• Мәдениет
  • 14 Шілде, 2022

САЛТ-ДӘСТҮР – САФ МҰРА

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, мәдениеттің арқауы. Адамның жарық дүниеге келген күнінен бастап, оның есейіп, қартайып, о дүниеге аттанып кеткенге дейінгі өмірімен біте қайнасып жатқан жөн-жоралғыларымыз бен ырым-тыйымдарымыз қазақтың ұлттық салт-дәстүріне келіп тоғысады. 
ХІХ ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов Тянь-Шанский «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деп бекер айтпаған. Сондықтан келер ұрпақ өзінің салт-дәстүрін толық меңгерсе, оның ұлт ретіндегі болашағы жарқын. Осындай идеологияны жүзеге асыруды басшылыққа алып, бүгінгі жас ұрпаққа ұстаздық шеберлікпен санаға біртіндеп сіңіру арқылы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының атқарар рөлі зор. Осы жоба аясында Аналар қауымдастығының Ақтөбе филиалы мен Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы бірлесе отырып кең көлемдегі этнофестиваль өткізді.

Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ата дәстүрінің  желісін үзбей халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды көздің қарашығындай сақтап, ілгері дамытып отыру және де болашақ ұрпаққа жеткізу, көрсетуді мақсат тұтты. Ашық аспан астында, таза ауада, ­жасыл алаңқайда, су жағасында арнайы киіз үй тігіліп, ет асылды. Фестивальдің ерекшелігі де сонда, ақ жаулықты аналар, апалар, қыздар жас ерекшеліктеріне сай тақия, бөрік, орамал, кимешек пен қазақы нақыштағы кәжекей, камзол, бүрмелі көйлектерін, қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарын тағынып келді. Жоба төрайымы Нәзира Табылдинова және Алмагүл ­Сарыбай, Жұмабике Қалиева, Жұмагүл ­Омарбекова, Айсұлу Сиыршина, Күлән Әбділдина, Роза Балдығарина, Шәмшия Айжарықова, Несібелі Қарымсақова, Рима Төребекова, Алмагүл Бекмағамбетова, ­Клара Құлекенова, Нұргүл Қонақбаева, Райгүл Ақтөреқызы, Лена Әлниязқызы, Марита Қабижанқызы сынды аналарымыз осы жобаның белсенді мүшелері.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер, тұрмыс-салт дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш үлкен топқа бөлінеді. Соның ішінде бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келгеннен бастап жүргізілетін шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесуден бастап қыз бала мен ұл баланы келешек отбасын құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған жөн-жоралғылар кіреді.

Ал тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынастары, ұлттық музыка аспаптары, қонақ күту, тағы басқа рәсімдері жатады.

Осындай дәстүрлеріміздің ішіндегі тұрмыс-салт дәстүрлеріне жататыны –  қазақтың киіз үйі. Оның құрылымдық ерекшелігіне назар аударсақ, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік шешімі мен сырт пішімі ерекше сұлулы­ғымен дараланып тұрады. Тек қана сәулет өнерінің озық үлгісі емес, сонымен қатар астрономия, математика, физика, экономика, дін, этнография т.б. білімнің айқын көрсеткіші, қазақ ұлтының білім биігі. Қазақтың баспанасы болған киіз үйдің бөлшектеріне шаңырақ, уық, кереге, босаға, ал жиһаздарына сандық, сырмақ, ши, құрақ, сонымен бірге ыдыс-аяқтарына келі мен келсап, қол диірмені жатады. Киіз үйдің бөлшектерінің ішінде шаңырақ пен босаға ерекше қастерленеді. Оның тарихы әріден басталады. Біздің заманымыздың VІІ ғасырларда кеңінен пайдаланыла бастаған.

Сонымен қатар ұлттық қолөнеріміздің ішіндегі сырмақ тігу, ши мен кесте тоқу, жүн сабау және түту, ұршық иіру, құрақ құрау және келі мен келісаптың, қол диірменінің өзіндік тарихы баяндалып, қолданылуын, қалай жұмыс жасайтындығынан шеберлік сағаттары өтті. Мысалы, қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары өте көп. Оның ішінде келі мен келсапты тары, бидай, жүгері сынды дәнді дақылдарды түйіп, жарма ­дайындау жолы көрсетілсе, біздің заманға дейінгі қол диірмені арқылы бидайдан ұн тартып шығарудың, нанның оңай жолмен келмейтінін сездіргендей. Ал «құрақ – өнердің қайнар көзі» дейді халқымыз. Қазақ халқының осынау қарапайым да қайталанбас, қиыннан қиыстырып құрақ қию және одан бағалы бұйым жасауы ертеден келе жатқан қолөнер түрі. Құрақтың екі жүзден астам түрі бар. Бұл өнерді меңгеру де оңай іс емес. Адамның шыдамдылығын, табандылығын, жарасымдылығын талап ететін киелі мұрамыз бүгінде өз мәнін жойған жоқ. Жүн түту болсын, ұршық иіру болсын, ши тоқу болсын әр қолөнердің ерекшеліктері бар. Қай қайсысы да шебер­лікті, ептілікті, ұқыптылықты талап етеді. Қолынан өнері тамған шеберлердің осындай шеберлік сағаттары қазіргі жетіліп келе жатқан қыздарымызға керек-ақ.

Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлердің ішінде бесікке салу, құр­сақ шашу, бата беру дәстүрлерінен кең көлемде көрініс көрсетілді. Зер салар болсақ, дәстүрдің көбісі бала тәрбиелеуге қатысты болып келеді. Сол үшін баланы ана құрсағында жатқаннан бастап күтімге алып қастерлейді, баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгеннен кейін шілдехана, бесікке салу рәсімдері жүреді. Қазақ халқы бесікке аса мән берген. Бесікке жатқан баланың таза, түзу, жылы жататындығы ескеріледі. Ұйқысы тыныш сәби дені сау ұрпақ болмақ. Ананың баласына айтқан әлдиінің өзі тұнып тұрған тәрбие.

Батаны халқымыз киелі тілеу деп бағалайды.  Қазақтың ақ батасы ұрпақтарын адамгершілікке, имандылыққа, ақыл мен парасаттылыққа баулыған. Қазақ халқында дастарқаннан батасыз тұрмаған. Рухани қазынасы болып табылатын бата-тілек халықтың тұтастық пен бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады. «Ботаның құны бір-ақ жұт, бата – балаға мәңгі құт» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан да тек жақсылық пен бақытқа жол ашатынын ескеріп жүргеніміз абзал. Үлкеннің батасы – берекенің жарасымды жалғасы. Ақ бата әрбір жанның көгеріп, өркендеуіне септігін тигізері хақ.

Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге жататын қонақ күтудің де өзіндік жолы бар. Қазақ қашанда ақкөңілдігімен, мәрттігімен, қонақжайлығымен қазақ. Дастарқаннан үлкен, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Соның ішінде ет тағамдары ең ­басты орынды иеленеді. «Қонақ келсе – құт» деп, қазан-қазан ет асылып, сыйлы қонаққа табақ тартудың да жолын білген дұрыс. Ондай табақтарды жасауға халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы білетін көреген адамдар шақырылған. Асылған етті бас табақ, сый табақ, орта табақ және аяқ табақ деп негізінде  төртке бөлетіндігі көрсетілді. Бұл жерде бас табаққа бас, жамбас салынуы шарт, ал орта табаққа асық жілік, кейде жамбас сияқты мүшелері салынатыны, оның ар жағында күйеу табақ, құдағи табағы, қыздардың табағы сынды табақтардың да тартылу жолы тамашаланды. Ұлттық тағамдарымыздан қазанжаппай, әсіп, жаужүрек, қарын бүрме әзірленіп, құрамымен және жасалу техникасымен бөлісті.

Кітапханамыздың директоры, ақын, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының белсенді мүшесі Гүлжайнар Нәренқызы ұлттық аспап домбыраның үнімен аналарға арнап өзінің жүрекжарды арнауын ән-жырымен шашты. Күмбірлеген күй ойнап, мәре-сәре болған көпшілік түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, қуанышты тарқасты.

Қорыта айтқанда, ұлттық салт-дәстүр ғасырлар бойына қалыптасқан құндылық болғандықтан бірден емес, бірте-бірте жоғалады. Сондықтан осындай ұлтымыздың бай дәстүрлерін қолымыздан келгенінше дәріптедік. Келешегін ойлар иісі қазақ үшін игілігі мен тағылымы мол, мәдениеттің нәрімен сусындауына, адамгершілік асыл қасиеттер үлгісін санаға сіңіруіне жағдай жасалған этнофестиваль көпшіліктің көңілінде қалады деген ойдамыз. Жас ұрпақты өз Отанының тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға себепші болды деген сенімдеміз.

Айнұр ТӨЛЕГЕНОВА.

Сағи Жиенбаев атындағы

облыстық  жасөспірімдер

кітапханасының библиографы

АҚТӨБЕ

1379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы