• Тұлға
  • 21 Шілде, 2022

АСҚАРОВ АСУЫ

Ұлы Абайдың: «Қазақтың данасы, жасы үлкен ағасы» деген сөзі даңқ тұғырының заңғар биігіне көтерілген ұлттың мөріндей ұлы тұлғаларына арналғаны ақиқат. Солардың бірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеп өсуіне зор үлес қосқан абыройы асқақ азамат, сын сағатта рухы мен сағын сындырмай биіктік қалпын сақтап қалған қайраткер Асанбай Асқаров десек артық айтқанымыз емес.

Көзі тірісінде-ақ «Басшы болсаң Асакеңдей бол!» деп аты аңызға айналған көрнекті қоғам қайраткері, Социалистик Еңбек Ері, бес Ленин ордені мен
Октябрь революциясы, екі Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері А.Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Меркінің жоғарғы жағындағы Шайсандықта 1922 жылдың 15 қыркүйегінде дүниеге келген ауылдың қара домалақ баласы алмас қылыштың қын түбінде жатпайтындығын көрсетіп, төменнен бастап төске өрлеген қайыспас, қайсар қара нар тар кезеңде қабырғасын қақыратып сөксе де азаматтығына сын, арына мін түсірмеген өресі биік рухани тәлімгер тұлға екенін танытты. Рухы биік азамат 26 жыл бойы үздіксіз Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылық қызметін абыроймен атқарды.

Атап айтқанда, Жамбыл ­облысында 19 жылдай үзбей еңбек етіп, жаңа өндіріс орындарының, завод, фабрикалардың, мәдени ошақтардың ашылуына ұйытқы болды. Қалада жоғары оқу орындарын ашып, даланы төрт түлік малға, жайқалған егінге толтырды. Облыстың даму тарихында терең із қалдырған қаншама игі жұмыстар атқарылды. Мысалы, Меркі аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып жүргенде жастарды жұмысқа қызу жұмылдырып «Мойынты-Шу» теміржолын басқарған еңбегі үшін 20 жасында Ленин орденімен наградталады. Сондай-ақ Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде үлкен Шу каналының 60 км-ге созылатын құрылысын қысқа мерзімде бітіргенін көнекөз қарттар үнемі әңгімелеп отыратын. «Тағдыр» атты кітабында: «Батырбек Бәкенов, Қыдырәлі Байғожаев, Құлназар Асылбеков, Оспанәлі Бөрібаев, Байжүніс Көкебайұлы сияқты ел басқарған және елі үшін маңдай терін төге еңбек еткен ағалардың қайырымды қамқорлығының арқасында азамат ретінде қалыптасып, өсіп-өркендедім. Меркі жастарының жетекшісі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым», – деп жазылған. Красногор ауданының бірінші ­хатшысы кезінде ауыл басшысы Өмірзақовқа ­айтып Кенен Әзірбаевқа жаңа үй салғызып бергені де ел есінде. Ал Жамбыл облысын басқарған кезінде Қаратау, Жаңатас кен орындары ашылып, өнім өндіру мықтап өркендеді. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденген ұлы жырау Жамбылға еңселі ескерткішті де Асқаров орнатқан болатын. Ол 43 жасында Алматы облыстық партия-комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, 1965–1978 жылдары 13 жылдай қызмет атқарды. 1965 жылдары Алматыда Абай атындағы опера және балет театрынан басқа көрікті ғимарат жоқтың қасы еді, үйлердің көбі 2-3 қабатты, көпшілігі жай жеке меншік үйлер еді. Табиғаты керемет, ағашқа малынып тұрған әсем Алатаудың баурайындағы астананы шын мәнінде жаңа заманға лайық құрылысы, үйлері мен көшелері бар абат қалаға айналдыру міндетін ол келе салысымен қолына алды. Осы ауқымды жауапкершілігі зор аса маңызды мемлекеттік міндеттің жобасын жасап, Орталық Комитеттің алдына қойды. Д.Қонаевтан қолдау тауып «Қазақстан» қонақ үйі, «Арман» ­кинотеатры, Республикалық сарай, Спорт сарайы, «Арасан» моншасы, Медеу мұз айдыны, Пионерлер үйі, 28 гвардиялық панфиловшылар паркіндегі «Даңқ мемориалы», Көктөбеге апаратын аспалы жол т.б. жасалып, Алматыны сұлу шаһарға айналдырды. Сонымен қатар Архитектура және сәулет өнері институты, Энергетика институты, Теміржол көлік инженерлері институты т.б. оқу орындары ашылды. Ақдала, Қарадала, Бозай, Шеңгелді алқаптары игеріліп, сан кеншарлар шаңырақ көтеріп, күріш жүгері, бақша дақылдары егілді. Осы тұста мен жазушы Мұхтар Мағауиннің 2017 жылғы «Жұлдыз» журналының 10-санындағы «Ілияс аға Есенберлин» атты естелігінде А.Асқаров туралы жазған пікірін оқырманға қысқаша жеткізгім келеді. Онда былай деп жазылған: «1972 жылдың 16 апрелінде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Тарихи шындық бұрмаланбасын!» деген қаралы мақала шықты. Зілді мақала. І.Есенберлиннің «Алмас қылышын» ескілікті көздеген, бұрынғы хандар мен батырларды жадағай мадақтаған шалағай дүние делінген. Ресми газеттің беделін түсірмеу үшін Жазушылар одағында арнайы комиссия құрылып, олар романды жақтап, газетті теріске шығарса да, 1972 жылы 26 майда қайтадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде кең көлемді кеңес өткізіліп, мәжілісті Орталық Комитеттің Екінші хатшысы В.Месяц басқарыпты. Оған бюро мүшелері С.Имашев пен А.Асқаров қатысады. Сонда сөз алған ақсақал, аға қаламгер Сәбит Мұқанов: «Кенесары – Бүкілодақтық масштабта әшкереленген тұлға... Кенесарының ісі, әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз. Ендеше, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? – десе, Т.Ахтанов, Ғ.Мүсірепов, Хамза Есенжанов т.б. жазушылар да «Алмас қылышты» зиянкес, ұлтшыл шығарма деп қатқыл сөздер айтқан шақта Кеңесті басқарып отырған аса сақ және пайым-парасаты да мол В.Месяц дағдарып қалғанда, күтпеген жерден күрделі мәселенің бар түйінін А.Асқаров шешіп береді: «Жазушылар одағы дұрыс жолда, дұрыс бағытта деп ойлаймын. Ал әдебиетті тек бір ұрпақ жасамайды, әдебиеттің дамуына барлық ұрпақ, барлық жазушы үн қосады. Өткен өмірімізге менсінбей қарауға болмайды. Мен Есенберлиннің кітабын оқып шықтым. Жекелеген кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ негізінен теріс, зиянды кітап деп айта алмаймын. Романнан соншалық үлкен қатені көріп тұрған жоқпын. Кітапта ұлтшылдық сарын бар дегенге қосылмаймын. Бұл қате пікір. Мұндай айып тақсақ, өсіп келе жатқан жастарға қандай тәрбие береміз, қандай үлгі көрсетеміз. Осының бәрі Одақ басшыларының дұрыс жетекшілік жүргізбей, жұмыста дұрыс тәсіл қолданбауынан туып отыр дер едім».

«Байыпты толғам, әділетті лепес. Біздің ақбас ақылмандардың ой-санасы жетпеген ұлтшылдық та емес, таза адамгершілік тұрғысындағы ақиқат сөз – партиялық алпауыт қайраткердің аузынан шығыпты. Сонымен, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Алматы облысының бірінші ­хатшысы А.Асқаровтың сөзінен соң барлық кілтипан шешіліп, 1972 жылдың алғашқы жарымен дабылдатқан ойбай-аттанды, жалалы, пәлелі дау-дамайдың тетігін оңға бұрған ұлтшыл әрі парасатты азамат А.Асқаровтың аталы сөзі» деп жазған М.Мағауиннің сөзінен ағамыздың өз ­замандастарынан оқ бойы озық тұрғаны анық байқауға болады. Мұндай шырғалаңнан шығар жол мен қым-қуыт додада түйінді мәселенің кілтін таба білгені А.Асқаровтың «Көзқарас» кітабындағы Қазақстан ­Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы ­Виталий Николаевич Титовтың 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы мерекесіне қарсы ашылатын Республикалық сарай алдындағы Абай ескерткішін қаланың басқа ауданына көшіру туралы әңгімесінен анық көруге болады: «Менен Абай ескерткішін тұрған жерінен алып, басқа жерге орнатсақ қалай болар еді деп сұрады. Мен ол кісіден бұл мәселені кімнің көтеріп отарғанын сұрадым. Ол: «Халық», – деді. Мен тағы да: «Қай халық?», – деп сұрадым. Ол үндеген жоқ. Мен осыдан кейін ғана: ­«Виталий ­Никалаевич, бұл халықтың көтеріп отырған мәселесі емес. Ұлы Абайдың ескерткішін көшіру арқылы халықтың намысына тиетінін түсінбейтін жауапсыз кісілер ғана осындай ұсыныс жасауы мүмкін. Қазақтар Абайды өздерінің ар-намысы санайды, шынында да солай. Біздің халқымыз өзінің бүкіл өмір тарихында өткен жолын құрметтеуден таймай, аруақ алдында, яғни бабалар рухы алдында бас июмен келеді» дегенімде В.Николаевич істің мәнін бірден түсініп: «Мен саған еш нәрсе айтқан жоқпын, сен де еш нәрсе естіген жоқсың», – деді ол» деп жазады.

Тыңнан, тұманнан жол табатын А.Асқаров кейін 7 жылдай Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда облыстың экономикасы мен мәдени әлеуметтік жағдайына баса назар аударды. Қазақ халқының ұйытқысы, халқымыздың ­алтын босағасы, Тұран жұртының киелі көне қонысы, атамекені Оңтүстік өңіріндегі Ясауи кесенесіне, көне Отырарға айрықша көңіл бөліп, Отырар, Шаян мұражайын ұйымдастырды. Білікті басқарудың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан мақта астық, жүгері өнімдерінен тамаша жетістіктерге жетті. Фосфор, шина, мұнай өңдеу зауыттары іске қосылды. Демалыс аймағындағы ипподромның, хайуанаттар бағының, балалар темір жолының, дендробақтың құрылыстары тікелей Асқаровтың басшылығымен жүзеге асырылғанын жұрт көрді. Бұл ұлы ­бастамалар бюджет қаржысынан бір тиын да алмай, кәсіпорындардың мәдени шараларға көзделінген қаржыларын бір орталыққа жинап, басқа да қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырылып атқарылды. Сонымен қатар Шымкент көшелері көріктендіріліп, су бұрқақтар жасалып, балалар ойнайтын алаңдар ұйымдастырылды. Ахмет Ясауидің, әл-Фарабидің, Қорқыттың ұстазы Арыстан баб дүние салған Шәуілдірге 16 пәтерлік 16 тұрғын үй, мұражай, СПТУ, мектеп-­интернат т.б. салынды.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тұсында қызыл империя А.Асқаров тәрізді аса беделді қайраткерге жала жауып, 4 жыл 4 ай түрмеде ұстағаны да шындық. Ауыр азап иен тар қапасты көрсе де қайсар жан мойыған жоқ. А.Асқаровтың ақтығына кәміл сенген туған халқы оған ара түсіп, ызалы үн қосып, қоғамдық дауыс көтеріп, Мәскеуге, Алматыға, Бішкекке талап қойған мірдің оғындай хаттар қардай ­борады. Бұл – қарудан да күшті қаһарлы хаттар болатын...

А.Асқаровтың 90 жылдығына орай Меркіде «Ұлы Тұран перзенті» атты республикалық айтыс өтсе, 95 жылдығында А.Асқаровтың зәулім ескерткіші ­ашылып, оған жұбайы Фәтима Ғалиқызы қатысты. Былтыр №1 орта мектебіне А.Асқаровтың есімі берілгеніне аудан жұршылығы шын қуанды. А.Асқаровтың туған жиен келіні, Халық ағарту ісінің үздігі Ермеккүл Олжабаеваның: «Шіркін, қайын ағамның 100 жылдық торқалық тойында туған ­ауылы Тәттіге есімі берілсе, ағаға құрмет, жастарға ғибрат болар ­еді-ау?!» деген тілегін естігенімде ойыма ағаның әрбір торқалы тойларында Меркі жұршылығының осы бір пікірді үнемі айтатыны түсті.

Шырын МАМАСЕРІКОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы

 

 

1495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы