• Әдебиет
  • 28 Шілде, 2022

РУХАНИ ҒҰМЫР (Эссе)

Иген ХАСЕНҰЛЫ

Атам ігзәм алғанда бесте шығармын. Таңғы шай алдында міндетті түрде келіп, кешегі үйреткен сұрақ-жауапты пысықтайды.  

– Кәпірмісің, мұсылманбысың? – деп бастайды атам.

– Әлхамділілә, мұсылманмын! – деймін.

Одан әрі сұрақтан сүрінбей өткеніме қоңыр кәмпит береді де, маңдайымнан сипап үйіне кетеді. Тұтас қораның екінші басында кіші көкемнің үйі. Атам сол үйде. Менің есімде қалғаны, Атам бізбен еңбектеп жүріп сүзісетін. Ақ көйлек-дамбалды Атам бізді жеңіп, Мұқажанға (Кіші көкемнің Әлкенінен туған шөбересі) келгенде: 

– Мына   күшіктің басының қаттысын-ай! – деп шегіншектеп, жеңіліп қалатын.

Сүзісу сабағы аяқталғаннан кейін сыртқы есікті баспен сүзіп ашқанға бәйге жариялайтын. Бәйгесі – бір-біріне жабысып қалған баяғы қоңыр кәмпит. Мұқажанға көнбеген сыртқы есікті ­Алтай  (Кіші көкемнен туған немересі) шалқасынан түсіретін.

 Қартайғанда бір бала – тоқсаннан асқан Ысқақ әжі атам менің көз алдымда осындай бейнеде сақталыпты. Иә, одан кейін Атамның зікір салып құлағанын білем. Көкемнің айтуынша Атаммен қарсыласып жүрген бір жаман нәрсе анда-санда бір соғып тұрады екен. Атам осы қартайған кезіне дейін әлгі пәлені зікір салып қуып жіберіп отырған ғой. Атамнан жеңілген әлгі пәле «сексеннен асып селкілдегеніңде бір соғармын, тоқсаннан асып торыққаныңда бір соғармын» деп кетіпті. «Мынау сол тоқсаннан асқанда соққаны болар, Атаң осы жолы қажып қалды» деп Көкемнің уайымдағаны есімде.

Атам қыстыгүні қайтыс болды. Аппақ қарға күнмен шағылысып тиын жауған болатын. Қар кеткен сайын әлгі жерден тиын тауып алатынбыз.

Сол жолы біздің қыстау тұсына тоқтаған жүк таситын пойыздан бір кісі түсіп, бері қарай жүгіргенін білем. Сол кісі Атам намазын шығарғанын үлкендерден кейін естідім. Ол әңгіме былай, Атам көзі тірісінде менің намазымды ­Хамит шығарады деген ғой. Ал Атамның шәкірті Хамит қожа халық жауы деген жаламен сотталып кетсе керек. «Әулие бабамыз қалай қателесті, енді намазын Ақсақ қожаға шығартайық» деп ұйғарғанда, Атамның айтқаны келіп, намазды шәкірті шығарады.

– Түсіме Әжекең кіріп, таста күректі, – деді. Түсімді жанымдағыларға айтып  едім, ісің бұзылады екен, елге қайтасың деп жорыды. Міне, бір Алланың әмірімен қалай жеткеніме өзім қайран қаламын, – деп шүкірлік етіпті Хамит, қалай жеткенін сұраған халыққа.

Атам бала кезінде бұзық болады: шиге түйенің құмалағын шаншып атқыласып жүріп бір баланың көзін ағызып жібереді. Қашқаннан қашып отырып, үйдегі төсек артына тығылған баласын шешесі Ақборық айыбын төлеп, аман алып  қалады. Екінші жолы, бір балаға шашыңды алып берем деп, кірпігіне дейін қырып тастайды. Кірпігі көзіне қадалып шыңғырған баланың даусын естіген молла, «шаштаразға» сандықты құшақтатып қойып, өлімші етіп құйрықтан шықпыртады. Молланың мына қылығына қаны қарайған шәкірт қашып барып, басын суға, аяғын жарға беріп, өлмекші болып  жатқанда, көзі ілініп кетеді. Содан бойы аспан тіреген бір қарасұр Кісі:

– Мына ақымақтың сабаққа бармай жатқа-нын! – деп жағынан тартып жібергенде шошып оянған бойда, зымырап отырып молланың алдынан бір-ақ шығады. Молланың оқуын бір жылда тәмамдап, Құран аяттарын жатқа айтатын дәрежеге жетеді. Молланың бар кітабын оқып бітіреді.

Зерек бала ер жете келе зергерлікке ден қояды. Небір сақина-білезік соғып, күмістен түйін түйген ұста болады. Баласының оқуға зерек болғанын өзінше ырымдап, терең білім  алуға бағыттауды  ойлаған анасы Ақборық:                                                   

 – Сені күйелеш-күйелеш ұста ­жасап қоймаймын, – деп, көшкен сайын құрал-саймандарын жерошаққа көміп кетіп отырады.

Ендігі әңгіме ұста жеткіншектің ауырмай-сырқамай о дүниеге аттанып кетуі жайында. Ақборық Әз Тоқсанбай деген әулиенің қызы, әлде қарындасы болса керек. Алла аян берді ме, әлде өзі бірдеңе сезді ме?  Ол жағын бір Алла біледі. Ақ жуып арулап, намазын шығармақ болған кезде Ақборық анамыз баласын үш күн жеке күзетіп отыруға рұқсат алады. Жеке тігілген үйдегі мәйітті сарала мойнақ қамшы ұстаған Ақборық әжеміз үш күн айналып, дұғасын оқып, жанында болып күзеткенде, ақыры баласы ыңырсыған дыбыс шығарып, артынан көзін ашады.

Жаратушы бір Алланың берген сыйына тәнті болған Ақборық әжеміз бар малды сатып, баласын Меккеге жіберу қамына кіріседі. Ақыры сәті түсіп, Меккеге баратын адам жинап  жүрген жаяу кірешіге пұлын төлеп, баласының жанына ауыл молласын қосып береді. Ысқақ «бақыршы бала» қызметін атқарып, айлап жүріп  Меккеге жетеді.

 Меккеге барып келгеннен кейін «атаң айтты» деген әңгімеден құлақта қалғаны – желмаяға мінгені; қайықпен теңізде жүзгені; Меккеге жетіп намазға жығылардан бұрын,  бар киімді тастап, денелерін ақ матамен орап алғаны; мешіт қызметкері, намазға ұйып тұрғанда көңілді басқа еш нәрсеге бөлмеуді, қандай бір бөтен дыбыс шықса да алаңдамауды тапсырғаны; Атамның өзін алып барған молласы әлгі тапсырманы ұмытып, бір күңірене ыңырсыған дыбыс шыққан жаққа жалт қарағаны, содан елге тас керең боп оралғаны жыр боп айтылатын.

Менің апам Тәжен он үш жасында атама келін боп түсіпті. Апамның әкесі Есмағамбет елден оқшау, саятшылықпен күн көрген, бәйге ат ұстаған адам екен. «Әкем мені жанына алып, басымнан сипап «Құлыным, бұрын Атаңа келген жұрт қонақ күтісіне риза болмай аттанады екен, сен келгелі екі қазан көтергеннің өзінде бір қонағы бір қонағына ілеспейтін болды дегенді естідім» деп риза болған-ды. Атаң маған риза. Құдай-ау! Сонда он үштемін» дейтін.

Атамның басқаны айтпағанда, тап менің ауылыма жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Әулие-көріпкелдігі өз алдына, балауса бізге қорғаушы болды. Қандай бір қарғаныстың ең қорқыныштысы – «атам аруағы атсын» деші болатын. Олай қарғанған бала шындығын айтқанына құдайдай сенетінбіз.

Өйткені әр бала өз отбасында Ысқақ әжі атасы туралы ғибрат аларлық әңгімемен сусындап өскен-ді. Ондай әңгіменің ұзақ желісі – жылан шаққан адамды; еліріп ауырғанды жазу; әскерге аттанған азаматтарға «сен аман ораласың», енді біреуіне «сен шейіт боласың» деп айтып салу; өзіне емделуге келе жатқан ғаріптерді алдын ала айтып отыру; қайтыс болған адамды біліп, шақыртпай-ақ жолға шығу, осы тектес болып сабақтала береді.

Атам туралы әңгіменің ең қорқынышты әрі ең қызығы, аты жаман пәлемен айқасы жайында. Бірде жолаушылап келе жатып қалың шидің ішінде жылт-жылт жанған отты байқап қалады. Ымырт үйіріле, жаман қыстаудың жанындағы шиде от жағып отырған бір топ әлгі жаман пәлелер екен. Атам әлгілерге ақырып ұмтылғанда, шыңғырып ат бауырына тығылып, биені жерден көтеріп кетеді. Айқас, атам оларды қайтып оралмайтындай етіп қуып тастауымен аяқталады.

Төртінші класта оқимын. Көкем мал төлдетіп жатқан Мұхамеджан деген немере інісінің аты зорығып, соған «құла атты апарасың, мына тұрған жер – Жақияның қыстауының жанында отыр» деп жұмсады. Содан кешке дейін «мына тұрған қыстау» жеткізбесін. Күн еңкейіп қалған. Алдымнан көрінген төбе басындағы қарала ағашқа атты байлап, әлгінің басына шығып қарасам, біздің ауылдан 30 шақырым жердегі Қызылжар стансасына қарай шығып кетіппін. Адасты деген осы. Жерге түстім де, батып бара жатқан күнге қарап жүгініп, алдымен білетін Құранымды оқыдым. Қолымды жайған күйде еңіреп, атама ұзақ ­жалындым.

Сөйттім де, аттың басын кері бұрдым. Бір кезде астымдағы құла мал шұбырған ізге түсіп, бір төбенің басына шыға келсін. Иек артпа табанында жылтыраған от, жер астынан шыққандай екі төбет қарсы алсын. Сөйтсем, Жаратушы бір Алла мені Мұхамеджан отырған жерге дік еткізіпті. Атам:  «Сендер Ата дейсіңдер, мен Алла деймін. Алла деңдер!» деп өсиет қалдырған екен.

Атама жан-тәніммен екінші рет жалбарынуым – КазГУ-дың филфагына түскендер тізімінде жоқ болуым. Менен мықты жоқ деп тауды теңселтіп жүрген шақ. Емтиханның біреуін төртке, қалғанын беске тапсырғам. Шығарманың ғана бағасы белгісіз болатын. «Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы туындылары» деген еркін тақырыпқа, «беске» жазғаныма сенімді болатынмын. Өйткені эпиграф етіп алған «Фашизм пиғылы пасық құтырған аң. Көзі күңгірт, көбікті аузында қан. Талайды тарпа бас сап, әлі келсе, Табанына түссін дейді әділдік заң» деген өлең шумағынан бастап түгелдей жатқа білетін шығармам келген-ді. Содан, жалға алған пәтеріме әрең жетіп, жертөледе жер бауырлап, атама жалбарынып, «Елден ұят болды ғой, ата» деп еңіреп жылап жатқанымда, бірге емтихан тапсырып жүрген Сағатбек сүйінші сұрап кіріп келсін. Сөйтсе, қосымша тізім ілініп, сонда мен бар болып шығыппын.

Балалы-шағалы болған кез. Бір жолы  Арасан-Қапал шипажайында демалып жатқан, алаш рухын бізге мысқалдап болса да сіңіре білген ұстазым Темірғали Нұртазинды қонаққа шақырдым. Қанша жыл өтіп кеткенде, мынадай бір ғажайыпты  Темкең жайып салсын: ­«Медальмен бітіргендердің шығармасын  өзімнен-өзім көргім келіп, қарап отырғанда бірден сенің шығармаң қолыма ілікті. Тамаша! Төгіліп тұр. Басқа сиямен емлелік қателерді қаптатып қолдан қойып, шығарманы үшке бағалапты. «Мыналарың не?» дегеніме, бірде-біреуі ауызын аша алмады. Оқуға солай түскенсің, шырақ» деп әдемі жымиғаны бар.

Елу жылда ел жаңа. Заман басқа. Қалай дегенмен, қонағын құдайдай сыйлаған, ата-анасының парызын өтеуді ұмытпаған ұл мен қыз жер бетінен құрып кеткен жоқ. Отбасындағы ата-ана дөңгеленген дүние диірменіне түсіп, ел қайда, есіл қайда деген заманда, бала түгіл, бас қайғы күй кешкені рас. Шүкір, әділдік жолында жанын шүберекке түйіп, егемен елін мұратқа жеткізетін алаш азаматтарының үні саңқылдап естіле ­бастады. Ел болып, солардың етегінен ұстайық. Отбасын, бала тәрбиесін бірінші жолға қою арқылы іргеміз мықтала түседі. «Атам аруағы атсын» деп қарғанатын бала табылмаса да, «Мына ісім ұят болады» дейтін сарайы таза жеткіншектердің қаулап келе жатқанына мен кәміл сенем. Міне солар, «мен қазақпын» деп мақтана алады, әлі!

1639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы