• Тұлға
  • 21 Шілде, 2022

КҮРЕСКЕР

Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын жойып, оның басшысы Мұстафа Шоқайды елден кетуге мәжбүр етті. 1919 және 1920 жылдары әуелі екі жылдай Грузияда болып, большевиктер оны да басып алғаннан соң Түркияға ығысып, 1921 жылдың мамырында Францияға жетті. Парижде орналасқаннан соң берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес алаңын іздеді. Енді қаламның ұшына жүгінді, оны басты саяси құрал етті.

 Сонау Ташкентте 1917 жылдың маусымында шығып, 1918 жылғы сәуір айының ортасында жабылған «Бірлік туы» газетінің негізін қалады әрі оның алғашқы редакторы болуы, Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жылдың сәуір айынан бастап шыққан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасына кіруі, бұл басылымдардың жұмысына белсене араласуы Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық және журналистік, публицистік қабілетін танытатын алғашқы айқын қадамдары болатын. Газет беттерінде түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, жер, жергілікті халықтың азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты бірнеше мақалалары жарық көреді. Егер «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы 4 шілдедегі санында 1917 жылдың 1–12 мамыр аралығында өткен бүкіл Ресей мұсылмандарының жиналыстан соңғы ойларын қорытқан болса, 1917 жылғы 8 қарашадағы №14 санында жарық көрген Міржақып Дулатұлымен екеуі қол қойған «Алаш ұранды қазаққа!» атты мақаласында Түркістан аймағындағы босқын қазақ қырғыздардың жағдайына тоқталып, олардың мың мыңдап қырылуы мен босқынға айналуы, халықтың топ тобымен Қытайға көшкендігі туралы жазылды. Осы алғашқы тәжірибелер 1919–1920 жылдары Грузия Демократиялық Республикасында болғанда баи, жетіле түсті. Жергілікті бірнеше басылымдарға белсенді қатысып, өзі де газет-журнал шығарды. ­60-тай мақаласы жарық көрді.

Парижде болған алғашқы 1921–1922 жылдары қайсар қайраткер, жалынды публицист «Воля России», «Слово», «Социалистический вестник», «Le Temps», «Оrient et Occident» басылымдарына, өзі ­сонау Петербургтен жақсы танитын кешегі Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшылары, қазіргі эмигранттар А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың басылымдарына қатысып, бірнеше мақалалары басылады. Олар оқырмандар арасына кең таралуымен, ерекше бейнелеу шеберлігімен, жағымды және жағымсыз мағынадағы мәнерлі сипаттауларымен ерекшеленді. «Қырғизиядағы ашаршылық» атты алғашқы мақаласы 1921 жылдың 26 қарашасында П.Н.Милюковтың ­«Последние новости» газетінде жарық көреді.

А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың газеттерімен тұрақты қатынас негізінен 1923 жылдың сәуірінен басталып, 1924 жылды қосқанда, барлығы он тоғыз айда 50 мақала жарық көрді.

Мұстафа Шоқайдың большевиктердің кеңестік кеңістіктегі озбыр саясатын аяусыз қатал сынға алған тарихи-публицистикалық еңбектерінің мазмұны Мәскеуге жетпей қалмады. Кеңес көсемі И.Сталин 1925 жылдың 29-мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолдаған хатында «ақгвардияшылдар баспасөзінде белгісіз емес» Мұстафа Шоқай туралы былай деп жазды: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда — автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы – Ә.Б.) коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең». Бұл хаттан кейін Мұстафа Шоқайға Кенес идеологтары «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей толып жатқан аттар тақты. Енді отандастарына Мұстафа Шоқайдың қызметі мен шығармашылық мұрасын білмек түгіл, атын атауға қатаң тыйым салынды.

Арада қайшылықты жайлар жетіп жатса да, 1921 жылдан 1927 жылға дейін жоғарыда аты аталған ­газеттерде 150-дей мақала жарияланды. Бұл қадамға баруға Мұстафа Шоқайды екі жағдай мәжбүр етті. Оның бірі – күн көріс қамы болса, екіншісі – әзір басқа күрес алаңының жоқтығы еді. Алайда күндердің күнінде орыс демократиясының Түркістан ұлттық қозғалысына сенімді одақтас бола алмайтынына көзі жетеді. Оған негізінен А.Ф.Керенскийдің Түркістан халқына теріс көзқарасы себеп болды. Сондықтан Түркістан халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын дербес басылымның қажеттілігін айқын сезінген Мұстафа Шоқай Түркістан Ұлттық Ұйымының басылымын ашу мәселесін іздестіреді. Бұл бағытта Польшаның премьер-министрі болған Ю.Пилсудскийдiң алға қойған мiндеттерiнен туындаған, 1926 жылы құрылып, 1940 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтана бастаған кезде жұмысын тоқтатқан «Прометей» қозғалысы көмектеседі. Бұл Мұстафа Шоқайдың Парижге келгеннен соң көп ұзамай Польша мемлекеті өкілдерімен, соның ішінде 1927–1930 жылдары Польша Сыртқы істер министрлігі Шығыс бөлімінің бастығы Тадеуш Людовик Голувкомен алысқан хаттар мазмұнынан айқын байқалады. 1926 жылы жазылған алғашқы хаттарда негізгі мәселе айлық басылым, оның қаржысы, мақсаты, жарық көрер жері, оны шығарудағы қиындықтар т.б. туралы жан жақты әңгіме болады. Сонымен, ТҰБ ұйымының 1927 жылғы ақпан айындағы шешімімен «Йени Түркістан» журналы 1927 жылдың маусым айынан 1931 жылдың қыркүйегіне дейін Ыстамбұлда шықты. Бұл журналдың дүниеге келуіне бар күшін салған, жеке байланыстары мен таныстығын пайдаланған Мұстафа Шоқай «Йени Түркістан» деген мақаласында: «Біз Түркістан сөзін ұлттық бірліктің, ұлттық-мемлекеттік бірліктің символы ретінде, өзбектерге, қазақтарға, қырғыздарға, башқұрттарға, түрікмендерге, тәжіктерге ортақ үй ретінде, қазір жасанды ұлттық-мемлекеттік шекаралармен бір-бірінен бөлінгендердің барлығына мәдени орталық ретінде қайта тірілтеміз» деп жазды.

Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы ерекше жұмысының бірі – Францияның ресми тілін жете меңгеруі. Осы тілде 130-дан астам мақала жазды. Әрине, негізгі тақырып Кеңес үкіметінің бүкіл кеңестік кеңістіктегі озбыр саясаты еді.

Мұстафа Шоқайдың бар қайраткерлік қызметінің, шығармашылық жұмысының негізгі мақсаттарының бірі бүкіл түркі халқының бірлігі мен тұтастығы болды, онсыз азаттық та, тәуелсіздік те мүмкін емес болатын.

Эмиграцияда Мұстафа Шоқай 5-6 материалдарын ағылшын тілінде де жариялады. Әсілі бұл тілді білуге деген ықыласы Ұлыбританияға 1924–1933 жылдары алты-жеті рет барғанда туған сияқты.

Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымы жұмысының Еуропаға ауысуы «Йени Түркістан» журналымен қатар жаңа басылымды қажет етеді. Оны ұйымдастыруға Мұстафа Шоқай үлкен дайындық жүргізеді. 1926 жылы 2 қарашада белгісіз адресатқа (хаттың мазмұнына қарап мұны Голубко деуге болады – Ә.Б.) деген хатында жаңа басылымның ашылуы туралы ол: «Жүзеге асырыла қалған жағдайда журналдың жарық көруі менің қолымның бос болуын талап етеді. Бұл іске мен үлкен мән беремін… Біз енді ғана ұлттық күрестің практикалық жолын іздеуге шықтық. Біз бірден нәтиже күтпейміз және ондай уәде бермейміз де… Бірақ ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік мүдде тұрғысынан алғанда, біздің бұл жұмысымыз қазірдің өзінде пайдалы» деді.

Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде 1929 жылдың желтоқсанында Берлинде «Яш Түркістан» («Уаs Тürkistan») журналының алғашқы саны жарық көреді. Түрік-шағатай тілінде араб қарпімен шыққан басылымды «Прометей» қоры қаржыландырады. Көлемі 40 бет шамасында болған журналдың мазмұнын ашып, мәнін арттыруға қызмет еткен алғашқыда екі-үш айдар болды. Мысалы, журналдың алғашқы санындағы «Саясат» айдарында «Біздің жол», «Яш Түркістанның» редакциялық алқасынан» тақырыбында редактор М.Шоқайдың бас мақалалары, «Әдебиет» айдарында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері, «Жаңалықтар» айдарында Түркістаннан алынған ­хабарлар жарияланады.

Көлемі жағынан шағын болғанымен бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тәуелсіздігін ту еткен 1939 жылдың тамызына дейін жарық көрген «Яш Түркістан» журналы Мұстафа Шоқайдың шығармашылық жұмысына ерекше қарқын, айрықша мазмұн берді.

«Яш Түркістан» журналында Мұстафа Шоқайдың 220-дан астам мақалалары жарық көрді. Онда ­Ресей үкіметінің отарлық саясаты, осыдан туындаған проблемалар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, Түркістан Мұхтарияты, басмашылар көтерілісі, большевиктердің ұлттық аймақтардағы өрескел саясаты жан-жақты қатаң әшкереленді.

Мұстафа Шоқай 1930 жылғы «Яш Түркістан» журналының №5,6 сандарында жарық көрген «Түркістан лениншілдеріне жауап» атты мақаласында Түркістандағы ұлттық қозғалыстың тууының екі түрлі себебі барын, оның бірі – Түркістан халқы орыстардан мүлде басқа ұлт екендігі, екіншісі – Түркістанның ұлттық экономикасының мүддесі Ресейге қарсы екендігі атап көрсетіліп, қозғалыстың барған ­сайын күш алып бара жатқаны, ал большевиктердің ұлттық революционерлерге жалалы шабуылдарын үдете түскені туралы жазылған еді. Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескендерді «шоқайшылдар» деп атай бастады.

Жинақтай айтсақ, Мұстафа Шоқайдың публицистік-редакторлық, ұйымдастырушылық қабілетін барынша танытқан ең соңғы туындысы «Яш Түркістан» журналы болды. Бір айта кететін мәселе, өздеріңіз көргендей, «Улуғ Түркістан» басылымынан бастаған «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдардың барлығы Түркістан атауымен байланысуы жайдан-жай емес. Бұл, шын мәнінде, Мұстафа Шоқайдың энциклопедиялық білімі мен сұңғыла саясаткерлігінің, түркі халықтарының тәуелсіздігіне қызмет жасауға дайын түркішілдік рухының айқын көрінісі болатын.

Осындай эмигранттық журналистиканың тамаша туындыларын атай отырып, мынандай мәселелерді ерекше көрсеткіміз келеді: біріншіден, бұл басылымдар негізінен Мұстафа Шоқайдың бастамасымен шықты. Оған оның Польша резиденттерімен жазысқан хаттары куә бола алады. Екіншіден, олар шет елдердің қаржыландыруларымен жарық көрсе де, сол мемлекеттің мұңын мұндап, жоғын жоқтамай, негізгі мұраты – берісі түркістандықтардың, арысы бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі болғандығы; үшіншіден, түркі халықтарының ортақ мемлекеттік құрылымының болуы, олардың бірлігі мен тұтастығы, ұлттық рухты көтеру, саяси әлеуметтік сананы қалыптастыру үшін күресі. Төртіншіден, олардың шет елде шығуымен байланысты қиыншылық, тиісті мәліметтердің, әсіресе кеңестік ақпараттардың қолға тиюінің әсте оңай болмағандығы, соған қарамай, жарық көрген материалдардың Кеңес үкіметінің орыстан басқа ұлттарға жасап отырған отаршылдық әрекеттерін жан-жақты, өткір де терең көрсетіле білуі болды.

 Осыларды бір мақаланың көлемінде ғана баяндай отырып, мен де қажырлы қаламгер, жалынды публицист Мұстафа Шоқайды қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушы деушілер үніне қосылғым келеді. Оған ұлы күрескердің бүкіл шығармашылық мұрасы айқын дәлел бола алады.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылым докторы, Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің профессоры,

Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

1247 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы