірген еңбегі үшін өмір бойы салықтан босатыпты. Бір-ақ кітап!? Біз баршамыз Мұқаңа биліктің атышулы «Қазақ ұлтшылдығы» деген жалған ­айыптауды алып тастауға бастамашылдық танытқаны үшін де қарыздармыз. Сол қарызымыздың өтеуі ретінде Қазақстан қалаларының орталық алаңында Мұқаңның болмысына сай күрескерлікке толы айбынды ескерткішін орнату уақыт сұранысына дөп келіп тұр.

Мұқаң өзінің бір сөзінде: «Отан – біздің үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек!» дейді. Әйтсе де, ақын шет елдердің берген сыйлығынан құралақан емес. Оны Қазақстанға жасалған құрмет деп біледі. Мұқаң әлемнің 22 мемлекетінің ғылым докторы, профессор, академигі. Түркия, Жапония, Ұлыбритания, ­Ресей мемлекеттерінің және еліміздің 40-тан астам қалалары мен аудандарының «Құрметті азаматы».

Әлемнің 12 елінің Мемлекеттік сый­лығының иегері, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабынан орын алған. Осы мәртебелі ұйымның Нобель сыйлығының 100 жылдығына орай тағайындаған мерекелік ­Нобель сыйлығының иегері – Мұхтар ­Шаха­новтың Қазақ үкіметінен алған жалғыз атағы бар. Ол – Қазақстанның халық жазушысы деген атақ! Ақын осыны қанағат тұтып келеді! Бар болғаны осы! ­Десек те, ұлт қайраткерінің күрескерлік ерлік істері болашақ ұрпақ үшін керек екенін ұмытпағанымыз абзал! Оның ерлігін билік мойындамаса да, халық ертеде ­мойындап қойған! Демек, ол билік пен халық арасындағы біртұтастықты біріктіру үшін керек!

Қытай ғұламасы Чжан Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды – Аспан адамы, рухани бастауынан бөлінбеген адамды – Қасиетті Адам, шындықтан бөлінбеген адамды – Кемел Адам, – депті. Ақын осының үшеуіне де жауап береді.

Ақынның жауы бар ма?! Оған хал-қадірімізше, жоғарыда үн қаттық! Әйтсе де, әлеуметтік желілерде ақынның атынан үн қататын 100-ден астам жалған парақша бар екенін айтпасымызға болмады. Атақты Далай Лама: «Біреуге кінә артпас бұрын оның жүріп өткен жолымен жүр, оның қайғысын сезін, көз жасыңды көл ет. Ол сүрінген әрбір соқпаққа сүрініп көр! Сонда ғана дұрыс өмір сүру туралы сөз қозғауға болады» депті. Тағдырдың өзі көрнекті адамдарды күндеп жатады деген осы болса керек. Оны мүсәпірлерге ұзақ өмір, ұлыларға қысқа ғұмыр беруімен ­салыстырып та жатамыз. Керек адамдар бұл өмірден тез кетіп жататыны сондықтан. Ал қайраткер ақынды халықтың ұлы ­махаббаты қорғап тұр. Осы тілек ұзағынан болсын деп тілейік!  Тіл-көзіміз тасқа, Мұқаң ­арамызда дін-аман. Өміріңіз ғұмырлы болсын, жан аға! Кейде таланттар мен батырларды бақыт пен өмір өзара сөз байласып, ұмытып кетіп жатқандай көрінеді. Біз Сізді мақтан тұтамыз, ұмытқанымыз жоқ!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

1428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы