• Руханият
  • 28 Шілде, 2022

ШЕРХАН МЕН ТАЛҒАТ МӘСКЕУДЕ ҚАЛАЙ КЕЗДЕСТІ?

Талғат пен Шерхан. 1951 жыл. наурыз

1951 жыл. Наурыз. Жоғары Кеңестің кезектің сессиясына КСРО құрамындағы 15 одақтас мемлекеттердің түкпір-түкпірінен депутаттар Мәскеуге жиналып жатты. Әрине, оның қатарында Қазақстаннан да сайланған депутаттар болатын. Осы жылдары Мәскеу Полиграфиялық институтында оқып жүрген 19 жастағы студент Шерхан Мұртаза өзінің әлеуметтік жағдайын айтып, әрі жаңадан қолға алған аударма ісі бойынша баспалармен байланыс орнатуға көмек болар деген ниетпен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутат ­Ермековке жолықпақшы болады.

Сабақ арасында уақыт тауып метроға отырып, орталық алаңдағы депутаттар орналасқан «Европа» қонақүйіне келеді. Комендант, жас лейтенантқа жолығып, өзіне керек депутаттың қай нөмірде орналасқанын қарап отырып, Шерхан тізімдегі «Талғат Бигелдинов» деген жерге келгенде көз тоқтатып тұрып қалады.

«...Мен Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Ермековке, болмаса Талғат Бигелдиновтың біреуіне жолығуым керек екен. Бұл кезде аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновтың атақ-даңқы алысқа кетіп тұрған. Сондықтан коменданттан бірден Бигелдиновтың нөмірін сұрадым. Ол телефон тұтқасын көтеріп: «Алло! 4-20 қосыңызшы... Жолдас Бигелдинов сізді мазалап тұрған комендатура. Сізге бір студент жолыққысы келіп тұр... Шыққалы жатыр ма едіңіз... Жақсы!» – деп тұтқаны қойған жас лейтенант: «Ал, жас жігіт төртінші қабатқа жедел көтеріліңіз. №420 бөлме. Ертерек көтеріліңіз, ол кісі тысқа шыққалы тұр...» – деді.

Мен алғысымды айтар, айтпастан төртінші қабатқа құстай ұштым. Алдымды №420 бөлме. Тұрмын. Басымда сан ой, қалай бастаймын, не айтамын... Осылайша ештеңе шешпестен есікті қақтым.

– Иә, кіріңіз!

Кірдім. Орындығынан жеңіл көтерілген жас жігіт көйлегінің түймелерін қадап, галстугын тағып жатыр екен. Үстінде – әскери киім. Үстел үстінде екі алтын жұлдызы жарқыраған китель ілулі. Қолымды қатты қысып амандасып, ішке шақырды. Осы сәтте екінші орындықта отырған ұзын бойлы, бұйра шашты, үлкен қара көзді жігіт орнынан тұрып қолын ұсынып «Муратов» (ТатарАССР депутаты) деді.

Талғат жанына отырғызып, темекі ұсынды. Өзі темекісін тұтатып, жеңіл көтерілген көгілдір түтінді аспанға үрлей, баяу үнмен әңгіме бастады.

– Қай облыстан келдің? – деді.

– Оңтүстік Қазақстан облысынан.

– А, Бауыржанның жерлесі екенсің ғой?

– Дәл солай, жерлеспіз. Бір ауданнан, тіпті бір ауылданбыз... – дедім мақтана.

– Қызық екен. Сіз ол кісіні танисыз ба?

– Иә, танимын, – дедім.

Біз Бауыржан туралы ұзақ сөйлестік. Ара арасында Талғат өзінің балалық шағы, мектепте қалай оқығаны, авиаклубта дайындала жүріп, Қызыл әскер қатарына өз еркімен жазылғаны жайында асықпай баяндады.

– Бәрекелді бауырым! Сенің не үшін келгеніңді де білемін. Қалай өмір сүріп жатырсың, өзің туралы айтшы, – деді бір кезде.

Осы жолы қалай шешен болып кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Мүмкін, әкеден ерте айырылып, күндіз-түні балаларым аман болсын деген ана еңбегінің қадірін, қиын-қыстау күндердің арқама қатты батқан қиянатын баяндасам керек-ті. Есімде жоқ. Талғат менің жауабыма риза болды. Алақанымды қатты қысып, маған тіке қарады.

– Жарайсың! Өмірде кейін шегінуге болмайды. Енді осы баяндағандарыңды қағазға түсіріп бер! – деді. Он бес минуттан соң менің арызым дайын болды...

Арыз мәтіні төмендегідей.

 

ССРО Жоғары Кеңесінің депутаты

Талғат Бигелдинов жолдасқа.

(Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры)

Мәскеу Полиграфиялық институтының

редакциялық-баспа факультетінің

студенті Шерхан Мұртазаевтан

 

АРЫЗ

Мен, Мұртазаев Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектептің жанын-дағы интернат-пансионында тәрбие-лендім, 1950-51 оқу жылы оныншы сыныпты бітірген соң Мәскеу Полиграфиялық институтына оқуға түстім. Менің әкем жоқ және оқу барысында материалдық көмек қолын созатын жақындарым да жоқ.

Мен мектепті ана тілімде бітіргендіктен, оқу жылының алғашқы кезеңінде, әсіресе көркем және саяси орыс әдебиетінің редакторларын даярлайтын редакциялық-баспа факультетінде білім алу қиын соқты. Бірақ, мұндай қиындықтарға қарамастан тынымсыз, үздіксіз, күні-түні дайындалдым. Соның нәтижесінде қысқы экзамендік сессиясы жақсы тапсырдым, сөйтіп, 220 сом көлемінде стипендия аламын. Бұл ақшаның 15 сомын ай сайын жатақханаға, ай сайын жолыма 8 сом (мен қала сыртындағы Бабушкин қалашығында тұрамын), жарнаға (комсомолдық және кәсіподақтық) 5 сом, сондай-ақ оқу құралдарыма ай сайын 30 сом көлемінде қаржы жұмсаймын. Тамағыма қалатыны -150 сом. Осындай қаржыға стипендиядан стипендияға дейін өмір сүру ауыр.

Киім туралы айтар болсам, Мәскеуге жүрер алдында мен интернат-пансионнан киім алған болатынмын. Ал, енді бүгінгі күнді ойлап қарасам, алдағы күндері киім, аяқ киім жайы не боларын білмеймін, қалай өмір сүремін, сабағым не болмақ?

Бірақ, сабақтан қол үзгім келмейді. Ол жайлы ойлағым да келмейді. Тек институтты бітіріп, Отан­ыма керек азамат болғым келеді.

Сізден, менің қиын жағдайымды ескеріп, менің жоғары оқу орнын аман-есен бітіруім үшін материалдық көмек көрсетсеңіз деймін.

Шерхан Мұртазаев. 10 наурыз. 1951 жыл.

Орысшадан аударып дайындаған

Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Тараз қаласы

1487 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы