• Тіл
  • 21 Шілде, 2022

ТІЛ НЕГІЗІ  ҰЛТ МЕКТЕБІНЕН БАСТАУ АЛУЫ КЕРЕК

Ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге атсалысу –әрбіріміздің азаматтық парызымыз, ал қолында билігі бар қызметкердің жауапкершілігі зор міндеті. «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деп Халел Досмұхамедов айтқандай, өз тілімізді өзге тілдің жетегінде қалдыру – бұл ұлт болмысын бопсалау, рухын әлсірету, жаппай мәңгүрттенудің қаупі. Ондай елдің қадірі жоқ, болашағы да бұлыңғыр. ЮНЕСКО 2100 жылға дейін әлемнің 7000-ға жуық тілінің жартысынан астамы жойылады деген болжам жасапты. Ұлтым деген әрбір саналы тұлғаны ойландыратын-ақ үрейлі цифр. 

Отбасы мен балабақшада бала тілінің іргетасы қаланса, мектепте оның тілі қоршаған әлемді, білім мен ғылымды, кәсіпті игеру тіліне айналады. Тәуелсіздік жылдары қазақ мектептерінің үлесі қуанарлықтай артты. Қазақ мектебі оқушысының білім сапасына күмәнданудың қажеті жоқ. Бірақ білім беру саласындағы мемлекеттік тіл мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі керек, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс. Себебі қауіп-қатер көп.Себебі тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сиынатын тәңірі, әлеуметтік- генетикалық коды. Осы орайда «Мемлекеттік тілді дамыту үшін не істемек керек?»

1.       Ұлттық мектеп құру керек. Қазақ мектептері санын арттырып, барлық мектептерді таяу жылдары жаңа қазақстандық Ұлттық мектепке айналдыру керек. «Қазақстан азаматы боламын» деген ниеті бар балалар бөлектенбей, бір мектепте оқығаны жөн. Олардың ана тілін оқуына, ұлттық мәдениетін сақтауға шек қойылмайды, бірақ бір мектепте оқыса, бірлік пен ынтымақ болары, бір мақсат, бір мүддеге бірігері анық.

2.       Мемлекеттік тіл және ұлттық мәдениет ұғымдарын білім мазмұнының тұғырнамасы, басты құндылықтарының бірі ретінде қабылдап, білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларының басты талабына айналдыру қажет. Солқылдақ саясатты қойып, мемлекеттік тілді басқа тілдермен теңгермелемей, басымдығын қамтамасыз ету керек. Түлектердің мемлекеттік тілді мектептен толық меңгеріп шығуы қорытынды аттестаттау өлшеуішіне айналуы тиіс. Әрине, бұл үшін бағдарламалар мен оқулықтарды түзету, әдістемелерді жетілдіру керек, мұғалімдер шынайы мүдделілік танытуы шарт.

Ана тілімен қатар ұлттық мәдениет, қазақтың өнер жауһарларын, домбыра өнерін білім мазмұнына енгізіп дәріптеуді, балаларды өнер т­уындыларымен сусындатуды үдету керек. Себебі тіл мен мәдениет егіз. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлескен бағдарламалар жүргізуі үлкен нәтиже берері анық. «Ұлттық домбыра күні» соның бір тармағы.

Қазір құдіретті күйлерімен әр қазақтың рухын асқақтататын ұлт аспаптар оркестрлерінің, фольклорлық-этнографиялық оркестрлерінің концерті сирек. Оның орнына жеңіл музыканың «жұлдыздары» сахнаның қожайыны болып алды. Қазақ төл өнерін, ұлттық мәдениетті дамытуға деген сындарлы мемлекеттік саясаттың таяздығынан болар. Тіпті Елордада Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» камералық оркестріне мемлекеттік қолдау болмай, жабылып қалғанының өзі айтуға ұят.

 Осы орайда, ең жоғары дамыған Корея мектептерінде әрбір баланың ұлт аспаптарында ойнайтынын көргенімді айта кетпесіме болмайды. Ұлттық музыка ұлттық брендке айналған.

3.       Мемлекеттік орган, ұйым, басшыларының қазақ тілін жетік білуін, қазақ тілін қастерлеуде өз үлгісін көрсетуін талап ету керек.

Бірінші басшы ұлтжанды азамат болса, ол басқарған ұйым тез арада-ақ мемлекеттік тілдің бағын жандырады, мазмұн дұрысталады. Осыған көзім анық жетті. Республикалық «Оқулық» орталығында (қазіргі «Білім мазмұнын сараптау» орталығы), кейін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бүгінгі күні Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бектайұлы ­Бейсембаевпен қызметтес болдым. Бұл басшының басты талаптарының бірі – барлық іс-қағаздарын, құжаттарды мемлекеттік тілде жазу, жиналыстарды қазақ тілінде өткізу. Оқулықтардың оқу-әдістемелік құралдардың алдымен қазақ тілінде әзірленуіне бақылау орнатты. Халықаралық PISA, TIMSS тест тапсырмалары алдымен орысша дайындалып, кейін қазақ тіліне сапасыз, түсініксіз аударылатыны себепті қазақ мектебі балаларына қосымша қиындықтар туатынын анықтап,тиісті шаралар белгіледі.

12 жылдық білім берудің Тұжырымда-масының, білім беру стандарттарының жобаларын қазақ тілінде әзірлегенімізде мәтіні жанымызға жақын, тілі шұрайлы болып шықты. Көптеген мәні терең қазақ сөздерінің орысша лайықты баламасы жоқ екенін байқадық. Сол қазақ тіліндегі нұсқасын қалдырдық. Мысалы, Абайдың «Толық адам» ұғымының өзін өзге тілде беру оның мәніне нұсқан келтіреді.

Соңғы кездері мемлекеттік тілді білмей-тін адамдардың бірінші басшылыққа тағайындалу үрдісі жиі орын алып отырғаны қынжылтады. «Өзге тілде сайрау қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті» деп, «жалғандық бар ұлтсыздардың беделі мен даңқында, ана тілін сыйламаған сыйламайды халқын да» деп сақтандырған ақындар сөзінің ақиқаттығын естен шығармаған абзал.

Мемлекеттік тілді білмейтін адамдардың ірі ұйымдарды басқаруына, әсіресе білім мен тәрбие беру саласында басшылық қызметте болуына шектеу қоятын кез келді. Бұл жаңа Қазақстанның бір белгісі болуға тиісті. Бұлай қылмасақ, тіл туралы әңгіменің бәрі бекер.

4. Бастауыш мектепте шетел тілін оқытуды шектеу. 10 жасқа дейін қаракөз балаларымыз тек өз ана тілінде оқуға тиісті. Ана тілін меңгерген бала басқа тілдерді тез-ақ үйренеді. Шетелдік талай мықтыларды аузына қаратып жүрген ауылдан шыққан академигіміз Асқар Жұмаділдаевтың өнегесі осыған дәлел.

Қазіргі жаңартылған білім стандартындағыдай бастауыштан бастап тіл қойыртпағын жасасақ, баланың табиғатына зиян келеді.Қазіргі Альфа буынының балалары интернет арқылы-ақ шетел тілін үйреніп жатқанын байқап жүрміз.

 «Жаңартылған білім беру» стандартының алғашқы нұсқаларында бастауышта ағылшын тілінің жүктемесін 4 сағатқа дейін көбейту жоспарланғанын көзім көріп шошығанмын. Мұның абсурд екенін айтып қарсылық білдіргенімде, авторлардың «кері тарта бересіздер, жаңалыққа қарсысыздар» деп бізді айыптағаны де есімде.

Биыл ғана орыс тілін екінші, ағылшын тілін үшінші сыныпқа жылжыту туралы шешім қабылданды. Бірақ қазіргі екінші сыныптың ­баласы – бұрынғы 1-сыныптың оқушысы. Үшінші сыныпта үш жаққа қарап тұрған үш тілді оқу бәрібір балаға ауыр. Орыс тілді қоғамдық ортаның, интернет көздерінің әсері бұрынғыдан да жойқын болып тұрған қазіргі жағдайда танымдық буыны қатпаған балаға өзге тілді тықпалау – әбестік, қиянат, педагогикалық тұрғыда қарағанда сауатсыздық.

Бастауыш мектеп баланың буынын бекітетін, ана тілінің нәрімен қанықтыратын мектебі болуы керек. Бастауыш мектептің қазіргі 4 жылдық ұзақтығы – ұлттардың дамуына тілеулес болмаған Кеңес дәуірінде қасақана жасалған жоба. Ол бала дамуы кезеңдерінің ғылыми қағидаттарына сәйкес келмейді. Балалардың өз ана тілін, ұлтық тәрбиесін жетік меңгеруіне мүмкіндік бермейді. Бастауыш мектеп ұзақтығын кем дегенде 5, ең дұрысы 6 жылға созу туралы талайдан айтып келеміз. Естір құлақ жоқ әзір.

Жапония ғалымынан «елдеріңіздің эко-номикалық даму феноменінің сыры неде?» деп сұрағанда, «6 жылдық бастауыш мектеп мазмұнында» деп жауап берген екен.

5. «Қазақ тілі»,«Қазақ әдебиеті» пәндерін оқыту мазмұны мен әдістемесін түзету керек. Жаңартылған білім беру стандарты кіруімен мектепте қазақ тілін ана тілі ретінде және мемлекеттік тіл ретінде оқыту жүйесіне айтарлықтай нұсқан келді. Тіл мен әдебиет біріктірілді, мәнсіз, жүйесіз лексикалық тақырыптар оқушылардың оқу-танымдық мүмкіндіктерін шектеді. Лексикалық минимум талаптары ескерілмегендіктен, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай емес материалдар енгізілді.

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда қолдан жасалған тағы басқа толып жатқан мәселелер туралы жоғары білікті ғалым-мамандар үздіксіз айтып келеді. Бұл сұрақтар мұғалімдер съезінде де көтерілді. Президент әкімшілігінен де арнайы тапсырмалар болды. Нәтижесінде министрлік өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін екіге бөлуге шешім қабылдады.

Еліміздің бүкіл білім беру жүйесін шатастырып, мектеп, колледж, педагогикалық ЖОО мұғалімдерін жаппай ағылшынға оқытқан «үш тілділік» идеясының дәйексіздігі дәлелденді. Қазір бұл жүйе бұрынғы қалпына қайтарылып, тек мамандандырылған мектептерде қалды.

Осы түзетулерге қуанасың. Бірақ шатасқан жүйемен 6 жыл бойы балаларымыз оқыды, олардың білім сапасына зиян келді. Қыруар қаржы зая кетті. Жаңартылған бағдарламамен енгізілген көптеген жаңалықтардың қателігі Дүниежүзілік банк арнайы жобасы және басқа зерттеулермен дәлелденді. Осы зерттеу қорытындысы бойынша елдегі педагогтердің 27,1%-ы жаңартылған білім беру мазмұны мектептегі білім сапасына теріс әсер етті деп санайтыны туралы жазылған. Білім беру саласында туындаған осындай проблемалар туралы Парламент депутаттары да дабыл қағып келеді.

Бұл мәселелер алдағы уақытта жан-жақты талданып, өз бағасын алуы керек. Білім саласында ғылыми дәйектелмеген, талқылауға салынбай, «көлденеңнен қосылған көк аттының» пәрменімен бүкіл білім мазмұнына төңкеріс жасайтын, миллиардтаған қаржыны шығындайтын реформалар болмауы тиіс. Білім мазмұны үздіксіз жетілдіруі қажетті процесс, ол тек қана ғылыми негізделген, ұлттық мүдде мен құндылықтарды басшылыққа алған, алдын ала жан-жақты талқыланған Тұжырымдамаға сәйкес болуы керек.

Сөз соңында жанымызға да, жадымызға да жат шетелдік үлгілердің ықпалымен, билік пен білектің күшімен қазақ білімінің мазмұнына қиянат жасауды тоқтатайық дегім келеді.

Әділхан ДҮЙСЕБЕК

2447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы