• Тіл
  • 30 Маусым, 2022

Қазақ тілі: Желідегі пікір жел сөз емес

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Біз қазақ тілінің қазіргі жайы туралы көп әңгіме қозғаймыз. Мемлекеттік тілдің мәртебе алуына қатысты соңғы 30 ­жылдан бері алаңдап келе жатқанымыз да жасырын емес. Бірақ мәселенің мәні неде? Түйткіл қайдан? Бұл сауалға да жауап ­беруге болар. 

Жасыруға болмайтын бір дерек, жыл өткен сайын қазақтың демографиялық үлесі артып келеді. Қуанарлық жағдай бұл. Алайда тіл мәселесіне келгенде, кейде тіліміз күрмеле береді. Ақиқаты осы күнге дейін мемлекеттік тілдің өрістеуіне ашық қолдау білдіре алмай келе жатқан билікті кінәлай береміз бе? Жоқ әлде, мәселені өзімізден де көреміз бе? Меніңше, түйткіл екі жақта да жатқан сияқты. Осы орайда жақында әлеуметтік желіде танымал журналист, «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары Дина Имамбай куә болған бір оқиға есімізге оралды.

– «Ұнамаса кетіп қал» деген сөз мода бопты. Алматы қаласындағы Момышұлы көшесіндегі  (Райымбек көшесінен сәл төмен) «Сәнім» кафесінің әкімшісі қазақша ас мәзірін сұраған маған: «Бұл жер ұнамаса, басқа жаққа барыңыз. Қазақша меню жоқ, болмайды да! Орыс тілі бізге жеткілікті. Орыс тілі – халықаралық тіл! Ол қазақ тілімен бірдей қолданылады», – деді. Ал көрші үстелде отырған қазақ келіншек: «Қазақшаның не керегі бар? Орысша болса болды емес пе? Бізге бәрібір», – деп әкімшіні жақтады.

Дәрігерге барып келе жатқан шешем екеуміз жолда тамақтана қояйық деп кіргенбіз ғой. Бұған дейін де ол кафеде даяшыларға қазақша ас мәзірі жөнінде ескертіп кеткем. Жалпы бұл кафе халал, даяшы қыздар орамалға оранып, жігіттер тақия киеді.

Демек, орамал мен тақия бұлардың түсінігінде тек діни мағынаға ие, ал қазақ тілінің түкке керегі жоқ. Өткенде орамал дауы болғанда осыны түсіндіре алмап едік, мінеки ендеше».

Әрине, әріптесіміздің мәселе көтеріп отырғаны дұрыс. Кітапшада қонақтарға көрсетілетін ас мәзірі мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Бұл туралы арнайы қабылданған  заң да бар. Ол заңға сәйкес, Қазақстанда жарнама секілді көрнекі ақпараттарда орыс тілінің қолданылуының міндеттілігі алынып тасталынады. Биыл ғана мемлекет басшысы  ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды бекітті. Бұл нақты айтқанда, «Көрнекі ақпарат» туралы қолданысқа берілген заң. Заң жобасындағы түзетулерге сәйкес, «елде жарнама секілді сырттағы афишалар, баға көрсетілген құлақшалар, ас мәзірі, жол белгілері, ауыл және тарихи мекендердің атаулары секілді көрнекі ақпараттар тек қазақ тілінде жазылады. Жеке меншік кәсіпорындардың талабымен қазақ тілімен қоса орыс тілі және басқа да тілдерің қолданысына рұқсат беріледі. Өнім қораптарында және мемлекеттік мекеме ғимараттарындағы маңдайшалар болса екі тілде жазылады. Алайда өнім қораптарында қазақ тілі сауатты түрде, қатесіз жазылуы тиіс». Ал әріптесіміз Дина Имамбайдың талап етуінен кейін әлеуметтік желіде аталған оқиғаға қатысты қоғамдық пікір туды. Тіпті базбіреулер «Сәнім» кафесіне байкот жариялау таралы да бастама көтерді. Белгілі журналист, әріптесіміз Айбар Олжай Egov электронды қызметі арқылы тиісті орынға шағым түсірді. Ұзамай аталған кафенің әкімшілігі қателіктерін ұғынды. Әріптесімізден кешірім сұрады.

– «Сәнім»  кафесінің әкімшісі қазақша ас мәзірі дәптері он күнде дайын болады деп уәде берді. Күтейік. Қолдау білдірген барша  жұртқа алғыс айтамын. Көп болып талап етсек, түзелмейтін кемшілік жоқ. Мемлекеттік тілді құрметтемейтін басқа ұйым-мекемелерге де сабақ болсын.

Мұндайда ең дұрысы, Айбар Олжаев көрсеткендей, электронды үкімет сайтында шағым түсіру екен. Оны ешкім өшіре алмайды, санасуға мәжбүр болады. Мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен тек заң тілінде сөйлесіп үйренейік», – деп жазды әріптесіміз Дина Имамбай өзінің Facebook парақшасында.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Мәселе кез келген нәрсеге өзіміздің немқұрайлы қарайтынымызға қатысты болып тұр. «Орыс тілінде тұр ғой, қазақшасының не керегі бар?» дейтін қаракөз бір нәрсені ұғынуы тиіс. Қазақ тілі өз Отаны Қазақстанда ғана өсіп, өркендейді. Бұл майда-шүйде іс емес.

Осы орайда осыдан 35 жылдан астам уақыт бұрын, елең-алаң тәуелсіздік алар шақта ел идеологиясына қатысты елеулі сөз айтқан, қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібековтың ұлағатты пікірі ойға орала береді. Бұл сөз бүгін де маңызын жоймай тұр.

– Идеология атаулының бәрін жаһаннамға жіберетін болсақ, ертең бізді алмастыратын ұрпақты қалай тәрбиелеп, Қазақстанның тағдырын кімнің қолына тапсырамыз?! Бізге жаңа идеология керек-ақ. Ол ұлттық идеология болуға тиіс. Оны мемлекеттік идеология деп бұқпантайлатудың қажеті жоқ. Ұлттық идеология деп отырғанымыз – ұлтшылдық идеологиясы емес. Оның тек қазақ халқының ғана емес, ­республикада тұратын барлық ұлыстарының мүдделерін бірдей қорғайтын идеология болатынына күмәндануға болмайды. Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады. Қазақтану қазір ­қажет-ақ...

Шынында да, біз қазақтана алдық па? Ұлттық иделогия дегеніміз тіл, діл, руханият және оның қоғамда шынайы түрде  орын алуы емес пе? Мойындаймыз, ұлттық санада отарсыздану процесін жүргізе алмадық. Содан келіп, «орысша жазылса, онда тұрған не бар?» ­деген ұлт тағдырының дамуына немқұрайлы қарайтын қаракөздер көбейді. Эволюциялық процесс қазақтың санының жыл өткен ­сайын басым болып бара жатқанын көрсетіп отыр. Демек, дәл қазір мемлекетқұрушы қазақ басым болса да, «тілді мәжбүрлеп үйретудің қажеті жоқ» дейтіндер бар. Бірақ ең алаңдатарлығы, 30 жыл уақыт өтсе де, солардың өз ана тілін үйренуге ниетінің жоқтығы. Оған солқылдақ заң да себеп болған шығар. Көрші елдің көңіліне қарап, жалтақтық саясат жүргізіп келген ескі жүйе де кінәлі болған шығар. Өткен өтті, енді жаңа Қазақстанда жаңашылдыққа, мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне әрқайсысымыз жоғарыдағыдай мүдделі болуымыз қажет.

– Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Мемлекеттік тіл ұлтаралық байланыс тіліне айналуы қажет. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ниет  болуы керек, – дейді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. Расында Тоқаевтың тілге қатысты айтқан түйіні жүрегі «қазақ» деп соққан әр адамның санасында жаңғырып тұруы тиіс. Ендеше, қандай да бір оқиға орын алса, тек қана заңды түрде талап еткеніміз дұрыс.

...Бәрі  өзімізге байланысты.

2623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы