• Мәдениет
  • 14 Шілде, 2022

Сән-салтанаты артқан жәрмеңке

«Қазақконцерт» ғимараты Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелер жаңғырған думанды мереке алаңына айналды. Жәрмеңкенің сәнін келтірген қолөнершілер, ұлттық киім дизайнерлері, зергерлер мен қыш шеберлері жиналған қауымды ерекше бұйымдарымен тәнті етті. Жүн түтіп, ұршық иірген, текеметтің түр-түрін көрсеткен шеберлердің жұмысы, сәні айрықша ұлттық киімдер, теріден жасалған заттар, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, құрақ көрпе, қоржын т.б. сынды бұйымдар халқымыздың ісмерлік, ұсталық және зергерлік өнері жоғары деңгейде дамығанын аңғартты.

Көрермен тоғызқұмалақ, ләңгі, асық сынды ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарысты тамашалады. Боз кілемде белдес­кен балуандар, асық атып, тоғызқұмалақ ойнап жарысқан жастар жәрмеңкелерді тек сауда-саттықтың ғана емес, сонымен қатар спорт өнерінің де ордасы болғанын көрсете білді.

Іс-шараны «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының құрамындағы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырды.

«Бұл жоба ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында өткізілуде. «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнердің үздік үлгілерін біріктіріп, салт-дәстүр, ұлттық ойындар мен қолөнер туындыларын ұсынды. Ұлттық өнер – еліміздің рухани өзегі, тарихы мен болмысы. Осы орайда біз халқымыздың материалдық емес мұрасына баса назар аударып, тарихи жәрмеңкелердің сән-салтанатын, өнеге-ұлағатын жаңғыртқымыз келеді», – деді Қазақконцерт басшысы Ақтоты Райымқұлова.

«Біздің жәрмеңке» жобасының салтанатын арттырған мерекелік концертке ұлттық музыкалық өнердің майталмандары мен жарық жұлдыздары қатысты.

Театрландырылған қойылым түрінде өткен концертте тыңдарман ұлтымыздың әуелеген әсем әндері, күмбірлеген күй мен жыр жауһарларынан сусындап, төл өнерімізден үздік үлгілерін тыңдай алды. Сахнада Ерлан Рысқали, Жанғали Жүзбай, ­Ерболат ­Шалдыбеков, Толғанбай Сембаев, Елмұра Жаңаберген, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Айгүл Елшібаева, Ардақ ­Балажанова, Құмарбек Қалқатай, Нұрболат Арзамасұлы, Раушан Оразбаева, ­Перизат Тұрарова, Айзат Қарабекова, Күнсұлу Түрікпен, Дінисламбек Жайлаубай, Асқар Мұқият, Біржан Айтахметов, Серік Нұрмолдаев, Ардақ Елеусіз, ­Венера Табыс, Бауыржан Мұхаметбай, Нұрбану Жұртекина, Нұркен Якияев, Салтанат Ерсұлтан, Ержігіт Әлиев, ­Дарын Құдайберген, Шолпан Шарапатова, Жұмагүл Қуанышқалиева, Әділ Жүнісов, ­Райхан Омар өнер көрсетті. Бұған қоса Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетекшілігімен «Астана сазы» қазақ мемлекеттік ансамблі, «Тұран» фольклорлық ансамблі, «Қобыз-Рух» тобы,  Зәуре Жакешованың көркемдік жетекшілігімен «Мұрагер» балалар ансамблі, «Astana musical» мемлекеттік театры, «Наз» би театры да өнерлерін ортаға салды.

Сахнаға көтерілген әрбір артист көмейінен төгілген әсем әуен, терме, жырлармен өнер сүйер қауымның көңілін бір серпілтіп ­тастады. Ұлттық киім киіп, үкілі домбыра ұстаған дәстүрлі әншілер жоғары орындаушылық шеберлігін көрсетті. Көрермен көңілін ұлттық аспаптардың үнімен әлдилеп, күйлермен жадыратқан ұлттық ансамбльдер мен топтар зор ықыласқа бөленді.

Мерекелік жәрмеңкені тамашалауға Қазақстанның барлық облыстары мен қалаларын, аудан мен ауылдарын жаяу аралап жүрген 72 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов арнайы келді. «Ұлытауға бардың ба?..» атты үлкен сапарымен Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей және Павлодар өңірлерін жаяу аралап келген қария жәрмеңкенің ұйымдастырушыларына өз алғысын білдірді.

Қарақат ЖАНАТБЕКҚЫЗЫ

1219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы