• Тұлға
  • 14 Шілде, 2022

СІЗДІҢ ОРАЛХАНЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Неге біз осы ескі толқынның қадірін білмейміз?
Неге біз осы жаңа толқынның жағымпазын елеп, жасампазының жолын бөгейміз?
Неге?..
Бәрінің бұлақ бастауы бір. Мендік әм сендік жүректі кеудеңнен суырып емей, жан сарайының сырлы үнімен, қаламының хас таланттан тараған сиқырымен әуелетіп әкетер автор – Оралхан Бөкей. Қасқыр көз Оралхан әр қазақтың өміріне қанық. Әр адамның ғұмыр дариясын айнадай қып баяндар, «бауырым-ау адастың ба?» дер дос пейіл жазушың. Алтайдың зеңгір көгін тілгілеген шоқтардай зау биікке өрмелеуді еш үйретпейді, тек ақ көңілге сызат, пенде пиғылына дақ түспеуін құптайды. Азу шалған аппақ шың тірі жан із оймас пәктігімен, періште көркімен сұлу. Адам баласының сырт сыны сырланған сайын, тұлғалық тереңдік пен табиғи тепе-теңдік «үйлесім» тізбегінен үзіліп бара жатқан жоқ па. Ол көптің ертеңі, өзінің, өзгенің баласы көрер күні, атар таңы қандай болар екен деп болжал қылмайды, бүгінің бүктетілумен өтсе-дағы, келешегің де кеспірсіз кейіпке ие дейді. Оқырман қауым Оралханға әдебиеттің төрінен орын берсе, бұл оның кейіпкер мінін тізгені, сын ұстарасына салғаны үшін емес, сенің сүрлеуің бір кезгі менің жүргенім, кінәсіз ешкім жоқ, бәрін де түсінемін деуінен. 
Алыста-алыста, бәлкім, балауса шағымда кәнігі «қазақ әдебиеті» кітабының ішінде Тортай атты зерек балақай асқақ арман қуып, қиялдың боз айғырында желе жортқан еді. Ораш тәрізді мен де жыл жылжуымен мұның сұлбасын, сөзін, ертегін ұмыттым да, қалдым. Содан бері қанша су аққаны беймәлім. Жанарын мұң шалған жабырқау Тортайды қайта кезіктірдім. Кезіктірдім де оның ақ бозына абайсыз мінгенімді ұқтым. 
Ақтық сапар шегерде атау-керені ішеміз, өмірді жете түсіну үшін «Атау-керені» оқимыз. Дүниеқоңыз һәм тоғышар – Ерік, ақылдан азбан боп, есінен айырылуға шақ – Таған, күйеуінің сыңарынан гөрі күңіндей бәйек – Айна, аспан көзді, талан тағдыр иесі – Нүрке. Әрқайсының бейнесі әйнектен шағылысқан «біз» дейтұғын қоғам әлпеті. Тоқырау кезеңі әлдеқашан ақырын тапты, ал «адам» сол күйі тәубесіне келер емес. Заман дегенің қай арнаға бұрса, солай қарай пенде, шіркін, өзгермек пе? Жоқ, ең әуелі, ниеті, одан соң іс-әрекеті құбылмақ. Өлместің қамы ажалдың төнуімен тынады. Қалғаны... Қалғаны тек тарих... 
Оралхан бәріне ортақ. Ол еш дүниені әрлемей-ақ, шын күйінде, сол қалпында әсем жеткізеді. Оқушы жүрегі – төл туындысында кейіпкерлермен қоса жасап, аунап, құлазып, мұздап, мұңға бөгіп адамзатпен қатар тыныстайды. Мен танып, таңырқаған Бөкейдің ұлы Оралхан дәл сондай. Ал сіздің Оралханыңыз ше?..

ОРАШ МІНГЕН АҚ БОЗ АТ

 

Ақ боз атты мініп-ақ, мін таппас кескінмен күн еңкейген беткейге құйын-перен тарту әр ер баланың арманы. Бірақ нақ біздің кейіпкер жөні де, жұлдызы да бөлек жан еді. Онысын ойлы от көздері, зердесі мен зейіні, көп білетініндей, көп дүниені сезетін сұңғылалығы аңғартпай ма? Бұл сөзімді титтей бүлдіршін оқыса, оқулықтағы Тортайды сапырылысқан сан беттер, бәлки өз жадының түпкі бір бөлмесінен табар. Кекселеу кісі оқыса, өткен-кеткен өмірінің жолсерігін есіл естелік қып қайта жаңғыртар. Әйтеуір, бәріне ортақ Тортайдың кішірек арманы бар-етін.

Ол ақ боз атқа міну...

Әттең, түсінде ақ бозды, өңінде көк өгізді көреді-ай…

Оралхан Бөкей әңгімесін «Тортай мінер ақ боз ат» деуі де тегіннен-тегін емес, еш уақ тақымына тимес сәйгүлікті аңсауындай. Сұрапыл соғыстың сұм жылдары артта қалып, Салықсалған иығындағы ауыл тату да, тәтті ғұмыр кешкенде кешегінің азалы үнін жұмыр жүрегіне сақтаған тек Тортай тәрізді. Жетімнің кебін киген ол өжет мінезден гөрі жалтақ та, жасқаншақ қылыққа бейімдеу, момындау. Жуастығы шымылдықтың ар жағындағы ақ ақыл иесін, шексіз ой кеншісін, мұңлық баланың мұз құрсаған сарайын жасырып тұрғандай. Мұның хикаяты Ораштың жады күнделігінде жазылған күндермен баяндалмақ. Ферма меңгерушісінің ұлы құлағы хақас еститін Тортаймен тел өсіп, оны теңіндей көреді. Кей кезде балдырғандар алалауы, ал кейде адамдық көңілмен орталарына қабыл алуы мүмкін. Дәл солай шын достық пейілмен Ораш та бұны «ағасындай» құрметтеп, жаны жабырқау күйге түсер ауыр минуттарда маңынан бір елі ажырамайтын.

Тортайдың аялы мекені – тас күркесі. Тың әңгімелердің бастауы, кітап кейіпкерлерімен «сол баяғы» хақында тілдесуі, бастық ұлымен тағдырлас болмаса да, ішкі толғанысы туралы сыр шертуі үңгір кеңістігін өзгеше үнге бөлейтін. Ертек айтарда: «Бір жетім бала», – дейді де, аяғы, аяғы ұмытыла береді. Жалғыздық жар сүйгіш пендеге жараспаса керек-ті. Тортай жетімдікті тілеп алып па еді? Жоқ, ол мұны қаламады, сүреңсіз тірліктегі сәулесін кітаптан іздеді. Сәл сәтке болсын ұжмаққа бойлап, он ойлы хәлден айығатын. Діттеген межесі – оқырман жүрегін дірілдетер жазушы атану.

Күңіренген күз таяды. Әркімнің есігін «оқуға аттаныңдар» деп қақты. Бұзау бағып Тортай қалды. Ораш амал жоғынан қатты қысылды, талант пен талаптың топырақ арасында тозарына көндіккісі келмеді. Досының мінбеген ақ боз атына ол өмір озаты боп қарғыды да, «білсем-үйренсемге» ден қойды.

Жылдар жылжып бәрі-бәрін, тіпті Ораш пен Тортайдың балаң шағын өткеннің еншісіне қалдырды. Бірінші кейіпкеріміз әйгілі қаламгер атанды, демалыс уағында әкесінің үйінде бой сергітуде. Екіншісі, үйлі-баранды, әлі күнге дейін қой қамымен. Бірде ­Тортай ескі ­досымен көріспек те, кітабын қойнына тығып, қолтаңбасын алмақ. Ораш онымен жүздеспеді. Бет-жүзі түгіл, ар-ұяты шыдамады. Өйткені ол мінген ақ боз Тортайдыкі еді. Иә, өмір осы тектес «әттеңдерден» тұрады. Бала көңіл ше? Кәусарлықтан!

 

БІР ҰРТТАМ АТАУ-КЕРЕ

 

Атау-кере – ақтық сапарға аттанардағы ақырғы ас. Бірақ дәл бүгін толғар тақырып тіпті де ол жайлы емес. Біз көптің көкейін тесіп, көкірек көзіне нұр ұялатқан ­Оралхан Бөкейдің «Атау-кересі» жөнінде әңгіме өрбітпекпіз. Өреніміз зейін қойып оқыса…

Арда Алтайдың төсінде кімдер тумаған әм тұрақтап қалмаған. Соның бірі Ерік есімді кейіпкер десек, соңынан ерген тұстасы Таған, Құдай қосқан қосағы Айна, көкпеңбек жанарлы Нүрке бәрі-бәрі тағдырлары өзара өрілген бейнелер. Әрқайсысы маңдайына жазғанын көріп келеді. Сырттай сыр білдірмейді де, ал іштей сан қиналады. Айталық, Нюра Фадеевнаның аш құрсағынан шыққан ұлы «қауіпті буданның» нақ өзі. Тау кезіп кеткен Шал демекші: «Адам баласына қайыры жоқ. Не орыс емес, не қазақ емес, өгей неме». Расымен, омырауынан сүт емдірген анасы орыс нәсілінен, діннен безінген әкесі қазақ ұлтынан. Аяғында Африка мен Еуропа араларын будандастырғаны сияқты сиқы да, сабақтар ісі де «өгей неме» дүние дидарын құшты-ақ. Мінездегі қаттылық, қайраттылық Қандауырдан дарыса, білегіне біткен күш еңбеккерлік өмірден ілген олжасы. Әйтсе де, тағдыр оның табанына шеңгел салмай қоймады. Жетімек күн кешкен ол иек артар, сүйеу болар бір жан баласын таппады. Жалт еткен жастықтың шуақты таңдары, шерлі түндері қара жұмыстың жетегінде өтті. Кешегісіне кеюдің орнына, мың мәрте рақмет айтты. Өйткені бүгіні бүр жарған гүлдей еді. Нендей құн төледі? Әлбетте, Ерікке ақыл айтар қауқар түгіл, қақымыздың барына күмәнданамын. Дегенмен, білу парыз. Соқпаққа көп соқтыққан кейіпкеріміз бұ жалғанда дәулеті аспандап тұрғандар ғана тұғырдан көрінерін ұқты. Ең өкініштісі сол. Дүниеқоңыздықтың сыңарына айналған Ерік ар мен намысты, әдеп пен тәрбиені тәрк етті. Мирас қып табыстар ұрпағы жоқ. Кім үшін, не үшін екенін әсте де өзі түсіне бермеді-ау. Бәлкім, мәңгілікке бойлау мақсұтында. Ал мәңгілік ештеңке жоқ. Демек, ғұмыры оқып-тоқыған данышпандармен айқасумен, бал аңқыған байлықты жиюмен, адамзаттан гөрі тек өз «мені» үшін тірнектеумен өңкей заялықтан құралыпты. Әттең, аңсары да, көңіл ауары да, бәрі – алдамшы!

Текті тұқымнан тараған Таған келешегінен үміт күттірсе де, қоғаммен кермалдасып әбден демікті. Әл-дәрмені құрыды. Құр сүлдерін зорға сүйретіп, ішкіштікке бой ұрды. Аппақ шөлмек, сайтан су азды-көпті өмірінің серігі боп шыға келді. Әйелі мен баласынан ажырап, салт басты, сабау қамшылы, салғырт та, салақ күй кешті. Аспиранттың көкке самғауы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін кілт үзілді. Ол зау биікке зу етіп ұшты да, әлдекім қанатын қайырғандай қапияда құлап түсті. Санасы сарғаймады, ақылы азбады, десе де маскүнемдік бойын да, ойын да қаза қылды. Екінші рет те ұлт тарихын қазбалағанда «ұлтшыл» ­айыбымен тентіреп қалды. Бар жазығы ұлтжандылығында ма еді.

Біздіңше, Ерік Қарабураға (Тағанға) қарағанда жүз есе бақыттырақ. Неге? Себебі, сарапқа салудан қашық, әрекет сүйгіш. Таған өз кезегінде мұңлылау. Ой мұхитының түпсіз тереңіне сүңги бергенінен болар. Шалмен арадағы сыр сұқбатта айтпақшы: «Адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық шығар, аға». Әне, кейіпкер сөзіне қараңызшы, оның, Құдай куә, жалғыз-ақ кінәсі бар. Азғырынды араққа арлан мойнын иіп, тым ерте мұқым әлемнен түңілуі еді. Барлық бәлекетті рухсыздығынан көрді. Тек «Неге біз осы – осындаймыз» дегенді адамзатқа қатыстырды. Ағыннан жарылайықшы «Неге біз осы…».

Арай өңді Айнашжан өзгенің ғұмырын кешсе де, өз жолымен жүре алмапты. Ол да жетім құс. Үй шаруасына үйірсектеу боп өсіп, шеше етегінен шет жаққа жырақтамаған өнегелі қыз. Мінезінің ұяң да бұйығы қалпы, қылықтағы тартыншақтығы соның айғағы. Қырмызы шақтың қимас күндерін көркейткен керім кейпі, ай дидарын құлпыртқан қос өрімі айырықша жарасып-ақ тұратын. Әйткенмен ақ сазандай жүзіңді албыратар ерің алыстаса, жан жырларың жұптасатын абат баққа көлеңке түссе, бәрінен де сол қиын. Неге ғана Ерік әр жыл ­сайын Бекторыны іздеп кетеді? Бұлқан-талқаны жоқ жарына лайық жұбай емес екенін сезеді. Жүрек түбінде Айнаның тырнағына да татымайтынын біледі. Бұны мойындаудан гөрі момындығын бетіне салық қып басады-ай. Ал, Айнаш не нәрсеге де көнбіс кейіпкер. Оның осылайша қалыпталуына ана ықыласына деген зәрулік әсер етті. Кеш ұқты, кеш ес жиды. Ол күң еді, бірақ мүлде жар емес… емес… емес…

Аспан көзді Нюра, айналайын Нүрке, осыноу кейіпкердің жаһанда көрмеген қиындығы, татпаған уы қалмаған-ау. Азаптың мың бір түрі болса, мың екісін пешенесіне ойған екен апамның. Әсем де, әсерлі жылдары қазақы серіге күйеуге тиді. Қатал анадан бата түгіл, қарғыс алып, бет-терісін көнектей ісітті. «Бай қызы» деп басына әңгір таяқ ойнатты ғой заманы. Қосағын қу сүргінге қудалатып, періште перзенттерінің шетінеуінен мөлдір жанарын жас шылады. Ол қайысқан жоқ, сынбады да. Тек ара-тұра жалғыз ұлының дүниеқоңыз тірлігіне қынжылды. Қазекемдей «өкпеге қиса да, өлімге қиған жоқ-ты». Ажалы аяңдап келгенде, біртін-біртін баяу күйде рухы көкке көтерілді. Шіркеу қоңырауларының қоңыр үні, шоқынған қауым, ана сүтімен ұялаған сенім «өмір» атты ұядан «мәңгілікке» жол бастады.

Араның қоғамдық құрылысын адамзаттыкімен астарлы мәнде салыстыра суреттеу Оралхан Бөкейдің иелігіндегі шеберлік. Мәселен, бал өндіргіш шыбындардың үйшігі неғұрлым цивилизацияланса, соғұрлым бұлардың қарым-қабілеті һәм қарекеті өзгереді. Психологиялық тұрғыдан құбылып, табиғи мол мүмкіндіктерінен айырылады. Бейнетқорлық, еңбексүйгіштік адыра қалса, біздің де оңбасымыз хақ. Оралхан Бөкей айтпақшы: «Жо-жоқ, адамзатты жұмаққа жеткізер ақыл-ойы ғана емес, төрт аяқтап хайуандармен бірге жайылып жүрген жерінен алып шығып, сананың сандал көгіне мінгізген қара күші де…». Қарапайым да, қажет қағида. Ал әрнені автоматтандыруға әуес адам баласы дана ма, әлде жалқау ма…

ҚАРАБУРА (Таған) мен ҚАРАБАУЫР (Еркін), ЖАҚСЫЛЫҚ пен ЖАМАНДЫҚ, БІТІСПЕС АРПАЛЫС. Мұнда, әдетте­гідей, абсолютті жақсылық, я абсолютті жамандық болмайды. Ақтың көлеңкесінде ала тұрақтайды, аланың ақ шындығы демі­нен тарылады. Үш анық бар: Хақ тағала, ақиқат, өмір. Ғұмырың сыяр үш ұғым!

Аружан АҒЫБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика факультетінің

1-курс студенті

1692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы