• Тұлға
  • 21 Шілде, 2022

АЛМАТЫ АЛЫСТАП БАРАДЫ...

Дос туралы, оның ішінде бақиға озған дос туралы жазу қиын. Ақыл-ойың қатар жүрген жылдар мен бірге бастан кешкен жайларды шарлап кете береді. Нүркен ­доспен – дарынды ақын, белгілі қаламгер, баспасөз қайраткері Нұрперзент Домбаймен танысқаныма 46 жылдан асқан... зейнетке енді ғана шыққан болатын. Қалған өмір жолында бірге жүрсек деген тілегіміз де ортақ еді. Базарлы студенттік жылдарды қалай ұмытайық! «Ер сынарлық бескүндік майданға» (Абай) ақ қағаздай, адал жүрекпен араласқан журналистік қызметте де үзбей хабарласып тұрған досым емес пе?! Нүркен осыдан он үш жыл бұрын, жастық шағымыздың куәгеріндей, ­айналайын Алматымызға отбасымен қоныс аударған. Алашқа ардақты «Ана тілі» газетінде туған тіліміз бен діліміздің мәртебесі үшін аянбай еңбек етті. Ой-арманымыз үндес, айтар әңгімеміз де әлі көп болатын. Амал қайсы... Біз алғаш танысқанда 1975 жылдың қоңыр күзі еді...

ЖАСТЫҚ ШАҚТА ЖОЛЫҒЫП...

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистка факультеті қазақ бөлімінің бірінші курсына 50 талапкер қабылданғанбыз. Бізді «101-ші» және «102-ші» деп, екі топқа бөліпті. Оның біріншісінде – мектептен кейін бірнеше жыл жұмыс жасап, тәжірибе жинақтағандар мен екі жыл әскери борышын өтеп келгендер оқитын болды. Ал екіншісіне – «алтын ұядан» енді ғана түлеп ұшқандар мен мектеп бітіргендеріне бір-екі жыл ғана болғандарды топтастырыпты. Ол кезде оқуға түскендер ауыл шаруашылық жұмыстарына жегілетін. Біз Алматы облысындағы Шелек ауданының «Қорам» темекі совхозынан бір-ақ шыққанбыз.

Тегінде, қай жұмыстың да оңайы жоқ. Дегенмен алма тергендей емес, темекі жинаудың машақаты көп. Оның түйе жапырақтары, жетілгеніне қарай жеті мәрте жиналады екен. Соңғы рет оралғанда кісі бойынан биік темекі сабағының басындағы үкісі (тұқымы) қырқып алынады. Ең қиыны, су «жүгіретін» атыздардағы балшыққа аяғың түсіп кетіп, қолдарыңды шырыш қапқаны еді. Темекі алқабына апаратын жүк көлігінің қорабына тиеліп алып, барғанда да, қайтқанда да ән салатын, әзіл-қалжың жарастырып, мәз-мейрам жүретін болашақ журналистер екенін басқа факультеттегі қатарластарымыз ұмыта қоймаса керек. Ал, кешкісін, Нүркен досым жырлайтындай, «Қорам түні көк барқыт көзді арбайды...».

Жастық думанының өз қызығы өзімен. Орта мектептің бір жылғы түлегі әрі жан-сырымыз жарасқан соң шығар, Нүркен екеуіміз тез достасып кеткенбіз. ­Жалпы 50-ші жылдардың екінші ­жартысы ел-жұрттың екінші дүниежүзілік алапат соғыстан едәуір ес жинаған кезі еді. Ұлы Абай атындағы ауданның орталығы – Қарауылдың көшесімен ескі қабын арқалап, әр жерге бір демалып, зарлап бара жататын Күлпаш қарияның қайғысын мектеп есігін 60-шы жылдары ашқан біз түсіне қоймайтынбыз. Бірақ достық пен махаббат жайындағы ертегілер мен әңгімелерге біршама қанық едік. Кемеңгер Шәкәрімді білмесек те, «Еңлік – Кебек» оқиғасынан жап-жақсы хабардар болдық. Әліппеден оқитын «Асан мен Үсен» туралы әңгіменің де Шәкәрім ақыннан «ұрланғанын» да тым кейін білдік.

Дегенмен біз дос пен достық, адалдық пен әділет, білім мен еңбек және Отанға деген сүйіспеншілік ұғымдарын ерекше ардақ тұтқан ұрпақ қатарында ержеттік. Нұрперзенттің, сол тәлім-тәрбиенің айғағындай, «Елім деп соғар жүрегім» атты жинағынан оқитын «Достарым» өлеңін, әні де бар, сонау студенттік жылдардың соңында, Қордайдағы үш айлық әскери жиында, өзара қиыспай жүрген күндерде алғаш Нүркен екеуміз айтатын едік. Қазір де досымды еске ала отырып, оңашада сол бір әннің ырғағын іздеймін: «Қуанғанда бір күлген, Қиындықты тең бөлген. Ағыл-тегіл ақтарар, Сырым бірге сендермен. Келсе дағы күз мейлің, Салқындығын сезбеймін. Көрмей қалсам, сағынып, Өздеріңді іздеймін...». Осы достық сезім кейін, оның «Достық», «Серпіл досым», «Көңілі көлдей еді» және басқа жырларымен қанатын одан әрі жазады.

Ал әзірге біз студентпіз, екі кісілік бөлмеден екеуміздің көшеге бірге шығып, бірге оралмайтын кезіміз сирек. Жырымыз да, сырымыз да ортақ: Абай мен Жамбылды пір тұтып, Мұқағали мен Төлегеннің өлеңдерін жатқа оқуға құмармыз. Бұл жағынан, әсіресе ақын досым Нүркеннің ықыласы ерекше: мектеп партасында ақ қағазға түсірген өлең өрімдерін оңашада маған ғана тарқатады. Жазғандарын сырт көзден жасырып, өзгеге көрсетуге құлықсыз болатын. Жатақханада өтіп жататын кештерде де жыр тиегін сирек ағытады. Онда да ойға құрылып, шырайы келіскен туындыларымен ғана бөліседі. Түр-түсі келбетті, мінезі жасына қарамай салмақты бозбала өзгелерге қарағанда бойжеткендердің жанарына да жылдам шалынатын.

Нүркеннің алғашқы сезім жырлары да сол бір «махаббат қызық, мол жылдардың» (Абай) еншісінде: «Ашық күнде мөлдір сезім мұңайтқан, Жүрек жібін үзіп-үзіп сыр айтқан. Айқара ашып пәк құшағын алдыңнан, Ақ әлемге шақырғандай бір ақ таң... Мұңайғанмен басымдылау шаттығы, Екі жанның бір-бірінсіз жоқ күні. Бірін бірі асық күнде көргенше, Басылмайды сағыныштың аптығы». Алайда оның жүрек лүпілі туған жері – Сыр бойынан, Қазалыдан келетін хат иесі – Тойғанның «бұрымына ақ бантиктей» таңулы екенін білетінмін: «Жүре алман сенсіз мен енді, Көрмесем көңіл тарықты. Өршілдік буған денемді, Нәзіктік жайлап алыпты».

Жаны таза, биязы жігітке жақын жүргісі келетін жолдастарымыз да көп болды. Оны жерлестері де жиі іздеп келетін. Қай кезде де сол бір салмақты жүріс-тұрысы мен жағымды жұмсақ қана күлкісінен танған емес. Нүркенге қарқылдап күлу, тегінде жас кезінен жат еді. Ол риясыз жымиып, дауысын қатты шығармай күлетін. Бірақ ешкімге есесін жібермейтін, намысшыл екенін де білемін. Әсіресе сол бір оқиға есіме түскенде әрқашан сүйсіне жымиямын... курстастар жаңа жылдық кешке торт алуды Нүркен екеумізге тапсырған болатын. Желтоқсанның 31-і алаң-пұлаң уақыт. Кештетіп дүкенге қарай шыққанбыз. Жолай біз мінген автобусқа кірген екі жігіттің «тентек суға» мелдектеп алғандары байқалады. Бейтаныс бойжеткеннің мазасын алып, тіпті аялдамадан бірге түскен.

Қарындасты қамықтыратын түрлері бар. «Кірбің күндер жырақ жүрсін жанынан, Тайдырмағай бақытынан, бағынан. Қыз сезімін биік қойған ел едік, Бәрінен де, тіпті ханның тағынан... – деп жырлайтын Нүркен ғой бұл, – Қазақ қызы қасиетім, қадірлім, Нақ өзі ол ұятым мен арымның. Тағдыр оның қайғырғанын көрсетпе, Шапағаты шаттандырсын тәңірдің». Қаракөз қарындастарын ерекше ардақ тұтатын ақын досымның жаңағы бейбастық әрекетті көре тұра үнсіз қала алмайтыны түсінікті еді. Біз көзбен-ақ ұғыстық: іле-шала пальтоларымыздың түймелерін ағытып жіберіп, шарфтарымызды мойындарымызға орай-орай салып, шалдуар қалыпқа түскенбіз. Дәл осы сәт екеуіміздің де түріміз шатақ іздегендей сұстанып тұрған еді.

Автобустан шапшаң түсіп, аялдамада кідірген үшеудің жандарына екпіндей басып, ентелей бардық. Нүркен бейтаныс жігіттерді қасақана көзіне ілмеген қалпы бойжеткенге ескі танысындай шұрқырай амандасты:

– Пәлі, біз сені іздеп жүрсек, неге кешіктің?

Оған да керегі сол еді. Екеумізді тез қолтықтап ала қойды:

– Өздерің қайда жүрсіңдер, жүдә тоңып кеттім ғой, – дейді дір-дір еткен қалпы қорқынышын жасырған болып. Нүркен екі «алқашқа» тақ бір көздерімен атып жіберердей, тесіле қараған. Алайда ол бейкүнә қарындаспен кездесудің шырқын бұзбақ емес-ті:

– Біздің Қызылордада да күн ақырып тұрған көрінеді, – деп, өзімсіне іш тарта сөйлеп, өтірікті қалай соғып жібергенін де байқамады. Мұндайды жаңағылар күтпесе керек, тілдері байланған күйі қала берді. Қанша жек көріп тұрғандарымен, «аспаннан түскен» алқам-салқам екеуге қарсы бірдеңе деуге жүректері дауаламай, еріндерін тістеген қалыптары тұншыққан.

Біз ойда-жоқта жасаған «ерлігімізге» разы едік. Жадырай күлімдеп, желпіне әндетеміз: «Келе жатып автобустың ішінде, Ой, қарындас, гүл берші деп сұрадым... о-ха-ха-ха-хей, о-ха-ха-ха-хей…» емен-жарқын күлісіп, бір-бірімізді иықтарымыздан қолпаштай қағысамыз. Ол риза көңілмен жымиды:

– Бәлкім, газетке жазар, «Ленишіл жасқа»... Фамиялиямызды ­«Домбаев, Жүнісбеков» деп айта салу керек пе еді... – Ол жаман болмас еді, – деп, мен де қосыла күлемін. Ал, енді асығуымыз керек, жаңажылдық тапсырма әлі орындалған жоқ. Бірақ, іздегеніміз табыла қоймаған соң, «туысы» ғой деп, «пирожный» дегеннен мол етіп торттың қорабына салғызып алғанбыз. Сатушы қарбалас үстінде тәттілерді торттың қақпағына салып, оның бетін табан қабатымен жапқан екен. Бізге бәрібір, әйтеуір алғанымызды бүлдірмей жеткізсек болғаны. Сөйтсек, «теріс аударылған торт» автобустағы өзімізбен қарайлас «шөпжелкелерге» таптырмайтын ермек болды. Олар өзара сыбырға көшіп, күлкіден қылқынып, шиқылдай бастады. Көздері көліктің артқы жағындағы екеуімізде. Біз болсақ, әуелгіде ештеңе түсінбей, қараптан қарап қысыламыз. Бет-ауыздарымызға қарасып, үсті-бастарымызды түгендейміз. Жаңағы қыздар одан сайын мәз болады. Күлегештердің бұл қылығының себебін алдымен Нүркен сезе қойған, амалын да өзі тапқандай:

– Осы кейбіреулер, – дауысын қаттырақ шығара сөйлейді, – несіне күлетіндерін де білмей, соңынан өздері ұятқа қалады...

Мен де мына «мазақтан» құтыла-тынымызға қуана бастағанмын:

– Иә, айтшы-айтшы енді?

Екі қыз өздерінің ағат кеткендерін аңдағандай, күлкіден қылқынып, жүздері қызарып шыға келді.

Нүркен енді нақтылай сөйледі:

– Олар біздікінің торт емес, пирожный екенін, қақпағының аударылып салынғанын білмей, тортты құртты деп мәз, қасқаларың.

Біз енді «кегімізді» алғанша алақанымызды ысқылап, күлегештердің өздерін келеке ете бастадық:

– Нүркен, ұялта беріп қайтесің, онсыз да түрлері сойған түлкідей боп кетті, қып-қызыл шиқандай-ау!

Қыздар енді шындап сасқан. Сөз ауруына шалдыққан екеудің тілдерінен азар да безер хәлде. Олар автобус бірінші тоқтағанда-ақ далаға зып берді. Сезім – намысшыл, кінәсізді жылаттырмайды, текке күйгенге үнсіз де қала алмайды.

ЕСЕЙГЕНДЕ ЕЛ АҒАСЫ ЕКЕНСІҢ

Жастық шақтағы досым – мәдениет пен баспасөз майталманы Нұрперзент Домбайдың туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, сондай-ақ адалдық пен әділетке жақ, жақсылық пен сұлулыққа ынтазар көңілі есейе келе кемелдене түскен. Мұны мен қаламы жүйрік азаматтың жазғандарынан, айтқан әңгімелерінен, жалпы қам-қарекетінен байқап жүрдім. «Есейдік. Болдық азамат, Нар жүгін тартар қазанат. Бас қамы емес ауыртар, Ел жайы жүрер мазалап» деген жыр жолдарынан Нұрперзент ақынның өмірлік ұстанымы айқын аңғарылады. Өйткені оның өзі жазатынындай, «Тұманың дәмі татқаны, Жақсының жоғын жоқтады, Жасандылыққа жаны қас, Жүректің сөзі айтқаны».

«Тұманың дәмін татқан» Нүркен досымның өзгеретін жөні де жоқ, себебі «Жағыну қолдан келмейді, Сенбе сен бұған, сен мейлі. Қазығы мықты қасиет, Құбылам десең көнбейді». Ол өзінің қаһарман қазақ халқының перзенті екенін мақтан етіп қана қоймай, замандастарының, әсіресе жас ұрпақтың бойына ұлы даламызға деген сүйіспеншілік рухын сіңіруге ­тырысты. Нұрперзент Домбайдың «Ұлт жаны» атты, өзі күткен, бірақ көре алмай кеткен кітабындағы шығармалары бұл сөздің жай ғана ұран емесінің айғағы. Олар жүректен қайнап шыққан, яғни елінің сәтті қадамына шаттанып, сүрінгеніне жаны сыздаған ақынның ағынан жарылған көңілінің куәгері.

«Мен – қазақпын. Өзгешемін. Басқамын. Бөлек суым, орман, тауым, аспаным, – деп жыр толғайды ол, – Өзімдікі жетіп жатыр өзіме, Бақ-ырысын қызғанбадым басқаның... Қай кезде де болатұғын дегені, Тек бір өзі сүйенері, сенері. Басқаларға, өзгелерге ұқсамай, Қазақ болып өмір сүргім келеді». Нұрперзент, әсіресе ел тәуелсіздігін шабытпен жырға қосты: «Тәңірім... Асқақ рух беріп, Қазақты – бабамды жаратқан. Ол өжет, өр болып өскен, Сескенбей жауынан – жаттан. Бабалар, Қайран бабалар, Намыссыз жандардан жерінген. Өлсе намыстан өліп, тірілсе намыстан тірілген...». Ол қазағын осылайша мақтан етті және қазақ болып өмір сүре де алды.

Нүркен досымның, тіпті өзі таңдап алған журналистік мамандыққа деген адалдығы және Алаштың асыл қазынасы – өлеңге деген ерекше іңкәр әрі талғампаз мінезіне еріксіз разы боласың: «Журналиспін! Жұртының жайын ойлаған, Ойларға тұнық тоймаған. Болса да бұраң осы жол, Жүрегіммен таңдағам. Отан деп соғар жүрегім, Сенімі елдің тірегім. Көріну үшін үміттен, Бәріне көніп келемін... Жүрек қалап, шын ұнатқан, Ұйқымды сан ұрлатқан. Жолдасымсың жанға жақын, Ей, кәсібім, ардақ тұтқан!». Ақынның шығармалары әрбір қазақ үшін барша қазақ жерінің бөлінбестей аса қымбат екенін жырлаудың тамаша үлгісі деуге лайық.

Ақын Нұрперзент Домбайға туған Қазалысы «Қазақ исі бұрқыраған...», еңбек жолын бастап, өмірінің отыз жылдай уақыты өткен Ұлытау өңірі «бар даладан қызғанатын киелі...» қасиетті мекендер. Ал өмірінің соңғы кезеңінде қоныстанған Алматыға «Жүргендеймін саялы бақ ішінде, Осы менің – өңім бе, әлде түсім бе?... Көңіліме шаттық құйып көл-көсір, Жанат мекен жадыратқан жанымды» деп қуанса, Елордамызға «Ей, Астана! Сен деген туған елдің жүрегісің, Өзіңнен бастау алар өрелі ісім. Шаһарлар толып жатыр, бірақ та сен, Бәрінен бірегейі, бөлегісің» деп тебіренеді.

 Қазақты сүю мен қазақ тілін сүю елжандылықтың егіз ұғымы. Нүркен өзі тұрақты еңбек етіп, басшыларының бірі ретінде аянбай тер төгіп, «Бозторғай құстай шырылдап, Тілім деп тыным таппайтын» және сол үшін де ардақ тұтқан «Ана тілі» газетіне арнаған өлеңінде былайша ағынан жарылады: «Тіл дейсің ұлттың бақ-құты, Жанады тілмен бақыты. Қасында оның түк емес, Дүниенің алтын, жақұты». Ақын өз ықыласының себебін де жайып салады: «Даналықты мен өзіңнен сезіндім, Даралықты мен өзіңнен сезіндім. Сені сыйлау, сені сақтау – парызым, Сен дегенің қарашығы көзімнің».

Хәкім Абай айтпақшы, «Құдай берген бұл достық – кәннің (мейірім) бірі, Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі». Сырлас достың өлеңге деген іңкәр сезімі поэзия патшасы ұлы Абайдың асыл мұрасынан нәр алады: «Қадірін білдің өлеңнің, сөз патшасына теңедің. Киесіне сұлу өнердің, Ұшырамайын деп келемін». Нұрперзент өлең сөздің сәулесін шынайы сезінеді: «Түн іші. Бөлме. Ояумын. Жүзімде сәл-пәл қаяу мұң. Айналам тыныш. Ұйқыда, ­Балам да, жарым – аяулым... Сезімдер бунап денені, Жыр бесігіне бөледі. Жанымда шамның жарығы, Жаныма сәуле төгеді...». Асылы, ол жыр тұлпарын шабытсыз шаршатпайды, мұны өзі де «Шайтаным бар...» деп м­ойындап, өлеңнің тылсым сырын меңзейді: «Күлмейсің бе, білмеймін күлесің бе? Шайтаным бар жанымда білесің бе?.. Жыр тыңдайды, үндемей сөз тыңдайды. Бірге туған бауырдай бір анадан, Жабысып ап пәтшағар айрылмайды... Шатаспасам екен деп мен отырмын, Шатастырсам екен деп шайтан отыр».

Өмірге, мынау «аппақ әлемге» ғашық еді Нүркен. Сондықтан ол айналамыздағы кейбіреудің ұрынарға қара таппай, пәле іздеген әрекетін мүлде түсінбейді: «Мінезіңді көрсетпе ақиланып, Күш біткендей бойыңа батырланып. Ашуыңды қайтесің алға оздырып, Көш соңында жүрмесін ақыл қалып... Салыстырса теңейтін сары алтынға, Азаматқа жарасар сабырлылық» деп, замандасқа ой салады. Себебі «Өмір – сұлулық»: «Өмір деген күрес емес – сұлулық, Сұлулықтан жүрмін мөлдір сыр ұғып... Өмір нұрлы, өмір сұлу болған соң, О, Жарық күн, мен өзіңе ғашықпын». Қарам-қайшылығы қатар жүретін тірлікті ақын дос «Аппақ әлем...» деп ардақ тұтады.

Жыр бәйгесіне Нұрперзенттің ермек үшін қосылмағаны анық еді: «Жыр жазғым келеді шуағы төгілген, Жылылық байқалған өзгеше өңінен. Көңілде күн күліп, жүрекке нұр құйса, Көз тартар өрнектей шумақтар өрілген... Жыр жазғым келеді толқытпай қоймаған, Дүние-дүбірде елеусіз қалмаған. Бәрін айт, бірін айт, аты оның – жақсы жыр, Жаман жыр жазуға қақым жоқ – арланам». Оның ұлттық поэзиядағы азаматтық көзқарасы мен ұстанымы прозасы мен публицистикалық шығармаларында сабақтасып жатыр. Дос көңілін білдіріп, қолтаңбасымен сыйлаған «Күй құдіреті кітабы» соның жарқын дәлеліндей.

Қаламгердің осы жинағындағы сұхбаттары, эсселері мен көсемсөздік ­туындыларынан Нүркен достың ел ағасы ретіндегі қазағы мен қазақ тіліне, Отанға д­еген шынайы сүйіспеншілігін көреміз. Олар: «Тәуелсіздік – бақ-дәулет», «... Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», «Менің байлығым халқымның сүйіспеншілігі», «Адам болуды Абайдан үйренейік», «Маған ең қымбаты – ұлттық намыс» деген тақырыптарымен-ақ біздің пікірімізді қуаттай түседі. Ал Нұрперзент Домбайдың әдебиет пен өнердің танымал тұлғалары ­туралы шығармалары олардың өмір жолдарынан сыр шертіп, адамдық тұлғаларын кесек сомдап, ұрпаққа үлгі етеді.

Әрбір адамның азаматтық мінез-құлқы отбасында, оқу орнында көрген-түйгені мен оқыған-тоқығаны арқылы қалыптасады. Белгілі қаламгер, қадірлі дос Нұрперзент Домбайдың өмір мен өнер жолынан соны ұғамыз. Ол күні ертең елге арқатірек болатын азаматтар үшін өрісті өнеге. Кезінде журналист мамандығын алып, елге қайтып оралғанда бірге оқыған Нүркен секілді ­достарыма деген сағынышымды ­«Алматы алыс қазір...» деп, ақ қағазға түсірген екенмін. Қазір ұлт баспасөзі мен әдебиетінде өзіндік із қалдырған Махамбет Мәшекенов, ­Елгезек Азбергенов, Аманхан Әлімов, ­Бейсебай Кірісбаев пен Мұхтар ­Наушабаевтай к­урстас достарымыздың бақидағы сапарына Нұрперзент Домбай қосылғанда, Алматы көз алдымда алыстап барады... Жаның жанатта шалқысын, Нүркен дос!

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты, жазушы

 

1253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы