• Мәдениет
  • 28 Шілде, 2022

ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛАМАН

Түркістанда облыстың құрылғанына 4 жыл толуына орай «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті. Қазақтың төл өнеріне деген ыстық ықыласын халықтың көптеп келгенінен байқауға болады. Дүбірлі додаға елімізге танымал 8 айтыскер қатысып, 4 жұпқа бөлінді. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі, белгілі айтыскер Шұғайып Сезімхан жыр додасында оза шауып, бас жүлдеге ие болды. 

Қазақ халқы үшін төл өнеріміз қашанда ерекше. Бүгінде қаймағы бұзылмаған оңтүстік жұрты да шоқтығы биік болған айтыс өнерін жоғары бағалайды. Оған күні кеше өткен дүбірлі айтыс куә. Айтыс – ежелгі салт-дәстүрдің нағыз қайнар көзі. Өлеңін сүйсіне тыңдап, айтыскерлерге шабыт сыйлайтын көрермен өткен ғасырдың соңына дейін айтыстан біршама қол үзіп қалғаны тарихтан белгілі. Алайда өнердің құдіреті түбінде жарқ етіп, қалың жұртпен қайта қауышты. ­Бойында ананың ақ сүтімен дарыған суырып салмалық қасиеті бар тұлғаларды ел-жұрт жиында асыға күтетін. Соның нәтижесі болар, қазақ айтыс өнерінің жыр күмбезіне өзіндік өрнек, қайталанбас нақыш әкелген өнер дүлдүлі қаншама. Түркістан облысының өзінде айтыс көшін Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім ­Манапов, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова әрі қарай ­Бекарыс ­Шойбеков, Ақмарал Леубаева, ­Карима Оралова, Маржан ­Есжанова, Анар Жаппарқұлова және тағы басқа ақындар жалғай түсті. Ал Тұран төріндегі айтыста бүгінгі аламанның жүйріктері сынға түсті.

Облыстың 4 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақжайық» ­музыка мектебіндегі «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өзге айтыстан кем болмады. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараның шымылдығы «Йасы шаһары» көрініс-қойылымымен ашылып, алғашқы сөз Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаевқа берілді. Ерлан Бақытжанұлы өз сөзінде айтыстың қазақ халқы үшін маңызды екеніне тоқталып, айтыс­керлерге сәттілік тіледі. Жыр ­додасына республикамызға белгілі айтыс өнерінің биігін бағындырған, айтыстың нағыз ақтаңгерлері, атап айтсақ, «Алтын домбыра» иегері ­Бекарыс Шойбеков (Түркістан), ­«Алтын домбыра» иегері ­Жансая Мусина (БҚО, Орал), «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда), белгілі айтыскер Шұғайып Сезімхан (Алматы) мен Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Мейірбек Сұлтанхан (Нұр-Сұлтан), Нұрзат Қару (Алматы) және Айбек Қалиев (Арқалық) қатысты.

Айтыстың мақсаты тұғыры биік Тәуелсіздікті жырға қосу, түрленген, гүлденген Түркістанды кеңінен жырлап, тілге тиек ету, сондай-ақ жеңісті де, жемісті жұмыстарды жырлап, Ордалы Оңтүстігімізден және Түркістан қаласынан шыққан ұлы тұлғалардың еңбегін тақырыпқа арқау ету болатын. Оның қаншалықты орындалғаны айтыстың әділдігі мен төрелігін танытар қазылар алқасының құрамындағы Бақыт Әбжет, Әбілқайыр Сыздықов, Бекмұрат Анарбаевтардың еншісінде болды. Аламан айтысты осы өңірдің ғана емес, түрлі додаларда өнер көрсетіп жүрген Түркістанның мақтанышы, ұйымдастыру алқасының мүшесі, ақын Тұрар Тілеулиев жүргізді.

Қыз бен жігіттің, құрдастың айтысына көрермен тәнті болды. Қағытпа қалжыңмен, астарлы ­ойымен қоғамдағы түйткілді қозғай білген айтыскерлер көптің алғысына бөленіп жатты. Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен алматылық ару Нұрзат Қару бастады. Әдемі әзілмен өрілген қыз бен жігіт айтысы көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ айтыстың тарландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтың тартысты айтысы да ешкімді бейжай қалдырмады. «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілмен өз орындарын тауып жатты. Ал Нұр-Сұлтаннан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы айтыс та айтары мол айтыс болды. Қос құрдастың айтысы өз жарасымын тапқандай әсерге бөледі.

Айтыс біткен соң көрермен пікірі екіге бөлінді. Әлеуметтік желі парақшаларында да осы тектес жазбалар жазылып жатты. Соның мән-жайын анықтап, айтыскерлердің ұстазына айналып үлгерген жүйрік ақындардың пікіріне құлақ түрген едік. Қазылар алқасының мүшесі, көпке танымал айтыскер Әбілқайыр Сыздықов: «Рухани астанамыз Түркістан төрінде өткен ақындар айтысы халықтың көңілінен шықты. Себебі бұл айтысқа қазақ айтысының айтулы жүйріктері іріктеліп шақырылған. Барлығы да керемет айтыстың өрнегін көрсетті десек те ­болады. Әсіресе Нұрлан мен Нұрзаттың арасындағы  қыз бен жігіт айтысы көрерменді бір сілкінтіп тастады. Мұхтар мен Жансаяның, ­Бекарыс пен Айбектің айтысы бөлек айтыс­ шынында. Сондықтан бүгінгі айтысқа қатысқан ақындардың барлығы үлкен дайындықпен келгені сезіліп тұрды.  Жалпы көңілімізден шыққан айтыс болды. Осындай айтысқа қазылық жасау біздің бақытымызға бұйырды. Сондықтан осындай өнерлі кеш көп болсын, қазақтың айтысы жасай берсін деген тілегіміз бар.

Қай-қайсысы да жеңімпаз болуға лайық. Төрт жұптың төртеуі де жақсы шықты. Бірақ кейде бірауыз сөздің өзі бүкіл елді дүрліктіріп көтеріп жіберетін сәт болады. Сондай сәт Шұғайыпта болды. Мұхтар Ниязовтың «Ат басындай алтыннан халықтың ықыласы ыстық» деген мәнде келтіріп өткен өрнектері болды. Нұрлан мен Нұрзаттың арасындағы айтысты үйлесімін тапқан қыз бен жігіттің айтысы деп бағалауға болады. Түркістанның тақырыбында да келтіріп жатты. Жансаяның да шабысы бөлек. Жансаяға берсе де жарасып тұр. Жалпы маған Нұрлан мен Нұрзаттың айтысы қатты ұнады. Ал Шұғайып өзінің айтыстағы орны бар жүйрік екенін бұған дейін де көрсетіп жүр. Бүгінгі айтыста да бабында екенін анық көрсетті. Қай тақырыпқа, қай бағытқа салса да еркін көсіліп жауап беріп отырды. Сондықтан Шұғайып өзінің ой-өрнектерімен сол Мейірбек Сұлтанхан екеуі ­керемет жақсы шықты. Мейірбектің де  сөздері өмірдің алыбындай, кәдімгідей өзгертуге болмайтын сөздерді өрнектеп тұрып келтірді. Сол жағына қарадық. Қазақ айтысының болашағы өте зор деп есептеймін. Қазіргі шығып жатқан кейінгі толқын айтыс ақындарының легі бөлек. Олардың қазіргі айтыстағы өрнектері де бөлек. Айтыс жалпы даму үстінде десек, қателеспейміз. Сондықтан айтыстың келешегі өте зор», – деді.

Ал қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымының кандидаты, доцент Бақыт Әбжанов аталмыш жыр сайысында жалынды жас ақындарға назардың ерекше болғанын атады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген даналықты басты назарда ұстағанын жеткізді.

Тартысты өткен жыр додасында әділ-қазылар шешімімен жүлделі орындарды анықталып, Бас жүлде Шұғайып Сезімханға бұйырды. Ал 1-орынды Жансая Мусина ­иеленсе, 2-орын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Айтыстың қос ақтаңгері – ­Бекарыс Шойбеков пен ­Айбек Қалиев 3-орын иегері атанды.  Қаныбек ­Сарыбаев атындағы аталым Нұрлан Есенқұловқа, Көпбай ­Омаров атындағы аталым Мейірбек Сұлтанханға, ал Тәушен Әбуова атындағы аталым Нұрзат Қаруға бұйырды.

Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік танылғандар арнайы дипломмен қоса, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Іс-шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті. Күннің ыстығына қарамай көрерменнің таңертеңнен осы айтысты көремін деп, ағылып келіп жатқаны бізді қатты қуантты. Айтысқа елдің шөлдеп қалғаны көрініп тұрды.

Дүбірлі додада топ жарған Шұғайып Сезімхан: «Мынау Түркінің тал бесігі – Түркістан шаһарында аузын  айға білеген 8 ақынның қатысуымен үлкен аламан өтті. Ақындардың осалы жоқ. «Сен тұр, мен атайын» деген кілең ақтаңгерлер мен кілең «Алтын домбыра» иегерлері. Осы 8 ақынның әрбірі бас жүлдеге лайықты өнер көрсетті деп ойлаймын. Қазылардың шешімімен, халықтың қалауымен бас бәйгені  маған байлап, сенім артып жатқан, балапан кезімде қанатымды қатайтып, қыран қылған Түркістан халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. Өнер мерекесі тарқамасын! Түркінің тал бесігі – Түркістан шаһары жасай берсін», –  деді.

Тұрсынай ШАМЕТОВА

 

1066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы