• Руханият
  • 04 Тамыз, 2022

ШЕРАҒАҢ ҚАЙДА, БІЗ ҚАЙДА ЖҮРМІЗ?

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

1995 жылы Қазақстанның сол кездегі байшыкештері Президентке Ашық хат жолдады. Ол хатты орыстілді бір іргелі басылым қуана-қуана басты. Біздің бағымызға орай Бас редактор Шерхан Мұртаза болды да, әлгі хат «Егеменде» басылмады. Мазмұны былай: «Мемлекеттік тіл қос тіл болсын, қос азаматтық болсын, паспорттағы «ұлт» деген сөз алынып тасталсын, жер сатылсын т.б.». Міне, солардың кейбірі бүгінге дейін жұртқа ақыл айтып, саясатпен айналысып жүр. Сол тұста бұл хатты Шерағаң газетке баспақ түгілі, мүйізі қарағайдай авторларды тартып қарсы мақала дайындатып, дабыл қақтырды. «Егемен Қазақстанның» кітапханасынан» жарық көрген «Намыс найзағайындағы» «Қорқыттың қобызы қалғып кеткенде» (188-бет) атты эсседегі мына жолдарды оқып көріңіз.

«Ұлттық руханияттан ұрық алмаған ұрпақ 2020 жылы қандай болмақ? Оларда Отан деген, ұлт деген ұғым бола ма? Бұрын советтік патриотизм деген идеология бар еді. Енді отансүйер деген идеология жоқ. Қазіргі біздің идеологиямыздың арқасүйері – орта тап (класс). Яғни саудагерлер, бизнесмендер, коммерсанттар.
Ал оларда Отан деген, Ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді. Бұл тап үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жаңа паспортқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылуы керек т.т.
Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық ­руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су ­тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады». 
Отыз жылға жуықтады. Сол картина әлі сол күйінде. Түбімізге жеткен, Мемлекет басшысы атаған 162 олигархты еске алыңыз. Сол алағай да бұлағай уақытта ­шырылдап шындықты айтқан Шерағаңның арыстандай ­айбаты әлі күнге көз ­алдымызда. Осы күнде баспасөзде тұлға бар ма, жоқ па деген сауал жүріп жатады. Біз айтамыз, тұлға, ең алдымен, халық мойындаған адам. Ол екі сөйлемейтін, ел көкейіндегі сөзді айтатын, парасат-пайымы, білім-білігі асып-тасқан, жұртты адастырмайтын, алға ­бастайтын адам. Әрине, бүгінде жұртқа ­танылып, биікке шығып алып, түске дейін басқа, түстен кейін басқаша сайрайтын «тұлғалар» да бар. Бұлар керек болса, шындықтың өзінің басын шыр айналдырып жібереді. Жиі аунап кетеді. Кейде тарихтың, шындықтың өзі басқаларға және халыққа керек болып екіге бөлініп жатады. Міне, сол халыққа керек шындықты жазуда алдына жан салмаған адам – Шерхан Мұртаза.

Шерағаң өмірден озғанда «Шындық кетіп барады. Шындық кетуші ме еді, айтатындар табылар, бірақ Шерағаңдай шырайын келтіріп айта ала ма? Шіркін, шындықтың шақша басын шарадай қылып, шала жансар етеміз-ау енді. Шындық бізден қашып кетіп жүрмесін» деп бір лепес айтыппын.
«Намыс найзағайына» жазған алғысөзінде «Егемен Қазақстан» PГ» ЖШС бас директоры Дархан Қыдырәлі бауырымыз: «Бүгінде Шерхан Мұртазаның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әділ баға деп ойлаймын», — депті. Аса көрнекті жазушы Мархабат Байғұт көкеміз: «Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай ­жазушы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам… Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, ұлт мүддесі үшін, қазақ қамы үшін, Алаш абыройы жолында жан күйдіре жұмыс істеді. Мұртазаның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешісі. Шығармалары да» («Қазақ әдебиеті, 15.09.2017.) деп жазды.
Айтылғанның бәрі айдай ақиқат. Ел аман болса талай тұлғалар өмірге келер. Бірақ олар Шерхан бола алмайды, ­Шерхан қайталанбайды. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екі Шерхан тумайды. Тұлғаны уақыт туғызады. Бірақ сол тұлғаның бәрі Шерағаңдардай елге тұтқа бола бермейді. Егер Шерағаңның кітаптарын барлық университет, барша жұрт жабылып оқитын болса, біздің Парламент том-том заңдар қабылдамас еді, тіпті болмаған күнде оның көлемі азаяр еді. Әлемді руханият билегенде осылай болады. Егер Шерағаңның кітаптарын, ой-толғаныстарын, көзқарастарын күй тілімен бедерлейтін болсақ, алпыс екі тамырлы «Ақжелеңді» де, тоғыз, тоқсан тараулы «Қосбасарларды» да содан табар едіңіз. Шындық туралы шертпелерді тыңдар едіңіз.
Басқасын былай қойғанда Ш.Мұртаза сықиған советтік «Социалистік Қазақстанды», биліктің бас басылымының бетін елге бұрып, ұлт баспасөзіне, қайталап айтамыз өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын биліктің баспасөзіне алғаш рет демократиялық дүмпулерді алып келген тұлға.      
2002 жылы Таразда, ­Жуалыда Шерағаңның 80 жылдығы өтті. Осы  тойдың алдында мынадай бір оймақтай ой жазып едік.
Той дүркіреп өтетініне еш күмәнім жоқ. Алайда сол тойдан түйер тағылымды айтсайшы. Менің ойымша, бұдан ­былай Шерхан Мұртазаның туған күнінде Бас редакторлардың республикалық кеңесі (Бас редактор – қоғамның бас дәрігері Ш.М.) өтіп, оған аудандық, қалалық, облыстық, республикалық басылымдардың бас редакторлары, электрондық ақпарат құралдарының басшылары т.б. қатысса деймін. Кезінде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазып едік. Бұл Бас редакторлардың бір шер тарқататын, ақылдасатын, кеңінен кеңесетін жиыны болып, ел назарын аударатын мінберге айналса, қанеки?
«Редакторлардың редакторы» туралы айтылған осы идеяны Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты ­жиында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкірттерінің көпшілігі мақұлдап, «Егемен Қазақстан» қолдап жазып еді. Құлақ салатын пенде болса, сол ойымыз әлі де күшінде деп ойлаймын.
Біз қолдан тұлға жасау кезеңінен өтіп барамыз. Демек, бізге бар саналы ғұмырын ұлт ісіне арнаған шын тұлғаның өнегелі өмірі бағыт, бағдар болуы қажет». Арлан біреу, қасқыр көп». Ақпараттың арланы, баспасөздің «Бауыржаны», ұлт баспасөзінің бірнеше буынына ұстаз болған Шерағаның мектебінен үйренеріміз әлі де көп. Ол – үздік үлгі, эталон. Ондай тұлғалар ұлт баспасөзінде  аз болған жоқ. Таяуда «Ана тілінде» аса көрнекті қаламгер, баспасөздің бүгінгі бірегей тұлғаларының бірі Ж­анболат Аупбаев­пен жүргізген «Тұлғалар: тәрбие, тағылым, тәжірибе» (№28, 2022) атты сұхбатымызда бұл мәселе турасында жан-жақты айтуға талпыныс жасалды. Тұлғаны тану арқылы өзімізді тани түсеміз. Елдік, ұлттық мәселелерге тереңдейміз. Бұған дейін түрлі медиафорумдар өтіп, өзімізден гөрі өзгенің мәселесіне арналып жатты. Өз ішіңдегі мәселені реттеп, шешуге келгенде баспасөзге жетер күш бола бермейді. Демек, бұл мәслихаттың мәні де, мазмұны да, тұрқы да, тұрпаты да бөлек. Ол мінез мінберіне айналуы керек. Бұл жиынның журналистиканы жолбикелерден тазартып қана қоймай, баспасөзге кездейсоқ адамдардың билік етуіне тоқтау қойып, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын классикалық журналистиканың, дәстүрлі баспасөздің бағасын біліп, жаңа Қазақстанда ұлттың мұраты мен мүддесіне келгенде Шерағаңдардың рухында жаңаша ойлайтын, жаңа көзқарастағы баспасөз тұлғаларының, қалам қайраткерлерінің қалыптасуына зор ықпалы болар еді. Қысқасы, жаңа Қазақстанның ұлтты ұлықтау жолындағы алға қойған ұлы мұраты мен міндеті бұл жиында түрлі ой, пікір, ұсыныстармен өткірленіп, одан әрі айқындалып, ел көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап берілер еді. Мемлекет басшысын қолдау құр сөзге, мақтанға айналмас еді, Асқар Қуанышұлы!? Осыны бір бағамдап көріңізші. Ойымыз қисынсыз емес-ау. 
Шерағаң қайда, біз қайда жүрміз? 

1038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы