• Тарих
  • 14 Шілде, 2022

ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ «ТАР КЕЗЕҢ»

Көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» ­романын жазуға көп жылын арнады. Жазбасына қоймаған ел тарихы еді. «Тар кезең» – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған шығарма. Қазіргі қазақ романы түрлерінде бұл романның жанрлық атауы айқындалған ба, біле бермейді екенмін. Бұл тарихи туындының түбіне түсіп зерделеуді міндеттейтін өзіндік жанрлық айрықша жазылғаны даусыз.
«Тар кезеңде» талай ұрпақтың кенде қалған тарихи танымы есе қайтарады. Деректік негізді жазушы ұзақ жылдар бойы зерттеген. Қазіргі заманғы қолжетімді мүмкіндіктерде толып жатқан архив ақтарылған. Тарихи құжаттар айналымға түскен. 

Романда ондаған ру, жүздеген адам есімдері аталады. Барлығы дерлік ел тарихында болған адамдар. Шығарманың тіл қолданысында бұрын-соңғыда лексикалық қорда кем қамтылған, қолданысқа түспеген сөздер; авторлық сөзжасам үлгілері кездесіп отырады. Орыс ақсүйектері ортасының қарым-қатынас мәдениеті классикалық әдебиет мәнерінде иланымды көрініс түзіпті.

Романда жеке-дара образ, адам мінездері тұтас халықтық сипатымен оқшауланған. Кәдімгі әдеби кейіпкер миссиясынан гөрі тарихтың тар өткеліндегі ел шері тұтастандырған тұлғалық маңызы басым.

Қазақ билігіндегі Билер институтының әлеуметтік мәртебесі, тарихи функциясы мақсатты түрде мазмұн түзген. Шығармада Ресей патша үкіметі тарапынан тығырыққа тіреп барып қармаққа іліктіру әккілігімен жүргізілген астыртын, ашық әрекеттердің қара халықты орыс сотына тарту механизмін жүзеге асыру фактісіндегі түп-төркіні арнайы, егжей-тегжейлі мазмұндық желі тартқан.

Қалпын бұзбай, тұлғалық тұғырында, қадір-сыйымен лайықты өмір сүрген жазушының шығармашылықтағы Өз бітімі «Тар кезеңде» «көрініп» отырады. Авторды «адыра қалдыратын» теория («автордың өлуі», Барт – Қ.М.) «Тар кезеңге» дарымаған. Жазушы халық тағдырына қатысты ауыр сәттердің барлығына «араласады». Байұлы – Байбақты Сырым Датұлы, Кіші жүздегі үлкен үш Ата – Әлімұлының, Он екі ата Байұлының, Жетірудың елбасы адамдары жиылып талқыға тастаған тағдырлы ірі шаруаларға «қатыспасқа» болмайтын бүгінгі заманғы өзектілігінде қазақтың іште өлген көп шерін шығарудың оңтайлы қисындарында көкейкестісін көлегейлемейді.

1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Исатай-Махамбет» жинағының алғы сөзінде отандық тарихта ұзақ жылдар бойы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» деп дәріптелген тарихи үдерістің ұлт-азаттық қозғалысқа ұласқан салдарын Халел Досмұхамедұлы саяси тұғыр, әлеуметтік алғышарттар, деректік ғылыми негізде жосықтау жөндерін күн тәртібіне қояды.

«Ақтабан шұбырындыдан соң кіші жүз бен орта жүздің бір бөлегі (осы күнгі Торғай, Орал, Бөкейлік, Маңғыстау елдері) ресми түрде орыстың патша өкіметіне бағынды. Бағындырған Әбілқайыр мен елдің бір бөлек бас адамдары еді.

1738 жылы сүмбіленің ішінде Әбілқайыр ханмен бірге бағынуға ант беріп, қол қойған елу алты кісі мына рулардан: 17 кісі – арғын, 7 адам – найман, 4 адам – қыпшақ, 2 адам – тама, 10 адам – табын, 3 адам – жағалбайлы, 1 адам – кердері, 4 адам – алаша, 2 адам – байбақты, 2 адам – жаппас, 2 адам – масқар, 1 адам – шөмекей, 1 адам – кете (деректің Крафтың «Сборник узаконений о киргизах» жинағы, 43-46 беттерінде берілгеніне сілтеме жасалған – Қ.М.).

Барлық кіші жүзден 28 адам қол қойған да азғана орта жүзден 28 адамның қол қойғаны, кіші жүздегі ең көп болған он екі ата байұлынан тек төрт рудың он адамының қол қойғаны, қалған сегіз рудан бір адамның болмағаны, кіші жүзде көптік жағынан екінші орын алған әлімұлынан тек екі адамның болғаны, қалың қара қазақтың патша өкіметіне бағынуға риза болмағанын көрсетеді.

«Ант қағазға Әбілқайырмен бірге қол қойған бүтін кіші жүзбен бір бөлек орта жүз деп айту – қата. Ант беруші Қошқарұлы Жәнібек, Бөкенбай секілді батырлар, осылардың соңына ерген аз ғана елдің өкілдері» (Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: «Ана тілі», 1991. 51-б.).

Адамзат тарихындағы әлемді бөлісудің жаңа бір дәуірінің дүмпу, дүбірлері қазақ даласында да аса қатты естілген тұстар еді. Қилы себебі бар. Қырық түрлі қитұрқы салдарлары бар.

Хандық биліктің күні өткен тұсты Халел Досмұхамедұлы Әз Тәукемен тұйықтайды. ­Халел Досмұхамедұлының сан сала қайраткерлік, шығармашылық ғұмырбаянындағы айрық­шалықтың бірі – қазақтың елдік мұратта­рындағы рулық институттың тарихи мәні туралы тоқтамдары.

«Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» деп келтірген тарихи тар кезеңдерге саралау жасауда Халел Досмұхамедұлы әлемде баламасы жоқ, елдік бүтіндіктің, ауызбіршіліктің айнымас тұғыры, ұлттың өзін-өзі сақтаудағы сыр алдырмас жұмбақ құндылығы – рулық этникалық тұтас­тықты қадап, айғақтап, атап отырған.

Қазақтың кісілік болмысы, жад-танымы, басқалардан айрықшалап тұратын тарихи таңбасы – бірегей рулық институттың тұтас ұлт құрау өтімділігі мен жалпыхалықтық мазмұнында көрініс табады.

Әлем жұрттарының ешбіріне ұқсатпайтын негіз әлі күнге тарихи, аксиологиялық, психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан түбегейлі ғылыми танымға тартылмағанының түп себептерін зерттеп, зерделеуге құлқымыз жоқ. Ағылшын анадай, неміс мынадай, орыс пен жапон, өзбек пен қырғыз – барлығының дара бітімі көзге ұрып тұрады деп тамсанамыз, өмірі өзімізге көңіліміз толмайды.

Қазақтың тұлғалық қасиеті жетіп артылады, соның бірі – ұйысып бір ру ел болып, үлкеннің аузына қарап, айтқанымен жүру. Байтақ елді бір адамдай жұмылдырған осы рулық құрылым ұланғайыр атамекенді ғасырлар бойы жаттың иелігіне бермеді. Мемлекеттің тұтастығын қорғады.

Халел Досмұхамедұлының «Исатай-­Махамбет» жинағының алғы сөзінде ғана емес, Мұрат ақын толғауларына сабақтастырып та, ел әдебиетінің он сан үлгілерін қатыстырып та ой бөлісу дағдысында ұдайы көзге ұрып тұратын ел тұлғаларын шыққан Атасымен астастыра атап отыру, қазақ рулары, олардың құрылым шежіресі, мекен еткен ата қоныстары туралы тарихи-танымдық, толымды мағлұмат, деректер беріп отыру өнегесі дәстүрлі негізде өріс ашқан.

Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романында осы ұстаным бар. Жазушы рулық құрылымның ел тағдырындағы, ұлт тарихындағы тамыры тереңде құнарланған рухани-әлеуметтік әлеуетіне мақсатты түрде қарайлатып, аялдатып отырады.

Руаралық бәсекенің өзі ел жақсысы атану жолындағы жағымды бәсеке болғаны күмән туғызбаса керек. Ханға жөн көрсеткен рубасы билердің қанындағы арғынегізді мемлекетшілдік, отаншылдық мүдде, ел басқару жөндері жалпыхалықтық ауқымдағы басымдығымен, қастерленуімен маңызданып отырғаны да даусыз.

Отарлаушы елдің мүддесінде рулық қауымдастықтың күні бүгінде де жасап отырған артықшылық айрықшалықтары жабайылық, жаппай тартыс-талас болып көрсетіліп, мінеліп, сыналып, ескінің қалдығы саналып, қолдан ыдыратылуға ақыл да, күш те айламен, аянбай жұмыл­дырылды.

«Тар кезеңде» автор ел күйзелген тұста Халық кеңесін өткізіп, дала демократиясының мығымдығында іс-қимылға кіріскен кіші жүз руларының басты адамдарын орайы келген тұста бар титулымен қайыра, қайта-қайта атап айтып отырудан танбайды.

Ондаған ру атауларын қазақ тарихына кеш қарайлаған кейінгі ұрпақтың танымына сіңіруді де көздейтіндей.

Ел өміріндегі тар кезеңдердің шындығын шайқамай-төкпей көркемдік психологиясында жеткізген роман мазмұнына тықпаланған, алабөтен кимелеп, оғаш, оқшау, бөлшектеніп, жанамалап, жағаласып отыратын басы артық оқиға, баяндау жоқ.

Жазу мәдениеті алғашқы әңгімелерінде көзге ұрып, көкейде қалған Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезеңде» салтанаты келіскен Санкт-Петербургтегі өмір ағысын қанық көркемдік иірімдерде, ХVІІІ ғасырдағы орыс адамдарының, белгілібір әлеуметтік топтардың өз ортасына сай айрықшалықтарында, кәдімгі Еуропа романшыларының қолтума шығармасындай ауытқымаған айқындықта ашып отырған.

Дала көшпендісінің тіршілік ырғағы жан алаңдатар қорғансыздау құсалы тағдырымен көз тұсайды. Роман оқиғасы 1785 жылмен аяқталған. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің күрес жолы, ауыр тағдыры 1800 жылға шейін созылған еді.

Бірер шешімді сәттің ауқымында, қысқа мерзімді ғана қамтып жазылған «Тар кезеңде» сол он бес жылдың ғана емес, Халел Досмұхамедұлы айтатын, «кіші жүздің жүз жарым жылдай қанмен жазылған тарихы» тұтас айтылғандай айқындық бар.

«Тар кезеңде» қазақ тарихындағы хандық биліктің дәуірлік дағдарысы, ыдырау үдерісі сыртқы күштердің түбегейлі отарлау саясатының пәрменді, кесімді, бірбеткей әрекеттері ауқымында бұрын-соңғыдағы тың көркемдік интерпретацияда мазмұн түзді.

Аяусыз басқыншылық, ғасырларға жалғасқан өктем астамдық тіксіндіреді. Жеті жұрт кеткен Еділ мен Жайық арасындағы отарлық езгіге қарсы адамзат тарихындағы ұзақ күрестің, таңбалы, тағдырлы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи алғышарттары, барысы; күрес жетекшісі халықтан шыққан даңқты қолбасшы Сырым батырдың, елінің айтулы биі Сырым Датұлының шешімді, кесімді әрекеттері тарихи негізде нанымды.

Қазақтың арғы-бергі тарихында аты қалған, жылдар бойы халқын тығырықтан шығарамын деп аттан түспей күрескен жанкешті батыр тұлғасы, ел ортасы ­Ресей империясының болып-толған билік ордасындағы жалпақ ғаламға тырнағын салуға қымсынбайтын текетірес, ымыраға келмес қайшылық, қарсылық ындынында беттесіп отырады.

Оқушы қолы ұзын Петербордың сән-салтанатының буына бір сәт те еліте алмайды. Еңіреп жүрген дала жұртына қарайлай береді, жүрегі бір болмай қоймайтын жамандықтарға елеңдетеді.

Озбыр күштерге мысын бастырмаған, аярлыққа көніп, көндікпей күрескен кешегі күннің өр тарихына өксік қосады.

Роман экспозициясында келтірілген Қадыр-Мырза Әлінің жыр жолдары талай тарихты қамтып тұр.

«Бұл жерде ел ұрандасқан,

                                          айқайласқан...

Бұл жерге жау аяғын байқай басқан!

Ерліктің етегінен ұстап тұрып,

Еркіндік сонда алғаш тәй-тәй басқан!».

Ресей отаршылдығы фактісінде қазақ жұрты әлемдік ауқымда отарлық езгіге қарсы күрес бастағандығын Әбіш Кекілбай «Шандоз» кітабында айтады. Әбілхайыр хан 1731-ден соң іле-шала серт бұзып, шеңгелін батыруға кіріскен империяның зор күшіне бағыну ниетін байқатпаған.

Қазақ тарихының арғы дүние, алыс замандардағы ерлік шежіресінің енді-енді, еміс-еміс жеткен ұлы мазмұны кіші жүздегі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыспен, әрине, тамырласып жатыр. Кенесарының қозғалысынан жарты ғасырдай бұрын өткен бұл қарсы тұрудың кең тарихы әлі де жабық жатқан еді. Жазушының бірнеше жыл бойы Сырым Датұлымен «айналысып» жүргенін еститінбіз.

Аласапыран, астаң-кестең замандардың екпіні еңсесін түсіре алмаған қазақ дейтін қалың елдің қолы байлаулы, тілі кесулі, аяғы тұсаулы күйге душар болмас үшін «Ай, мен қауіп ойлаймынның» жайында күші тең емесін көре-біле тұра тайсалмай текетіреске тәуекел етуі. Рух күресінің адамзат тарихында жоқ, баламасыз рулық институтқа байлаулы мығымдығы бой көтеріп отырады.

Бөгенбай батыр туралы бір жырда батыр­дың өзінен ұрпақ жоқ болса да, жауға жұмсай­тын қолының тұтастай Қанжығалы руынан бол­ғаны, рулас ағайынның алауыздығы, тіресуі, кетісуі болмайтыны мазмұн түзетін.

Қазақ даласының жалпақ жұрты қай өңірде де бағзы ерлік, еркіндік синдромын дүркін-дүркін байқатып қоятын. Өткен тарихтың ізін өшірмек болған уақыттарда да, кеңестік кезеңде де Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық күрес, шаруалар көтерілісі деген желеумен, атауын айналдырып, дәріптелген.

Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің тарихындағы «тікелей орыс отаршылдығына қатысты туған ағым» (М.Әуезов) аталған зар заманға қатысты зерттеулерінде «соғыс отары», «жер отары» дейтін қолданыстар бар. «Тар кезеңде» сол соғыс отарының жайы жер отарына апарып соқпай қоймайтын түпмүддесінде егжей-тегжейлі тарихи-көркемдік негізде, жанрлық тұтастық ауқымында кеңістік түзді.

Автор ел тарихына жеті; ана тілдің ­уызына жарыған шүлен жазу өнерінің әлемдік классикалық тәжірибе, өнегесін әбден сіңірген жазғыштық әккілігінде «Тар кезең» сынды жауапты, зіл батпан жүгі бар, қаупі көп тақырыпты емін-еркін, тосылмай кеңістікке алып шыққан.

Жазуының шалқымасы жоқ; сөз өрбітіп, көлем қуалайтын қулықтан ада; тізгін босатпай ширықтырып, шымыр ұстайды. Шығармадағы билік психологиясы; жеке адамдардың кескін-кейпі тапқыр, суретті тілдің айтқанына көніп, айдағанына жүріп қапысыз ашылады.

«Игельстромның екі көзі тас төбесіне шыға жаздағанмен, жағдай оның жеке басының қазіргі күйінен гөрі күрделірек еді – қамыс арасынан қапыда кездескен қабанкөзденіп қарсы алдында көзі шүңірейген граф Безбородко жауап тосып отырған-тұғын».

Бодан жұртты бүкіл Ресейге ортақ заңға бейімдеу идеясы шығармада бар зардабында ашылған. Бұл ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ баласының еркіндігін басыбайлы алып тынған пәрменнің бірі еді.

«Енді Тәңірінің талтүсінде табан тіреп тұрып күрс-күрс атысып, артынан түк болмағандай атына мініп, алдына олжасын салып жайбарақат жортып жүре беретіндер шықты. Шыққан жоқ-ау, көбейді... Алла ақырын қайырлы еткей, соның өзіне көптен бері жүні жығылыңқы елдің еңсесі соңғы кезде едәуір көтеріліп қалған сияқты. Қазір қай ауылға барсаңыз да іргесінде жайылып жүрген, не матаулы тұрған түсі бөлек топ-топ мал... – «Бұл қайдан келген?». – Е, шабындыдан түскен олжа ғой! – деп шалқайысады. Ал енді төріне шығып тыным алайын десең, босағасында жүрген жалтаңкөз жат адамның мойнындағы ажырғасынан, жалынышты көзқарасынан жүрегің сыздап: «Мынауың кім?» дейсің тағы еріксіз. «Е, жәсіріміз ғой! – «Бұл байғұсты қашан қолға түсіріп жүрсіңдер?» – «Кеше жортуылға шығып, ... Орыс олжалап қайтып ек!» дегенде мұрттары көкке шаншылады». Жазушы әлгі, заңға бағынбастан бұрынғы аз ғана «жеңіске» аял жасаған бір тұс.

Ел басқаруды рулық институтпен көгендеп қою тәсілінде де тарихи тұнған тәжірибе, тағылым бар. Үдере елді көшіру. Он екі ата Байұлының руларын тұтастандыра, алаламай, тастамай қоныс аударту тұтасып жүру. Тыңдау. Сыйлау. Шіркін дегізерліктей кесімді, шешімді әрекеттер.

«Соңғы жылдары казак-орыстардың шапқыны тым жиілеп, соның қарымтасына қазақтардың да шепке тиісуі күшеюіне бай­ланысты, жалпы ел, оның ішінде мұның Байбақтылары да бұрынғыша ата қоныс­тарына алшиып-алшиып қона алмай, көшсе – топтанып көшіп, қонса – осылай... аядай жерге тығылысып, тығыз отыруды дағдыға айналдырған-ды. Соның салдарынан, қоныстан тарлық көргенмен, бір жаман­шылықтың бір жақсылығы да болады демекші, тастүйін отырған ел жаудан аса теперіш көрмей, әсіресе кейінгі өскен балалар кәрі арланның тісі тимеген көнжұлын бөл­тіріктердей болып бұла өсіп келе жатыр еді».

Енді бірде жайғасып отырудан қалған сүргін кезеңдерде тастүйін, жинақы, ылдым-жылдым шапшаң қазақтың бойкүйез, болбыр болып кетуінің бір сыры отырықшылық тұрмыста да сияқты деп ойлантады.

«Ет пісірім шамасында көш соңы қыр асуы мұң екен, кеше ғана үпір-шүпір болып, ызғындай ел әрең сиып отырған Қарақамыстың қалың қопасы әп-сәтте мың-сан құсы дүрк көтеріліп ұшып кеткен айдын көлге ұқсап, иесіз қаңырады да қалды».

Көш мәдениеті, көшу өнері, көш институты туралы зерттеулер болды ма екен, бар ма екен?! Қажығали Мұханбетқалиұлының жазу машығында желігу болмайды. Көлгірсу, жалған ақ жүректікті жолатпайды. Қайткенде де қасірет шөккен кәрі тарихтың сембеген қызуын, сөнбейтін нұрын құтын қашырмай; ұлтының «басқа түскенді қабылдадым, барым осы» мінезін, ұлы сабырын сіңіріп жазудың тәсілдерін тапқан суреткер. Кітап беташарында автор суретінде жүзіне тұтас жайылған салқын кейіп – ұлттық мұң. Жазушының жөні жоқ желпінгенін көрмегенбіз. Отыз жылдан астам осы тарихи трагедияның жүгіне жүрегін бастырып отырып жазған ғой. Жадырауға, жазылуға, жарқырауға лайықты тұлға өзін өзі осылай тұтқындағандай.

Бұл роман – үнсіз ғана ұлт сөзін сөйлеудің қайырлы бір тағылымы.  Әлім-шекті-қырғыз-қазақ, ноғай-қазақ, шежірелі елдің өткенін жаңылыспай, жаза баспай сыналап сіңіріп отыру парызына құрмет. Қазақтың қалай-қалай болып кеткен тағдырында рулық институт әлі зерттелмеген баламасыз қауымдастық, қаншылдық. Ұзақ тарихта бұл институттың стратегиялық мақсат-мүддесі небір қантөгіс соғыстың алдын алған.

Қилы қысталаң күндердің, ел басынан өткен тар кезеңдердің, ат үстінде күн кешкен жортуыл жедел ғұмырдың; елім деп қан төккен өр мінез ер бабалардың рухын биіктеткен «Тар кезең» қазақ романшылдығындағы жанр байыту, көркемдік қабаттар ашудағы өзіндік өрісімен кәделі.

PS. Бұл эссе дүниеден екі жыл бұрын өткен белгілі қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлын еске алу парызында жазылды.

Қанипаш МӘДІБАЕВА

4567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы