• Тұлға
  • 30 Маусым, 2022

ҮМБЕТОВТіҢ ҮЛГІСІ

Ауылыңда қартың болса,  қазына. Ал сол қазыналар сиреп бара жатса қайтпек ­керек? Өткен тарих бірінің еміс-еміс есінде, енді бірі ұмытыңқыраған, ең өкініштісі енді біреулері әлдеқашан түйе қарап кеткен. Бірақ сол олқылықтың орнын көз көргендер толықтыратыны көңілге зор демеу, қуаныш. Әбіш Кекілбай айтқандай, «тарихты түгендейтін, намысты түгендейтін, абыройды түгендейтін» азаматтар бар екен. Жақсы бір кітаптың  өзі де бір қазына. Таяуда ауыл жұрты осындай бір тағылымы мол кітаптың куәсі болды. Алматы облысы  Іле ауданына (бұрынғы Күрті ауданы) қарасты Ақши ауылында «Киелі Күрті жері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 

Ауданның елу жылдығына ­байланысты жарық көрген басылымда ел өмірінің қилы, қызықты тарихы сыр шертеді. Қашанда қай қызметте жүрсе де ел десе етжүрегі елжіреп тұратын, осы елге ­жиырма жыл өмірін арнаған, кітаптың идеясы мен ­жалпы редакциясын басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов кітаптың тұсаукесеріндегі кіріспе сөзінде былай деді:

– Дана халқымызда «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген даналық тұжырым бар. Сол айтқандай, бір кезде жақсы атағы бүкіл облысқа дүркіреген Күрті ауданы құрылған кезден бері де елу жыл өте шығыпты.

Күрті деген сөз айтылғанда жүрек шіркін шымыр етіп, көкейімізде киелі деген сөздің тұратыны жасырын емес. Олай дейтініміз, табиғаты әсем, саф ауасы жанға дауа, төрт түліктің өсіп-өнуіне жайлы өлкеде атақ-абыройы асқақтаған талай-талай ұлы тұлғалар өткен.

Бұл жер – қазақ шежіресінде есімі аталатын Күрті әулиенің атын иеленген жер.

Аққайнар ауылында бал дәурен балалығым өтті. Ұядан қияға қанат қағатын кез келгенде өмір, еңбек жолдарым осы өңірге бастап әкелді. Арман арқалап жаңадан құрылған Күрті ауданына келген жылдар менің санамда өшпестей боп сақталып, ­ессею мектебіме айналды.

Осыдан біраз уақыт бұрын көкейден ­кетпес Күрті ауданының қүрылғанына жарты ғасырлық кезеңде өңірдің өткен тарихын зерделесек, мұнда еңбек еткен аға буын өкілдерінің есімдерін еске алсақ деген ой көңілімізге ұялады.

Кітап – тарих. Қолдарыңызға тиген бұл басылым сол тарихтан там-тұмдап хабар беріп, үмітімізді үкілеп жатса нұр үстіне нұр.

Айтса айтқандай, өткенді ұмытпау – өскендіктің белгісі, өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі болса керек. Кітаптың тұсаукесерінде ауданды алғаш басқарған Бекболат Тұрысжанов ақсақал бастап сөз сөйлеп, Серік Әбікенұлына шынайы ырзашылығын білдірді. Сондай-ақ ­ауданды әр жылдары басқарған Т.Тоқсейітов, Н.Нұрманбетов, Ы.Бектұрсыновтар, осы кітаптың шығуына атсалысқан, белгілі қаламгер – Нүсіпбай Әбдірахым, Күмісжан Байжан ел тарихынан есте қалар есті әңгімелер айтты.

Ауылды аузынан тастамай, қайда жүрсе де соның көркеюі, өсіп-өнуі үшін тер төгіп, аттан түспей жұмыс істеу бұл енді бейбіт күнде ерлікпен бара бар нәрсе. Бұл әу ­бастан Серік Үмбетовтің қанында бар қасиет. Зейнет демалысына шықса да сол үлгісін жалғастырып жатыр. Кейінгі жастар үшін өнеге, жақсының жарығы деген осы.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1722 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы