• Қоғам
  • 28 Шілде, 2022

ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНА МА?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: 
Жалпы жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көңілінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. 

Қали СӘРСЕНБАЙ

«ҚАЗАҚТА АЛАТАУ МЕН ҚАРАТАУ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫТАУ ДА БАР»

90-жылдардың орта тұсында «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында қызметтемін. Еліміз тәуелсіздігін алып, одақтан бөлініп, көп қиындықтың құрсауында қалған кезі. Басылымдардың да жағдайы мәз емес. Бас редакторымыз, қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқай лездемеде журналдың әр нөмірін бір облысқа арнап отырсақ деген ұсыныс айтты. Ұсыныс қызметкерлер тарапынан қолдау тапты. Мұндағы басты мақсат жалақы мәселесі ұшынып тұрған тұста қосымша табыс көзін тауып, басылымның материалдық жағдайын жақсарту еді. Арнауды Жамбыл облысынан бастап, арнайы нөмір шығардық. Ендігі кезекте Жезқазған облысы тұрды. Бұл нөмірді де дайындау маған жүктелді.

1995 жылдың 12-саны. Сонымен, жолға шықтым. Облыс әкімінің орынбасары, өзі де қалам тартатын үлкен эрудит ғалым, этнопедагогиканың ғажап білгірі  Жұмағали Наурызбаевпен бұрыннан таныстығым бар еді. Соның көп пайдасы тиді. Жұмекең мені облыс әкімі Қажымұрат Нағымановқа алып кірді. Сөзге ­келместен ойымызды бірден құптап, «Мынау ­тамаша, ғажап миссия ғой» деп Жұмекеңе тәптіштеп тапсырды.

Бұл бір облыстың өндірістік, шаруашылық жоспарын орындау жөніндегі есебі емес, өңірдің бай тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі қамтылған шағын энциклопедия іспетті нөмірге айналды. Осы аймақтан шыққан белгілі тұлғалардың толғанысы да «Туған жер – тұғырым» айдарымен тартымды берілді. Арқаның дәстүрлі күйшілік өнерінің кемеңгерлері туралы едәуір материал ­жинап, «Күй – керуен» атты мақала жазып қайттым. Қысқасы, он шақты күн жатып, облыс өмірінен тың деректер, мол мәлімет жинап, үлкен олжаға кенелдім. Бір ғажабы осы сапар кейіннен де жалғасын тауып, «Жас Алашқа» ауысқан кезімде де бірнеше мақалалар топтамасын жарияладық.

Әсіресе «Қазақта Алатау мен Қаратау ғана емес, Ұлытау да бар» деген мақаламды оқыған академик Төрегелді Шармановтың балаша қуанғаны есімде. Қуанатын да жөні бар. «Ұлытау» әнін алғаш жергілікті әнші Берекенің орындауында тыңдағандағы әсер әлі күнге есімнен кетпейді. Сол жігіт әнші ғана емес, намыскер көрініп еді. Өнердің намыскері, күрескері. Өтірік ­махаббат, жалған дүние туралы боздауық әндерді айтпайды. Бізде тау туралы, дала туралы ән әлі күнге көп айтылмайтыны жасырын емес. Мұндай ән айтылмаған жерде елдің бойынан рух, жігер іздеу бекершілік. Есесіне жиын-тойды өтірік өмір, жалған дүние жайлы жылауық, жылуы жоқ ән жаулап алған. Осындай әнді тыңдап өскен көрерменнің жігерсіз, жалтақ болмасына кім кепіл? Олар рухты қайдан іздейді? Есесіне рухты ән айтатын Береке сынды жігіттер амал жоқ тойдың әншісіне айналып кетеді. «Ұлытау» әні – кеңдік, тәкаппарлық, дархандық. Жақсыкелді Сейіловтің осы әнін (сөзі Сайлаухан Нәкеновтікі) Береке бір тойда айтқанда тұла бойым шымырлап отырды. Қайран, Жақсыкелді! Қажымұрат тәрізді азаматтар қадірін білген Жақсыкелді осы әнді не үшін, кім үшін жазды екен?! ­Неткен кеңістік, неткен пафос, неткен патетика! Ұсақталып бара жатқан ұлттың ұл-қызына осындай әнді жиі тыңдату керек қой. Мұндай ән кең көлемде насихатталмағаннан кейін бір кездегі сал-сері халықтың бекзат болмысын, биік рухын жер-көктен іздеп әлек болып жүрміз. Рухымыз «Ұлытау» секілді әннің бойында жатыр. Сол ­тойда Жұмағали ­Наурызбай «Шіркін, осы әнді Розалар айтса ғой» деп күрсінгені де қазір есіме түсіп отыр. Айтпағым, бүгінде жаңа облыс болып құрылған Ұлытаудың әнұраны болуға осы ән өзінен-өзі сұранып тұрған жоқ па? Қайран, Жұмекең! Кейінірек бұл кісі ­туралы «Күте тұрыңыз, ректор күй тыңдап отыр» деген (Жүкең Ө.Байқоңыров атындағы университеттің ректоры) мақала да жазылды. «Әйгілі композитор Сыдық Мұхамеджановтың тағдыры туралы бір эссе ойымда жүр» деп еді Жұмекең бірде. Өкінішке қарай, бұл мақсатына ол жете алмады. Қысқасы, осындай рухани тұлғалардың зор ықпалы, идеясынан туған бастамалар облыспен байланысымызды одан әрі нығайтуға жол ашып берген еді.

Алғашқы қабылдауында-ақ «Қандай мәселе болсын есігім ашық» деген Нағыманов сол жолсапар бойында қат-қабат жұмысына қарамастан кабинетінде әлденеше рет кеңесіп, пікірлесуге мүмкіндік тауып отырды. Байқағаным, әкімді қанша саяси тұлға десек те, Қажекең әдебиет пен өнерге жақын, рухани биік басшы болып шықты. Әсіресе ел ішінің таланттарын қолдауға келгенде аянып қалған кезі жоқ. Кезінде Торғай облысы тарап, С.Қожамқұлов атындағы театрдың осы облыстан пана тапқаны да жұрт есінде шығар. Қажекеңнің кезінде Жезқазғанның «театршыл облыс» деген де аты қалған. Қысқасы, журналдың бұл нөмірінің жоғары деңгейде шығуына бұл кісі кәдімгідей қобалжыды. Елдік, тарихи мәселелер, ұлттық құндылықтар жөнінде айтқанда қайраттанып, рухтанып шыға келеді екен. Тұла бойы тұнған намыс. Сол күндерде әкім, ең алдымен, идеолог болуы керек деген ойға негізделген мақала жазуыма да осы кісі себепкер болған еді. Жақсының аты өлмейді деген рас. Таяуда ғана өмірден озған асыл азаматтың атына әлеуметтік желіде, баспасөзде үлкен сөздер айтылып, халқының ұмытпауы тағы бір мәрте сүйсіндірді. Жақсының жарығы ­деген осы.

Әйгілі меценат, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев ағамыз Солтүстік Қазақстанда бұл кісімен бірге қызмет істеген жылдарын соншалықты сағынып, ет-жүрегі елжіреп еске алады. «Есіл ер-ай, осы елге болсын деп күн-түн көз ілмей, аттан түспей жұмыс істегені әлі көз алдымда. Әсіресе Қожаберген жырауды тірілткенде қатты қуанып, бізді жан-тәнімен қолдағанын қалай ұмытарсың? Ұлттық мәселеге келгенде ұлық еді ғой» дейді Бекең.

Әлгі бір сөздің тұсында арнаулы нөмірде «Туған жер – тұғырым» деген ­рубрикамен осы өңірден шыққан танымал тұлғалардың да толғанысын жарияладық дедім ғой. ­Мынау сондағы Камал аға Смайыловтың айтқаны:

«Қазақ руларының таңбалары қатар орын тапқан «таңбалы тас» («Қыз Жібек» фильмінде бар) та осы өңірде. Сонда да болса оның бүгінгісі, әсіресе ертеңі, болашағы мені қатты қызықтырады, мақтаныш (қазір сирек айтылады) туғызады. Ол не? Ол Жезқазғанның көл-көсір қазынасы. Ұлы қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев өзінің геолог серіктерімен бірге кілтін тауып, қақпасын ашқан қазына сандығы – бұл Жезқазған! Мұнда бәрі де бар, молынан бар. Жезқазған жерінде Қазақстандағы вольфрамның (Қазақстан мұның қоры жағынан жер жүзінде бірінші орын алады) тоқсан проценті, молибденнің 80 проценті, қалайынның 60 проценті (бұл қазір аса бағалы металл, құны мыстан екі есе қымбат), қорғасынның 50 проценті, мыстың 35 проценті (бұл аса сапалы руда, сапалы металл), мырыштың 30 проценті жатыр. Бір ғана Жәйремде бір миллион тоннадай күміс бар. Жезқазған жерінде Байқоңырдың (осы аттас шағын поселок бұрыннан бар) көмірі, Ешкіөлместің асбесі, Ақтастың су тасы тағы  бар. Мұнда басы Құмкөлден бастау алатын мұнайдың мол көзі ашылмақ. Жезқазған қазынасын Қазақстан игілігіне енді ғана пайдалана бастадық. Осындай бай өлке (қазір валютаны елімізге ең көп әперетін осы облыс) туған жерің болса, мақтанбай қайтесің?!».

«Біздің Камал жердің үстіндегі ғана емес, астындағы байлығымызды да есептеп қойған» деп Шерағаң айтпақшы, ­Камал ағаның бір өзі бір компьютер еді ғой. Расында да, қойнауында осынша мол қазына жатқан жердің қадірін біз білдік пе? Бұл ойымызды Қажымұрат Нағыманов «Парасаттың» арнаулы нөміріндегі ­беташар мақаласында да нақтылай түсті. «Қойнауы қыруар қазынаға бөккен, өрісі төрт түліктің төліне толған, өкінішке қарай, өндірісі өрге баспай, жалпы экономикасының қиюы қаша бастаған облыстың басқару тізгінін ұстағаныма бір жылдан асыпты. Алдын ала ­айтайын, Арқа төсінде жатқан ауыл-аймақты алғашқы аралағаннан кейін-ақ көңілдегі үміт ұшқыны алауға айналғандай болды. Қолда бардың берекесін кетірмей басқара білсек, түбінде бірдеңе шығатындығына деген сенім орныға түсті» деп еді.

УРУМОВТЫҢ КЕУДЕСІН БАСҚАН ЕДІ

Қажымұрат сол сенім үдесінен шықты. Өзін осы аймақтың қожасы сезініп, алшаң басқан комбинат директоры ­Урумовты «ұрып жығып», кеудесін басқан ер еді. Әкім қаралардың есігін теуіп ашатын әлгінің Қажекеңнің қабылдауында сағаттап күтіп отыратынын журналис­тер жырдай ғып жазған. Осының бәрін істеткен азаматтың бойындағы елдік намыс, алаштық рух еді. Ол келгеннен бастап Жезқазғанның қазаны қайнап, өмірі жайнап кетті. Керзі етікті киіп алып жертөлеге дейін түсіп, жұмысшылармен жүз грам соғыстыруға дейін барып, Жезқазғанның өмірі жылымаған тас үйлеріне жылу жүгіртті. Жұрттың жамбасы жылыды. Оған осы елге күйеу өзімнің сан мәрте куә болғаным бар. Біз мұнымен бұған дейінгі басшылардың жұмысын жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Марқұм Қажекеңнің рухы алдындағы парыздың бір парасын өтесек деген ой. Осындай азаматты да кейінгі жылдары жазықсыз жазғырғысы келгендер де болды ғой. Алайда кейінгі жылдары облыс мәртебесінен айырылған соң өз байлығы өзіне бұйырмай ту-талақайға түскен өңірдің дамуы кері кеткенін ешкім де жоққа шығара қоймас. «Бөліп ал да, билей бер» принципінің үстем болғаны рас. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, таяуда осы өңірге жол түскенде көрген жағдайды айтайын. Жезқазғанға кіре берісте қаланың қалқанындай болуға тиісті қақпа да жоқ. Қазақ алдымен маңдайшаға қараса керек. Біздің көргеніміз – үйілген қоқыс, темір-терсек, қала ішінің жолдары ойдым-ойдым, төңіректегі тұрғын үйлердің ұсқыны қашып кеткен. Мұнда тек қана бір ғимарат күндіз-түні жарқырап тұрады екен. Ол – Қазақмыстың кеңсесі. Сол жолы көңілім Қажымұрат Нағыманов пен Жұмағали Наурызбаевтың кезіндегі Жезқазғанды іздеп, жаным жүдеп қайтты. Жезқазған құдды бір жаралы жолбарыстай көрінді.

ҰЛЫТАУДЫ ҰЯТТЫ ЖІГІТТЕР БАСҚАРУЫ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жалпы жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көңілінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді» деген еді.

Дәп солай. Оған бүгінгі өзіміз көрген Жезқазған дәлел. Сондықтан бүгінде жаралы жолбарыстың күйін кешкен өңір Қажымұрат пен Жұмағалидай бойында ұлттық рух, намыс кернеген жігіттердің қолына берілгені дұрыс. Ұлттық құндылықтар қадірленбеген, мәдениет үстемдік етпеген жер жемқорлық, тамыр-таныстықтан, (қазақбайшылықтан) көз ашпайды. Ондай жерден дамуды май шам алып іздеудің де қажеті жоқ. Қысқасы, тарихыңның төрі, қыдыр дарып, қасиет, кие қонған Ұлытаудай ұлыстың ұлық ұясын жалған патриотизмді жамылғы етпейтін, шенеунік шеңберіне сыймайтын, ұятты жігіттердің басқарғаны ләзім. Елді залым емес, ғалым басқарса біз әділетке бір табан жақындаймыз. Бұл ретте алаштанушы, алаш рухты ғалым Берік Әбдіғалидың тізгін ұстауы көңілдегі кірбіңді сейілткендей болады.

Осыдан 27 жыл бұрын (12.12.1995) ­«Парасат» журналының осы облысқа арналған нөмірі Қажымұрат Нағымановтың «Жұлдызы жанған Жезқазған» деген мақаласымен ашылған еді. Шынында да, ол Жезқазғанның жұлдызы жанған жылдар еді. Соңғы жылдары  жұлдызы бір жанып, бір өшкен Жезқазғанның маңдайы енді жарқырайтын шығар. Жаңа Жезқазғанды көретін болармыз деген үміттеміз. 

Алайда кейінгі жылдары облыс мәртебесінен айырылған соң өз байлығы өзіне бұйырмай ту-талақайға түскен өңірдің дамуы кері кеткенін ешкім де жоққа шығара қоймас. «Бөліп ал да, билей бер» принципінің үстем болғаны рас. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, таяуда осы өңірге жол түскенде көрген жағдайды айтайын. Жезқазғанға кіре берісте қаланың қалқанындай болуға тиісті қақпа да жоқ. Қазақ алдымен маңдайшаға қараса керек. Біздің көргеніміз – үйілген қоқыс, темір-терсек, қала ішінің жолдары ойдым-ойдым, төңіректегі тұрғын үйлердің ұсқыны қашып кеткен. Мұнда тек қана бір ғимарат күндіз-түні жарқырап тұрады екен. Ол – Қазақмыстың кеңсесі. Сол жолы көңілім Қажымұрат Нағыманов пен Жұмағали Наурызбаевтың кезіндегі Жезқазғанды іздеп, жаным жүдеп қайтты. Жезқазған құдды бір жаралы жолбарыстай көрінді. 

 

1136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы