• Тарих
  • 28 Шілде, 2022

«АЛАШ» АВТОНОМИЯСЫ» ТАРИХЫНЫҢ ӘЛІППЕСІ

Бүгінгі таңда қазақ тарихындағы тұтастай тарихи процестерге қатысты ортақ тұжырымның жоқтығы, кейбір оқиғалар тарихы мен құбылыстарға баға берудегі тарихи танымның ала-құлалығы бізді ойландыруға тиіс. Өйткені тарих – ұлттың тарихи санасын (танымын) қалыптастыратын идеологиялық құрал. 

Ұлт тарихының кейбір өзекті мәселелеріне қатысты дау-дамайлардың тереңдеп (Шыңғыс хан, Исатай-Махамбет және Жәңгір хан, «коммунист сатқындар» және т.б. тақырыптар), балама немесе аңыз тарих жасаудың көбеюі, нақты тарихи деректері ғылыми айналымға енгізілген кейбір мәселелердің саналы түрде бұрмалануының сыры неде? Әрине, халықтың тарапынан ұлт тарихын терең білуге талпыныстың тереңдеуі жақсы. Бірақ оны ғылыми негізде емес, белгілі бір топтың идеологиясы мен жасанды тұжырымдары негізінде түсіндіруге тырысу – өте қауіпті құбылыс. Мұндай құбылыстың орын алуына тәуелсіздік жылдары тарих ғылымын ұйымдастыруда кеткен кемшіліктердің негізінде беделді тарихшылар қатарының сұйылуы мен тарих әуесқойларының әсіре белсенділігі себеп болып отыр.

Құжаты мен дерегі жоқ ескі заман түгілі, тарихы тайға таңба басқандай болып жазылған ХХ ғасырдағы оқиғалар мен құбылыстарды танудың өзінде кереғарлық орын алып отырғаны ешкімге жасырын емес. Тарихшы ғалымдар тарапынан әлдеқашан зерттеліп, барлық оқиғалары мен кезеңдері айқындалған мәселені мың құбылта бұрмалап, оған әсіре саяси реңк беруді тоқтатқан жөн деп есептейміз. Сондықтан ұлт тарихын жазудың ортақ концепциясы мен тарихи сана қалыптастырудың жаңа тұжырымдамасын түзу қажеттігі туып отырған сыңайлы.

Қызба эйфорияның заманы өтті. Енді салқынқанды тарихи пайымның уақыты туды. «Алаш» мәселесі – жаңа тұрпаттағы қазақ мемлекеттілігіне нақты талпыныстың тарихи көрінісі болғандықтан, тұжырым – дабыра сөз, даурықпа пікірге емес, салиқалы сараптауға негізделуі тиіс. Бүгінгі таңда, ұлттық мемлекеттілік жолындағы күрес тарихының әрбір бөлшегін анықтап, оған баға беретін кезең келді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихи процесс болса, «Алаш» қозғалысы оның аясындағы тарихи құбылыс. Осы құбылысты терең танып-білу – құбылысқа қатысты оқиғалар мен ұғымдарға нақты тарихи анықтама беруден басталады.

«Алаш автономиясы жарияланды ма?» деген сұраққа жауап бермес бұрын, «Алаш», «Алаш қозғалысы», «Қазақ саяси партиясы», «Құрылтай жиналысы», «Алаш» партиясы», «Алашорда», «Түркістан автономиясы» (Түркістан мухторияти немесе Қоқан автономиясы) және «Алаш автономиясы» деген атауларға (терминдерге немесе ұғымдарға) тарихи анықтама беріп шығуды жөн көрдік. Өйткені осы мәселеге қалам тартқан әдебиеттанушы ағайындарымыз бұлардың барлығын араластырып, синоним дәрежесінде қарайтын сияқты.

Ең бірінші, «Алаш» ұғымына тоқталайық. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты даярлаған 3 томдық «Қазақстан тарихы. Энциклопедиясы» атты басылымда Н.Әлімбай: «Алаш – ортағасырлық тарихи хроникалар-нарративтік жазбалар мен шежірелік аңыздардың басты кейіпкерлерінің бірі. Бірақ, ең алдымен, мифопоэтикалық образ болып қалыптасты», – дей отырып (132-б.), алдында Алаш адам аты болып, бірте-бірте этнонимдік мәнге ие болғанын айтады. Тілші-ғалым Р.Сыздықова да бұл сөздің бірнеше мағынасын көрсете отырып, «алаш» сөзінің «қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылғанына тоқталған болатын. Қазақтың сөз тіркестерінде кездесетін «он сан алаш», «алты алаш», «үш алаш» ұғымдары да «Алаш» ұғымының «Қазақ» сөзінің синонимі немесе баламасы ретінде қолданылғанын көрсетеді. Ал әйгілі Тәуке ханның кезінде «алты алаш» ұғымы символдық мәнге ие болып, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз, Қарақалпақ, Қырғыз және Құрама билігі билерге берілді. Одан кейінгі кезеңдерде де, тіпті бүгінгі таңда да «Алаш» атауы «қазақ» сөзінің синонимі ретінде қолданылып келеді.

2. «Алаш қозғалысы» ұғымы. Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың 1905–1917 жылдарындағы қазақ оқығандары мен алдыңғы қатарлы өкілдерінің қоғамдық-саяси қозғалысы. Бұл қозғалысты Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы десек те қателеспейміз. Себебі «Алаш қозғалысы» атауы шартты түрде ХХ ғасырдың соңында ғана қалыптасып, тарихнамаға енген болатын. Қозғалыстың өзегі – патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы ұлт-азаттық идеясы болды. Бірінші орыс революциясы жылдарында алғаш рет ұйымдық сипат алып, ұлт-азаттық жолындағы идеяларды насихаттау мен қазақ халқының арыз-талаптарын патшаға жолдау түрінде көрініп, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығару барысында мәдени-ағартушылық мазмұнға ие болды. Қазақ халқының қордаланған мәселелерін көтере отырып, оны шешу жолдары мен ілім-білімді насихаттады.

«Алаш қозғалысы» деп біртекті әрі бір идеялық бағытты жақтайтын адамдардың бірлесуін айта алмаймыз. Бұл жөнінде: ­«...Қозғалыс деп партиялар тобының ортақ мақсат жолында бірігуін де айтады. Саяси қозғалыс әртүрлі идеялық бағыттағы азаматтардың үлкен тобының қандай да бір кең ауқымдағы ортақ мақсатқа жету жолында ынтымақтасқан саяси белсенділігін бейнелейді», – деп жазған профессор Г.Көкебаеваның анықтамасымен (Көкебаева Г.К. «Алаш» тарихын шетелдер тарихындағы ұқсас құбылыстармен салыстыра зерттеу мүмкіншіліктері (мәселені көтеру) // Алашорда» және қазақ мемлекеттілігі мен мәдениетінің мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары. 5 желтоқсан 2008 жыл. Алматы, 2009. 133–138-б.) келісе отырып, «Алаш қозғалысы» мен «Алаш» партиясының» синоним сөздер емес, әртүрлі категориядағы субъектілер болғанын айтамыз. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерісі аралығында қазақ ұлтының өкілдері тарапынан Қазақстанда әртүрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылғаны – мұның айқын дәлелі.

Алаш қозғалысының біртекті әрі бір бағытта болмағанын 1914 жылы Омбы қаласында құрылып, 1919 жылға дейін жұмыс істеген, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жастар қанаты – «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының жіктеліп кетуі мысалында да айқын көрсетуге болады. Ұйымға С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, М.Жұмабаев, М.Саматов, Ә.Досов, Ә.Байділдин, Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, А.Сейітов, М.Сейітов, А.Баржақсин, Ш.Әлжанов, А.Сейдалин, Ғ.Тоғжанов, Д.Әділов, О.Темірбеков, Б.Айбасов, Ж.Шанин және т.б. Омбы қаласында оқыған қазақ жастары мүше болды. «Бірлік» ұйымы қазақ жастары арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу, қазақ тілінде кітап шығару, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап бастыру, қазақ жастарының театр үйірмелерін ашу, қазақ ­ауылдарында мектеп ашу, халыққа білім алудың маңыздылығын түсіндіру, қаражаты жоқ дарынды қазақ жастары үшін ақша ­жинау, патша үкіметінің отаршылдық саясатын сынай отырып қазақ халқының сана-сезімін көтеру сияқты жұмыстармен айналысты. «Бірлік» ұйымының 1914–1916 жылдардағы жұмысы өте табысты болды. Олар Омбыдағы қазақ жастары арасында әртүрлі танымдық ойын-сауықтар өткізіп отырған. 1916 жылы «Бірлік» ұйымы «Балапан» атты қолжазба журнал шығарып, өздерінің көздеген мақсаттары мен ой-пікірлерін кеңінен насихаттай бастайды.

1916 жылдың жазындағы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін ұйым мүшелері ­саяси көзқарастары бойынша біртіндеп жіктеле бастады. Ал 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін «Бірлік» ұйымының мүшелері әлеуметтік-саяси көзқарастары бойынша бірнеше бағытқа бөлініп кетті. С.Сейфуллиннің ұйытқы болуымен Ақмолада «Жас қазақ» ұйымы құрылып, олар іргесін ­Алашордадан аулақ салды. Олар большевиктердің бағытын жақтап, «әлеуметтік әділеттілік» орнатуды көздеді. Ал Алашорданы жақтаған С.Сәдуақасов, М.Саматов, Ә.Байділдин, Қ.Кемеңгеров және т.б. «Бірлік» ұйымының мүшелері 1918 жылғы сәуір айында «Жас азамат» ұйымын құрып, Алашорда ықпалымен жұмыс жүргізе бастады. «Бірлік» ұйымының тағы бір белді мүшесі Ш.Әлжанов «Үш жүз» партиясын қолдады. Мұндай жіктелістің жүруі – сол кезеңдегі бүкіл қазақ қоғамына тән құбылыс болатын.

Ақпан төңкерісіне дейін отарлық саясатқа қарсы ортақ күрес жолында бірлескен қазақ оқығандарының «Алаш қозғалысы» 1917 жылдың ортасынан бастап әртүрлі қоғамдық-саяси ұйымдарға жіктеліп кеткені тарихи шындық.

3. «Қазақ саяси партиясы» ұғымы. Бұл ұғым 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде қолданылды. І жалпықазақ съезінің шешімі жарияланған «Қазақ газетінде»: «ХІІ. Қазақ саяси партиясы. Қазақ халқының өз алдына саяси ­партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез Шорай исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократическая федеративная парламентарная республикаға құрылмақ. Партия жобасын жасап болған соң өкілдер қазақ облосной комитеттерінің қарауына жібереді, онан кейін учредительное собраниеге жиналған қазақ депутаттары қарап бекітеді. Қазақ ­саяси партиясының жобасы жасалғанша осы съездің қаулылары учредительное ­собраниеге баратын қазақ депутаттарына ­наказ – ­аманат болады», – деп нақты жазылған еді (Қараңыз: «Қазақ» газеті. Алматы: «Қазақ ­энциклопедиясы», 1998. 408–409-б.).

Түсінікті тілмен жазылған бұл мәтіннен Қазақ саяси партиясының І жалпықазақ съезінде құрылмағанын, тіпті атауының да болмағанын анық көруге болады.

4. «Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы» ұғымы. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы – 1917 жылы қарашада сайланып, 1918 жылы қаңтарда Ресейдің мемлекеттік құрылымын анықтау үшін шақырылған Ресейдегі өкілді орган. 1917 жылы 8 қарашада «Бірлік туы» бұл органға Алаш партиясынан 32 адам сайланды деп көрсетсе, 9 қарашада «Сарыарқа газеті» 34 адам сайланды деп көрсетті. Бірақ БҚЖ-на сайланған 766 депутаттық орынның 12-сі ғана Алаш партиясына тиесілі болды. БҚЖ сайлауында Социалист-революционерлер партиясы 374 орынды иеленді. Бірақ БҚЖ сайлауына кандидаттарды тіркеу барысында Социалист-революционерлер партиясы екіге бөлініп, оның солшыл қанаты Социалист-революционерлердің солшыл партиясын (интернационалистер) құратынын жариялады. Бірақ олар жеке тізім беріп үлгермеген еді. Осы жағдай В.Ленин басқарған РСДЖП(б) мүшелеріне сайлау уақытын ауыстыру туралы ұсыныс беруге негіз қалыптастырғанымен, Уақытша Үкімет бұл ұсынысты қабылдамай тастады. Орталық ірі қалаларда басым дауысқа ие болған большевиктер соғысты жалғастыруды жақтаған эсерлердің билігін осы себептен де мойындағысы келмеді. Мұның ақыры БҚЖ-ын қуып таратумен аяқталғаны тарихтан белгілі.

Бүкілресейлік ОАК-нің Құрылтай жиналысын қуып тарату туралы 1918 жылғы 6 қаңтардағы декретін мойындамағандар 1918 жылы 8 маусымда Самарада жиналып, БҚЖ мүшелерінің комитетін (КомУч) құрды.

5. «Алаш» партиясы» – І жалпықазақ съезінің шешімі бойынша құрылуы жарияланып, атауы 1917 жылы 5 қазанда айқындалғанымен (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995. 304-б.), «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы» тек қана 1917 жылы 21 қарашада жарияланғаны (Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995. 220–222-б.) бұлтартпас тарихи шындық. Қараша айында болатын Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына кандидаттарды тезірек ұсынып-тіркеу барысында, сол кезде қалыптасқан саяси жағдайдың әсерімен «Алаш» партиясының қалыптасу процесі жылдам жүріп, соның нәтижесінде оның негізгі ядросы қалыптасты. Бірақ «Алаш» партиясы қазіргі оқулықтардағы анықтамаға сай келетін классикалық партия дәрежесіне көтеріліп үлгермеген, қалыптасу кезеңіндегі партия еді.

6. «Алашорда» – 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде сайланған Уақытша Ұлт Кеңесін құру туралы шешім қабылданғанымен, дәл осы съезде жарияланбаған «Алаш автономиясының» үкіметі. Бүгінге дейін көптеген авторлар мұны «Алашорда автономиясы» деп шатастырып, екі ұғымды синоним ретінде қатар қолданып жүр. ІІ жалпықазақ съезінде 25 адамнан тұратын Алашорда атты үкімет құрылып (әрине, оның ішінде 10 орынның басқа ұлттарға қалдырылғаны ешкімге құпия емес), Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешім қабылданғаны (Шілдебай С.Қ., Алдажұманов Қ.С. Кеңестік Қазақ Республикасының құрылуы және аумақтық тұтастығының қалыптасуы // Отан тарихы, 2020. № 3. 90-б.) дау туғыза қоймас.

7. «Түркістан автономиясы» (Түркістан мухторияти немесе Қоқан автономиясы) – 1917 жылы 28 қарашада Түркістан өлкесі халықтарының өлкелік төртінші төтенше съезінде халықтың өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, ресми жарияланған мемлекеттік құрылым. Бұл ешқандай да «Алаш» автономиясының» Түркістандағы көрінісі емес.

8. «Алаш автономиясы» – ІІ жалпықазақ съезінде құрылуы шешілгенімен, ол съезде жарияланбаған, тек қана 1918 жылы 3 сәуірде РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкомы И.Сталинге жауап беру барысында алғаш рет ресми жарияланған ұлттық-территориялық мемлекеттік құрылым.

ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясын жариялау мәселесінде екі түрлі пікір қалыптасып, ақыры Ә.Бөкейханов бастаған топтың пікірі басымдыққа ие болған соң, Ж.Досмұхамедов тобы олармен ортақ келісімге келіп, бір ауыздан мынадай қаулы қылды: «1) 1 айдың ішінде Алашордасы Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса да, алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді. 2) 1 айда Түркістан қазағын Алашқа қосып ала алмаса, өз алдына автономия ресми ығлан етуге ерікті. 3) Егер бір айдан кейін Алаш баласы қосылмаса һәм қалған Алашқа автономия ығлан етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді. 4) Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан ығлан ықтияры Алашордасына берілсін» (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері. Алматы, 2007. – 304-б.).

Одан арғысы белгілі. 1918 жылы қаңтардың басында Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде олар Түркістаннан айрылмауды жақтады. Ресейде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы қуып таратылып, большевиктер диктатурасы орнады. 1918 жылдың бастапқы айларында Қазақстанның көптеген өңірлерінде Кеңес өкіметі орнап, большевиктер күш ала бастады. Түркістан автономиясы қарудың күшімен талқандалды. Осындай қиын жағдайда Алашорда басшысы Ә.Бөкейхан РКФСР ХКК-нің төрағасы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халкомы И.В.Сталинмен кездесіп, келіссөздер жүргізу үшін Москваға Халел және Жаһанша Досмұхамедовтарды жібереді. Нәтижесінде, 1 және 3 сәуір күндері ХКК мен Алашорда мүшелері арасында тікелей телефон арқылы келіссөздер жүргізілді. И.Сталин Алашорда Кеңес өкіметінің орталық және жергілікті кеңестерін толық мойындаған жағдайда, ІІ жалпықазақ съезінің шешімдерін мойындау мүмкіндігі бар деп мәлімдеді. Егер Алашорда Кеңес билігін толық мойындаған жағдайда, оған республиканы құру жөніндегі Құрылтай съезін шақыруға мүмкіндік беріледі деп атап көрсетілді. Бірақ Алашорда Федерациялық Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың орталық билігі деп мойындай отырып, мынадай талаптарды алға тартты: «1) Декабрьдің 5-нен 13-не дейін Орынборда болған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялаймыз (бөліп көрсеткен біз – С.Ш.). Алаш автономиясына кіретін облыстар: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ­Ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Амудария отделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бииск, Барнауыл, Змелногор уездеріндегі қазақтар. ...3) Алаш автономиясында закон шығаратын һәм ел билейтін хүкімет Алашорда болады» (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері. Алматы, 2007. – 307–308-б.).

Осы құжаттан, ІІ жалпықазақ съезінің қаулысы бойынша Алаш автономиясын бір айдан кейін кез келген уақытта жария етуге толық өкілетті болған Алашорданың сол құқықты пайдалана отырып, Кеңес өкіметіне Алаш автономиясын жариялап, өз талаптарын қойғанын көруге болады. Яғни осы құжат негізінде Алаш автономиясы 1918 жылы 3 сәуірде ресми жарияланды деуге толық негіз бар.

Одан ары, 1918 жылы атаман Дутовтың Кеңес өкіметіне қарсы белсенді қимылдары мен 1918 жылы 8 маусымда Самарада Комучтың құрылуы барысында Алашорда белсенді іс-әрекетке көшті. 1918 жылы 24 маусымда «Алашорда» хүкіметінің «Алаш» қаласында іске кіріскені туралы телеграмма жарияланды (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері. Алматы, 2007. – 313-б.). Қазақ халқының басым бөлігінің ресми қолдауына ие болған Алашорда үкіметі Алаш автономиясын аса қиын саяси жағдайда жариялай отырып, жан-жағындағы болар-болмас мемлекеттік құрылымдардың ресми мойындауына қол жеткізуге тырысты және олардың кейбірінің тарапынан мойындалды да. Бірақ Кеңес өкіметінің жеңісі жағдайында 1918 жылы 24 маусымдағы мәжілісінде: «Алаш автономиясына қараған жерде Совет хүкіметінің шығарған заңдары жойылсын» деп қаулы қылған Алашорданы Кеңес билігі мойындамады. Сондай-ақ Алаш ­автономиясы да мойындалмады. Алаш автономиясы – отарлық езгідегі қазақ халқының ұлттық мемлекет құру жолындағы алғашқы тарихи тәжірибесі болды.

Біз «Алаш» автономиясы» тарихына қатысты жоғарыда көрсетілген ұғымдарға ­немесе терминдерге анықтама бере отырып, кез келген тарихи процесті, тарихи құбылыстарды және тарихи оқиғаларды талдап-түсіну үшін, алдымен оның ғылыми-анықтамалық аппараты мен хронологиясын анықтау қажеттігіне назар аударамыз. Тарих ғылымы – болмаған оқиғалар мен құбылыстарға сәуегейлікпен болжам жасамайды, тек болған оқиғалар мен құбылыстарға тарихи процесс аясында баға береді.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты

 

4231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы