• Мәдениет
  • 04 Тамыз, 2022

«КӨКАРШЫН» КӨҢІЛДЕГІ ӘН

Ол мынау іңкәр дүниеге іңгәлап келген жай ғана қатардағы сәби еді. Жарық жалғандағы дәм-тұзы таусылғанда өзі қатар ғұмыр кешкен жандардан еш ­айырмасы жоқ жөн-жосықпен бақиға бет алды. Адамзат баласының жас-кәрісіне, бағлан-қазысына, жарлы-жақыбайына, ауру-сауына бұйыратын тоқтаусыз тірліктегі енші, тұрлаулы меже. Бұл дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі Нұриден Иманбаев дейтін қадірі мен қасиеті, мінезі мен машығы бөлек адамды еске алғандағы алғаусыз көңілге оралған ой. Жан баласының өлісін де, тірісін де еске алуға болар. Алайда Нұриден Құсманұлының мынау дүрліккен дүниені дүбірге бөлеп думандатып, дидары жарқырап жүрмейтіні санаға сызат, көңілге кірбің, жүрекке дауасы жоқ дерт...

НҰРИДЕН ӘНШІ...

Бала жасынан өнерге талпынған талабы алдаған жоқ. Оқыған, тоқыған, мамандығы басқа болса да, тағдыры бас идіріп өлмейтін өнердің өлкесіне, қазақ аспанында әуелеген әнге алып келді. Имене басып келсе де өзі бас иіп мойындаған таланттарды да ­мойындатты. Бұл оған Жаратушының сыйлаған үлесі, дарытқан дарыны-тұғын. Алдыңғы буынның ізін басып ізгілік пен мейірімге молынан қанды. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Хакім сөзін бойына сіңіріп, білгенінен жаңылмай көңіл құсын шартарапқа құйқылжытып ән салды. Есті әншінің санын ғана көбейтпей санатын арттырып, көңілін өсірді.

Содан кейін де ол халықтың адамына, кіршіксіз көңілді адалына айналып шыға келді. Ән құдірет пен тас жаратын таланттың талайы осы екенін көрдік. Шанағынан шаттық сазы төгіліп бойды шымырлатқан, қос ішегінен байырғы бабалардың арман-аңсары, мұң-зары естілетін қара домбырасын арқалап ауыл арасын жол қылып жүре бермей дүйім қазаққа, ән ұғады-ау дейтін мұқым елге танылды. Сол үшін де оның қазасы ауыр.

 

НҰРИДЕН ДОС...

Оның өзіне тән, өзгенің маңдайына бұйырмаған мінезі, ­содан соң ерекше еркелікке салып алған қалжыңы болатын. Осыдан кейін де қарапайым жанның досы да көп болатын-ды. Көп дегенде санын емес сапасын, жүзге пара-пар, мыңға татитын санаулы айырылмас досын, сыр бөліскен сырлас адамдарын меңзеп отырмыз. Дос дегенде күні кешке дейін көлеңкедей көлбеңдеп жанынан бірі елі қалмау емес, алыста болса да тілеулес тілектегі, ниеттес пейілдегі адамдары оның, яғни Нұриден ағаның маңдайы жарқырап жайма шуақ тірлік жалғауының кепілі екені шындық.

Қоштасу мезетінде, соңғы ­сапар алдында Марат ағаның (Құрманбаев) көңілі парша-парша егіліп, ­пора-пора жас сорғалатып тұрғаны соның дәлелі. Ол бізге көңіл айтып Нұридендей аяулы әншіден қапыда айырылғанымызға қамыққан шығар, ал, біз оның енді Нұридендей адал досы болмайтынын ойлап үнсіз жылап, тілсіз тұнжырап, қимылсыз қалдық... Басқасы басқа осы екеуінің достығы көпке үлгі емес деп айтып көр. «Мен әнші едім, сен бәлен едің» деп ол, «Мен жуан едім, сен түген едің» деп бұл айтып па?! Жоқ, мұндағы достық көңілмен ұғысу терең болғаны кәміл. «Досым» деген жанға Нұриден ағаның адал болғаны, көзін жұмып келместің кемесіне мініп кеткен кезде көз жеткізгені айдан анық дүние.

Ол аңғал адам, сан сырлы серінің сарқыты һәм нақ өзі болатын. Он жылдың мұғдарында ­Семей қалалық Мәдениет ­Сарайын басқарғанда да «мен әнші» едім деп әлем-тапырық күй кешпей, өзіне жүктелген істі атқарып, сол мекемеге қатысты дүниені дөңгелетіп-ақ әкетті. Қала мен облыс, тіпті республика көлеміндегі шараларға қатысып «шаршадым, шалдықтым» демеді. Осының екі арасында ұлы өнерді ұлықтап байқауларға ат қосып бақ сынап, бәйгелі болды. Оның қала тіршілігі мен қазақ мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз.

Абай әндерін әуелетіп, мың жылдық мәдениеттен орын алған марғасқалардың музыкалық мұрасын ел алдына шығарып, киелі сахнада ойқастап жүріп орнын тапты. Пәлі, қандай орын мен дәреже десеңізші. «Бастығымыз еді» деп бас ұратын емес, басалқаға ұсынатын басты адамымыз сол болатын. Аласа бойлы болса да биік тұлғасы, бидай өңді болса да ақжарқын мінезі, біртоға байқалғанмен жанға жайлы жайдары қалпы ірілі-ұсақты сахнаның төрінен табылуға шақыратын. Қарапайым десек те қасиеті ерек еді. Табаны тозып, ат арытып келетін Семей қонақтарының алдынан шығатын да, қарсылап құрақ ұшатын сол еді. Содан кейін де қым-қуыт тірлікте біраз ардақтылардың орнын ойсыратқан емес-ті.

 

НҰРИДЕН АҒА...

Ағалық деген ақыл айтып, ақырып ұрысу ма? Жоқ! «Аға едім» деп бәлсініп, ізетті інілердің именшектеп тұрғанына рахаттану ма? Бұлай да емес сияқты. Ағалық өзіңнен кейінгіге жөн сілтеп, жоба танытып, сүрінгенге сүйеу, жол таба алмай жанталасқан жанға демеу болу шығар. Осы сөзді неге айттық. Біз Нұриден дейтін кісінің ағалығы... Сырты ағалық, іші адамдығын көргеннен кейін сөз саптап отырмыз. Әнші болсын, білдей мекеменің директоры болсын, ол өзінен кейінгі жастарға қолы жеткенше көмегін аямады. Біреуге үйіп-төгіп ештеңе бермесе бермеген шығар. Алайда, ағалық мейір-махаббатқа бөлеп, қаншама дарынның қолтығынан демеп, алға басуына және өз қарым-қабілетімен елге ­танылуына жол ашты. Ағалық десеңіз де, адамдық десеңіз де еркіңізде. Тұп-тура осы екі өлшемге сиятын іс қылғаны аян. ­Сонысын саудалап, бәлендей бұлдағаны да беймәлім...

 

КӨКАРШЫН ӘН...

 

«Сүйеді сұлу әнді менің жаным» деп өмірден өтті. Оның да көңіліне қонған әні «Көкаршын» еді-ау. Жаяу Мұса секілді атсыз жаяу жүрмесе де, көңілінен қаяу сезілгені анық. Мынау жалғандағы бақай есеп пен бақастық басын қатырып, қызғаныш пен пыш-пыш сөз, оның сыртында қаншама ой мен сезім жүрек дейтін бір жапырақ жұмыр етке салмақ салғаны рас. Бір қарағанда Алтай мен Арқа арасы анау айтарлық алыс жол емес. Алтай мен Арқа Нұриден аға тағдырының жазуы. Өлімі мен өмірінің, жүрек соғысы мен саябырсыған сәтінің куәсі. Қайнардағы құздан, Абыралыдағы алып таудан күш алған оның заңғар көңілі, жоғары кісілігі алтын бесік Алтайдан аспан әлеміне, кемпірқосақ кеңістікке жол тартты. Біз бағамдаған ақиқатты байлам, күрмеуі қиын жұмбақ сыр осы.

Артында қалған ұрпағына қайыр, жамағатына жақсылық тілейміз. Қолымыздан келер басқа қайранның жоғы тағы белгілі.

Ән қалықтап барады, Нұриден Иманбаевтың салған әні, әншінің қалыптастырған жолы, ағаның қалдырған ізі!

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

                                   жазушы

СЕМЕЙ

3855 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы