• Әдебиет
  • 07 Шілде, 2022

ОТЫРАРДА ТУҒАН ҰЛ

Қазақ әдеби сынында Дандай Ысқақұлының орны бөлек. Ал ғылымда орны бар адамның жазған-сызғанын жинап, кітап етіп шығаруы – бұл заңды құбылыс. Мұны неге айтып отырмыз? Біздің қолымызға «Отырар оғыланы» атты кітап тиді. Құныға оқыдық, қызыға оқыдық. Өйткені ­Дандай Ысқақұлы әдебиеттің ең бір қиын да, даулы саласында – сын жанрында өнімді еңбек еткен қаламгер. 

Әдебиет – өмір айнасы десек, сын – әдебиеттің айнасы. Ал әдебиеттің қандай күйде екенін оқырман сын жанры арқылы біледі. Өмір бойы өндірте жазып келе жатқан Дандай Ысқақұлының кім екенін танығыңыз келсе, алдымен осы кітапты оқу керек. Өйткені «Отырар оғыланы» оңай адам емес. Ол әдебиеттану ғылымының, әсіресе оның сын саласының беделді өкілі. Ол ұзақ жылдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етті. Ол Сүлеймен Демирел атындағы университеттің проректоры, ректор кеңес­шісі қызметтерін атқарды. Ғалымның жетекшілігімен оннан астам кандидаттық диссертация қорғалды.

Дандай Ысқақұлы – Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі; Халықаралық Айтматов академиясының; ҚР гуманитарлық ғалымдар акаде­мия­сының академигі. Ол филология ғылымының докторы, профессор. Біз айтып отырған «Отырар оғыланы» осындай қайраткер, зиялы азамат.

Ал «Отырар оғыланы» кітабы – «Әдеби сынның парасаты», «Қарапайымды­лық қағидасы», «Профессор Дандай Ысқақұлы және түркітану мәселелері», «Диссертацияға пікірлер», «Өлең – жан айнасы», «Шындық нәрі – сұхбат» атты алты бөлімнен тұрады.

Жинақта әріптестері Дандай Ысқақұлының әдебиеттанудағы орны туралы сөз қозғайды. Кітап мазмұнды. Кітап негізінен ғалымның әдебиет тарихы, сыны, түркітану, әдебиет теориясы, әдеби процесс жайлы ғылыми еңбектері туралы замандастарының, шәкірттерінің ғибратты, қызықты пікірлерінен құралған.

«Д.Ысқақұлы – бүгінгі күні қазақ әдебиеттану ғылымының қарыштап дамуы­на белсене атсалысып жүрген қарымды қаламгерлердің бірі. Оның қаламына жаңа заман талабына сай қарымдылық, кең ауқымдылық, тәуекелшілдік тән», – дейді филология ғылымының докторы, профессор Бердібай Шалабай.

Ал профессор Өмірхан Әбдиманов «Ол дәрісханаға тек оқытушылық міндетті өтеу үшін емес, ойға жиған, жүрекке түйген білік-білімнің жарығын шашу үшін кіреді» деп, Дандай аға Ысқақұлының болмыс-бітімін ашып көрсетеді.

 «Профессор ­Дандай Ысқақұлы қазақ алыптарының ізін басқан, ғылымда салған сара жолдарын жалғастырып жүрген үркердей бір толқынның белі жуан, белгілі тұлғасы», – дейді ғалым-дәрігер, ұлт руханиятының жанашыры, меценат Ғани Смаханұлы.

 «Белгілі ғалым ретінде Д.Ысқақұлы үнемі республикамыздағы әдеби процестің бел ортасында жүреді». Бұл профессор ­Тынысбек Қоңыратбаевтың жылы пікірі.

Жинақта әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы «Дандай Ысқақұлы – шын ғұлама ғалым. Ол – қазақ әдебиеттану ғылымының, әсіресе әдеби сынының еңбекторысы», – деп тұжырым жасайды. Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.

Ал кітапқа демеушілік жасаған белгілі меценат, ғалым-дәрігер, ұлт руханиятының жанашыры Ғани Смаханұлы екенін айта кеткеніміз жөн.

2298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы