• Мәдениет
  • 04 Тамыз, 2022

Күлтегін ескерткішіне – 1290 жыл

Жақында Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбай есімді түрколог ғалымдар Моңғолияға бір айлық экспедицияға аттанды. Жалпы ол елде түркілерден қалған ескерткіштер, ғалымдардың есептеуінше, 130 шамасында. Ол ескерткіштер көшін, әрине, әйгілі Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін кешендері бастап тұр. 

Моңғолиядағы ескерткіштердің уақыттың тоздырғанынан өзге, негізінен, бүтін жетуі сол елдегі халықтың өсіп тұрған ағашты кеспейтін, табиғатты бүлдірмей құрметпен қарайтын мінезіне де байланысты екендігін айтқан жөн. Екіншіден, зиялыларында көшпелілерге тән адалдық та бар. Мәселен, бүгінгі белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлына әйгілі академик ғалымдар өздері «Мынау сенің бабаларыңның мұрасы, зертте» деп ұсынған. Әрине, студент Қ.Сартқожаұлы бірден келіскен. Яғни біз білетін астам, ұлыдержавалық пиғылдағы ұлттардың «Менің жерімдегі мұра, неге менікі болмайды…» деген өзімшілдігі, орынсыз қызғанышы оларда жоқ. 
Сондай-ақ түркология ғылымы үшін биыл ерекше жыл екен. Күлтегін ескерткішінің қойылғанына 1290 жыл болыпты. Ол ғана емес. Жалпы түгел түркі жиналып, бір ғалымға аспанмен таласқан ескерткіш қоюға қарыздар болса, ол сөз жоқ даниялық Вильгельм Томсен болуы тиіс. Орхон-Енисей жазуларының кілтін тауып, оның түркілердің мұрасы екендігін жариялаған В.Томсен қандай құрметке де лайық дер едік. Биыл сол Вильгельм Томсен мен Орхон ескерткіштерін тапқан ғалым Н.Ядрицевтің туғанына 180 жыл, ал тағы бір атақты түрколог В.Радловтың туғанына 185 жыл. 
Моңғолиядағы түркі ескерткіштерін зерттеу 2014 жылдан бастап жаңа қарқын алғанын түрколог ғалымдар разылықпен айтып келеді. Сол жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті ­Дархан Қыдырәлі сол елдің Ғылым академиясымен, Ұлттық музейімен, Архив департаментімен екі жақты меморандумға қол қоюы экспедиция жіберіп, жан-жақты зерттеуге жол ашқан. 
Ғалымдар тастағы жазуды басына барып өз қолымен көшіріп жазудың маңыздылығын айтады. Тәуелсіздікке дейін көпшілік қазақ ғалымдарына ондай мүмкіндік тумады. «Тек вице-премьер кезінде Иманғали Тасмағамбетов бір топ ғалымды Моңғолияға ертіп барды, оған дейін олар руна жазулы ­тастарды түстерінде көретін» деген әзілге жақын әңгіме айтылатын. Әзіл емес-ау, ол шындық.
Әрине, заңды құжатқа қол қойылған соң барыс-келіс көбейіп, ғалымдардың жаңалықтары да аз болмасы белгілі. Оны өздері айтар. Бізді таңғалдырғаны, Бұлғын аймағы Шивээт улаан деген жерден табылған алты қой, сегіз арыстан мүсіндері. Ілкіде айтылған экспедицияға аттанған ғалымдар «Номгон» кешенін зерттеуді жалғастырмақ екен. Онда түркінің аса ықпалды ханзадасы жерленген деген болжам бар. Ол кешеннен де арыстанның үлкен мүсіні табылыпты. Еуразияны билеген түркілер, аң патшасын бекер әспеттемегені анық. 

1472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы