• Білім және ғылым
  • 07 Шілде, 2022

ҚОС ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнінің қарсаңында  маңғаз Маңғыстаудың тарихы терең қарт басылымы – «Жаңа өмір» газетінің редакция­сында айтулы іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жолы редакция ғимаратының қасбетіне қос қаламгерге – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Жаңа өмір» газетінің 1949–1958 жылдардағы бас редакторы Шоқай Амандықұлы мен КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Маңғыстау түбегі қыздарының арасынан шыққан алғашқы журналист Шарай Батырбайқызына мемориалдық тақта орнатылды. 

Салтанатты жиынға Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов, «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішева, Ш.Амандықұлы мен Ш.Батырбайқызының туыс-туғандары мен ұрпақтары, көзкөрген қызметтестері, газет ардагерлері, «Жаңа өмір» газетінің шығармашылық ұжымы қатысты. Алғашқы сөз алған аудан әкімі Т.Көшмағанбетов: «Қолында ұшқыр қаламы бар, сөзі өткір барлық журналистерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Осынау айтулы күн қарсаңында «Жаңа өмір» газетінде қолтаңбасы қалған, өзіндік орны бар қарымды қаламгерлерге мемориалдық тақтаның орнатылуы – кейінгі ұрпақтың алдыңғы буынға деген зор құрметі деп  білемін. Бұл кісілердің еңбек жолы, ізгі жолы өсіп келе жатқан жастарға үлгі болу керек», – деді. «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әйткенқызы шараны ұйымдастыруға белсенділікпен атсалысқан, аудандық газет редакциясына демеушілік көрсеткен Шоқай Амандықұлы мен Шарай Батырбайқызының ұрпақтарына «Алғыс хат» пен естелік сыйлық табыс­тады. Маңғыстау өлкесінде танымал журналист Қожахмет Демеубергенов «Жаңа өмір» газетінде жұмыс істеген жылдары, көзкөрген әріптестері туралы әдемі естеліктермен бөлісті. Іс-шара барысында тырнақалды мақалам жарияланған «Жаңа өмір» газетінің редакциясына шығармашылық табыс тілей отырып, «Маңғыстау түбегі қыздарының арасынан шыққан алғашқы журналист», анамыз Шарай Батырбайқызы атындағы сыйлық тағайындалғаны туралы хабарлап, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында болашақта журналист боламын деген талабы биік жас өркенге табыстауды ұйғарғанымызды жеткіздік. Алғашқы сыйақы «Ілияс оқулары», «Мәшһүр оқуларының» бас жүлде иегері, облыстық «Ділмар» шешендік өнер байқауының, республикалық «Ақберен» өнер байқауының жүлдегері, Шетпе гимназиясының оқу үздігі Арайлым Қайратқызына тапсырылды.

Салтанатқа қатысушылар аудандық мұражайда қос қаламгерге арналып жасақталған көрмені тамашалады. Соңынан ас берілді.

Мемориалдық тақта орнатылған қос қаламгерді жекелей таныстырып өтсек. Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист, ағартушы Нәзипа Құлжанова екені мәлім. Міне, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби маман журналист Нәзипа Құлжанова сияқты, Шарай Батырбайқызы Маңғыстау түбегінің қыздары арасынан шыққан алғашқы қарлығаш – жоғары білімді журналист маман. Шарай Батырбайқызы Маңғыстау аудандық «Еңбек туы» («Жаңа өмір») газетінің редакциясына  жұмысқа тұрады. Астананың тәлім-тәрбиесін көрген, сөзі де орнықты, ішкі мәдениеті жоғары, өз саласының бүге-шігесіне дейін теориялық сауатты жас маманға редакция ұжымы бірден жоғары сенім артады. Еңбек кітапшасындағы алғашқы қызметі – жауапты хатшылық. Дәл сол кезден басталған журналистік мамандығына адал болған Шарай Батырбайқызы «Жаңа өмір» газетінің редакциясында зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді. Шарай Батырбайқызының  қаламынан шыққан мақалалар негізінен суреттеме, очерк, фельетон жанрларында жазылған. Мақалаларында қарапайым еңбек адамының өмір жолы, адал қызметі, адами келбеті туралы ешқандай боямасыз шынайы суреттейді. Кейіпкерлері бәрімізге таныс, біздің күнде жанымызда жүрген, бірге тыныстаған адамдар. ­Шарай Батырбайқызы аудандық газеттегі жұмысымен қатар аудандық радио ­торабына жауапты болған. Бұл да ерекше  талғампаздықты талап ететін жұмыс. Аудандық радиодан күніне бір рет аудан жаңалықтары оқылып, алыс ауылдарға дейін әуе толқыны арқылы таралып жататын. Бір жыл Маңғыстау аудандық мәдениет басқармасын басқарды.

Шоқай Амандықов 1949 жылы Маңғыстау аудандық газетіне облыстық партия комитетінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы Ә.Жаймурзиннің ұсынуымен редактор болып барады. «Ол кезде әріп теретін, газет басатын машина жоқ. Барлық әріптер мен сандар, тыныс белгілері, әрқайсысы әр бөлек касса деп аталатын 80-100-ге тарта шұқырда жатады. Соны біртіндеп теріп, қалақшаға жинап, сөйлем құрайсың. Оны жинақтап, газеттің үлгісіне келтіріп, үстіне білікпен бояу жағасың да, ақ қағазды жайып, үстіне барабан сияқты доңғалақты өткізгенде газеттің бір беті шығады, екінші бетін де дәл осылай қайталау керек. Осыншама жұмыстардың бәрін төрт теруші атқарады. Газеттің редакторы мен секретарын қосқанда, барлығы алты адам. Әр заманның өз ерекшеліктері бар, әрине. Соғыс аяқталып, ел есін жинаған бұл жылдарда жағдай бірте-бірте түзеле бастайды. 1950-54 жылдары редакцияға «ПС-1» маркалы машина келеді. Бұл газет басып шығару ісіндегі аудандағы алғашқы ілкі қадамның бірі еді. Алайда электр қуаты тұрақты болмағандықтан оны да талай күндер қолмен айналдыруға мәжбүр болатын» деп жазған екен сол уақыттағы жұмысының бірін сипаттаған Ш.Амандықов. Ол Бас редактор көпшілік арасында өте сыйлы, абыройлы болып 1958 жылға дейін аудандық газеттің бас редактор қызметін мінсіз атқарды. Одан кейінгі жылдары аудандағы МТС партия ұйымының хатшысы, колхоздың басқарма төрағасы, аудандық шикізат дайындау мекемесінің директоры болып та еңбек етті. Немересіне ұлт қайраткері Мұстафаның есімін берді. Қазір сол  Мұстафа Шоқай Табиғатұлы Назарбаев зияткерлік мектебінің білікті оқытушысы, «Абай ілімі негізінде қоғамды ағарту»  жобасының басшысы...

Журналист мамандығы – ерекше маман­дық. Бұл сені ешқашан мезі етпейтін, ешқашан жалықтырмайтын, бір күні екінші күніне ұқсамайтын, қызығы да жауапкершілігі де үлкен мәртебелі мамандық. Анам Шарай Батырбай­қызының ғибратты жолын жалғастыр­ғаныма, ізбасары болғаныма, өмірінің алтын қазығына айналған журналистік мамандықты мен де таңдап, оны меңгеріп, осы салада қызмет еткеніме шексіз қуанамын, мың мәрте шүкіршілік етемін. Бәрінің бастауында асыл анамның тұрғанын мақтан етемін. Маңғыстау түбегінен шыққан алғашқы жоғары білімді кәсіби журналист Шарай Батырбайқызы – менің аяулы анам.

«Жаңа өмір» бұл қасиетті шаңырақ. Бұл жерде ата-бабаның ғасырлардан сыр тартқан алтын тіні – өнегесі бар, біз үшін өмірі өнеге абзал азаматтардың ғибраты бар, бұл жерде талай жақсылардың, білімі мен білігі артқан зиялы абзал азаматтардың, солардың қатарында біздің аяулы Анамыздың табанының өшпес ізі бар. Қастерлі бұл ұғымдар жәй айтыла салатын сұлу сөз емес, жүректен жүрекке жететін қасиетті мекен бұл.

Бұл шаңырақтың табалдырығынан әркез тебіреніспен аттаймын. Біздің бала күннен алдымыздағы үлгіміз, бағдаршамымыз осы редакцияда қызмет ететін журналистердің зиялы ортасы еді. «Жаңа өмірге» алғашқы мақаламыз  жарияланғанда төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалған еді. Редакцияда жұмыс істейтін ағаларды, тіпті редакция орналасқан ғимараттың өзін де ерекше құрмет тұтатынбыз. Журналист аға-апаларымызды газет бетінде жарық көрген мақалалары арқылы танып, біліп, жазғандарын іздеп оқып, соларға ұқсауға ұмтылатын едік. Ағаларды алдымыздағы заңғар таудай көретінбіз, олар жаны құнарлы, еркін ойлы, ешнәрседен қаймықпайтын, келешекке сеніммен қарайтын батыл жандар. Шарай анам: «Қарапайым газет қызметкері бола жүріп, әріптестеріммен сыйлы болдым, өзімнен үлкендерден үлгі алдым. ­Мекемеде басшы ағаларымыз Смағұлов Темірхан, Сұлтангелдиев Халел, ­Неталиев Мақсұт, Таңатаров Құрамшинден көп нәрсе үйрендік те. Жеделдес інілеріміз Шакратов Сержан, Аманиязов Қанат, Оңғарбаев Өтеш, Исағұлов Закария, Тұрмағанбетов Қыдырбайлар өзімізді сыйлайды, мен де оларды құрметтеймін. Ұжымда ұйымшылдықты, татулықты, төзімділікті ту ғып ұстадық. Ауылдардан келетін тілші хаттарын, көлемді проблемалық материалдарды өңдеп, оқырманға жеткізу де редакциядағы оншақты қызметкерге оңайға соқпайтын», – деп жазған екен естеліктерінде.

1972 жыл болатын. Мен Шетпе поселкесіндегі №2 орта мектептің алтыншы сынып оқушысымын. Аяулы анам Шарай Батырбайқызы аудандық «Жаңа өмір» газетінің белді  қызметкері. Күндегісін жұмысқа барып келеді. Үстіне киген жібек көйлегі самал желмен тербеліп, басына тартқан әдемі орамалы жаратылысынан да сұлу анамның көркін одан да аша түскендей, асыға басып редакцияға бара жатқан көрініс көз алдымда мәңгілікке сақталған.

Анамыз – жаратылысынан қарапайым жан. Көркем мінезімен көпке жаққан адам. Ақпейіл. Кішіпейіл. Жүрек қалауымен журналист мамандығын таңдап, өмір бойы  қаламына адал болды. Ешкімнің көңілін қалдырмады. Ары таза, жүзі жарқын, шырайлы. «Алтын алқа» таққан Ардақты ана. Абыройына кір шалдыра қоймаған жанға өз қатарластарының да, туған-тумаластарының да ықыласы  ерекше. Көзі тірісінде құрметтеді. Өзгеше сыйлады. Өмірден озғанда отбасымен бірге қайғырып, қимастықпен қоштасты. Сол қимастық  жылдар өткен сайын сарытап сағынышқа ұласты...

Тірісіндегі қадір-қасиетін бағалайтын елі бар екен, «Маңғыстау түбегінің қыздары арасынан шыққан тұңғыш журналист қыз» деп ұмытпайтын, есімін әспеттеп биікке көтеретін халқы бар екен, осы бір өресі биік, ойы терең, көңілі даладай дарқан, туған ауылдың асыл азаматтарының алдында тағзым етіп,  бас иеміз. Елдің абзал азаматтарына, облыс, аудан басшыларына, «Маңғыстау медиа» бірлестігіне, «Жаңа өмір» газетінің шығармашылық ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.

Ләззат ӘБЖЕТҚЫЗЫ

4014 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы