• Мәдениет
  • 21 Шілде, 2022

ЖАСТАР OZINSHE КӨРЕДІ

Балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақша, эксклюзив контент ұсынатын отандық стриминг-сервис іске қосылды. Қазақ тіліндегі фильм, телехикая, ситком, анимациялық жоба, теле-бағдарлама және реалити-шоу тәрізді жалпы ұзақтығы 4 мың минутқа жуық қазақстандық өнім Ozinshe онлайн платформада жинақталған. Болашақта олардың қатары қазақша дубляждалған танымал шетелдік туындылармен де толығады.

Тұсаукесер рәсіміне келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қазақстандық балалар контентіне қолдау тоқтамайтынын айтты.

– Бұл бастама – мемлекеттің емес, жанашыр азаматтардың бастамасы. Жаңа Қазақстанды құру ісін біз «балаларға қандай тәрбие, қандай контент береміз?» деген сұрақтан бастауымыз керек. Соңғы он екі жылда мемлекет отандық анимацияға қаржы салып жатыр. Отандық анимация мектебі құрылды. Өткенде Nickelodeon мен Tiji өкілдері келгенде бізге таңғалып отыр. «Қазақстанда анимация осыншалықты деңгейде дамыған деп ойламаппыз» дейді. Осы жылдың соңында Paramount Pictures Шымкентке келіп, отандық аниматорлармен кездеседі. Әзербайжан да біздің балалар контентіне қызығушылық білдіріп жатыр. Ozinshe жобасына әрқашан қолдау білдіруге әзірміз. Nickelodeon мен Tiji-дан да қазақ тіліне аударылған мультфильмдерін сұраймыз, – деді министр.

Жаңа жоба авторы, журналист, ақын Мақпал Жұмабай бұл идеяның қалай туғанын былай түсіндіреді:

– 2010 жылы тұңғышым Рахман дүниеге келді. Сол кезде алғаш рет қазақ тіліндегі контенттің қажет екенін ана ретінде сезіндім. «Баламды қалай тәрбиелеймін?», «Қалай қазақ қылып өсіреміз?» деген барлық ата-ананың ойында болатын сұрақ менде де туындады. Іле-шала Balapan теле-арнасында жұмыс істеймін» деп шешім қабылдадым. Содан бері менің өмірім балалар контентімен тығыз байланысты болып келе жатыр. Біраз жобаны жасадық, алғашқы қазақ мультсериалын түсірдік. Балам да Balapan-мен бірге есейе берді. Бірақ ол 10-нан асқанда тағы бір үлкен проблемаға кезіктік. Balapan-ның жас категориясы 8 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Ана ретінде қайтадан баланы дамыту, контент іздеу басталды. Ozinshe қоғамдық-әлеуметтік жобасы осылай өмірге келіп еді, – деді ол онлайн кинотеатрдың тұсаукесерінде.

Жоба екі жыл бұрын, пандемияның өршіп тұрған тұсында басталған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен қоғам белсенділерінің бірге әзірлеген дүниесі осы уақыт ішінде техникалық жағынан, контент жағынан жетілдіріліп, бүгін ел назарына ұсынылып отыр.

– Бұған дейін Қазақстанда жасөспірімдерге арналған платформа жоқ еді. Жобаны қолға аларда біз аудиторияның сұранысын зерттеп-зерделеп, олардың қажеттіліктерін дөп басатын контент дайындадық. Отандық дүниелермен қатар әлемнің танымал анимациялық туындыларын жасайтын контент өндірушілермен келіссөздеріміз басталып кетті. Бұл – біздің Балалар жылына арнаған сыйлығымыз, – дейді Ozinshe жобасы жетекшілерінің бірі, журналист Сандуғаш Баймаханқызы.

Сервис авторлары «үлкендерге ұқсамайтын өзінше, бөлекше ұрпаққа арналған алаң» болғандықтан, атауын «Ozinshe» деп алғанды жөн көрген.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Балалар жылында құр ұрандатылған шаралар емес, осындай мазмұнды теледүниелер өмірге келіп жатқанына қуанатынын жеткізді.

– Ozinshe платформасы – балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік әлеуетін арттыру, эрудициясын дамыту жолында қолға алынған мықты жоба. Жас буынның ақпарат кеңістігі осындай тартымды дүниелермен толығып жатса, нұр үстіне нұр. Біздің елде атаулы әлеуметтік көмек алатын 10 мың отбасында 625 мың бала өсіп келе жатыр. Олардың болашаққа дұрыс бағыт-бағдар алып ержетуі үшін тегін әрі сапалы контенттің маңызы зор. Енді Ozinshe жайлы еліміздің түкпір-түкпіріндегі халық, ауыл-аймақ құлақтансын десек, жүрген жерімізде насихат жасап жүрейік, – деді депутат.

Отандық стриминг-сервис Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдегі қандас балалар үшін де қажет жоба. «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, бүгінде сыртта шамамен 2 млн-ға жуық қандас бала бар. Олар қазақ тіліндегі ақпараттық өнімге зәру.

–  Өткен жолы кіші құрылтайға барып келдік. Сонда Польшада тұратын қазақ қызы келіп, көкейіндегі бір алаңымен бөлісті. «Франциядан келген қазақтар французша сөйлейді, Германиядан келген қазақтар немісше сөйлейді, бір-бірін түсінбейді. Бәрі бірдей ағылшынша не түрікше сөйлей алмайды. Осыған қатты қынжылдым. Сонда менің тілім қайда кетті?», – деп көзіне жас алған қандасымыз «шетте жүрген қазақтар үшін қазақтілді контентті көбейтсеңіздер екен» деген тілегін жеткізіп еді. Ozinshe тәрізді жобалар дами берсе, солардың игілігін қандастарымыз да көреді, – деді Абзал Сапарбекұлы.

Жоба авторы Мақпал Жұмабай Nickelodeon мен Tiji-ді біздің нарыққа кіргізерде мамандарда Balapan-ды ешкім көрмей қалмай ма деген қорқыныш болғанын, бірақ осындай бәсекенің арқасында өз өнімдеріміз де дамитынын айтты. Ozinshe де Netflix-тен кем түспейтін тегеурінді сервиске айналады деген сенімдеміз.

1347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы