• Қоғам
  • 21 Шілде, 2022

ЖАСТАРҒА ЖИЫРМА ҒИБРАТ

Табиғатты қорғау – жастардың ең маңызды әрі қажетті міндеттерінің бірі. «Табиғатты тани біл, қорғай біл» – жасөспірімдердің ұраны. Жас ұрпақ! Сен айналаңдағы өлі және тірі табиғаттың керемет те мәңгілік сұлулығын өзің үшін, достарың үшін, келешек ұрпақ үшін қорғауға міндеттісің әрі ол сенің қолыңнан келеді. Өйткені «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ».

Табиғатты әлдилеп, аялау адамдардың ізгі міндеті!

1.       Өзің тұрған аймақтың табиғат жағдайын және қандай жануарлар мен өсімдіктер өсетінін, қандай өзен не су көздері, орман-тауы бар екенін біліп ал. Сен тұрған жердегі тау мен орманның ағаш-бұталарының жойылуына жол берме! Улы және жеуге жарайтын саңырауқұлақтарды ажырата білуің керек. Табиғат байлығы – адамдар игілігінің қайнар көзі. Табиғатың – тәу етерің, тәңірің. Тәңіріңе әмір етуге тырыспа.

2.       Сен тұрған өлкеде қандай тау-кен қазбалары мен минералдық байлықтар барын анықта. Осы табиғи қазбаларды пайдалану үстінде қоршаған орта ластанып жатса араша түсу – перзенттік парызың. Әлемнің анасы – Жер, атасы – су, қуаты – Күн, құдіреті – ауа. Қуатты да құдіретті ата-анаңды, табиғатың-панаңды сұқ көзден сақтай біл.

3.       Өз мекеніңнің су қоймалары, бұлақтары мен өзенінің жоба картасын сыз. Олардың ластанғаны болса, тазартуға атсалыс. Су көздері маңындағы ең кемі он өсімдік және он жануарларды анықтап, сипаттап жаз. Туған үйің – табиғатты таза ұста.

4.       Өзің туып-өскен жеріңдегі өсімдіктерді, әсіресе олардың сиреп, не азайып, құрып бара жатқан, «қызыл кітаптарға» еніп қорғауға алынған түрлерін біліп, оларды сақтап қалуға қолыңнан келгенінің бәрін жаса. Олар сенің аялы алақаныңа зәру екенін ұмытпа! Әлемнің әсемдігін көзіңмен көр, жүрегіңмен сезін.

5.       Өз атамекеніңде тіршілік ететін құстардың кемінде он түрін тани біл, оларға, әсіресе қысты күні үйшік жасап, қолдан қорек беріп, қамқорлық қолыңды соз. Құстарға озбырлық жасаушыларға өз білгеніңді түсіндір. Құстың ұясындағы жұмыртқаға тиіспе.

6.       Табиғатты қорғаудың жолдарын жетік біл де, оны достарың мен өзіңнен кішілерге түсіндір. Қорғауға алынған жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін ажыратып, оларды сақтауға қол ұшын бер. Табиғат – сенің қорғаның. Қорғаныңды қорғай біл.

7.       Ауылыңның маңайында құнды, бағалы терісі үшін ауланатын аң-құстар бар ма? Олардың өзін, ізін ажырата аласың ба? Ол хайуанаттарға зорлық көрсетіліп жүрген жоқ па? Оларға сенің қамқорлығың қажет деп сана. Табиғат байлығын бүлдіруші браконьерлерге қарсы күрес бір сәт те тоқтамасын. Жер-Ананы зәбірлеген балаға бабалар күңіреніп қолын жайып, қарғыс айтқан.

8.       Сіз туған облыста (ауданда) ерекше қорғауға алынған аймақ (қорық, қорғалым, ұлттық парк т.б.) бар болса, онда мекен ететін жан-жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін білуге тиіссің және оларды қорғауға көмектес. Табиғаттың тылсымын үзіп алмайық, тірі әлемнің бірлігін бұзбайық.

9.       Табиғатсыз өмір өлі, дүние бос. Табиғатсыз қу тақырда жандылардан жалғыз біз (адамдар) қалу қандай қорқынышты екенін алдын ала ұғу абзал. Табиғат анаң – аяла оны!

10.     Есіңде болсын, табиғатта басы артық тіршілік иесі болмайды. Олардың улы дегенін ұтымды пайдалануға, зияндысын ел игілігіне айналдыруға ақыл-ойыңды жұмса. Тылсымы мол табиғат заңына бағынып, құпиясы жетерлік жаратылыстың сырына үңілу әрбір жастың өмір компасы болуы шарт. Табиғат тепе-теңдігін сақтай білуге күш сал. Тал бесігің табиғатты әлпештей білуді үйрен!

11.     Табиғатқа қол сұғу – қылмыс. Табиғат тасырлық пен жүгенсіздікті кешірмейді. Әлемдегі алапат та дүлей табиғат төңкерістері мен көкке атылған цунами, жер сілкінулер – табиғаттың пенделерге деген ыза-кегі. Адамдардың Тәңірі жаратқан фаунамыз бен флорамызды, тіпті пайдасыз деген қарапайым жәндіктің өліміне себеп болуға құқы жоқ. Жас дос, есіңде болсын! Жоғалған түрді қайта жаңғыртатын «жанды су» әлі табылған жоқ. Жоғалған биологиялық түр – қайталанбас құбылыс. Барымызды жоғалтпайық! Жоғымызды түгендейік!

12.     Жастар ұраны: Әлемге бейбітшілік, табиғатқа қамқорлық! Еліміздің Ата заңында да, мұсылмандар шариғатында да, ұлтымыздың ата салтында да халық қазынасы – табиғатты қорғау, оның байлықтарын ысырап етпеу бәрімізге парыз әрі міндетіміз.

Өсиет айтар едім жамағатқа,  

Байлықтың қайнар көзі – табиғатта.

Баршаға табиғатты қорғау парыз,

Заңда да, шариғатта, ата салтта.

13.     Табиғат – тәңірдің жаратылысы. Адам – табиғаттың перзенті. Табиғатты қорғағаның Отаныңды, отбасыңды, өзіңді қорғағаның! Тәңірі берген табиғатты қорғамау, келешегін ұрпақтардың ойламау ғой! Перзенттік борышыңды өтеу – парызың!

14.     Әрқашанда кәсіби аңшылармен, орманшылармен, қорықшылармен, мал мамандарымен, агрономдармен, жер барлаушы геологтармен, табиғат қорғау мекемелерімен тығыз байланыста бол. Олардан сен білмеген табиғат байлықтары мен аймақ ерекшеліктері жайлы ғылыми-практикалық мәліметтер және нұсқау жаңалықтар ала аласың. Маңайыңда тірі және өлі табиғаттың елесусізі қалмасын. Табиғатың – тәу етерің, тәңірің. Орындау шарт тәңірінің әмірін.

15.     Гүлді, өсімдікті жұлма! Көкті жұлсаң көктей соларсың! Суды ластама, ысырап етпе! Судың да сұрауы бар! Ағашты сындырғанның қолы сынар! Аққуды атқан адамды құдай атар! Атадан мал қалғанша, тал қалсын! Құмырсқаның илеуін бұзба! Жыланды өлтірме! Құстың ұясын бүлдірме! Дана халқымыздың ғасырға жеткен осындай ойып айтар пәлсапалы ойларын әр кез жадыңда тұт.

16.     Жас дос! Табиғат шетсіз-шексіз емес, ол таусылады, бағаламасаң азып-тозады. Табиғат кінәмшіл-кекшіл де емес, алайда ол озбырлық пен әпербақандықты кешірмейді, төзімі таусылғанда өз кереметін көрсетіп кек алады.

Үнсіз-тілсіз, санадан ада десек те, 

Табиғат – әлем бәрін де жатыр есептеп,

Кереметін, киелі қырын дәлелдеп,

Алады кегін, алапат күшпен көсектеп.

17.     «Табиғат – анаң» деп дәл тауып айтылған. Аяласаң, сая болады, қамқор болсаң, пана болады.

 «Адамды адам еткен оның тірі әлемге деген сүйіспеншілігі» деп жазыпты чех биологы А.Швейцер.

18.     Табиғат аясында серуендеп, қыдырған кезіңде қоршаған ортаны ластама, өзгенің де айналаны бүлдіруіне жол берме. Тірі әлем тыныштығын бұзатын әрекет жасама, шулама. Қалдықтарды жағып өртеме. Айналаңды сөндірілмеген от қалмауын қадағала. Жол-жөнекей осындай келеңсіз көріністер көрсең дереу оның жолын кес. Еліңнің егесі, киелі даланың иесі өзіңсің.

19.     Өрт – тілсіз жау. Өңіріңді өрт шалмасын, өзегіңді дерт шалмасын. Оттан ұшқын, ұшқыннан жалын, жалыннан өрт. Өрт – өлкенің өмір өзегін талқандайтын көзсіз пәлекет. Айнала ортаға зәредей де зияның тимесін, керісінше, тамшыдай болсын пайдаң тисін. Қасиетті мекеніміз қасіретті ертеңімізге айналмасын десең қоршаған ортаға қамқорлықтың үлгісін көрсет.

20.     Ауа райындағы метеорологиялық өзгерістерді тиянақты түрде қадағалап, жануар­лар мен өсімдіктер дамуындағы маусымдық құбылыстарға фенологиялық бақылау жүргізуге және байқағандарыңды күнделік, дәптерге, табиғат күнтізбесіне, халықаралық шартты белгілер арқылы жазып жүруге дағдылан, байқағандарың туралы қорытынды жасауға үйрен.

 Табиғат тіршілігіне жүйелі бақылау жүргізе білу сені ізденімпаздық пен байқағыштыққа тәрбиелейді және өмірге сүйіспеншілікке дағдыландыру арқылы келешекте өмірлік табыс биігіне шығарар баспалдақтың бірі екеніне күмәнданба.

   Бекем болар тұғырың да өмірің,

   Гүлге оранса туған өлке, өңірің.

Әсел  ЕРБОЛОВА

818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы