• Руханият
  • 21 Шілде, 2022

ШОЛПАН-АТА: БЕС ЕЛДІ БІРІКТІРЕТІН БІРЕГЕЙ ҚҰЖАТ

Әлемдік геосаяси жағдай оңай болмай тұр. Етек-жеңді қымтамаса болмайды. Әсіресе аймақтық деңгейдегі қауіпсіздік бірқатар елдерді алаңдатып отыр. Әр ел өзінше, бөлек өмір сүретін уақыт өтті. Сондықтан қордаланған мәселелерді бірге шешіп, ақылдасып отыру қажет. 

Бұл, әсіресе Орталық Азия елдеріне де қатысты нәрсе. Осыған орай 20-21 шілдеде Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орта Азия мемлекет басшыларының төртінші консультативтік кездесуі өтпек. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің басшылары қатыспақ. Бес ел осылай бұрыннан айтылып келе жатқан Орта Азия Одағын қайтадан нығайтпақ.

Расын айту керек, бұл кездесуге ­сарапшылар да қатты мән беріп отыр. Бір нәрсе айқын: енді Орта Азия құрлығында орналасқан елдерге ынтымақ, бірлік керек. Оңаша өмір сүре беруге болмайды. Жеке амбицияның да керегі жоқ. Сарапшыларды қызықтырып отырған тағы бір нәрсе бар: Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзінің сайтында аталған кездесуге қатысты назар аударарлық құжаттың жобасын ұсынды. Бұл құжаттың атауы: «Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт» деп аталады. Бұл – бесжақты бірегей келісім. Бұрын-соңды қол қойылмаған құжат. Жаңаша екпіндегі бұл басқосудың аймақтағы елдердің қауіпсіздігі үшін де маңызы зор болайын деп тұр. Бұрын мұндай одақтан Түрікменстан қалыс қалатын. Енді бейтарап жағдайда өмір сүре беруге болмайды. Ынтымақтастық қажет. Шолпан-Атадағы кездесудің саяси мәні бар. Ең алдымен, бұл қырғыз президенті Садыр Жапаров үшін де бірнеше мемлекет басшыларының басын қосқан алғашқы ресми басқосу. Екіншіден, бұл қол қойылатын келісім жан-жақты және ынтымақтастықты өрістетуге барынша мүмкіндік береді.

– Оның мақсаты – өзара қызығушы-лық тудыратын барлық мәселелер кешенін ­шешуде Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін жұмылдыру, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ тату көршілік пен достық негізінде өзара қарым-қатынастарды, тиімді ынтымақтастықты әрі қарай нығайту болып табылады. Орталық Азия әлемдік қоғамдастықпен өзара қарым-қатынастардың оңтайлы моделін құрады. Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қатысты Орталық Азия елдері ортақ ұстанымда болуы қажет. Соны тұжырымдау үшін бұл шарт берік негіз болады. Ол Орталық Азиядағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді, – деп түсініктеме берді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.

Ашығын айту керек, осы уақытқа дейін үкіметтік, министрлік деңгейде аталған елдер арасында бірнеше кездесулер өткен. 2018 жылы – Астанада, 2019 жылы – Ташкентте, 2021 жылы – Ашхабадта өткен кездесулер бүгінгі келісімнің жалғасы деп айтуға болады. Осы кездесу барысында сарапшылар назар аударып отырған тағы бір жайт бар.

– Құжатқа сәйкес тараптар бір-біріне қарсы бағытталған күш қолданудан немесе күш қолдануға доқ көрсетуден тартынуға міндеттеме алады. Орта Азия мемлекеттері жаһандық және өңірлік ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара бірлескен іс-қимыл жасайды. Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша өз күштерін үйлестіреді. Шарт жобасында 5 мемлекеттің әскери, сауда-экономикалық, логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, қорғаныс, энергетика және туризм аясындағы өзара тиімді ынтымақтастығын жандандыру көзделген. Шартқа қол қою – бесжақты қатынастардағы маңызды тарихи оқиға болады және ол Орталық Азиядағы орнықты даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосады, – деді Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Ақиқаты, Орта Азия елдеріне бірауыздылық керек. Шекаралық жанжалдарды қоятын уақыт жетті. Әсіресе бұл өзбек-қырғыз және тәжік-қырғыз шекаралық аудандарына қатысты. Осы уақытқа дейін аталған шекара сызықтарында бірнеше рет қақтығыс ­болды. Адам өлімі орын алды. Ынтымақтастық бар жерде ырыс артады. Орта Азия елдері аймақтық мәселелерді бірлесіп шешсе, алынбайтын қамал жоқ. Ол су, шекаралық мәселелер және басқа да жайттар. Әрине, бұл жерде Қазақстанмен Орта Азия мемлекеттерінің арасында қандай да бір қордаланған мәселе жоқ. Шекара жайы 10-15 жыл бұрын шешіліп қойылған.

Шолпан-Атадағы кездесу осындай шешілмеген түйткілдерге нүкте қояды деп ойлаймыз. Ислам Каримов басқарған уақытта Өзбекстан әртүрлі ұйымдарға бір кіріп, шығып жүрді. Ортақ позициялық нақты көзқарасты ұстанбады. Атап айтқанда, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да экономиикалық одақтардан теріс айналды. Алдағы уақытта өзбек билігі қандай саясат ұстануы мүмкін? Оның бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Бірақ басқаны былай қойғанда, территориялық жағынан өте жақын, көршіліс жатқан Орта Азия елдері үшін бір-біріне бәсекелестіктен гөрі, ауызбіршілік, ынтымақтастық керек. Экономикалық тұрғыдан осы ұстаным дұрыс. Бірақ базбір сарапшылар «көп жағдайда аталған елдер Қазақстанның ұстанымымен санасады» деген де пікір білдіреді. Бір ғана мысал, Ресей Украинаға шабуыл жасаған кезде қырғыз басшысы Садыр Жапаров Мәскеудің «арнайы әскери операциясын» қолдап жібергенін бәрі біледі. Ал Қазақстанның позициясы нық. О бастан бейтарап қалуды жөн санады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ДХР, ЛХР сияқты қолдан жасалған қуыршақ мемлекеттерді қолдамайтынын айтты. Путиннің алдында Тоқаев тоқетер позициясын нақты, нық білдірді. Бұл Орта Азия мемлекет басшылары ғана емес, әлемдік қауымдастықтан қолдау тапты.

Шолпан-Атада бес мемлекет басшылары қол қойылатын құжатта тағы бір ­ерекше назар аударатын жайт бар. ­Парламент бұл құжатты рәсімдегеннен кейін, бес ел жауласудан ада болуы қажет. Нақты айтқанда, ешқашан бір-біріне шабуыл жасамайды. Өйткені Қырғызстан мен Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында даулы территориялар бар. Ол да шешімін табуы тиіс. Келісімшарт ­жобасында бес мемлекеттің әскери, сауда-экономикалық, логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, қорғаныс, энергетика және туризм аясындағы өзара тиімді ынтымақтастығын жандандыру көзделген.

Бес ел басшылары қол қоятын бірегей құжаттың алдағы уақытта мәні арта түседі. Өйткені қауіп бар, жоқ емес. Өткен аптада Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі Орта Азияда экстремизм қаупінің ­артып отырғанына алаңдайтынын айтты. Қырғыз ІІМ өкілінің айтуына қарағанда, елде ­тыйым салынған 21 ұйымның жақтаушылары бар. Сондықтан бұл тұрғыда халықаралық лаңкестік әрекеттерге бірлесіп тосқауыл қою үшін аймақтық ынтымақ керек. Жалпы бір ел террористік қауіппен жалғыз өзі күресе алмайды.

Тағы бір нәрсе, 5 шілде күні Өзбекстанның Термез қаласына көрші Ауғанстаннан бес реактивті снаряд түскен. Мұны өзбектің ресми орындары нақтыламаса да, ауған билігінің «Талибан» өкілдері өзбек жеріне қарай снаряд атқандарды жазалауға уәде берді.

Расында, Орта Азия мемлекет басшыларының алаңдайтын нәрсесі аз болмай тұр. Біріксе ғана түйткілді мәселелер шешілмек. Бұрын Ресей территориясында еңбек етіп жүрген қырғыз, өзбек, тәжік гастарбайтерлері қазірдің өзінде Қазақстанға ағылып жатыр. Өйткені Ресей нарығы тарылды. Сондықтан гастарбайтерге бала-шағасын асырайтын қаржы керек. Шолпан-Атада қол қойылатын құжатта да осы мәселе нақты шешімін таппақ.

Енді бес ел су-энергетикалық ресурс­тарды кешенді және ұтымды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтеді. Электрондық Үкіметті енгізу және дамытуда бір-біріне көмектеседі. Туризм саласы артады. Ғарыш саласында да бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылады. Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ және «Исател» ЖШҚ (Тәжікстан) «Kazsat-3» ғарыш аппаратын бірлесіп пайдалану ­туралы шартқа қол қойылды. Енді Тәжікстан қазақтың жер серігін пайдаланатын болады.

Қауіпсіздігін ойлаған елдің, қорғаны-сын арттырған мемлекеттің қабырғасы бекем болмақ. Бұл орайда бесжақты шартта атап көсетілгендей, аумақтық тұтастыққа қауіп төнген жағдайда бес ел тиісті консультациялар өткізеді.

– Уағдаласушы тараптар өздерінің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп-қатерді болдырмау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді. Уағдаласушы тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қатер төндіретін ахуал туындаған жағдайда, туындаған қатердің тиімді алдын алуға ықпал ететін бірлескен шараларды айқындау мақсатында екіжақты форматта да, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері шеңберінде де тиісті консультациялар өткізілуі мүмкін, – деп құжатта атап көрсетілген.

Бұдан шығатын қорытынды не? Біз Шолпан-Атадағы кездесуден кейін ­нендей тұжырым жасай аламыз? Ең бастысы, қауіп-қатерге бес мемлекет бірлескен күш, ерік жігер арқылы ғана қарсы тұра алады. Бұл Орта Азия Одағын нығайтудың жаңа сатыға көтерілгені деп білеміз.

Азаматхан ӘМІРТАЙ: МҰНДАЙ ОДАҚ ӨТЕ ҚАЖЕТ

Әлемдік саясат құбылып тұр. Жаһандық экономикада тығырыққа тірелуде. Қайтпек ­керек? Саясаттың жымына түсіп кетпес үшін һәм дамудың тегершегі экономиканы күйзеліске кіргізбес үшін тыңнан жол іздеу керек-ақ! Бес мемлекет бірігіп одақ құрсақ деп жатыр. Оның алғы шартын ұсынған екен. Қолдауға болады. Өйткені «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейтін жұрт емеспіз бе? Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанға не жетсін! Бес мемлекет арасындағы келісімшарт былай деп аталады: «Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан ­Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт». Өте дұрыс қадам. Шартқа саясатта, әскери мәселеде, экономикада т.б кіреді. Бір-бірімен соғыспау мәселесі, арандатушыларға бірлесе қарсы тұру, ішкі бүліктерден бірлесе қорғану да бар. Рас, мұндай мәселе 2000 жылдардың ­басында да көтерілген. «Орта Азия одағын құрайық, өзімізді-өзіміз қорғайық» деген бастаманы Қазақстан жағы көтерген еді. Бірақ кейбір орта азиялық мемлекет басшыларының жеке амбициясы бұған кедергі болған. Бәлкім, бұл Орта Азиялық одақ, сол Ұлы Тұран одағына алып баратын баспалдақ болар. Қалай десек те, әлемдегі ірі державалардың «жемсауына» түсіп кетпес үшін осындай ірі одақ керек-ақ. Әсіресе түркі жұртына. Рас, бұл бастама алдағы уақытта осы бес мемлекет тарапынан қолдау таба ма? Өзге елдер кедергі болмай ма? Бұл алдағы күннің мәселесі. Жалпы Орта Азиядағы ішкі мәселелер ушығып келе жатқанда бір-біріне тірек ­болатын мұндай одақ өте қажет. 
 

1487 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы