• Руханият
  • 14 Шілде, 2022

«АҒА, САҒАН БҰЛ – ОШАҚ…»

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Есіктен табылған ­«Алтын адамның» қабірінен шыққан сөзді оқуға, түсінуге талпынғандар көп. Қазірдің өзінде ол тостағандағы жазудың жиырма екі түрлі тәпсірі бар. Біз оның әрқайсына тоқталып жатпай, ғалым ­Алтай Аманжоловтың нұсқасын келтіргіміз келеді.  «Аға, саңа очкуқ! Без чөк! Букун ічре (р?) азуқі: Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай!)».
Ғалымдардың болжамына сенсек, сақ дәуіріндегі бұл көне түркі жазуы, біріншіден, адам о дүниеге барғанда өмір сүреді, азық-түлік керек етеді деген сенім негізінде тілек тостағаны ретінде жазылса, екіншіден, халықтың сыртқы дұшпандарды жеңуге деген құлшынысын байқатады. Үшіншіден, халықтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болуға ұмтылған ниетін, молшылыққа ұмтылу ұстанымын көрсетеді. 
Бұл жазудың біз үшін аса бір құндылығы – ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі көне түркі тілі болғанын айқындап, бұдан бірнеше мың жыл бұрын түркітілдес тайпалардың ­жазуды меңгергенін және ол жазудың кең пайдаланылғанын айғақтайды. 
Иә, осы жердің байырғы тұрғыны да түрік тілінде сөйлеп, жазып, тілек тілегенінің бір көрінісі: «Аға, саған бұл – ошақ» сөзі…
«Ең әуелі сөз болған» дейміз ғой. Міне, біздіңше, кейінгіге де сол сөз қалған… Ол сөз кей ұрпаққа тіл болып жетіп, әлі күнге қолданыс аясынан шықпады. Ал тағдыр тәлейі басқаша жазылған бақсыз кейбір ұрпақтан сөз ғана қалып, тілі жоғалып кетті…

«ҚАҺАРЛЫ ҚЫЗЫЛ БҰЛТТЫҢ» ҚАЙҒЫСЫ

Ақын Жанарбек Әшімжанның «Қылбұрау» (Қайыршы үндістің монологы) деген өлеңі бар. Өлеңнің басына журналист Сәкен Сыбанбайдың мақаласынан үзінді келтіреді: «1996 жылы АҚШ-та Қаһарлы Қызыл Бұлт есімді кісі қайтыс болды. Ол – жергілікті үндістердің сиу тайпасының соңғы өкілі екен. Көз жұмар алдында байғұс Смитсон университетінің өнертанушыларына өз тілінің ерек­шеліктерін, ғұрыптық әндерін жаздырып кетіпті»…

Лингвистер тілдердің жойылуына бұрыннан назар аударған. 1948 жылы Морис Сводеш «Қол­даныстан шыққан тілдер туралы социологиялық мақала» атты еңбегін жариялайды. Ал ХХ ғасыр ортасынан жойылып кеткен тіл мәселесі лингвистерді қатты алаңдатып, 1992 жылы Майкл Краусс «Жағдайды қазір қолға алмасақ, ­лингвистика өзі зерттейтін саланың 90%-ын жоғалтып алған ғылым болып қалмақ» деген алаң көңілін білдіреді. Тағы да лингвист ғалымдардың сөзіне сүйенсек, лингвист Майкл Краусс қауіп төнген тілдерді бірнеше санатқа бөледі.

Жойылған тіл. Яғни сол тілде сөй­лейтін бірде-бір адам қалмаған тіл.

Өле бастаған тіл. Бұл тілде тек қартайған адамдар сөйлейді. Олар өмірден көшкенде тіл де өледі.

Қатер қатты төнген тіл. Жасы елуден асқан адамдар ғана осы тілде жақсы сөйлейді. Олар қартайғанда әлгі тіл де өле бастаған тіл қатарына қосылу қаупі бар.

Қауіп-қатер төнген тіл. Халықтың жас ұрпағы тілді аздап білуі мүмкін, бірақ сол тілде сөйлегісі келмесе, ол тілге қауіп төніп тұр деген сөз.

Қауіп төне бастаған тіл. Әлеу­меттік-экономикалық тұрғыдан қажетсіз саналып, үлкен тілдің қыспағына түскен тіл. Ең алдымен, бұл тілде сөйлейтін жастар қатары азая бастайды.

«ҰҚСАП БІР КЕТТІ-АУ «АҒАЖАЙЫМА»

Оңтүстік Американы мекендеген үндіс тайпаларының бірінде мынандай салт бар екен. Тұтас тайпа жаудан жеңілгенде, жеңілгенін тайпа ерлері мойындағанда әлгі тайпаның әйелдері жеңген мемлекеттің (тайпаның) қосынына келіп жоқтау жырын айтады екен. Ол жырда өз тайпасының жеткен жетістіктері мен шыққан биіктері толық айтылып, күйреген тайпаның (мемлекеттің) «жаназасы» ­солай шығарылады. Иә, тұтас мемлекеттердің өлімі, тарих сахнасынан кетуі – қайғылы жағдай. Ал тұтас ұлттың, сол ұлттың тілінің жойылып кетуі қасірет дер едік. Себебі сол тілде сөйлейтін бір адамның ғана тірі қалуы әлгі тілмен қоштасудың қасіреті жақындап қалғанын көрсетпей ме? Міне, ұлы жоқтаудың зары сол кезде сай-сүйекті сырқыратып кетердей. Соңғы сөйлеушісі ғана қалып, жер бетінен мәңгі жоғалатын тілдің қасіретінен артық не бар екен?

Ғалымдар 2100 жылға дейін дүниежүзіндегі үш мыңнан аса тіл қолданыстан шығатынын айтады. Лингвистер 20 мың сөйлеушісі қалған тілдерді болашағына қатер төнген тілдер қатарына жатқызады.

Тілді нағыз жоқтау жырлары халықтар арасы жақындаған ХХ ғасырда бастал­ғандай. Дәл осы уақытта бір халық екіншісін аяусыздықпен басып-жаншып, түрлі ғылыми-технологиялық прогрестер арқылы тұтас халықтың тілін отарлап алды.

Бұрын жер бетінде тіл көп, халық саны аз еді. Қазір халық саны көбейіп, тіл азайып келеді. Ғаламтор бетіндегі деректер әр екі апта сайын әлемдегі бір тіл жойылатынын айтады. Сол тілмен бірге тұтас ұлттың өркениеті, мәдениеті, әні мен сәні де қоса жерленетінін ұмытпайық. Ол тілдің ендігі «ошағы» қабір астында ғана қала ма, әлде тұтас өркениетті аршып алғанда ол тілдің құпиясын кейінгінің ғалымдары таба ма – белгісіз. Белгілісі – көне сақ заманынан жеткен тілдің де біздің тілмен байланысы бар екені. Бірталай өзгерістерді бастан өткеріп, түрленсе-дағы дүние тұрғанша сол тілдің тұрғаны маңызы. Менің ана тілім өлмесе екен деген тілек әр тілде айтыла берсе қандай тамаша!

 

«ҰРЛАНҒАН ҰРПАҚ»

Австралияның ғылыми-публи­цистикалық осындай термині бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында абориген мен ақ нәсілдінің некесінен туған балаларды үйінен қинап әкетіп «жарқын болашаққа» – біздің тілмен айтқанда мектеп-интернаттарға жатқызады. Онда балаларға тек ағылшын тілінде сабақ беріп, абориген тілдеріне қатаң тыйым салынады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дәл осы саясат әлемнің біраз алпауыт мектептерінде қолданылғаны белгілі. Жергілікті халықтардың өз тілін ұмытуы үшін қосымша жасырын кедергілер де жасалды. Бір қызығы, біздің елдің мысалынан да айқын аңғаруға болады, ХХ ғасырдың елуінші жылдарының соңына ­таман барлық аудандық, облыстық газеттер қазақ тілімен қатар, орыс тілінде да жаппай жарық көре бастады. Екі-үш айдың жүзі бұрын министрмен кездесуде таза қазақы облыстың бір журналисі «Бір облыстық басылымды бөліп-жармай қазақ тілінде ғана шығара берсек» деп ұсыныс та айтты. Ол енді басқа әңгіме…

Тілге қатысты, Президент архивіне барғанда 1956 жылғы Жазушылар одағы отырысының бір хаттамасын оқығанымыз бар еді. Сонда жазушы Сәбит Мұқанов: ­«Шопандар съезін қазақша-орысша аралас­тырып өткізудің не керегі бар? Неге таза қазақша өтпейді?» деп күйінеді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап мектептерде де қазақ тіліндегі сыныптар жоғала бастауы әлемдік тілдердің жергілікті тілді талғамай жұтып, ең көп сөйлеушісі бар тіл қатарына ұмтылу жарысының басталып кеткенін ұқтыратындай.

Қалай болғанда да «ұрланған ұрпақтың» орнын жаңа буын басты. Біздің тіл тірі тілдердің қатарында қалды. «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ...» деген өлең жолдары да тұяқ серпер сөзге айналмауға тиіс екенін түсіндік. Ертең тілің құриды десе, біз бүгіннен тірі қалудың қамын жасасақ керек-ті. Қалай болғанда да халық тірі тұрғанда, тіл өлмек емес.

Расында, әлемдік лингвистикада жыл сайын бір тіл өледі деген шындыққа жанасатын ақпарат бар. Бірақ бұл қазақ тіліне қатысты емес. Себебі тіліміздің өмір­шеңдігі, тәуелсіздікке дейінгі жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда өскенін аңғарамыз. Мәселен, Уикипедия әлемдік электрондық энциклопедия деректеріне сүйенсек, мақала көлемі бойынша қазақ тілі 30-орынға ие болған. Интернет кеңістіктегі қазақ тілінің контенті тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда 60 пайызға өскен. Демек виртуалды кеңістікте де қазақ тіліне деген қажеттілік артып келеді. Тұтынушы ретінде қазақ тілін сыпайы түрде заңды талап ету – азаматтық ісіміз. Бірақ көпшілігіміз өзіміздің жайлы аймағымыздан шыға алмай, ыңғайымызбенен орысша сөйлей жөнелетініміз ащы шындық. Тіл өлмеу үшін осындай жағдаяттарды да ұмытпаған абзал.

Дидар Садық,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 
ғалым хатшысы:

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ  ДАМЫҒАН 70 ЕЛДІҢ  ҚАТАРЫНДА

– Зерттеулерге жүгінсек, әлемде алты мыңнан аса тіл бар екен, тіпті одан да көп ­болуы мүмкін. Соның небәрі 200-ден астамы ғана  мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Әдеби нормасы қалыптасып, дәстүрімен ерекшеленетін қазақ тілі сол екі жүздіктің ішіне енеді. Оның үстіне қазақ тілі автохтонды тіл. Моңғолияда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, тіпті Түркияда тұратын бауырларымыздың ауызекі сөйлеу тілі сақталған тіл. Қазақ тілінің бүгінгі таңда 17 миллионға жуық сөйлеушісі бар. ­Демек, қазақ тілі дүниежүзінде дамыған 70 тілдің қатарына кіреді. Алайда тіл динамикалық құбылыс болғандықтан, оның жойылуына әкеліп соғатын көптеген қауіптер бар. Ал оның алдын алу бойынша мынадай факторларға тоқталуға болады:

1. Қазіргі IT-коммуникацияның революциясы тіліміздің тынысын тарылтып тастады. Сондықтан қазақ тілін цифрлық кеңістікке шығарып, қолжетімділігін арттыру қажет. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» – ұлттық тілдің ақылды электрондық базасын әзірлеп отыр. Ал бұл жоба кез келген тұтынушының тілге қатысты алуан түрлі сұранысын өтеуге қызмет етеді. Қазір ­«ауызша тіл» деп аталатын ішкорпус әзірленіп ­жатыр. Бұл ішкорпус базасы арқылы Ресейдегі ­«яндексАлиса» қосымшасы секілді өзіміздің ұлттық IT бағдарламаларымызды әзірлеуге болады.

2. Қазақ жазуын реформалау ұлтымыздың дәстүрімен, танымымен, құндылығымен байланыста болуы керек. Бұл жай ғана әліпбидің таңбаларын латын қаріптеріне ауыстыра салу емес. Жаңа Қазақстан секілді ұлттық тілге де қатысты сананы түбегейлі жаңғырту. Тіл реформасы экономикада, бизнесте, технологияда, жалпы барлық салада кеңінен ­насихатталуы қажет.

3. Жазу реформасымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, тілге қажеттілікті күшейту. Республика аумағындағы барлық мекемелер (коммерциялық/коммерциялық емес) мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп, ақпарат беруі қажет екені белгілі. Бірақ ол іс жүзінде орындалмай жатады. Мұндай жағдайда қоғамның мемлекеттік тілге қатысты көзқарасын өзгертіп, ағымдағы тілдер туралы заңға өзгерістер енгізу де қазақ тілінің өміршеңдігін арттырар еді. Биылғы жылдан бастап Қазақстанда докторантураға (PhD) түсу үшін қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған «Қазтест» жүйесін тапсырады. Қазақстанда ғылыми дәреже алу үшін қойылған әділетті талап деп есептеймін.

3639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы