• Тұлға
  • 07 Шілде, 2022

ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР

Смағұл ЕЛУБАЙ

Тарихтың өне бойында әлді елдер әлсіз елдерді отарлапты. Тонапты. Әлді әлсізді екі бүктеп бір шайнапты. Джунгли заңы. Адамзат осы заңмен өмір сүріпті. Тек XX ғасырда ғана бұл жабайылықтан бас тартыпты. Бірақ бұл жабайылықтан бас тартса да, империялық үстемдіктен бас тартпапты. Қараңыз, жаңа ғасырда да дамыған елдер әлемді уысында ұстау жолында жанталасып жатыр. Джунгли заңы жұмыс істеп тұр. Джунгли заңы бұрын қарумен жүзеге асса, бүгінде ақпарат құралдарымен де, ақшамен де алды-артыңды орайды. Кіріптар етеді. Тәсіл жаңа, мақсат ескі. Әлеуетті елдер жанталасып қаруланып жатыр. Сын сағаты соққанда әлемді астын-үстін ету үшін.

 ***

 Үйренетін де, жиренетін де жақтары көп бұл Батыстың.

Үйренетін жақтары:

1.Инженерлік ойға, өнертапқыштыққа жол ашты. Орта ғасырдан ерте шықты. Инженерлік ойды оздырды. Отқару жасады. Отқарусыздарды бағындырды.

2.Бағындырған елдерде тіл мен мәдениетін өрістетті. Өркениет көшін бастады.

3.Соның арқасында жаңа дәуірде құл болмады.

Жиренетін жақтары:

1.Құдайға емес, прогреске табынды. Құдайды мансұқтап, нәпсі қуды. Бүгінде, сол нәпсі деген аранды толтыра алмай әлек.

2.Нәпсіден астамшылық туды, өзімшілдік өктеді.

3.Өзімшілдер өзге үшін емес, өзі үшін өмір сүрді. Тіптен ұрпақ үшін де өмір сүрмеді. Салдарынан, Еуропа демографиялық апатқа ұшырады. Бала туу күрт қысқарды.

4.Демографиялық апат бұл құр­лықтың жаназасын шығаруға беттеді. Құдайсыз прогрестің барар жер, басар тауы осы.

 Абзалы, алға шыққан елдердің жақсысынан үйреніп, жаманынан жирену. Сырты жылтырағанның бәрі алтын емес.

 ***

 Ендігі заманда технологияны кім билесе, әлемді сол билейді.

 ***

Құдайдың құлы болғысы келмегендер, нәпсінің құлы болады.

 ***

Бұ заман, қандай заман, қандай заман?

Адамы екі аяқты аңдай заман.

Ақша десе анасын сатуға бар,

Пиғылын түсіне алмай таңдай қағам.

 ***

 Aдамды ақыл қалай басқарса, әлемді Алла солай басқарады.

 ***

 Пайғамбарлар жоғары білім алмаған, бірақ білімді жоғарыдан алған.

 ***

 Алланы сүйген опынбас, адамды сүйген опынар. Атеистік қоғам қасіреті. Алласыз адамнан әбден түңілген Батыс «адам – адамға қасқыр» деді. Мысалы, атеистік қоғамда адам сөзге емес, мөрге сенеді. Дін-мұсылман аманда қазақ мөрге емес, сөзге сенген. Сөзінде тұрмағанды санатқа қоспаған. Сол ата дәстүр ауылда әлі де бар. Қит еткенге қағаз алып, қағаз беруді ұят санайды. Ауылда бар бұл салт бүгінгі бухгалтерияға түсініксіз. Өйткені бухгалтерия бізге Батыстан келді. XX ғасыр басында. Сөзге сенбей, мөрге сенуді ­зайырлы қоғам, құдайсыз қоғам тудырды. Бір ғасырдай біз де сондай қоғам құрып жатырмыз. Зайырлы қоғам құрған ­Батыста, басқасын қойғанда, бір үйлі жандар бір-біріне сенбейді. Сондықтан ­Батыста үйленгенде неке шартына қоса, тағы бір шартқа қол қоясың. Ажырасқан жағдайда байлықты қалай бөлісу жөніндегі шартқа. Ендеше, үйленбей жатып ажырасуды ойлайтын бұ шарт Батыстың ізіне ерген бізге де жетуі мүмкін.

***

Азғындық пен арақ – медальдің екі беті.

 ***

Әйелге әлімжеттікті әлсіз еркектер жасайды.

 ***

Әйел ашық жүрсе арзандайды, қымтанса, қымбаттайды.

 ***

Әйел адам үндемеген сайын үйдей пәледен құтылады. Ықыласқа бөленеді. Ықылас – әйелге деген сүйіспеншіліктің алғы шарты.

 ***

 Өзін сыйламаған халықты, өзге де сыйламайды.

 ***

Ақсақалдарымыздың өздері ел алдына шығып орыс тілінде көстеңдеп отырады. Ана тілімізді аяқасты етудің бұдан өткен сорақы тәсілін табу қиын. Бұ байғұс халықтың «ақсақалдарының» өзі осындай болса, онда, өзге жұрттан не қайыр?!

 ***

 Орыстілділер орыс тілі үшін күреседі. Қазақтілділер қазақ тілі үшін күреседі. Күндердің күнінде осы екі топ бір-бірімен күресіп кетіп жүрмей ме?! Ел бірлігі үшін тіл бірлігі қажет болатыны сондықтан.

 ***

 Өзге тіл деп өңмеңдеп жүргенде, өз тіліміз архаизмге айналып кете ме деп қорқамыз.

 ***

Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге табынудан басталады. Атажұртқа деген опасыздық ана тілге деген опасыздықтан басталады. Өйткені өз тілінен безгендер, өз тілінің ғұмырын қысқартып, өзге тілдің ғұмырын ұзартады. Өз елінің ғұмырын қысқартып, өзге елдің ғұмырын ұзартады. Ендеше, тіл үшін күрес – ел үшін күрес.

Бұл деген сөз – өзге тілді білме деген сөз емес. Бұл деген сөз – өзге тілді білген сайын өз тіліңді қадірлей түс деген сөз. Сонда ғана тілің – тіл, елің – ел.

 ***

Соңғы Сот!!!

Болары оның айдан анық,

Одан сен құтыларсың қайда барып?

Алданып жалғаншыға жүре бермей,

Алланың Ақиретін ойға алалық!

 

Ақшаға бәрін сатып аламын деп,

Байлықпен болып әбден толамын деп.

Ойлама қанша толып болсаң дағы,

О Дүниеде жазасыз қаламын деп!

 

Соңғы Сот түбінде бір болары анық.

Ол Сотқа адам біткен барары анық.

Алла алдында адамның әрбір ісі,

Таразыда бағасын алары анық.

 

Фәниде мына малданып малға,

Бақи жоқ деп алданып қалма!

Әділет мәңгі салтанат құрсын деп,

Соңғы Сотты қолға алыпты Алла!

 

Соңғы Сот!

Түбінде бір болары анық.

Қиямет. Мақшар таңы. Олар анық.

Шарапатың жолыңа жарық болса,

Кесапатың жағаңнан алары анық.

 

Бұл өмір түбі бір тоқталады.

Тіршілік Жер бетінен жоқ болады.

Ақ пен қара айрылар Соңғы Сотқа,

Адамзат түбінде бір тап болады.

 ***

– Бұ кісі өзі, мына сөз саптасына қарағанда, ана жаққа барып келгенге ұқсайды ғой!!! – деп, кекетеді оқырманым. Осы арада, сондықтан өз басымыздан өткен бір мына жайтты еске аламыз. 1982 жыл. Көктем. Түс әлеті еді. Қалғып-мүлгіп ішкі бөлмеде жатқанмын. Көзім ілініп кетсе керек. Бір кезде, бақсам, құстай ұшып құнтиып ащы ішектей шұбатылған қараңғы үңгірмен зымғап барамын. Тәнім жоқ, жаным бар. Зымырап келемін. Ұзыннан-шұбақ туннелдің арғы басында дөңгелене ағарып шығар ауыз көрінеді. Солай қарай ағып келемін. Ақыры туннел артта қалды. Зымғап барып бұрын кезікпеген беймағлұм әлемге шықтым. Жан-жағым қырмызы рең жайқын көк. Сол биікте тұрмын қалықтап. Жаным жусап бұрын-соңды болмаған рахат күй кешеді. Тән жоқ, жан бар. Құлдырап құйқылжып ләззат кешкен жан. Көз жоқ, көріп тұрмын. Сөз жоқ, біліп тұрмын. Ыстық та жоқ, салқын да жоқ. Төңірек тек жатқан тыныштық. Байғұс жанды ана құшағындай албыратып бақытқа бөлеп тұр. Төрт құбыласы тең ­мамыражай кеңістік. Жер бетінде жаныңды иттей жейтін ащы ой жоқ. Ұшты-күйлі жоғалған. Қайғы-мұңсыз, бір шексіз әлем құшағындамын. Жан байғұс мерекелеп тұр, лекілдеп тұр. Мәңгілікке мәз. Өткіншіден құтылғанына мәз. Ақиқат әлеміне мәз. Бірақ жан түкпірінде бір үрей қылтияды, басқа қонған осы бір бақтан айырылып қалам ба деген үрей. Артта қалған беймаза әлемге қайта айналып барудан қорыққан үрей. Ой-сана сайрап тұр. Төл мекенін тапқан. Төл мекені осы екеніне имандай сенеді. Ендігі тілегі, енді осы әлемде қалу. Басына қонған көл-көсір бақыттан айырылмау. Осылай деп бебеулейді жан байғұс. Балқиды бақ құшағында. Арманы ұлы Ақиқат аясында қалу. Бірақ болмады. Бір ғайып жанын әкеп Жер бетіндегі тәніне қуып тықты.

 Тіріле кетсем өз үйім, өлең төсегімде жатырмын. Төңірегім толған ақ халаттылар. Бетіме су бүркіп жатыр, шапалақтап жатыр. Уколдап жатыр. Сөйтсем, мен, жарты сағат бұрын, төсегімде жанұшыра айғайлап, көзім ақиып, өзіммен-өзім арпалысып естен таныппын. Үйдегілер үрпиіп, зәресі ұшып кетіпті. Жұмажан дереу «жедел жәрдем» шақыртыпты. Сол шиыршық атқан арпалыс үстінде арқа етім арша болып жыртылып кетіпті. Ауырып қақсай бастады. Дәрігерлер апарып ауруханаға салды. Екі ай жаттым неврологиялық ­госпиталда. Кәзіргі Абылайхан бойындағы. Менің сол 1982 жылы көктемде бастан кешкенім медицина тілінде «клиникалық ажал» аталынады екен. Мұны бастан кешкендер о дүниеге «барып келгендер» санатына жатқызылады екен. Әлемде бұндайды бастан кешкендер жалғыз біз емес екенбіз. Олар жетіп артылады екен. Ондай оқиғалар жайлы талай кітаптар жазылыпты, диссертациялар қорғалыпты. Оны біз соң білдік.

 ***

Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы атамыз Адамның өзі, алғашқы анамыз Хауаның өзі Жұмақтан күнәсі үшін қуылған. Жер бетіне күнәһар күйінде түскен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жуған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді.Тәкаппарлық оны Құдайдың қарғысына ұшыратты. Сайтанға айналды. Бұдан біз не көреміз? Құдай жаратқан періштенің өзі күнәдан құралақан болмағанын көреміз. Күнәһарлықтан періште де, адам да құралақан болмағанын көреміз. Әсіресе күнәһарлық оттан жаралған періштеге емес, топырақтан жаралған адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туындамақ. Күнә адамға тумысынан тән болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда, сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе ­деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы Адамды пәктікпен жаратты. Бірақ Адам Ібіліске ерді. Күнәға батты. Ол өзінің күнәға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың Жер бетіндегі алғашқы пайғамбарына айналды. Бұл қасиетті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жыласа, Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Атамыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен; «Адасқанның айыбы жоқ, жүрер жолын тапқан соң» деген.

Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны жоқ, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе; сол қателіктен адам қандай қорытынды шығарады? Сонда. Адамның адамдығы осы сын өткелде көрінеді. Тіптен қателікке ұрынған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы озып кетуі де мүмкін. Орта ғасырда Тибетте тақуалықтан алдына жан салмаған Миларепа деген атышулы әулие болыпты. Оның тақуалық жолға түсуіне себепкер аса ауыр қылмысы болыпты. Ағайын жұртын қырып салған қарақшыларды Миларепа да қуып жетіп қырып салады. Содан, соншама адам қанын мойыныма жүктедім деп Миларепа Бұ Дүниеден баз кешеді. Тау-тасты аралап кісікиік болып кетеді. Адам баласына жоламай тақуалық жолға түседі. Бүкіл өмірі үңгірде өтеді. Ақыры, басына әулиелік қонып алақаны тиген тас балқитын болыпты. Адам құдіретінің куәсі сол тастар Тибеттегі әулие үңгірінде әлі тұр дейді. Миларепа алақанының ізі түскен тас.

Әулиелер табаны тиіп балқыған тастар қазақ жерінде де бар. Маңғыстауда Ұштаған ауылы маңында Масаты әулиенің ізі жатыр сайрап, тас бетімен жүгірген. Өткен жылы барып өз көзімізбен көрдік. Бірақ біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы. Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез келген адам қышқыл дәмін тататын осы бір захар у туралы. Сайтан сыбырымен сол удың дәмін татқан пенделердің шошып, зар илеп Хақ жолына түсетіні туралы. Және олардың Алланың сүйікті құлына айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен сол әулиелер қара түнекті қақ жарып алдымызға түсіп жол бастайтыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны туралы. ­Шалыс басудан, Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына ерем деп өмірде у ішкендер қатарында ­исламият жұлдыздары Құл Қожа Ахмет, Имам Ғазали, Софы Аллаярлар болыпты. «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған. Өткен ісіне өкініп «аһ» ұрғандар қатарында Абай да жүр, «Өз мінімді санасам, тау тасындай аз емес». Алыптардың алыптығы сол, шалыс қадамдарынан шоши білгендігінде. Және сол қателіктеріне қарсы қиян-кескі майдан аша білгендігінде. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерді қайталамаса екен деп өмірден зарлап өткендігінде.

 ***

Періште болып келесің, өмір!

Пері болып кетесің, өмір!

Шықсаң дағы шыңдарға небір,

Өкінішпен өтесің, өмір!

 ***

Адамның таятында бастан бағы

Жүрегі қатты болар тастан дағы.

Ұятты иман менен жиып қойып,

Нәпсінің құлы болар жас пен кәрі.

Адамның таятында бастан бағы

Жүрегі қатты болар тастан дағы.

Басына Құдай кірмей, Құран кірмей,

Басына ақша болар жастанғаны.

***

Жас кезде желкілдеп жүріп өмірдің өткінші екенін ойламаппыз. Егер ойлағанда көп қателікке ұрынбас едік. Бүгінде жас келгенде өлім туралы сарсылып ойлайтын болдық. Бірақ бізді соған қарап зәре-құты қалмай өлімнен қорқады екен деп ойламаңыз. Рас, ажалдан қорықпайтын адам жоқ. Біз де қорқамыз. Бірақ ажалдың ағынан емес, қарасынан қорқамыз. Ендеше, ақ өлім деген не? Ол – асарыңды асап, жасарыңды жасап, бала-шағаңның алдында өмірден өту, абыройлы өту. Масыл болмай, мұсалдат болмай. Бұл жасы келген ата-ананың арманы. Қанша қуса да естен шықпайтын ой. Өкінішке қарай, кісіге кеш келетін ой. Ақиқатында адамды адам ететін ой. Адам адам болу үшін өмірге тек қана өмір сүру үшін емес, өлу үшін де келетінін мойындағаны абзал. Ертеректе осы ақиқатқа ерте жеткен ерлерден атышулы әулиелер шығыпты. Абыздар шығыпты. Хәкімдер шығыпты. Олар ажалдың бетіне тура қарапты. Қорықпапты. Сол текетіресте олар ажалды жеңіп, одан қорықпайтын болыпты. Яғни өлмей тұрып өле біліпті. Құл Қожа Ахметтен қалған сөз. Жаратушы Бұ Дүниеде басы артық ешнәрсе жаратпаған. Соның бірі ажал. Алайда ажалдың ағы, қарасы бар. Алдымен ажалдың қарасы туралы. Аллам бізді содан сақтасын. Неге? Өйткені ол ажалдың ажалы. Бізді ­содан сақтасын. Біз большевиктер билігі тұсында XX ғасыр басында қазақ бастан кешкен қасіретті, яғни ашаршылықты жиі айтып келеміз. Бірақ қанша айтсақ та, осы қасіреттің кісі шошырлық түп құрдымына жеттік дей алмаймыз. Өйткені оның ақиқи кеспірі біз болжағаннан тым сорақы, тым дозақы. Табыттай ауыр. Соны түйсінеміз. Суреттеуге сөз жетпейді. Сөз жетпейтіні, біз, яғни бүгінгі ұрпақ ол қасіретпен бетпе-бет келіп көргеніміз жоқ. Бастан кешпеген соң түйсікпен ғана түсінеміз. Бұл қасіреттің, сөйтіп, қиял жетпес құрдымын мейлінше сезінеміз. Жарты қазақты жер жастандырған бұл қасіретті, сондықтан да айтып тауысу мүмкін емес дейміз. Жарты халық көзбен көріп, бастан кешкен бұл қасіреттің қаншалықты табыттай ауыр қалпын тек қиял, түйсікпен топшылаймыз. Мысалы, Сіз бір әулеттің үлкенісіз. Сіздің көз алдыңызда көзіңіздің қуанышы болған ұлыңыз да, қызыңыз да, құлдыраған немерелеріңіз де, құдай қосқан қосағыңыз да, келіндеріңіз де, қысқасы, бүкіл ауыл-аймағыңыз, бота-тайлағыңыз баудай түсіп жатыр. Шыққыр көзіңіз осы сұмдықты көріп отыр. Сонда, сіз, осы әулет басшысы, қандай күй кешер едіңіз?! Ой елегінен өткізіп, елестетіп көріңізші! Сонда сіз, тұңғиығына көз жетпес, сөз жетпес қасіретті көрер едіңіз. Біздің қара ажал деп отырғанымыз осы. Сорақысы сол, жарты халқымыз осы қара ажалдың құрбаны болды. Сорақысы сол, жазықсыз құрбаны болды. Оларға, ақтық сапарға бала-шағасының алдында аттанатын ақ ажал бұйырмапты. Біздің большевиктік режимді қарғайтынымыз содан. Қызыл көсемдерге лағынет айтатынымыз содан. Ашаршылық құрбандарын жоқтауды мемлекеттік деңгейге көтеру керек дейтініміз содан. Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арнап Азасарай салу керек дейтініміз  содан. Ұлттық қасіретті ұлт болып ұлықтай алмаудың өзі ұлттық қасірет дейтініміз содан. Алайда толғағы жеткен осынау іс-шараның көп ұзамай кешігіп те болса  іске асатынына кәміл сенеміз. Өйткені Қазақстан бүгінде көз алдымызда жаңарып келеді, жаңғырып келеді.

1444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы